VI ғасырда Рим құлады. Алайда патша I Теодорих қарсыласының «инфрақұрылымдық жобаларын» жалғастырды. Мәселен, су құбырларын жүргізіп, монша салып, Рим институттарын қолдады.
Бұл XXI ғасырдың өзінде Қазақстан үшін таңғажайып дүние сияқты көрінеді. Бізде қала әкімі ауысса, өзіне дейінгінің бәрі ұмытылады: қызметтен кеткен әкімдік қызметкерлерімен қоса барлық жоба тоқтайды.
Бауыржан Байбек қызметінен кеткеннен кейін Алматыда БРТ құрылысын дамыту тоқтады, жеңіл трамвай жүргізу жұмысы мен Vision Zero бағдарламасы тоқтады, қоршаулар мен жарнамадағы визуал қоқыс қайта оралды. Бақытжан Сағынтаев автокөліктердің көбеюіне жағдай жасады. Одан кейінгі әкім Ерболат Досаев та көлік жүргізушілерінің мерейін асқақтатып, БРТ мәселесіне шүйлікті. Оған қоса, жаңа әкім трамвай құрылысын тежеумен келеді. Екі миллионнан аса тұрғыны бар қалаға жол жиегін жаңартып, концерт өткізiп, гүлдер әлдеқайда қажетірек секілді. Нан болмаса, бәліш же, жеке көлігің болмаса, жаяу жүр.
Forbes тізіміндегі бай бизнесмен Алматының жаңа әкімі атанды. Қазақстанда әкім деген қызмет етушi емес, айрықша бiр құқық iспеттi. Халық үшін ештеңе істемесең де болады. Олар сені сайлаған жоқ, сәйкесінше, халықтың алдында ешқандай міндетің де жоқ. Алматыда қоғамдық көлік пен қаланы басып тұратын қара тұман мәселесі неге шешілмегенін Сағынтаевтан ешкім сұрамады, сұрамайды да. Досаевтан да ешкім жауап алмайды. Оны бір ғана адам сұрай алады. Ал ол адамға сайлаудың қалай өткені, митингілердің белгіленген аумақтан шығып кетпеуі ғана маңызды. Оның өзін мәслихат, яғни билік белгілеп берген. Өзі ұлтарақтай жерде аяқастынан ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді деп сылтау айтса да таңғалмаңыз.
Президент Тоқаев Назарбаев секілді жыл сайын Алматыда қара түтін мәселесін шешу, жол картасын қабылдау, қаланы дамыту туралы айтып, күн тәртібін белгілейді. Алайда бұл сөзінің құны жоқ. Өйткені үш-төрт жылдан кейін әкім ауысады да, Алматының негізгі мәселесі ұмытылып кетеді. Ал қала тұрғындары бәз баяғыша аллергиядан зардап шегіп, қоқысты пеште өртеп, кептеліске кептеліп, іші лық толы автобусқа мініп жүре береді. Ең үлкен әрі ақшасы көп қалада жағдай осындай болса, басқа қалалардың жағдайы нешік?
Жүзеге асуына үш-төрт жыл емес, ондаған жыл қажет инфрақұрылымдық жобалар бюрократия жетегінде кетіп, әкім ауысқан сайын тоқтап қалмауы үшін не істемек керек? Бұған қала әкімін сайлау көмектесуі мүмкін. Алайда Жаңа Қазақстандағы сайлау ескіше емес, жаңаша өтуі керек. Сайлауға әдетте үні шықпайтын мәслихат та килігеді. Ал мәслихат деген әкімнің құзыры жетпеген тұста халық мүддесін қорғауға тиіс емес пе?
Екі миллион халқы бар қаланы, оның болашағын ойлауы, әкімдікке қарсы шыға алуы, әкімдік берген құжаттың бәріне қол қоя бермей, қажет кезде сұрақ қоя білуі және барлық көрсеткішті тексере білуі керек 38 адамның аты-жөнін білеміз бе? Ондай адам бар ма өзі? Әлде бұл да таза ауа, жаңа трамвай секілді арман ба?
Поддержите журналистику, которой доверяют.