6611
26 мая 2023
Алмас Қайсар, Бейімбет Молдағали, Власть

Түркістан – түркі әлемінің жұмыссыз және туриссіз рухани астанасы

Қомақты қаражат құйылып жатқанына қарамастан, Түркістан облысының орталығы жұмыссыздық пен туризм дағдарысын бастан кешіп жатыр

Түркістан – түркі әлемінің жұмыссыз және туриссіз рухани астанасы

2018 жылы Түркістан облыс орталығы мәртебесін алды, ал кейін «түркі әлемінің рухани астанасы» деп жарияланды. Қалада ірі туристік нысандар салынды, ал Түркістанның шығысында астананы еске салатын «жаңа қала» пайда болды.

Түркістанға, жалпы өңірге қомақты қаражат бөлініп жатса да, туризмге қатысты көрсеткіштер көңілден шықпайды. Жергілікті тұрғындардың өмірі «ескі қалаға» байлаулы. Онда тұрғындар базарда жұмыс істейді, уақытша табыспен күн көреді.

Власть облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін қала өмірі қалай өзгергені туралы жергілікті тұрғындармен әңгімелесу үшін Түркістанға барып қайтты.

Түркістанға көктемнің келе жатқанын білдіретін жылы күндер нөсер жауынмен алмасады. Біз әкімшілік-іскерлік орталық дамып жатқан қаланың шығыс бөлігіндегі жаңа құрылыс арасынан өтіп келеміз. Одан кейін бос жер жатыр. Бұл көрініс бірізді коттедж үйлер болып жалғасады.

Біз қаланың рухани орталығы – «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына жол тарттық. Бұл жер тып-тыныш. Оқта-текте жауыннан қорғанып жүгіріп өткен адамдарды ғана көресің. Кіреберіс жанындағы билбордта билеуші партияның жарнамасы тұр. Айналада стадион трибунасына ұқсас көру алаңы, Eurasia қонақүйі бар және туристер мен зиярат етуге бара жатқан адамдарды апара жатқан көліктер жүр. Өскемендік бір отбасы кіші қажылық жасау үшін киелі жерге екі тәулік жол жүріп жеткенін айтады.

Әзірет Сұлтанның кіреберісінде қамалдың бекініс қақпасы орналасқан, ал ішінде, шет жағында Жанардың сауда орны бар. Жанар білезік, тәспі, магнит сияқты бұйымдар сатады. Бұйымдарды оған жергілікті тұрғындар өзі жасап әкеледі.

«Адамдар көбінесе наурызда келеді, демалыс болғандықтан шығар. Қыста адам аз. Топ болып келеді, бірақ ол да сирек. Сенбі-жексенбі күндері Сарыағаштан шипажайда демалып жатқандар келеді. Күн суықта да шығамыз, амал жоқ, бала-шағаны асырау керек», – дейді ол жылы киіміне қымтана түсіп.

Жанардың екі баласы бар, бір баласына мүгедектігі бар жандарға берілетін жәрдемақы алады. Жолдасы қорықшы болып жұмыс істеп, 70 мыңдай жалақы алады. Оның 64 мыңы кредитке кетеді. Жанар Түркістан кейінгі бес жылда қатты өзгергенін айтады. Бос орындар ағаш пен жаңа ғимараттармен толды, бірақ «жұмыс жағы өзгерген жоқ» дейді.

«Бәрі қымбаттап жатыр, бірақ күнкөріске жетеді. Басқа мәселеге келсек, біздің №5 маршрут дұрыс жүрмейді, бір сағат күтесің. Адамдардың көбі базарға қатынайды, сондықтан лық толы, бір-бірімізге шелпек болып жабысамыз. Үлкен автобус беріп, жиі жүрсе ғой. Бұл туралы кімге айтарымды білмедім, жақсы болды ғой. Бас әріппен жазып қойыңыздар!» – деп бір күліп алды.

Оның ар жағындағы сүрлеу Қожа-Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы саябаққа апарады. Бұлтсыз күндері мұнда фотографтар, түйелер және кішігірім көлік пен трицикл мінген коммуналдық қызметкерлер жүреді.

Кесененің кіреберісінде адамдар топтасып жиналып жатыр. Оларға пакеті құртқа толы егде әйел жүгіріп келеді. «Құрт ал! Мощный!» – деп жымияды ол.

