4281
29 апреля 2023
Ақбота Узбекбай, суреттерді Данияр Мүсіров түсірген

«Әжемнің үйреткенін кейінгілерге жеткізуді ойладым...»

Суретші Аида Әділбектің «Талқан, тары, топырақ» көрмесі жайлы

«Әжемнің үйреткенін кейінгілерге жеткізуді ойладым...»

Жексенбі күні суретші Аида Әділбектің «Талқан, тары, топырақ» атты Қазақстандағы тұңғыш көрмесі мәреге жетеді. Ол бұл жұмысында әжеден немереге, анадан балаға даритын білім мен дәстүр, сондай-ақ бір отбасындағы әйелдердің сөзсіз байланысын көрсетеді. Власть тілшісі суретшімен отбасындағы әйелдер сабақтастығы мен қазақ өнерінің дамуы туралы сөйлесті.

– Ауылға барғанымда әжем маған үнемі қалта тігіп беретін. Мынау – сол қалталар. Ол кісі көбіне бұл қалталарға құрт, талқан, тары, сарқыт, кейде ақша жинап алып келетін. Былтыр жасауымды жасап әкелді, онда көрпе, төсек, ыдыс-аяқ, күміс-алтыннан жасалған түрлі бұйымдар бар, – дейді суретші бірінші бөлмедегі «Жеті қарақшы» суреттер топтамасындағы құрақ көрпеше мен қалталар бейнеленген жеті суретті нұсқап.


– Мен үшін бұл қалталар – тасымалдаушы. Бұлар тек затты емес, сонымен қатар, ой, білім, махаббат сезімін тасымалдайды. Мұны сол кездегі әлеуметтік жағдай тұрғысынан да қарастыруға болады. Әжем 1942 жылы туған, оларға бұл әдет болып кеткен. Оның сөмкесінде қалта толып жүреді. Кейінгі ұрпақ, мәселен, анам “пакет бар ғой, не істейсің оны” деп қарайды. Кезінде қиынды шүберектерден жасалатын мынау құрақ көрпе де сол сияқты. Бұл да – әжемнің заманының бейнесі.

Аида Әділбек – көпсалалы суретші әрі куратор. 2016 жылы көркем сын мамандығы бойынша Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірсе, 2020 жылы суретші мамандығы бойынша магистратураны Лондондағы Голдсмит университетінен оқып келген.

– Ділдә (куратор Ділдә Рамазан – В.) екеуміз отарсыздануды қарапайым тілмен қалай түсіндіруге болатынын ойланғанбыз. Түсінгеніміз, егер өзіңнің орталығың ретінде өзіңді алсаң, ол – отарсыздану процесі. Біз көп уақытқа дейін отар ретінде мысал келтіргенде әрдайым шетелмен салыстырамыз, өзімізді екінші орынға қоямыз. Көп уақытқа дейін Шымбұлақ – екінші Швейцария, Яссауи – екінші Аристотель деп келдік. Бұл жоба өзімнің жеке хикаям секілді. Өзімізге назар аударсақ, ол өзімізге қызық болады, – дейді Аида.

Суретші көп уақытқа дейін қазақы нәрселердің бәрі қызық емес, олар шынайы өнер емес деген стереотип болғанын, қазір оның жойылып келе жатқанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, қазір қазақ өнерінде қайта өрлеу дәуірі жүріп жатыр, ал бұл кезеңде кішкентай қателіктерді кешіруге болады.

– Қазақ тілі, қазақ мәдениеті көп уақыт бойы екінші орында тұрды. Қарапайым оюды әр жерге қоса беру алғашқыда сәнді болып, кейін расымен де өмірімізге сіңе бастайды. Әжем бұл қалталардың сонша маңызды екеніне мән бермегенін айтқан еді. Уақыт өте келе, үшінші ұрпақ бұл нәрселерді басқаша қарастыра бастайды. Мұның бәрі сәнді дәуірден өтуі керек, кейін зерттеу арқылы жаңғыру процесіне өтеміз деп сенемін.

Аида Әділбек

«Жеті қарақшының» оң жағындағы сөреде «Бата беру» деп аталатын кітапшалар тұр. Бұл – суретшінің әжесі жинаған баталар жинағы. Кітапша жаңа жыл туралы батадан басталып, қарттарға берілетін батамен аяқталады. Аида Әділбек әжесі жиып-теріп жазып кетсе де, мұның бәрі халықтың білімі деп санайды.

