4073
5 мая 2023
Ақбота Узбекбай, суреттерді Ольга Логинова түсірген, Власть

«Бүгінді жазу – саясатты жазу»

Ырысбек Дәбей Жаңаөзен оқиғасы жайлы баяндайтын “Қоңыз” романы туралы

«Бүгінді жазу – саясатты жазу»

Жазушы Ырысбек Дәбейдің «Қоңыз» романы – қазіргі заман әдебиетіндегі бірен-саран саяси шығарманың ішіндегі көлемдісі. Роман 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы тұсындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі, мұң-талабы мен оқиғаға негіз болған себептерді көрсетуге ұмтылады.

Власть жазушы Ырысбек Дәбеймен романның тарихы, қазіргі заман әдебиетіндегі саясат тақырыбы және қаңтар туралы шығармалар төңірегінде сөйлесті.

2019 жылы, ресми дерек бойынша 16 адам қаза тапқан Жаңаөзен оқиғасынан сегіз жыл өткеннен кейін «Қоңыз» деген роман шықты. Жазушы Ырысбек Дәбей өңірге барып, оқиғаны көзбен көргендерді сөзге тартқан. Белсенді Мақсат Досмағамбетовтің («Жаңаөзен оқиғасын ұйымдастырды» деп алты жыл түрмеге жабылған, бостандыққа шыққаннан кейін ауыр дертке шалдығып қаза болған мұнайшы – В.) көрген азабы мен қысымға ұшырағаны жазушыға әсер етіп, оның оқиғасы романның өзегіне айналады.

«Бір көзі дәкемен жабылған екен. Не болғанын, қалай қатысқанын, бәрін айтып берді. Ол өзі көзі ашық, шетел көрген азамат еді. Мұнайшылардың алты айға созылған наразылығына қатысып, бейбіт түрде талабын қойған. Кейін оны алып кетіп, тепкілеген, мұзға отырғызған, итке талатқан, сөйтіп бір көзін құртқан. Тырнағына ине тыққан, құлағын степлермен тескен. Бүкіл зұлымдықты жасаған. Бет сүйегі жарылып, түрмедегі азаптаудан соң қатерлі ісікке шалдыққан. Інісіне де оқ тиген. Әкесі мұны көтере алмай, инсульт алып, ақыры дүниеден өтті. Тұтас отбасы күйреді. Өзім Жаңаөзен оқиғасы дәл мұндай болды деп ойламағанмын ол кезде. Бірақ күш құрылымдарының адамдарды осылай аяусыз азаптағанын естіп, ішім алай-дүлей болды», – дейді жазушы ақпарат жинауға өңірге барған кезін еске алып.

Мақсат Досмағамбетовтің романдағы есімі – Мұрат. Жазушы көп мұнайшымен кездескенін, оның ішінде ең қатты әсер еткені осы Мақсаттың жағдайы болғанын айтады. «Романымның басты кейіпкеріне кейде хабарласып, мұнай саласына қатысты сұрақтарымды қоятынмын. Мұнай саласын толық білмейміз ғой. Тек саяси жағына емес, детальдарға да мән беру керек. Мысалы, бұрғылардың қалай орналасатынын біз білмейміз. Біздің сала емес, мұның бәрін сұрастырып, оқып-білу керек. Мақсат кітаптың шыққанын көре алмай кетті. Жылдық асына бардым. “Қоңызға” негіз болған сол адам».

Жазушы романда бір Жаңаөзен емес, бүкіл Қазақстандағы проблемаларды көтеруге тырысқанын айтады. Өйткені қай жерде болса да, халықтың тұрмыс жағдайы мүшкіл. Автордың сөзінше, «Қоңыз» атауының өзі романның мазмұнына сілтейді.

«Қазақта қоңыз деген сөзді түрлі жағдайда қолданады. Дүниеқоңыздық деп жатады. “Қоңыз теріп кетіпті” деген тіркес де айтылады - бұл қайыр сұрау дегенді білдіреді. Әлемде жоқ қазба байлығымыз бар деп мақтанамыз. Аз ғана халқы, соншама жері бар елдің қоңыз теріп кетуі әлеуметтік жағдайдың асқынғанын көрсетеді».

Дәбей романына Маңғыстау өңіріне тән, ел аузынан жиналған «Көкмойнақтың күйі» деген жырды арқау еткен. Бұл – Кеңес одағы кезіндегі қудалау, репрессия туралы жыр. Мұны кейде «Адайдың тағдыры» деп атайды.

«Бастан-аяқ есі кіресілі-шығасылы адамдар домбырамен сол жырды айтып отырады. Өзі жиырма минуттай жыр. Оны 30-40 рет тыңдадым. Шығармаға соның рухын сіңдіргім келді. Мақсат Досмағамбетов оны Жаңаөзенде біраз тергеп, кейін Ақтауға апарғанын айтты. Көкмойнақ – тарихи жыр, ал бұл маңда жыр өнері жақсы дамыған. Сөз қолданысы жағынан дұрыс жетпеген болуы мүмкін. Әйтсе де, бұл романның өте маңызды бөлігі болды», – дейді ол.

Ырысбек «Қоңыз» романын басып шығарудың өзі қиынға соққанын айтады. Екі баспа үйі кітапты басып шығарудан қорыққан. «Ақшасын алды, кейін редакторы оқыған соң, баса алмаймыз деді. Неге десем, “саяси тақырып екен, бізге болмайды” дейді. Тағы бір баспаға барсам, олар өзіміз туралы ақпаратты көрсетпейміз деді. Мен келіспедім».

