5859
28 августа 2024
Бейімбет Молдағали, Астана, иллюстрация Данияр Мүсіровтікі

Байланысқа құлықсыз лауазымды шенеуніктер

Журналистермен тұрақты түрде кездесіп, сұрақтарына жауап береміз деген уәде сөз жүзінде қалып тұр

Байланысқа құлықсыз лауазымды шенеуніктер

2019 жылы маусым айында алғашқы президенттік мерзімге сайланғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада баспасөз мәслихатын өткізді. Сол жерде осындай кездесу дәстүрге айналады деп уәде берді. Алайда, уәде берудің өзі дәстүрге айналды: осыдан кейін президент пен оның баспасөз хатшысы Берік Уәли тағы екі рет баспасөз мәслихаты туралы айтқанымен, бес жылдан астам уақыттан бері Тоқаев баспасөзбен осы форматта кездескен емес, көбінесе шетелден келген қонақтармен кездесуден кейінгі қысқа брифиңдермен шектеліп жүр.

Президент — жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы журналистермен кездеспейтін жалғыз адам емес: биыл ақпанның басында тағайындалған сәттен бері премьер-министр Олжас Бектенов БАҚ алдына бірде-бір рет шығып көрген емес.

Власть мемлекеттік органдармен жұмыс істейтін журналистермен ақпаратқа және шенеунікке қол жеткізудің қиындығы туралы, ал сарапшылармен биліктің жабықтығы туралы әңгімелесті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы журналистермен кездесіп тұру дәстүрге айналады деген уәдесінен кейін баспасөз мәслихаты туралы 2022 жылғы қарашада президентті кезектен тыс сайлау аясындағы брифиң кезінде айтып қалды. Ол қайта сайланған жағдайда «үлкен баспасөз конференциясы» өтеді деп мәлімдеді.

«Егер мені сайласа, жыл соңында немесе келер жылдың басында үлкен баспасөз мәслихатын өткізу керек», — деп мәлімдеді ол сол кезде.

Кейін баспасөз мәслихатын өткізуге президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли де уәде берді. Биыл ақпан айында Уәли президенттің баспасөз өкілдерімен кездесуі 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында өтеді деген еді, бірақ бес жыл бұрынғы баспасөз мәслихатынан кейін ештеңе өткен жоқ.

Президент Тоқаев өткізген жалғыз пресс-конференция, 2019 жылғы 10 маусым. Фото Ақорданыкі

Журналистердің президенттен ақпарат алатын ресми дереккөзі Ақорданың сайты мен әлеуметтік желідегі парақшалары болып отыр, әсіресе президенттің түрлі шарада айтқан сөздері жарияланатын Телеграм канал сұраныста. Журналистерде президентке тікелей сұрақ қоятын мүмкіндік жоқ десе болады. Осындай жалғыз мүмкіндік сайлау кезіндегі брифиңдер еді, мұны Ақорданың баспасөз қызметі «Власть» сауалына берген жауабында жанама түрде растады. Соңғы рет мұндай мүмкіндік екі жыл бұрын болды.

«Власть» интернет журналы өкілдерінің президенттің өзіне тікелей сұрақ қою мүмкіндігі болды. Мәселен, тілші Тамара Вааль оған 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдум қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерімен брифиңде және 2022 жылғы 20 қарашадағы президентті кезектен тыс сайлауда дауыс беруден кейінгі брифиңде сұрақ қойды. Осыған орай «журналистер елдің бірінші тұлғасына жүгіне алмайды» деген тұжырым негізсіз», — делінген Ақорданың жауабында.

2023 жылы 19 наурызда өткен соңғы парламент сайлауында журналистер президентке сұрақ қоя алмады — таңғы тоғызға таман дауыс береді деп айтылғанымен, президент сайлау учаскесіне ашыла салғанда, 7:00-де барған.

Фото: Ақорда

«Власть» жолдаған сауалға жауабында Ақорданың баспасөз қызметі президенттің бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз мәслихатын өткізу «күн тәртібінен түскен жоқ» деді. Сонымен қатар «шет мемлекеттердің көшбасшыларымен келіссөз қорытындысы бойынша журналистерге тұрақты түрде брифиң өткізеді, түрлі шаралар барысында БАҚ өкілдерімен кездесіп тұрады» делінген. Қандай іс-шара туралы айтып отырғанын нақтыламаған.