– Әжем кезінде хорда ән айтқан. Сол кезде өлеңдерді түртіп алатын. Оның блокноты көп еді. Кейде телевикторина көріп отырып, елдің астанасы деген фактілерді жазып алатын. Сол блокноттың бір бөлігі өзіне ұнаған бата-тілектерге арналған. Әрқайсының мақсаты бар – жаңа туған балаға, жастарға, отау құрғандарға, қыз балаға, ұл балаға деп кете береді. Кітапшада тақырыбы бойынша хронологиясын жасадық. Осы бата-тілектің бәрі тікелей маған не басқа адамға арналып жазылса да, бұл – халықтың білімі, бәрімізге тиесілі. Кейінгі жылдары ғана оның мәнін түсіне бастадым.

«Әжем осы дүниелерді үйретті, жеткізді, ал мен бұл білімді әрі қарай қалай жалғастырамын? – дейді суретші. – Үйдің кенжесімін. Ағамның қыздары дүниеге келгеннен кейін, өмірімде бірінші рет ол балаларға не қалдыра аламын, не бере аламын деп ойладым. Жаңа адам пайда болғанда, үлкендердің қартайып бара жатқанын, бір күні олардың дүниеден өтетінін ұғасың. Сол кезде өзімнің орта буын екенімді сезініп, өзіме жеткен рухани не материалдық дүниені қалай сақтап қала аламын деген ой келді”.

Суретші білім мен дәстүрдің бұл жалғастығын ұрпақтар арасындағы циклге ұқсатады. Ол мұны көрменің тақырыбында да көрсетеді.

– Тары топырақта өседі, кейін ұнтақталып, талқанға айналады. Бұл маған, біріншіден, цикл сияқты көрінді. Батыс Қазақстанда тары, талқан көп қолданылады. Тары қосылған шай ішемін немесе таңғы асқа талқан былғап жеймін. Мен тұрған жер құмды ауыл болатын. Бұрындары киелі жерден, ауылдың топырағын кішкентай қалтаға өзімізбен бірге тұмар ретінде алып кететінбіз.

Үлкендердің іс-әрекеті арқылы әлемді тану

Екінші бөлмеде Аида Әділбектің «Көбелек» деген видеомонологын тамашалауға болады. Ол әйел адамның түрлі әлеуметтік рөліне арналған.

– Әйел ана ретінде, жүкті болған кезде, бала туғаннан кейін, әже болғаннан кейін қандай болады деп ойлаймын. Бұның бәрін басымнан өткермегеннен кейін мұны көрсету қиын болды. Сондықтан оны өз атымнан жазуды жөн көрдім. Үлкендердің маған әсері, олардың махаббаты, менің өзімнен кішкентайларға сезімімді қалай білдіре алатыным жайлы сөз қозғадым.

Мұнда суретшінің «Алақан» деп аталатын қысқаметражды деректі фильмі де көрсетіліп жатыр. Картинада әжесінің құрт дайындап, немересіне «Жиренше шешен» туралы аңыз оқып, анасының гүлге су құйып жүргені секілді сәттер көрсетіледі.

– Фильмде әжем мен анамның үй ішіндегі күнделікті жұмысы бейнеленген. Оның астарлы ойы – әйел адамның үй ішіндегі көріне бермейтін, ақша төленбейтін, қиын жұмысы. Өйткені ол жұмыс ешқашан бітпейді. Ал әйел адамның қолынан туатын нәрсенің барлығы оны қоршаған адамдарды түгелдей емдей алады, оларға жаңа бір жарық бере алады деген оймен түсіргенмін. Мен әйелдер көп отбасында дүниеге келдім. Көп нәрсені әйелдерден үйрендім, кәсіби жағынан да тәлімгерім әйел адамдар болды.

Суретші 2021 жылы өзбекстандық Саодат Исмаилова ашқан DAVRA Орталық Азиялық зерттеу тобының мүшесі атанды. Зерттеу тобы Германиядағы Documenta көрмесіне қатысып, Аида соның негізінде осы деректі фильмді ұсынған.

