1862
24 февраля 2023
Жозеп Боррелл, фото еc.europa.eu

Украинаға қарсы соғыстың бір жылы: халықаралық құқық үстемдігін орнату жолындағы ортақ жұмыс

Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі/Еуропалық Комиссия вице-президентінің жазбасы

Украинаға қарсы соғыстың бір жылы: халықаралық құқық үстемдігін орнату жолындағы ортақ жұмыс

2022 жылдың 24 ақпаны Ресейдің Украинаға қатыгез, негізсіз әрі заңсыз басып кірген күн ретінде мәңгі есте қалады. Бұл – агрессияның айқын көрінісі әрі БҰҰ жарғысын бұзу. Солай санала береді де.

Бұл соғыс «тек Еуропаның мәселесі» немесе «Батыстың өзгелерге қарсы күресі» емес. Бұл бәріміз өмір сүргіміз келетін әлемге қатысты мәселе: Қауіпсіздік кеңестің тұрақты мүшесі әрі ядролық қаруына ие мемлекеттің заңсыз күш қолдануы «қалыпты» жағдай деп саналатын әлемде ешбір адам өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Сондықтан әрбір адамды күш саясатынан, бопсалау мен әскери шабуылдан қорғау үшін әр мемлекетте халықаралық құқық қамтамасыз етілуі керек.

Бір жылдан кейін адамдардың соғыстағы қылмыс пен оның зұлмат бейнесіне еті үйреніп кетеді деген қауіп бар, өйткені ол тым көп; сөзімізді жиі-жиі қайталауға мәжбүр болғандықтан, оның қадірі кетеді деген қауіп бар; міндетіміз оңай емес, уақыт өте қалжырап, табандылығымыз бәсеңдей ме деген қауіп бар.

Бұған жол бере алмаймыз. Себебі Ресей империалист саясатымен бүкіл әлемге қауіп төндіріп, күн сайын БҰҰ жарғысын бұзып келеді. Ресей күн сайын жазықсыз украиналық әйелдер, ерлер мен балаларды өлтіріп, қалалар мен азаматтық инфрақұрылымдарға зымыранын жаудырып келеді. Ресей күн сайын жала жауып, жалған ақпарат таратып келеді.

Еуропалық Одақ пен серіктестеріміз үшін «үштік стратегиясын» ұстанудан басқа балама жол жоқ: Украинаны қолдау, Ресейдің заңсыз агрессиясын тоқтату мақсатында оған қысым көрсету және өзге елдерге осы соғыстың салдарымен күресуге көмектесу.

Бір жылдан бері ойдағыдай іске асырып келе жатқанымыз – осы. Бұрын-соңды қабылдамаған санкциялар қабылдадық; ресейлік қазба отындарына тәуелділігімізді азайттық; негізгі серіктестерімізбен бірлесе Кремль агрессиясын қаржыландыруға жұмсайтын энергетика саласынан түсетін кірісті 50 пайызға қысқарттық. Сондай-ақ, күш-жігерімізді біріктіргеннің арқасында, жаһандық жанама салдардың зардабын азайтып, азық-түлік пен энергия бағасының төмендегенін көріп отырмыз. Бұған қол жеткізуімізге «Ынтымақтастық дәлізі» мен Қара теңіз астық бастамасының да көмегі зор болды.

Украинаның өз елін қорғай алуын қалаймыз деу жеткіліксіз. Оған өзін қорғауға құрал-сайман қажет. Сондықтан Еуропалық Одақ алғаш рет шабуылға ұшыраған елге қару-жарақ жеткізіп отыр. Расымен да, ЕО қазір Украина қарулы күштеріне өз елін қорғай алатындай әскери дайындық жүргізудің жетекші тұтқасы болып отыр. Сондай-ақ, біз Украина халқын қолдау үшін елеулі макроқаржы және хуманитар көмек ұсынамыз. Бұған қоса, Украинаның Еуропалық Одаққа қосылу туралы өтінішіне оң жауап беруді шештік. Бірлескен әрекетіміздің жалпы мақсаты – Ресейдің әскери қылмыстарына кінәлілерді жауапқа тарту.

Украина таңғаларлық төзім танытып келеді. Бұл осы қолдаудың арқасында болуы мүмкін. Ал Ресей жаһандық санкциялар мен БҰҰ Бас Ассамблеясы мемлекеттерінің басым көпшілігінің халықаралық айыптауынан кейін оқшауланып қалды. Демократиялық Украинаның жеңіске қол жеткізуі, басқыншыны ығыстыру, Украинаның толық егемендігін және халықаралық құқықтық тәртіпті қалпына келтіру – қазіргі ортақ мақсатымыз және осы мақсатқа берік болып қаламыз.

Қазір бәрімізге бірінші кезекте керегі – Украинада БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқыққа сәйкес келетін толық әрі тұрақты бейбітшіліктің орнауы. Украинаны қолдау мен бейбітшілік жолындағы жұмыс қатар жүреді.

Ресейдің агрессияға толы ревизионизмі және ауқымды тұрақсыздандыру әрекеті Орталық Азия елдеріне де жанама жаһандық қауіп төндіріп тұр.

Өткеннің мұрасын шайқауға ұмтылу, ақпаратты бұрмалау мен шетелдің араласуы үшін өнеркәсіп ауқымындағы күш-жігерін жұмсаған ресейлік үгіт-насихат машинасының қалай жұмыс істейтінін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Сондықтан ЕО бұл қауіпке тойтарыс беріп, серіктестердің қолдауына үміт артып отыр.

Жалпы, Ресейдің басқыншылық әрекеті Еуропаға да, Орталық Азияға да шектен тыс тәуелдіктен аулақ болу керегін көрсетті. Сондықтан ынтымақтастығымызды нығайта түсуіміз керек. Ортақ мүддеміз – тұрақты әрі ашық қоғамды дамыту, экономиканы тұрақты қалпына келтіру және жасыл көшуді қамтамасыз ету, азаматтарымызды терроризмнен, заңсыз есірткі мен қару айналымы, адам саудасы сияқты қауіп-қатерден қорғау. Бұған қоса, ЕО аймақтың өзара байланыс пен ынтымақ үшін ашық кеңістік болып қалғанын қалайды.

Тарих пен әділет Украинаны мойындайды. Бірақ тарих барысын жеделдетіп, әділет орнауына қол жеткізу үшін «үштік стратегиямызды» неғұрлым белсенді жүргізуіміз керек. Мұны ұжымдық міндет деп санаймыз. Сондықтан ЕО барлық серіктесін агрессияның сәтсіздікке ұшырауы және халықаралық құқықтың үстем болуы үшін бірлескен жауапкершілік пен ынтымақтастық рухында әрекет етуге шақырады.

Жозеп Боррелл, Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі/Еуропалық Комиссияның вице-президенті.