ҚазАқпарат мемлекеттік ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Берік Уәли 2023 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердің басшыларымен жүргізілген келіссөз қорытындысы бойынша журналистермен 8 брифиң өткізгенін айтты. Алайда ол брифиңге санаулы ақпарат құралы ғана кіре алатынын айтқан жоқ. Ақордаға кіруге тіркелген, президент пулына кіретін қалған журналистер ғимараттың басқа қабатындағы баспасөз орталығында отырады, брифиңді монитордан ғана бақылайды, сұрақ қоя алмайды.

ORDA LIFE Youtube арнасының жүргізушісі, журналист Серік Ордабай Ақордаға аккредитациядан өтудің мәні жоқ дейді.

«Мен мемлекет басшылары деңгейіндегі шараларға бармауға тырысамын, онда ресми ақпараттан басқа түк болмайды. Басқа мемлекеттің басшысы келгенде бірнеше сағат бұрын Ақордаға кіру керек, сосын 2-3 сағат бойы президенттерді сарыла күту керек. Бірде-бір сұрақ қоя алмасаң, Ақордаға барудың не мәні бар?» — дейді Ордабай.

Президенттің баспасөз қызметі «Власть» сауалына жауабында брифиңдерге қатысуға аккредитациядан өткен барлық БАҚ шақырылады деп хабарлады. Бірақ журналистердің орналасуы мен баспасөз орталықтарының орны «тиісті шараның форматын, журналистерге жайлы жұмыс істеуін қамтамасыз ету мүмкіндігін, сондай-ақ хаттама мен қауіпсіздік қызметінің талаптарын ескере отырып» анықталады және мұндай практика бүкіл әлемде қолданылады деді.

Ордабай мемлекет басшыларының қатысуымен болған соңғы ірі шара — Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне барудан да бас тартты. Журналистерді мәдениет және ақпарат министрлігі аккредитациялады. Журналистердің көбі саммит өткен Тәуелсіздік сарайына емес, жолдың арғы бетінде тұрған Бейбітшілік және келісім сарайына орналастырылды.

«Бізді ол жаққа не үшін шақырғанын мүлдем түсінбедім, босқа уақытымды жоғалттым. Журналист ретінде бұл маған ештеңе берген жоқ. Ал таңдаулы мемлекеттік басылымдардан келген әріптестер Тәуелсіздік сарайында отырды. Олардың қолында түрлі отырыстың трансляциясы болды, Пирамидада отырған бізге трансляция жасалған жоқ», — дейді журналист Айнұр Коскина.

Журналистер тағы да билік органдарына қол жеткізе алмады. Бейбітшілік және келісім сарайында үлкен экраны, үстелі, тамағы мен фуршеті бар баспасөз орталығы ұйымдастырылды. Ғимаратта мемлекеттік аналитика орталықтары — Парламентаризм институтының және Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары БАҚ өкілдеріне пікір таратып жүрді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің жақында болған сапарында таңдаулы журналистерден басқасы шақырылған да жоқ. Тағы да аккредитация жасаған ақпарат министрлігі телеарналардың көбі орналасқан ғимаратта баспасөз орталығын ұйымдастырды. Журналистер экран алдына отырып, кездесуді қашықтан үзіп-үзіп тамашалады.

«Президент тек мемлекеттік, яғни насихатшыл бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берді»

Сонымен қатар балама ақпарат көзі ретінде президенттің түрлі басылымға берген сұхбатын атауға болады. Президент мемлекеттік сапары немесе мемлекет басшыларын қабылдау алдында шетелдік басылымдарға сұхбат береді. Мысалы, биыл наурызда Әзербайжанға сапары алдында жергілікті APA агенттігіне сұхбаты немесе ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің сапары алдында, шілденің басында Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне берген соңғы сұхбаты.