– Жобаның ішінде түрлі пері, шілтен сияқты мифологиядағы феномендерді қарастырдық. Негізі олар қорғаушы ретінде белгілі ғой. Ал мен өнерді тұрмыс жағынан қарастырғым келді. Әріптестеріме әжемнің құрт жасап жатқанын түсіргім келетінін айттым. Мен бұл жұмысты өзіме қорғаныш ретінде тани аламын, себебі ол маған ең жақын, таныс нәрсе, – дейді ол. – Оқудан каникулға келген уақытта, әке-шешемнің, әжемнің кішкене қартайып бара жатқанын бірінші рет түсінген шығармын. Мен келген сайын әжем құрт алып келетін. Әжем кетіп жатса, ол құртты жасауды ешқайсымыз білмейтінбіз. Сол кезде рецептін сақтап қалу үшін түсіремін деген ой болған.

Фильмде уақыттың қалай өтіп жатқаны түсініксіз. Суретші оны он күн түсіргенін айтады. Алайда ондағы жаңбыр секілді элементтер табиғаттағы бір қозғалысты көрсетіп тұр.

Аида фильмді түсірмес бұрын өзбекстандық суретші Саодат Исмаилованың кеңесімен Гастон Башлярдың «Су және қиял» («Вода и грезы») кітабын оқыған.

– Фильмді су, су перісі, су қорғаншысы жағынан қарастырғым келді. Кітапта судың түрлі формасы айтылады: ағын су, тұрып қалған су, фонтан секілді. Көбіне әйелді суға теңейді ғой. Шынында да, екеуі де өмірдің бастауы, өмір беретін феномен. Фильмде ыдыс-аяқ жуу, гүл суару, құрт жасау секілді процесс бар. Осындай символдардың да болуы мен үшін маңызды болды.

Фильм кейіпкерлерінің түр-әлпеті көрсетілмейді, сюжет әйел қолымен жасалып жатқан іс-әрекет негізінде жүреді.

– Әйел адамның қолынан туатын барлық нәрсе, шынында, емшілік, әулиелік сияқты. Сонымен қатар, арамыздағы қарым-қатынасты ұстап қалғым келді. Видеоға түсіріп жүргенімде кішкене өсиет айтқан жерлері де болды. Бір уақытта анам: “Мына жерде құмырсқаның илеуі бар, басып кетпе, басып кетсең, олар сені тістей бастайды, байқа”, – деп айтады. Мұны көрген әріптестерім “сен бір кішкентай бала сияқтысың, олар саған бәрін үйретіп, түсіндіріп жатыр, сен солардың іс-әрекеті арқылы әлемді танып жатсың” дейді. Әрқайсымыздың үйімізде анамыз, әжеміз бар. Барлығымыздың тұрмысымыз ұқсас. Біздің олардан алатын жылуымыз да бірдей сияқты.

Аида қазақ мәдениетіне 2018 жылы тікелей бет бұра бастапты. Ол бұл көрменің өзі үшін үлкен терапия болғанын айтады.

– Әжем биыл ақпанда дүниеден өтті. Бұл көрмені бірге дайындаған едік. Менің фильм түсіріп жүргенімді ол кісі білетін, “жарайды, түсіретін болсаң, боянып алайын” деп қалжыңдайтын. Көрме ашылғанда келесің, көресің деп келісіп жүр едік. Ол кісі кеткенімен, бұл нәрсе соңына дейін жетуі керек деп ойладым. Сол кезде басында эмоциялық тұрғыдан күрделі болғанымен, көрерменмен сөйлесу барысында бұл маған терапия болды. Өйткені көп адам өз әжесін, анасын есіне алады. Орта буын адамдары бұл нәрсенің бәрін бір-екі жыл бұрын ешқашан ойламаған да шығармын дейді. Бірақ кейбір жағдайларға байланысты адамдар мұндай нәрсенің бәріне көңіл бөле бастайды. Бұл тікелей менің үйімде болған нәрсе, ал адамдармен сөйлескеннен кейін әрқайсымыздың тұрмысымыз соншама ұқсас екенін, жеке басымда болып жатқан оқиғаның жалпыға айнала алатынын түсіндім. Бұл да бір әңгіме айту сияқты ғой. Сол айтылған әңгіме бәрімізге ортақ.

Аида Әділбектің көрмесі Atelier Cauchemar кеңістігінде 30 cәуірге дейін жалғасады.