5798
22 июля 2024
Алмас Қайсар, Власть

Ғалым Жүсіпбек, зерттеуші: «Қазіргі заманның ұлттық идеологиясы адами қасиеттің әмбебаптығы болуы керек»

Кімдік, дін, дәстүрлі отбасы құндылықтары және адами қасиеттің әмбебаптығы туралы сұхбат

Ғалым Жүсіпбек, зерттеуші: «Қазіргі заманның ұлттық идеологиясы адами қасиеттің әмбебаптығы болуы керек»

Қанды Қаңтар оқиғасынан кейінгі саяси науқан аяқталған соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев «жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет» деп идеологиялық өзгерістер енгізу керегін алға тартты. Тоқаев «адал азамат», «тәуелсіздік», «республика» сияқты ұғымдардан басқа, «дәстүрлі отбасылық құндылықтарды» қолдайтынын мәлімдеген. Оларға қарсы «мәдениетімізге жат» батыс және деструктив құндылықтарға елікпеу керектігін айтты.

Бұдан кейін билік елдегі әртүрлі азшылық топтарды, ЛГБТИК+ өкілдерін немесе діни киім киетін адамдарды шеттететін заңдарды енгізуге ұмтылды. Власть әлеуметтік теория зерттеушісі Ғалым Жүсіпбекпен дәстүр, кімдік, дін және Қазақстанға қандай идеология керек екені туралы cұхбаттасты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы ұлттық құрылтайда «дәстүрлі отбасылық құндылықтарды жаппай тарату» қажеттілігі туралы көп айтты. Ол ұғым нені білдіреді?

Қазақстан билігі нені, қалай ойланып отырғанын айту қиын, себебі әр адам бұл құндылықтарды өзінше жорамалдайды. Бірақ саяси философияға сүйеніп бірнеше болжам жасауға болады.

Саяси философияда кең тараған екі үлгі бар: Жон Локк және Томас Хоббс атты ағылшын философтарының үлгісі. Локк үлгісі бойынша, адамның табиғатында жақсылық басым. Оның ойынша, адам баласы мемлекет жаратылмастан бұрын бір-бірімен тіл табысып, қауымдасуға ұмтылған. Алайда олар мемлекет құрайық деп шешеді. Неліктен? Мемлекет пайда болса, олар ортақтасып жол, аурухана, мектеп салады, салық жинайды.

Бұл үлгіде мемлекеттің жаратылысы – ізгі нәрсе. Мемлекет басшысы озбыр басшы бола алмайды. Өйткені мемлекетті құрған – халық. Олар автократ пайда болмауы үшін «шектеулі мемлекет» құрады. Сол үлгіні балалар құқығына, отбасы құндылықтарына алып келсек, баланың табиғаты жақсы деп қабылдасақ, ата-ана оған тұлға ретінде қарап, автономиясын сыйлап, оның қабілеттерін ашуға тырысады.

Хоббстың логикасы оған қарама-қарсы. Оның үлгісі бойынша, адам табиғаты бойынша эгоист әрі қатыгез. Сол үшін мемлекет құрмастан бұрын адамдар бір-бірімен соғысып, жоюға тырысқан. Сондықтан олар бір-бірін толықтай қырып алмау үшін мемлекет құрайық деп шешеді. «Біз өзімізді тежей алмайды екенбіз, бізге озбыр, залым, кезі келгенде ұра салатын мемлекет керек екен» деген оймен мемлекет құрады.

Бұл үлгіде мемлекеттің әуел бастан алған функциясы – адамды жазалау. Оны корпорация, отбасы деңгейіне де түсіруге болады. Кейбір ата-аналар, әсіресе әкелер, Хоббс үлгісіндегідей, «баланы жұдырықтап тежеп, жазалау керек» деп ойлайды.

Мен оны неге айтып жатырмын? Біз дәстүрлі отбасы құндылықтары деп нені айтамыз? Локктың үлгісіндегі құндылықтарды ма? Әлде Хобсстың моделіндегі құндылықтарды ма?

Менің ойымша, заманауи бала психологиясын мен гуманистік педагогиканы оқыған адамдар Локктың, моделін қабылдайды, бірақ оны дәстүрлі отбасы құндылығы деп атамайды. Сол себепті, осындай құндылықтарды авторитар ата-ана моделін қолданатын отбасылар айтатын шығар.