Журналист әрі редактор Айнұр Шошаева президент шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбатты елдегіден жиі береді дейді, президенттігінің алғашқы жылдары да солай болыпты. Алғаш сайланғаннан кейін төртінші күні Тоқаевтың The Wall Street Journal басылымына сұхбаты шықты, ал 2019 жылы желтоқсанда Тоқаев Deutsche Welle басылымына сұхбат берді, бұл — Тоқаевтың тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралына берген соңғы сұхбаты. 2019 жылы тамызда қазақстандық бұқаралық ақпарат құралы — 31-арнада Тоқаевтың сұхбаты шықты, алайда сұхбат «Президент 2.0» деген атаумен деректі фильм форматында болды, ал фильм авторы — ресейлік журналист Алексей Пивоваров.

«Президент қазақстандық журналистерді менсінбейді деген сын орынды деп санаймын. Президент, әрине, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берді, бірақ кімге берді? Тек мемлекеттік, яғни насихатшыл ақпарат құралдарына берді», — дейді Шошаева.

Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын алатын болсақ, Тоқаев соңғы рет биыл қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берді. Президент болған кезден бері Тоқаевтың тағы бір сұхбаты Қанды Қаңтардан кейін Хабар 24 телеарнасына шықты. Бұдан бөлек, соңғы уақытта Тоқаев Euronews және Казправда басылымдарына екі бағана жазды.

«Журналистер алдын ала дайындалмаған, мемлекеттік БАҚ та, тәуелсіз БАҚ та жиналатын еркін форматтағы брифиңді қалайды. Мысалы, соғыс болып жатқан Украинаның президенті Владимир Зеленский украиналық ақпарат құралдарына да, шетелдік баспасөзге де сұхбат беруге уақыт табады», — дейді Шошаева.

Президенттің баспасөз қызметі бұқаралық ақпарат құралдарының өтінішімен президенттің «қоғамда тартыс тудырған оқиғалар бойынша» мәлімдемелері мен шешімдеріне баспасөз хатшысы Берік Уәли түсінік беріп жүргенін атап өтті.

«Қазір қаншалықты ашық екенін білмеймін, бірақ бірінші келген кезінде (Берік Уәли екі рет баспасөз хатшысы болды: 2019 жылғы наурыздан бастап 2022 жылғы наурызға дейін, сосын 2023 жылғы қыркүйектен бастап — В.) WhatsApp желісінде сұрақ қойған журналистерді бұғаттап тастайтын. Мені бұғаттаған жоқ, жай ғана жіберген хабарламаларымды оқымайтын», — дейді Коскина.

Брифиң өткізуге уақыты жоқ

2024 жылы 6 ақпанда президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Олжас Бектенов Қазақстанның премьер-министрі болды. Сол кезден бері өткен жарты жылда ол бірде-бір рет БАҚ алдына шыққан жоқ, бірде-бір сұхбат бермеді. Баспасөз қызметі үкімет басшысының баспасөзге шығуы «премьер-министрдің тығыз жұмыс кестесіне орай» шешілетінін хабарлады.

24 шілдеде премьер-министрдің баспасөз хатшысы Диляра Әленова press.kz сайтына пікір бергенінде бұны тасқын салдарына байланысты деп түсіндірді.

«Әлі де эвакуация бекеттерінде тұрып жатқан тұрғындар бар. Уақыт оздырып алмау үшін ауылдар мен өңірлерді аралап, жіті бақылау жүргіземіз. Барлық тұрғынды суық түскенше қоныстандырғаннан кейін, премьер-министрдің көпшілік алдында пікір беруін міндетті түрде қарастырамыз», — деді ол.

Фото үкіметтің баспасөз қызметінен

Үкімет Бектеновтің баспасөз мәслихаты болмауы премьер-министрдің журналистерге деген көзқарасын білдіреді дегенді жоққа шығарып, «ашық болу принципін қолдайды» деп сендірді.

«Тасқыннан кейін жылыту маусымына дайындық немесе тағы бірнәрсе шығып қалмайды деп сенгіміз келеді, қыркүйектің басында Бектеновті Смайылов секілді ең болмаса қысқа брифиңнен көреміз деп үміттенеміз. Смайылов та үлкен баспасөз мәслихатын берген емес», — дейді Коскина.

Ордабайдың айтуынша, журналистерде бұрынғы премьер-министр Смайыловқа сұрақ қоюға мүмкіндік болса да, Смайылов тек 4-5 журналистің сұрағына жауап беріп, тез кетіп қалуға тырысатын.

