1006
11 июня 2025
Дмитрий Мазоренко, Тамара Вааль, фото gov.kz

Мәжілісте партия көп болғанымен, идея аз

Қаңтар оқиғасы мен 2023 жылғы сайлаудан кейін парламент қалай жұмыс істеп жатыр?

Мәжілісте партия көп болғанымен, идея аз

Қанды Қаңтардан кейін бір жылдан соң мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау өтті. 2023 жылғы сайлау парламенттен орын алған партия саны бойынша рекорд орнатты. Сарапшылар жаңа шақырылымдағы депутаттардың жұмысы алдыңғы бірнеше шақырылымнан гөрі ашық болғанын айтады. Мәжілісті мұндай қадамға 2022 жылдан бері жалғасып келе жатқан саяси шиеленіс итермеледі. Ал саясаттанушылар бұл жария саясатты көзбояу деп есептейді.

Жаңа партиялар пайда болып, ескісі жаңарып жатқанына қарамастан, олардың барлығы бірауыздан президентті қолдайды. Партия фракциялары әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтеріп, кейде үкіметтің әрекетін қатаң сынға алады, бірақ мемлекет басшысының стратегиялық бағыты туралы сөз қозғамайды. Әрі балама бола алатын нақты тұлғалар мен тәуелсіз үміткерлердің саяси өмірге қатысуына әлі де рұқсат жоқ.

Мәжілістің қазіргі құрамының мерзімі дәл ортаға таяды. «Власть» мәжілісмендер алғашқы екі жылда не істегені туралы баяндайды.

Бұл мақалада мандаты аз партиялар туралы айтылады. Amanat партиясы туралы келесі мақалада баяндаймыз.

Парламенттің көзге көрінуі

Қанды Қаңтар кезінде күмәннің астында қалған елдің саяси институттарын қайта заңдастыру жолындағы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұмтылысы 2023 жылы мәжіліс депутаттарының сайлауын өткізуге алып келді.

Сайлау қарсаңында Қазақстанның саяси өрісі аздап өзгерді: екі жаңа партия (Baytaq және Respublica) құрылды және үш ескі партия (Amanat, ҚХП, «Ауыл») қайта құрылды. Baytaq пен Respublica он жылда тіркелген алғашқы және соңғы партиялар болып қалды. Оларға дейін де, кейін де тәуелсіз партиялар тіркеле алмады.

Партиялардың парламентке өту межесін 7%-дан 5%-ға төмендеткеннен кейін Respublica, ЖСДП және «Ауыл» бұрыннан бар Amanat («Нұр-Отан»), «Ақ жол» және ҚХП-ға қосылды. Партиялардың саны жөнінен қазіргі құрам мәжілістің жалпы тарихындағы рекордтық көрсеткішке жетіп отыр.

Саясаттанушы Камила Ковязина алғашқы екі жылда мәжіліс көпшілік алдында көбірек көзге түсті деп есептейді. Депутаттар үнемі үкіметке сауал қойып, президент көтерген бастамалардың жүзеге асу барысын талқылап, қоғамның бір бөлігінің сынына ұшырайтын заң жобаларын ұсынды, мысалы, ЛГБТ насихаты және шетел агенттері туралы заң жобалары.

«Сегізінші шақырылымның қызметі – [қаңтар оқиғасына] реакция білдіру. Сонымен қатар, партиялар мен парламент үкіметтің қосымшасы емес, жеке саяси күш екенін көрсету әрекеті. Бірақ партиялардың түрлі мәселе бойынша ұстанымы бірдей деуге де болады. Барлығы центристік бағытта болғандықтан, бәрін Amanat партиясына ұқсатады», — дейді ол.

Қазақстан премьер-министрі баспасөз қызметі жариялаған фото

Саясаттанушы Досым Сәтбаев та парламенттің жария жұмыс істей бастағанын байқаған, бірақ мұны Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай жұиылдырудан кейін президент әкімшілігінің амалсыздан жасап отырған саяси технологиялық қадамы деп есептейді.

«Қоғамды белсенді етіп көрсету арқылы заңдылығын сақтауы керек. Парламентті жұрттың назарын аударатын ойыншық ретінде пайдаланады. Ал партия фракциялары негізгі функциясын орындамайды, яғни ел дамуы үшін идея таластыру міндетін орындамай отыр», — дейді сарапшы.