Бұл жердегі өте маңызды құбылыс – авторитар отбасынан шығатын балалардың түпкі санасында авторитар басшыны қолдау болады. Қазақстан қоғамында бұрыннан келе жатқан «жуан жұдырықты іздеуге» сұраныс бар. Кейбір адамдар дәстүрлі отбасы құндылығын соған байланысты жорамалдауы мүмкін. Өйткені патриархал қоғамда қандай түсінік бар? Дәу әке бар. Ол не істейді? Барлығын басқарып отырады.

Akorda.kz

Негізі, бізде қазір «мен қазақы тәрбие беріп жатырмын» деген адам кеңестік тәрбие беріп жатыр. Олар балама үлгіні көрмеген. Өйткені, біздің қоғамдағы үш ұрпақ кеңес дәуірінен шықты. Біздің қоғам әлі де өткен шаққа ой жағынан еліктеуі мүмкін.

Бірақ мен біздегі оппозициядағы «Қазақстан Ресейдің саясатын көшіріп жатыр» дейтін адамдармен келіспеймін. Грузия да көшіріп жатқан жоқ. Себебі ол жерде кімдік пен мәдениетті консерватив тұрғыдан жорамалдау бар, бізде де тура сондай. Ол кімдікке, мәдениетке, дінге ескірген, отаршыл түсініктен шығатын тұспалдар. Олардың ойынша, бұл құндылықтардың өзгермейтін, гомоген, монолитке жақын пішіндері бар.

Неліктен Кеңес Одағынан шыққан қоғамның көбінде сондай жағдай туындап тұр? Бізге ортақ бір жағдай бар – 1920–1930 жылдары біз бүкіл зиялы қауымды жоғалтып алдық. Қоғамда кімдік икемді, өзгеріп тұратын құндылық екенін айтып тұратын сол зиялылар еді. Сондықтан грузин қоғамында жастар мен орта жастағы адамдар арасында алшақтық бар. Себебі жастар заманауи антропология, әлеуметтану және тағы басқа ғылыми әдебиетті оқиды, соған байланысты кімдікке, өркениетке қатысты пікірлері икемді.

Егер біздің зиялыларымызды қарасақ, жәдидшілер, Алашорда зиялылары болсын, олар заманауи кімдік және мәдениет түсінігін қабылдаған адамдар. Бұл тұжырымдардың динамикалық екенін, әрқашан даму керегін, адамға қызмет ету керек екенін қабылдаған. Олардың айтып тұрғаны, адамның қажеттілігін қанағаттандыратын кімдік пен мәдениет үлгілерін шығару. Жәдидшілер әлеуметтік нормаларды «мынау қате, мынау бізді тежеп тұр» деп сынап, батыл қадамдарға барған. «Біз қазақпыз, бізде осындай қатып қалған кімдік бар» деген жоқ. Жалпы дәстүр түбіне келетін болсақ, адамды тұлға ретінде қорғауға және дамытуға арналған еді. Ол қалыпқа салып қоятын дәстүр болмауы керек.

Қазақстан билігі бұл ұғымдарға не үшін жүгінеді?

Менің ойымша, қазіргі билік постназарбаев дәуірінде өзіне легитимділік іздеп жатыр. Өйткені Назарбаевтың кезінде халық алдында биліктің беделі қатты құлдырап кеткен. Осыны биліктегі адамдар біледі, сол үшін «дәстүрлі отбасылық құндылықтар» деп өзіне тірек іздеп жатыр. Менің ойымша, бұл қысқа мерзімде ұпай беретін нәрсе. Одан мемлекеттің абыройы артпайды. Негізі, халықты ЛГБТИК+ болсын, басқа болсын, алаңдатпайды. Көпшілік күнкөріс туралы ойлайды. Тіпті, қысқа мерзімді ұпайды да жинай алмайды, себебі халыққа бұдан ешқандай пайда жоқ.

Алматы, суретті Данияр Мүсіров түсірген

Тарихқа үңілгенде біздің билік кейінгі кездері кімдікке байланысты сөз сөйлегенде «ерекше дала демократиясы» сияқты ұғымдарды құрастырып жатыр. Дәстүрлі отбасы құндылықтарын алға тартып, біздің мәдениетімізді Батысқа қарсы қойып, әсіредіншілдерге қарсы сөз айтылып жатыр. Мұндай идеология билікке легитимділік бере ала ма?