«Неліктен журналистерден қашатынын сұрап, артынан қуғанымыз есімде қалыпты», — деп еске алды Ордабай.

Ол премьер өткізетін алғашқы брифиң күзге шегерілгеніне таңғалды.

«Қазірдің өзінде маңызды мәселе көп. Күзді күтудің қажеті жоқ, премьер-министр баспасөз конференциясын айына бір рет өткізіп, үкімет мүшелеріне үлгі көрсетсе болар еді», — дейді Ордабай.

Коскина да үкімет отырысы журналистер үшін министрлерге сұрақ қоюға жақсы мүмкіндік болды дейді. Бұрын отырысқа барлық министр келетін, сосын шектеулер басталды, алдымен коронавирус пандемиясымен, сосын қызылшамен байланыстырды.

«Ковид келіп, онлайн отырыстар басталды. Сосын басқа шектеулер басталды да, бұрынғы формат қайта орнады, яғни отырысқа тек есеп беретін министрлер ғана келеді», — деп түсіндірді Коскина.

Үкімет отырысы кезінде журналистер үкіметтің баспасөз орталығында отырып, отырысты онлайн бақылайды. Отырысқа премьер-министр алдында баяндама оқитын министр біреу-екеу, кейде үшеу болады. Отырыстан кейін министрлер брифиңге шығып, сол күнгі тақырып бойынша сұрақтарға жауап береді.

Фото үкіметтің баспасөз қызметінен

Қалған министрлер отырысқа онлайн қосылады. Алайда министрлер спикер болған күннің өзінде келмей қалуы да мүмкін. Мысалы, соңғы екі үкімет отырысының спикері — ішкі істер министрі Ержан Сәденов отырыстарға онлайн қосылды және журналистер оған сұрақ қоя алған жоқ.

Үкімет «Власть» сауалына берген жауабында мұндай практика коронавирус пандемиясы кезінде енгізілгенін, кейін «мемлекеттік орган өкілдеріне ыңғайлы болуы үшін және уақыт үнемдеу үшін» бекітілгенін растады.

2021 жылы қыркүйекте үкіметтің баспасөз қызметінің сол кездегі жетекшісі Қанат Құлшыманов мұны министрлердің жедел жұмыс істеуін арттырумен, дебюрократизация туралы жарлықпен байланыстырды.

«Қоғаммен және журналистермен байланысты қамтамасыз ету үшін арнайы кесте құрылды, үкіметтің барлық мүшесі осы кесте бойынша брифиң өткізеді», — деп мәлімдеді Құлшыманов.

Алайда, іс жүзінде үкімет мүшелерінің брифиң кестесі болған да жоқ.

Премьер-министр журналистермен брифиңге уақыт іздеп жүрген кезде, үкіметтің баспасөз қызметі «елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы сұхбаттар легін» бастады. Үкімет мүшелеріне сұрақты сол баспасөз қызметінің өкілдері қоятын сұхбаттарға премьер-министрдің үш орынбасары қатысып үлгерді — Роман Скляр, Тамара Дүйсенова және ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Үкіметтің баспасөз қызметі үкіметтің жұмысы туралы тұрақты түрде өзекті ақпарат та жариялаймыз деп хабарлады. Сондай-ақ журналистер министрліктердің баспасөз қызметтеріне сауал жолдай алады.

Масс-медиа туралы заңға сәйкес сауалды қарау мерзімі 5 күн, егер сұралатын ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кіретін болса, мерзім 15 күнге ұзартылуы мүмкін екенін айта кету керек. Бұл уақыт аралығында жаңалық өзекті болмай қалуы да мүмкін.

«Кейде сауалға жауапты апталап күтуге тура келеді. Сонымен қатар кейбір жауапта қажет және нақты ақпарат болмай шығады», — дейді Шошаева. Толық емес және дәл емес жауапқа журналистер шағымдана алады — ондайда жауапты қарау мерзімі жарты айға созылуы мүмкін.