Бұл – Қазығұрт ауылында туған Күлзина апа. Ол жақын маңдағы ауылдардан келетін құртты Сарыағаш жақтағы Абай базарынан алады.

«Таудың құрты. Таза, жақсы», – деп қосып қойды.

Күлзина апа сіңлісінің үйінде тұрады. Қалаға он күнге келіп, кейін он күнге ауылға қайтып жүреді.

«Мені бәрі Қазығұрт апа деп біледі, Түркістанның 80 пайызы таниды десем, өтірік сөйлемеймін, – деп күледі ол. – Екі ұл, үш қызым бар. Немерелерім де бар. Соларға осы жердің несібесін теріп апарам. Аяғым ауырған соң да жүру керек, қан жүрсін деймін. Балаларым жүргізуші, ал келіндерім балабақшада жұмыс істейді».

Күлзина апа

Оған жақын жерде бір топ әйел нөсер астында орындықтарға лак жағып жүр. Кейде қалада отыратын жер жоқ сияқты көрінеді, барлық жерде лак жағылған. Бұл әйелдерді қала айналасындағы ауылдардан әкеледі, бір жұмыс күніне оларға бес мың теңге төлейді.

«Бізді Шорнақ жақтағы қышлақтан әкеледі. Наурыздан желтоқсанға дейін жұмыс істейміз. Одан кейін жұмыссыз қалып, ауылға қайтамыз. Мал бағамыз», – дейді қазақша мен өзбекшені араластыра сөйлеген Ықбал.

Ықбал

Арғы шетте саябақтың жалғасы. Киіз үй құрылған этноауыл орналасқан. Айналада адам аз. Тек үлкен қапқа қоқыс жинап жүрген коммуналдық сала қызметкерлерін байқауға болады. Олардың бірі – тұмаудан даусы қарлығып қалған Шахид. Ол да қаланың жағдайы жақсарғанын айтады. Өзі бұған дейін ауылда мал баққан екен.

«Қазір оны қойдық. Бізде су мәселесі қиын. Жеріміз бар, бірақ оған су жоқ. Сондықтан көбі қалаға көшті. Түркістандағы өзекті мәселе – жастар жұмыссыз. Жастар әрі-бері жұмыс іздеп кетіп жатыр», – дейді ол.

Жұмыс уақыты аяқталуға жақын. Көліктер мен минивендерге қарай жұмысшылар шұбырып келеді. Оларды қазір үйіне апарып тастайды. Арасында Ықбал да келе жатыр, кенеттен бізге: «Бұнда сендерге жұмыссыздық туралы айтқысы келетіндер бар! Қиындықтар туралы айтпақшы», – деп айғайлады. Бірақ жанындағы кісі қысылып, «келесі жолы айтамын» деп кете барды.

Түркі әлемінің рухани астанасы

Түрлі деректерге сүйенсек, қаланың негізі біздің заманымызға дейінгі 500 жылы Самарқан, Бұқара мен Хиуа қалаларынан солтүстікке қарай кететін жолдың қиылысында қаланды. Алайда зерттеуші, археолог Ерболат Смағұлов қамалда табылған зат қаланың біздің заманымызға дейінгі бірнеше ғасыр шамасында пайда болғанын білдіреді деп пайымдайды.

Бұрын қамалды қала Яссы деп аталған және Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан. Қала сопылардан шыққан әулие Қожа-Ахмет Ясауидің уағыз айту орны ретінде ерекше танымал болды. 1397 жылы Әмір Темірдің бұйрығымен қалада Қожа-Ахмет Ясауи кесенесі салына бастады, алайда әмірдің қайтыс болуына байланысты құрылыс аяқталмай қалды. Сол себепті қазірдің өзінде кесененің жоғары қабаттарына кіруге рұқсат жоқ.

Қалада кіші қажылыққа келетін жандардың діни-мәдени орталығы қалыптасты. Мұнда сопылықтың түркі тармағы пайда болды. Қожа-Ахмет Ясауи мен басқа сопы ақындардың арқасында түркі тілі әлем әдебиетіне қосылды.