Ковязина мәжілісте неғұрлым қарқынды жұмысты партия фракциялары емес, оның комитеттері жүргізіп жатқанын, онда депутаттарды олардың құзыретіне қарай іріктеу керегін атап өтті. Олардың ішіндегі ең көп көзге түсетіні — өңірлік және әлеуметтік-мәдени даму комитеттері. Бұл ретте әр партияның парламенттегі жекелеген өкілдері жеткізіп отыратын өз күн тәртібі бар.

Соның жарқын мысалы ретінде Respublica фракциясының төрағасы әрі жетекшісі Айдарбек Қожаназаровты айтуға болады. Ол бизнестің мәселесін ғана айтып, ЛГБТ насихаты, шетел агенттерінің жауапкершілігі сияқты даулы тақырыптардан аулақ жүреді.

Сәтбаев санаулы депутат қана қоғамдық саясаткер болуға тырысатынын айтады. Олар кейде қоғам үшін маңызды тақырыптарда сұхбат беріп, ойын ашық айтады.

«Маңыздысы, барлығы бақылауда. Мұндай мәлімдемелер белгілі бір мақсатпен жасалады. Қазіргі саяси жүйеде парламент наразылықты президент жақсы, басқалардың бәрі жаман деген қағидаға сүйеніп қана білдіруі керек. Міне, осыдан соң кейбір депутаттар өткір сөйлеп жүргендей көрінеді», — дейді саясаттанушы.

Екі сарапшы да мәжілістегі партиялар президентті және оның саяси бағытын бірауыздан қолдауын жалғастырып келе жатқанымен, сынның басты нысанасы үкімет болып қала береді деген пікірде. Депутаттар Тоқаевтың түрлі тапсырмасының қалай орындалып жатқанына көңілі толмайтынын айтады, бірақ оның ел дамуы туралы көзқарасына қарсы пікір білдірмейді.

«Парламенттегі топтардың Қаңтар оқиғасынан үш жыл өткеннен кейін ел экономикасын дамытудың нақты бағдарламасын жасауға көмектесетін жиынтық ұстанымы жоқ. Парламент атқарушы билікпен текетіреске жол бермей, стратегиялық мәселелерді қозғамаса, экономикада тоқырау болып, саяси наразылықтың артатыны сөзсіз», — дейді Сәтбаев.

фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Фракциялардың белсенділігі

Сайлаудан кейін мәжіліс депутаттары негізінен экономикалық және әлеуметтік салаға қатысты көптеген мәселе көтерді. Оларды бизнесті қолдау, сыбайлас жемқорлықпен күрес, инфрақұрылымды дамыту, білім мен денсаулық сақтаудың қолжетімді болуы, сонымен қатар бюджет саясатының тиімділігі мен экономиканы монополиядан айыру мәселесі қызықтырды.

«Ақ жол» үшін экономикалық саясатты ырықтандыру және олигополияға қарсы күрес, Respublica партиясына — ШОБ үшін заңнама және несиелеу жүйесін реформалау, «Ауылға» — агроөнеркәсіптік кешен мен ауылдық аумақтарды қолдау, ЖСДП партиясына — әлеуметтік саясат және еңбек құқықтары, ҚХП үшін мемлекеттік реттеу және сыртқы ықпалды шектеу басты тақырып болды.

«Ақ жол», ЖСДП, ҚХП және «Ауыл» үкіметтің жұмысын, ең алдымен, президенттің тапсырмаларын кешіктіріп, жеткілікті орындамағаны үшін сынады, бірақ Тоқаевтың бағытына ешқашан қарсылық білдірген жоқ. «Власть» басылымына берген сұхбатында парламенттегі әрбір фракцияның басшысы президенттің саясатымен толық келісіп, соған адал екенін растады.

Фракция жетекшілерінің айтуынша, президенттің шешімдері мәжілістің рөлін арттыруға және депутаттардың биліктің басқа барлық тармағының көзіне түсуіне ықпал етті. Ал қоғамның саясатқа қызығу деңгейінің артуы парламентті «демократиялық» және «қоғамдық мүддеге» адал болуға итермеледі. Құрамындағы партиялар санының алтыға жетуі пікірлер мен «идеялар бәсекесі» ауқымын «кеңейтті».

«Бізде тек жұмыс топтарында емес, комитет отырысында да қызу пікірталас болып жатады. Әрине, ұрыспаймыз, бірақ кейде біраз дауыс көтеріп сөйлейміз», — деді Мәжілістегі жағдайды түсіндірген ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов «Власть» басылымына берген сұхбатында.