Қазіргі заманымызда ұлттық идеология адам құқықтары болуы керек. Дамыған, демократиялық елдерді қарастырсаңыз, ешқайсы ұлттық идеология іздемейді. Олар үшін ұлттық идеология – адам құқығы.

Негізінен, біздің тарихтан көптеген жақсы идея табуға болады. Мысалы, қазақ саяси бірлестігі азаттық, еркіндік іздеген азаматтардан құрылды. Демек, қазақ мемлекеттілігінің негізінде еркін болу идеясы бар. Қазақ қоғамында ханның, яғни атқарушы биліктің рөлі ешқашан абсолют болған жоқ, шектелген болды. Алайда, біздің демократикалық дәстүр толыққанды болған жоқ. Бізде ақсүйек, қарасүйек болды. Бұл деген – қатып қалған иерархия.

Қоғамда қатып қалған иерархия болмауы керек. Заманауи адам құқықтарынын ең негізгі идеясы – адами қасиеттің әмбебаптығы, жалпыға ортақтығы. Адами қасиет бүкіл адамда бір деңгейде. ЛГБТИК+ азаматы, діндар, құжаты жоқ босқын, мигрант, қарапайым азамат, олигарх, жұмысшы, барлығының адами қасиеті бір деңгейде.

Егер ислам өркениетіне келетін болсақ, ислам ойшылдары адамды жақсылыққа ұмтылысы бар туынды ретінде қабылдаған. Озық ғұламалар, метафизикалық тұрғыдан айтқанда «әр адамның рухында Құдайдың бөлшегі бар» деген. Демек, әр адам, заманауи адам құқықтары айтатындай, әмбебап қасиетке ие. Құдайдың бөлшегі бар. Құрметтеуге міндетті туынды.

Ислам өркениетінен дәлел табу өте маңызды. Өйткені, жан-жақтан, Ресейден, Түркиядан, Қырғызстаннан түрлі популистер шығып жатыр. Сол популистердің айтатын сөзіне қарсы балама ретінде тағы идеялар керек. Исламда өте нақты айтылатын нәрсе бар: «Барлық нәрсені жаратқан Құдай. Одан басқа Жаратушы жоқ». Жаратушы қандай? «Шебер. Әділ». Ол нені аңғартады? Шебер, әділ Құдай жаратқан адам баласы қалай жаман болады? Не үшін оны шектейсіз? Жазалайсыз? Ол адамға жол ашыңыз, адам дамысын.

Сонда мемлекеттің міндеті – аманат ретінде берілген азаматтың қабілетін ашуға мүмкіндік жасау.

Егер қайсыбір топ басқа бір топқа қарсы шығып жатса, мысалы, басқа топқа ен салып, петиция жариялап жатса, мемлекет «мен өзімнің азаматтарымды топқа бөлмеймін, мен барлығыңды қорғаймын, барлығың маған ардақтысың» деуі керек.

Алматыдағы митинг, суретті Данияр Мүсіров түсірген

Бұл ислам рационализмы мен суфизм (мұсылман сопылық дәстүр) айтып тұрған саяси тұжырымдама, ол бізге жат емес. Әрине, Батыс, Шығыс деп бөлуге болмайды, себебі ол ғылымға қайшы. Бұны алға тартатын болсақ, популистердің «өзіндік жолымыз бар» деген идеясына ілесіп кетеміз. Мұны кімдер шығарды? 1990–2000 жылдары адам құқықтарына қарсы шыққан автократ басшылар. Олар «біз Батыс емеспіз» деп ұрандатып, билікке келе бастады.

Бірақ 1948 жылдары қабылданған жалпыға ортақ адам құқықтары декларациясын зерттейтін болсақ, оның негізін салушы – Қытай Республикасының (Тайвань - В.) өкілі - философ, профессор Чжан Пэнчунь, Үндістанның индуизм және ислам дінінің өкілдері, Ливан мен Мысыр өкілдері. Қысқасы, декларацияны жасаған Батыс өкілдері ғана емес. Ол бүкіл адамзатқа ортақ идея болды. Демек, «біздің өзіндік жолымыз бар» деп айтатындар – тарихын білмейтін адамдар.