Кейін бұл шығарманы «Үш қиян» деген баспа үш мың данамен басып шығарған. Автордың сөзіне қарағанда, ол қазір орыс және ағылшын тіліне аударылған. Ы.Дәбей кітапты шетелге тарату деген мақсаты қаңтардан кейін кішкене тежелгенін айтады.

«Барлығы дер уақытында айтылуы керек»

“Адамдар қойша қырылды. Көр емес, траншея-окоп қаздық. Тұмшалап орған мәйіттерді сонда көмді. Біреуінің беті ашылып қапты, көрдім…”

Бұл – Ырысбек Дәбейдің қаңтар оқиғасынан жиырма күн өткеннен кейін жарияланған «Көр қазушы» әңгімесінен үзінді. Жазушы Ақтөбеде 2022 жылы қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Русланбек Жұбаназаровтың оқиғасын естіп, есеңгіреп қалғанын, қаңтарда жапа шеккен әр азаматтың оқиғасын кітапқа арқау етуге болатынын айтады.

«Қалаға жұмыс іздеп барған баланың оққа ұшуы, бір ай бойы оны терроршы етіп жерлеуге тырысуы, сүйегін бермеуі – үлкен трагедия. Әрине, оны жазу барысында көркемдік жағынан кішкене өзгереді. Өйткені оқиғаның қамту аймағы көлемдірек болуы керек. Бұл – қаңтар туралы жазылған шағын әңгіме. Кішкене ғана деталь. Бір баланың, бір ауылдың ғана оқиғасын қамтиды. Ондай оқиға қаншама».

Қаңтарға бір жыл толған тұста Ресей журналисі Леонид Млечиннің «Қасіретті қаңтар» және экс-министр Жақсыбек Құлекеевтің «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» кітаптары шығып, сынға ұшырады. Дәбей бұл кітаптар биліктің ғана позициясын көрсетеді деп санайды.

«Былай қарасаң, әділетсіздік. Кітапты оқымадым, алайда оқығандардың сөзіне қарасам, биліктегілердің сөзін сөйлеу мақсатында жазылғанын ұғамын. Бұл дұрыс емес. Өйткені оқиға қалай өтсе, солай бейтарап жазылуы керек. Сәбилер де қаза болды. Оларды қалай кінәлі етіп, жазғыруға болатынын ұқпаймын. Қаңтарды халықтың әлеуметтік жағдайы тудырды. Жазушы деген бейтарап болуы керек. Оқиғаны камераға түсіріп жүргендей сипаттау қажет», – дейді қаламгер.

Дәбей 2011 және 2022 жылғы арты қырғынға ұласқан оқиғалардың ұқсас тұсы ретінде шиеленіскен әлеуметтік мәселені айтады. Он екі жыл бұрынғы мәселе әлі шешімін таппады дейді.

«Өзендегі оқиғаны тудырған әлеуметтік теңсіздік, пайызды өсіру, жалақы теңсіздігі. Алты ай бойы наразылық болды. Арты қантөгіспен аяқталды. Қаңтарда да солай болды: қымбатшылық, әлеуметтік теңсіздік. Оның бәрі бір күнде пайда болған мәселе емес, отыз жыл бойы жалғасып келеді. Бүкіл нәрсе пісіп келіп, жарылды. Кез келген елдегі төңкеріске әкелетін негізгі мәселелер осы. Сол үшін кітаптарда халықтың күнделікті тұрмысын көрсету маңызды деп санаймын».

Әйтсе де, жазушы Жаңаөзен оқиғасының халыққа тым алыс екенін, ал Қаңтардың әлі сиясы кеппегенін айтады. «Қоңыз» шыққаннан кейін, әсіресе студенттер: “Мынау шынымен біздің елде болған оқиға ма? Ойдан шығармадыңыз ба?” – деп жазатын. Қаңтарды жұрттың көбі көзбен көрді. Жаңаөзен кезінде интернет болмады. Қаңтар ұмытылмайды. 6 қаңтар күні атуға бұйрық берген күннен бастап, бәрі халықтың жадында. Ол жайлы басы-қасында болған адамдар әлі күнге айтып жүр. Қазір дәуір басқа», – дейді Ырысбек Дәбей.

Жазушы бүгінгінің бейнесі әдебиет бетінде көбірек жазылуы керек дейді. Ол өзінің «Қоңыз» еңбегінің 8 жылдан кейін шығуын тым кеш санайды.

«Бүгінді жазу деген – саясатты жазу деген сөз. Біз – осы қоғамға тікелей қатысты адамдармыз. Қаңтар оқиғасы – үлкен оқиға. Қаншама адам қаза болды. Қаншасы сотталды, қамалды. Талай шаңырақ күйреді. Өкінішке қарай, қазақ әдебиетінде бүгінгі заман туралы жазу аз. Барлығы дер уақытында айтылуы керек. Уақытында айтылмаған сөз – жетім».

Жазушы өткен заманның қуғын-сүргін құрбандары туралы кітаптар шығып жатқанын айтады. «Қазір өткен дәуірді қарғаймыз, жауыз, қанішер дейміз, ал өзің не істедің? - дейді ол. - Өз заманымды жазуды жалғастырамын. Өйткені мен оны жақсы танимын. Заманымдағы кішкене детальдарды, қолданыстағы дүниелерді түсіндіре аламын. Дәуірдің бейнесін жасау маңызды. Қазір жастардың протестік көңіл-күйін байқаймын. Қаңтар қырғыны туралы әлі де талай шығарма жазылып жатқан болар. Екі-үш жыл көлемінде олар да шығатынына сенемін».