Магеррамов фракциясы туралы нақтылай келе, парламент сайлауына бір жыл қалғанда ҚХП төрағасы болып Ермұхамет Ертісбаевтың келуі партияның «жаңа көзқарасын» көрсеткенімен, бұрынғы «идеологиялық өзегі» қалып қойғанын атап өтті. Ал оның жұмысындағы басты өзгеріс – ҚХП аймақтық бөлімшелерінің толық жаңарғаны.

Магеррамов кейінгі жылдары заң шығару жөнінен фракция белсенділігі айтарлықтай артқанын атап өтті. ҚХП депутаттары алты заң жобасына бастамашы болып, 1000-нан астам түзету енгізді, соның ішінде мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерді әлеуметтік қолдау және алимент жүйесін реформалау мәселесі бойынша түзету бар. Алимент қорын құру, кооперативтер туралы заңнаманы жетілдіру әлі де толық шешімін таппаған.

фото: Ақорданың баспасөз қызметі

ЖСДП үшін қазіргі шақырылым парламентте жұмыс істеу жөнінен алғашқы тәжірибе болды. Фракция жетекшісі Асхат Рахымжанов сайлауға қатысу шешімін сайлау заңнамасындағы өзгерістермен және конституциялық реформамен байланыстырады: «2022 жылы референдум өтіп, белгілі бір өзгерістер енгізілгені белгілі болды. Біз мұны мүмкіндік деп білдік».

ЖСДП өзін «конструктив оппозиция» деп атайды. Рахымжановтың айтуынша, оның фракциясы мәжілісте бірінші болып онлайн алаяқтық және қылмыскерлер алған несиелерді есептен шығару мәселесін көтерген. Фракция үшін депутат санының азаюы басты қиындық болып отыр, бұл ұйымның жұмыс топтарына ықпал етуін және бастамаларын өткізуін шектейді.

Парламентке алғаш рет 2023 жылы өткен «Ауыл» болса, партияның жаңа төрағасы әрі фракция жетекшісі Серік Егізбаев айтқандай, кадр құрамын «жаңартты», бірақ әлі де өз құндылықтарына берік. «Партиямыздың атауы «Ауыл» еді, солай қалды. 2000 жылы бағдарлама қандай болса, қазір де сондай. Сабақтастық сақталды», — деді ол.

Егізбаев «партия парламентке президент реформаларының арқасында өткеніне» сенімді. Ол фермерлерге пайыздық мөлшерлеменің 22%-дан 5%-ға дейін төмендегені және кепілдің жаңа тетіктерінің енгізілуі фракцияның кейінгі екі жылдағы басты жетістігі деп есептейді. Алайда агробанк құру және азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң шығару сияқты негізгі бастамалар «үкіметтің қарсылығы» салдарынан әлі жүзеге асқан жоқ.

Respublica партиясы сайлау қарсаңында тіркеліп, бірден парламентке кіріп, «кабинетте отыратын саясаткер» немесе популистер емес, «әрекет пен істің адамы» ретінде танытуға тырысты. «Біз идеологиялық кеңседен шыққан жоқпыз. <...> Біз осы ортадан шықтық, бәрін басымыздан өткердік, [мәжілісте айтып жатқан мәселелер бойынша] өзіміз де қиналдық», — дейді партия төрағасы, фракция жетекшісі Айдарбек Қожаназаров.

Ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін ҚҚС төмендеуі, сонымен қатар кооперативтерге салық шегерімін беру сияқты ауыл шаруашылығы саласына жасалған артықшылықтарды Respublica партиясының еңбегімен байланыстырады. Аяқталмаған жұмыстардың қатарында жетекші бірыңғай ауыл шаруашылығы салығын енгізу мен өнеркәсіп саясатын жетілдіру мәселесін ерекше атап өтті.

фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Respublica мен «Ақ жол» партияларының күн тәртібінде сәйкестік бар ма деген сұраққа Қожаназаров «Республика жекелеген заң жобаларына қарсы қатып қалған ұстанымда емес, бірақ егжей-тегжейлі жұмыс істейді және ымыраға келуге тырысады» деп жауап берді.