Ордабай әдетте жылына екі рет Орталық коммуникациялар қызметіне келетін қала және облыс әкімдеріне де биыл көктемде сұрақ қою мүмкін болмағанын айтып отыр. Бұдан бөлек әкімдерге журналистер халықпен кездесу кезінде сұрақ қоя алады, бірақ уақыттың көп бөлігі тұрғындардың сұрақтары мен шағымдарына кетеді.

Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылғы наурызда президент әкімдерді халықпен кездесіп тұруға міндеттейтін жарлыққа қол қойды, бірақ былтыр қараша айында жарлыққа өзгерту енгізіліп, әкімдердің міндеттері азайды. Жарты жылда бір рет облыс әкімінің әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесуі жылына бір рет деп қысқарды; республикалық маңызы бар қала әкімінің көшпелі кездесуі бұрынғыдай тоқсан сайын емес, жылына бір рет өтеді.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт президент пен билік өкілдері журналистерге және тікелей коммуникацияға ашық болмауы олардың ешқайсы сайлаушылардың дауысы мен қолдауына тәуелді болмауынан десе, бұқаралық ақпарат құралдарына қалай қарайтыны тек журналистикаға емес, ел азаматтарына қалай қарайтынын көрсетіп отыр дейді.

«Олар қажет статистиканы қоластындағы орталық сайлау комиссиясы арқылы жасап алып отыр, сондықтан оларда азаматтарға ұнау немесе олардың алдында уәдені орындау міндеті жоқ», — дейді Нұрсейіт.

Президент БАҚ-тың маңызы туралы жиі айтады, ал әлгі бір рет болған баспасөз мәслихатында сөз еркіндігі туралы сұраққа: «Ойланамыз. Барынша күшейтеміз», — деп мәлімдеген.

Алайда, Нұрсейіттің айтуынша, бұл жай ғана саяси мәлімдеме, іс жүзінде президенттің қарым-қатынасқа ашық болмауы бұқаралық ақпарат құралдарына шын мәнінде қалай қарайтынын білдіреді.

«Қаңтар кезінде президент тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын басып тастауға және оларды Қазақстанның әлеуметтік-саяси тұрақтылығына қатер төндіруші актор ретінде көрсетуге тырысты, сондықтан осылай қарауына таңғалуға болмайды. Тәуелсіз БАҚ Тоқаевпен сұхбаттасса, Қаңтар, Назарбаев туралы, саяси репрессиялар туралы сұрақты қысылмай қоя алар еді, президент ондай сұрақтарға жауап таба алмауы мүмкін», — деп санайды Нұрсейіт.

Саяси кеңесші Димаш Әлжанов бұқаралық ақпарат құралдарына деген шынайы көзқарасты қудалау тарихы мен жаңа заңдарға қарап білуге болады десе, журналистерге марапат беруді режимге саяси адалдығы үшін ынталандыру формасы деп санайды.

«Біздің саяси жүйеде президенттің тәуелсіз медиа үшін ашық болуы, оңай қатынасуы мүлдем мүмкін емес нәрсе. Жүйе президентті мейлінше қорғаштайды және оны жауапкершілік аясынан алып шығады. Қателік пен шешілмеген проблемалар үшін атқарушы биліктің барлық тізбегі сынға ілігуі мүмкін, бірақ президент емес. Мемлекеттің ақпарат саласындағы саясаты президентті қорғауға, оның тұлғасын жағымсыз оқиғалармен байланыстырмауға бағытталған», — дейді Әлжанов.

Ол бұның бәрі есеп берудің төмендеуіне әкеледі деп санайды.

«Бізде саяси жүйеде ішкі тежеу және теңестіру механизмі жоқ, сондықтан жоғарғы лауазымды тұлғалардың есеп беру жауапкершілігінің болмауы жемқорлық, мемлекеттің тиімсіз әрекеті секілді ауыр салдарға ұрындырады», — деп мәлімдеді ол.

Сөз бостандығының нашарлауы: жаңа заң мен жаңа ереже

Журналистерге ақпарат алуға және елдің басты шенеуніктеріне шығуға ішінара немесе мүлдем шектеу қойылуы Қазақстанда сөз бостандығының нашарлауы жағдайында болып жатыр. Журналистер мен медиа индустрия қызметкерлерін қорғауды көздейтін «Шекарасыз репортерлер» халықаралық ұйымының баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан 2023 жылы 134-орыннан 2024 жылы 142-орынға түсіп кетті. 2022 жылы еліміз 122-орында тұрған еді.