Бізге келетін болсақ, «өзіндік жолымыз бар» деп басқа топты стигмалау қазақ мәдениетіне тән емес. Қазақ мәдениеті – адами қасиетті қабылдайтын мәдениет. Қайсыбір ойшыл осы туралы айтқан. Мысалы, Абай «адамды Құдай жаратқан туындысы ретінде сүй» деген.

Бізде «дәстүрлі құндылықтар» деп автократияны қолдайтындар – советизмнен шыға алмағандар. Алаш зиялыларын оқитын болсақ, олардың қайсы автократ болған?

Біздің қоғамда қазір әртүрлі топтарға ен тағу, мәселен, ЛГБТИК+ өкілдеріне қарсы петиция, діндар адамдарға қарсы пікірлер жетерлік. Бұл процесті де күшейтетін мемлекеттің өзі. Осылай жалғаса берсе, мұның соңы неге апаруы мүмкін?

Тайғақ жол. Егер қайсыбір топ нысана ретінде мыналарды құрту керек деп таңдалса, екінші топ кезекке келеді, одан кейін үшінші топқа да кезек келеді.

Тіпті ешқандай радикал идея айтпайтын, қысқа шалбар киетін адамдарға қысым жасалады. Адамды тек киіміне қарап экстремист деп қабылдау – өзінше экстремистік идея. Ол қай жерде болған нәрсе? Сталин кезінде болды, Қытайда бар. Біз мұны Қазақстанда жасамақшымыз ба? Экстремистік пиғылдағы адамдар бар делік, бірақ олармен күресудің жолы жаппай түрмеге қамап тастау емес. Түрмеден олар оңалып шықпайды.

Неліктен олар сондай идеяға келді деген негізгі сұрақ болуы керек. Менің ойымша, біздің контекстте бұл кісілердің таңдауына құрылымдық әділетсіздіктен және өз қабілеттері мен мүмкіндіктерін аша алмаудан туындаған өкпе, ыза мен ізденіс үлкен рөл ойнаған. Кез келген мемлекет үшін ең негізгі қауіп – әділетсіздік.

Біздің елде алалау өте өзекті мәселелердің бірі, оның тіпті заңнамада анықтамасы да жоқ. Инфрақұрылымдық алалау да бар. Алматы мен Астанадан жүз шақырым ары шықсаң, қираған ауылдар, жұмыссыздық, үмітін үзген адамдар алдыңнан шығады. Постназарбаев дәуірінде, «Жаңа Қазақстанда» тұрамыз десек, біз бұрынғы қателерді жасамауымыз қажет. Оның жасаған ең үлкен қателігі – адамды санаттарға бөлу.

Атырау, суретті Алмас Қайсар түсірген

Бай мен кедей арасында құрылымдық, жүйеге негізделген алшақтық болмауы қажет. Жалпы, түрлі популистерден бөлек, капитализм – заманауи адам құқықтарының ең үлкен жауларының бірі. Алайда, ең маңыздысы - капитализм адами қасиетінің әмбебаптығын мойындамайды.

Капитализм бізді көзге көрінбейтін сатылар мен дәрежелерге бөледі, олар «табиғи» болып көрінеді, себебі бізге мұны «әмбебап деп көрсететін нарықтық экономика нәтижесі» деп түсіндіреді. Алайда бұл – нарықтық фундаментализм.

Осы жерде әртүрлі иерархия шығады, содан соң адами қасиеттің әмбебаптығы идеясы жоғалады. Кімде мүмкіндік көптеу, соның білімі де жоғары болады, жақсы балабақшаға барады, жақсы мектепте, университетте оқиды. Денсаулығы да жақсы болады, оның ауруханасы жақсы, ауасы таза ауданнан үй сатып ала алады.

Салық, әлеуметтік әділдік механизмі арқылы байлық ауысымы болуы қажет. Әлеуметтік лифті жасау керек, шұғыл түрде ең төменгі жалақы мен зейнетақыны көтеру қажет. Өте шұғыл түрде, бір-екі жылда денсаулық сақтау секторына қаражат көбірек бөлінуі керек. Бізге әлеуметтік құқықтарды қорғайтын кәсіподақтар керек, олар Назарбаев дәуірінде де-факто жоқ болды. Бұл қазіргі Қазақстан саяси элитасына ұзақ мерзімде легитимділікті беретін еді.