Партия төрағасы әрі фракция жетекшісі Азат Перуашевтің айтуынша, «Ақ жол» үкіметтің бюджет саясатына үнемі наразы, жаңа Салық кодексі сияқты теңгерімсіз реформаларға қарсы. Партия жетістіктерінің қатарында салықты басқаруда ашықтықты енгізу, бизнесті корпоративтік рейдерлік шабуылдан қорғау, шикізатты шетелге шығаруға шектеу қою мәселесі болғанын алға тартты.

Перуашев парламенттегі жұмыс жағдайының жақсарғанын, соның ішінде сын айтатын депутаттардың микрофонын өшіру тәжірибесі жойылғанын айта келе, «Ақ жолдың» көптеген ұсынысы депутат санының аз болуына орай қабылданбайды деді. Ал парламентті бір палаталы етіп қайта құру мандаты аз партиялардың жағдайын жақсартуға септігін тигізер еді.

Өзгермеген мәжіліс

Ковязинаның айтуынша, шағын партиялардың мүмкіндіктері ең алдымен қаржыландырудың әлсіздігіне байланысты шектеулі болып қалып жатыр. 2025 жылы партияларды ұстап тұруға 15,2 млрд теңге бөлінді, соның ішінде шамамен 8,7 млрд теңге көлеміндегі негізгі үлес билеуші ​​партияға тиді. Бұл басқалардың Amanat партиясына балама болуына кедергі жасайды. Бірақ бұл ретте шағын партиялардың да амбициясы жоқ емес және олар үнемі мандат санын көбейтуді қалайды.

«Партияларға әкімшілік ресурс күшімен парламентке өтуге көмектескеннің өзінде, олар орын үшін күреседі, өйткені келесі жолы қабылданбай қалуы мүмкін. Белсенділік танытып, нақты әлеуметтік базаның бар екенін көрсетсе, бұл абсолютті артықшылық болады», — деді ол.

Алайда Сәтбаев парламенттегі партиялардың сайлау топтарымен тікелей байланысы бар деген пікірмен келіспейді. Оның үстіне олар ешқашан төменнен, қарапайым азаматтардан құралған емес.

Саяси партияларды тіркеуден бас тартуға қарсы Алматыда өткен митинг, суретті түсірген Алмас Қайсар

«Бұл партиялар саяси зертханаларда, жабық кеңістікте құрылған. Олар кәсіпкерлер, фермерлер, зиялылар және тағы басқасынан тұратын жасанды қоғамды көрсетеді. Қазақстанда 90-жылдардан бастап партиялар тек мүдделі топтар болып келетін, классикалық партиялық үлгіден алыс жүйе қалыптастыру үрдісі жалғасып келеді», — дейді ол.

Партиялардың заң шығарудан басқа уақыттағы белсенділігі төмен болуы Сәтбаевтың уәжін қуаттай түседі. Атап айтқанда, партиялар кезекті сайлау додасына аса белсенді дайындалып жатқан жоқ. Respublica, ЖСДП және «Ауыл» партиялары іс-әрекеттері мен бағдарламадағы уәделердің орындалуы сайлаушыларға біраз жайттан хабар береді деп есептейді.

Перуашевтің айтуынша, «Ақ жол» 2028 жылғы сайлауға дайындықты алдыңғы сайлау науқаны аяқталғаннан кейін бірден бастап кеткен. «Біз Қазақстанда сайлау әдетте мерзімінен ерте өтетініне үйреніп қалғанбыз. Бұл жолы да [ерте] өтеді дейді. Сондықтан дайын отыруымыз керек», — деді Перуашев «Власть» басылымына берген сұхбатында.

ҚХП да 2028 жылғы сайлауға қарқынды дайындалып жатыр. Партия мандат санын көбейтуді көздейді, осы мақсатта өңірлердегі штабтары арқылы сайлаушылармен тікелей байланыс орнатуға тырысып жатыр дейді Магеррамов.

Алайда Сәтбаевтың 2028 жылғы сайлауға дейін және одан кейін парламенттің рөлі түбегейлі өзгереді деген үміті жоқ. Қаңтар оқиғасынан кейін де билік жағдайдың бақылаудан шығып кетуінен қорқатындықтан, нағыз тәуелсіз кандидаттарды мәжіліске өткізуден бас тартты.

«Қорқыныш — қоғам үшін де, мемлекеттік аппарат үшін де қауіпті мотиватор. Біріншіден, ол қажет емес тұста да қатаң қысым жасауға мәжбүрлейді. Ал дәл қазір біз ақпарат алаңы мен саяси кеңістікті тазарту күшейгенін көріп отырмыз», — деп түйіндеді ол.