Мамырда жарияланған индексте ұйым онлайн жаңалықтар сапасы жақсарып жатқанымен, мемлекет интернетті бақылауын күшейтіп, қолдан келген амалдың бәрін пайдаланып жатыр деп мәлімдеді: тұтқындау, шабуыл жасау, телекоммуникация мен интернетті сөндіріп тастаудың бәрі – ірі оқиғалар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып кетпеудің амалы.

«Ақпарат алу шектелген, ал үкімет брифиңдерінде журналистердің сұрағы цензураға ұшырайды. Үкімет жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарына да насихатын жүргізуге ақша төлейді, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекет бақылауындағы БАҚ бас редакторларын тағайындауды бақылауында ұстайды», — делінген хабарламада.

Фото Паоло Сорбелло

Маусымда президент Тоқаев медиақауымдастықтың сынына ұшыраған масс-медиа туралы заңға қол қойды. Ақпарат министрлігі ұсынған бастапқы нұсқада мамандыққа цензура мен тыйым салынды десе де болады. Күрестің, ұзақ пікірталастың арқасында журналистер мен медиа қауымдастық заңның ең шектеу қойылған кейбір тармақтарына өзгерту енгізе алды. Қазіргі заң «адамгершілік, мәдени және отбасы құндылықтарын бұзу бойынша» бұқаралық ақпарат құралына мониторинг жүргізуге және шетелдік бұқаралық ақпарат құралын аккредитациялаудан бас тартуға мүмкіндік береді.

«Саланың өкілдері журналистерге тұсау болатын тармақтарды алып тастау үшін қолдан келгеннің бәрін істеді, алайда министрлік өзінің дегенін іске асыру үшін қасарысып бағуда. Бұған жарқын мысал — аккредитациялау нормасы. Билік осы абсурд ереже арқылы жетекке жүретін бұқаралық ақпарат құралдарын ғана қалдырып, өзгелері саладан «өз еркімен» кетіп қалуы үшін жағдай жасауға тырысып жатыр», — дейді Шошаева.

Шілдеде БАҚ өкілдеріне аккредитация ережесінің жобасы жарияланып, талқылануы 1 тамызда аяқталды. «Медиа Қолдау» заңгерлік қызметінің жетекшісі Гүлмира Біржанова бұл нормаларды қайшылыққа толы дейді және олар журналистердің қызметіне кері әсер ететініне сенімді.

Аккредитациялау ережесінің 10-тармағына сәйкес, аккредиттелген журналист өзін аккредиттеген мемлекеттік органдар мен ұйымдардан алынған ақпаратты өзі тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға, сондай-ақ іс-шаралар регламентін сақтауға, аса маңызды мемлекеттік нысандар мен стратегиялық нысандардың өткізу және ішкі режимін сақтауға міндетті.

Журналистердің сынына көбірек ұшыраған 12-тармақта: 10-тармақта бекітілген шарттарды екі және одан да көп рет бұзғанда немесе журналист таратқан мәліметті аккредиттеуші ұйымның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейді деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі болған жағдайда журналист аккредитациядан айырылуы мүмкін делінген.

«Бұны түрліше түсінуге болады: бұл регламент қалай анықталатыны түсініксіз», — дейді Біржанова.

Әлжанов заңнамадағы шектеулер президент Тоқаевтың «өзін сыннан мейлінше оқшаулау» қажеттігінен туып отыр деп санайды. Оның айтуынша, бұл Қаңтар оқиғасынан басталды, өйткені Қаңтар оқиғасынан қоғам терең жарақат алып, билікке шағымы бұрынғыдан да көбейіп шықты.

«Осыны түсініп, режим біраз ресурсын президент имиджін жақсартуға және президентке ел ішінде сынды шектеуге арналған шараларға жұмсады. Режимге тәуелсіз медианың тісі батпайтын, мейлінше маргиналданған және қоғамға тиісті деңгейде ақпарат бере алмайтын орта құру маңызды. Осы шараның барлығы — режимнің біртұтас саясатының тізбегі және оларды біртұтас қарастыру керек», — дейді ол.