Әр азаматтың адами қасиеті мен абыройына сәйкес деңгейде өмір сүруін қамтамасыз ету XXI ғасыр мемлекетінің негізгі идеясы болуы керек.

Адам құқықтарының әмбебаптығы идеясы — бізді тек басқа адамдар мен мемлекеттік құрылымдардан қорғау үшін емес, капиталистік нарықтық экономикадан қорғау үшін де керек .

Алматы, суретті Жанар Каримова түсірген

Қоғам осындай популистік әрі консерватив идеяларға, кімдік пен мәдениетке отаршыл тұрғыдан қарау түсініктеріне балама ойларды қалай дамыта алады?

Зиялылар осындай теорияларды сынап, оған қарсы тұруы қажет. Бұл петицияға елу мың қол жиналуы – зиялы қауымның күшінің аздығынан. Біздің зиялы қауым заманауи тұжырымдамаларды таратпайды. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы баяғыда-ақ «ЛГБТ үгіт-насихаты» дегенді жоққа шығарған. Ол автократтардың сандырағы. Милитаризм және жалпы Хобсстың түсінігіндегі саясат құрдымына түсіп кеткен Ресейден ақпарат алатын, антиковид, қастандық теорияларына сенетін «Союз родителей Казахстана» деген бірлестік бар. Бұлар бізге өте қауіпті, қоғамды бөледі. Олар Кеңес Одағындағындай травма алған ұрпақ тәрбиелегісі келе ме?

Неліктен бұл идеялар қоғамда қолдау тауып жатыр? Қоғамда тарап жатқан әлі де кімдік, мәдениеттің біркелкі болу идеясы. «Аталарымыз бұлай жасамаған, дәстүріміз ондай емес еді». Ал біздің дәстүрімізде джинсы шалбар кию болды ма? Хиджабқа қарсы, біреудің сақалына қарсы. Мүмкін, ол оның адами қасиеті, оның бөлшегі шығар? Тура солай, біреудің мини юбкасына қарсы шықсаңыз, ол да сондай адами қасиетке тіл тигізу.

Украинада соғыс басталған кезде мен бұл алысқа бармайды, Ресей халқы шыдамай, қарсы шығады деп ойладым. Кейін бұл соғыс тек Путиннің емес, ресейліктердің соғысына айналды. Бұған себеп тек үгіт-насихат емес. Беларусь жазушысы Светлана Алексиевич айтқандай, «красный человечек» те (қызыл адамдар) себеп. Олар – тоталитар және авторитар жүйеден шыққан, озбыр басшыға бағынатын, фантом үрейі көп, өзінен басқаша біреу шықса, оны «СОРОС, НАТО, ЛГБТ» дейтін, қандай ат қойса да, содан қорқатын адамдар. Хоббстың идеясын қабылдаған адамдар. Бұдан құтылудың жалғыз жолы – қоғамдық трансформация. Ол травмалармен жұмыс істеп, олардан құтылуды және тұлғаны «реинжиниринг» жасауды керектіреді.

Менің ойымша, қазіргі кездегі негізгі мәселе – әлеуметтік тұжырымдарға қатысты заманауи, бейотар көзқарас алып келу. Ескірген түсініктер – нәсілшіл түсініктер. Қатып қалған, өзгермейтін кімдік және мәдениет түсінігі нәсілшілдікке жақын. Өкінішке қарай, зиялыларымыз жүз жыл бұрын айтып кеткен заттарды қайтадан талқылауға мәжбүрміз. Бірақ біздің қоғам динамикалық түрде дамып келе жатыр. Бейотар түсініктің ең үлкен ерекшелігінің бірі – ол фатализмге түбегейлі қарсы. Негізі жағымды месседж жолдау керек. Біздің қоғамға диалог керек. Бір-бірімізді кешіруге дайын тұруымыз керек. Жаңа қоғам кешіру институты арқылы құрылады. Бұның ең үлкен мысалдарының бірі - соғыстан кейінгі Батыс Европа. Бір-бірімізге қарсы қатып қалған көзқарасымыз болса, одан құтылуымыз қажет.