Түркістан ұзақ уақыт бойы Қазақ хандығының саяси, экономикалық және мәдени орталығы, ал оған дейін Орталық Азиядағы басшылардың әкімшілік орталығы болды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Түркістан Оңтүстік Қазақстанның қарапайым қаласы болған, бірақ 2018 жылы облыс орталығы мәртебесін алды. Сол уақытта бұл шешімді рухани қаланы қайта жандандыру қажеттігі мен Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін берумен түсіндірді. Қаланы туристік кластер арқылы дамыту жоспарланды.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев ірі кәсіпкерлер мен ұлттық компания басшыларынан қалада бір-бір нысан салуды талап етті. Осылайша, қала мен өңірге қомақты қаражат құйыла бастады. 2018 жылы қалада 161 мың адам тұрса, 2023 жыл халық саны 220 мыңға дейін өсті.

2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға рухани-тарихи астана мәртебесін беруді ұсынды.

Президенттің сөзіне қарағанда, қалаға тартылған инвестиция көлемі 8 есе өскен, жаңа салынған үйлерден 77 мың адам пәтер алған. 2019-2022 жылдар аралығында қалаға 2 миллион турист келген. Сонымен қатар, облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны пайда болыпты.

2021 жылы сол кездегі әкім облысы Өмірзақ Шөкеев қала дамуының бірінші кезеңінде 445 миллиард теңге салынғанын, оның жартысы жеке инвестиция екенін хабарлады. Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бойынша, 2025 жылға қарай өңір қонақтар санын екі миллионға дейін арттыруға ұмтылады. Оған қоса, 250 мың жаңа жұмыс орны пайда болатыны жазылған, алайда оның қаншасы тұрақты болатыны белгісіз. Жоспарды орындау үшін 3,6 триллион теңге қажет. 2022 жылы республикалық бюджеттен өңірге түскен трансферт көлемі 1,1 триллион теңге болды. Бұл – Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш. Ал өңірдің кірісі – 68,1 миллиард.

Алайда өңір мен туризм саласына құйылған қаражат қала мен өңірге келген туристер санын арттырған жоқ. Егер 2017 жылы мұнда келетін туристер саны 269 мың болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 206 мыңға түсті. Мұны пандемия мен карантин шектеуімен түсіндіруге болады. 2022 жылғы қаңтар–қыркүйек арасында туристерді орналастыру орындарында 196 мың адам тіркелген. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан өңірлер арасында оныншы орында болды.

Сонымен қатар, Түркістанда жұмысбастылық құрылымы өзгермей тұр. 2018 жылы жұмыс істейтін азаматтардың жартысынан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтыған, төрт жылдан кейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі 39,88% болған. Бұл – Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіш. Жалдамалы жұмысшылардың көбі бюджет секторында жұмыс істейді. Түркістан облысының Кентау қаласында да жағдай осындай.

Кесене

Күйдірілген кірпіштен салынған Қожа-Ахмет Ясауи кесенесі жергілікті тұрғындар мен кіші қажылыққа келгендерге қаланың әр шетінен көрінеді. Бұл жерде Ясауи сопылық бауырластық мешіті, қабірлер, кітапхана мен алдымен мұсылмандық дәруіштер жиналысына, ал кейін қазақ хандарының мәжілісіне арналған орындар бар. Бөлмелердің жалпы саны – отыз бес.

Кесене ішінде елдің түрлі өңірінен келген адамдар тобы жүр. Кесене іші дымқыл әрі салқын. Қабырғаларға сіңіп кеткен ылғалдың ізін көруге болады. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, ғимарат айналасындағы көгалдандыру жұмыстары мен қабырғалардың горизонтал гидроизоляциясының болмауынан кесене ішіне ылғал ене бастаған. Бұл ғимараттың опырылуына алып келуі мүмкін. UNESCO де бұнымен келісіп, су мен тұз деңгейінің көтерілуі құрылым тұтастығына нұқсан келтіруі мүмкін дейді. Қазірдің өзінде кесене төбесінен сталактит бөліктері құлап жатқандықтан, орталық залдағы Тайқазан қызыл лентамен қоршалған.

Келушілердің көбі жеті асыл металдың қоспасынан құйылған алып Тайқазанның жанында суретке түседі. Бұрын оған жұма намазының соңында таратылған тәтті су құйылған. Ішінде кітапхана, асхана, қабір, құдығы бар бөлме және Кіші Ақсарай мен Үлкен Ақсарай бөлмелері бар. Бөлмелердің бірінде Абылай хан жерленген. Келушілер қабірдің басына қарама-қарсы жайғасқанда имамдардың бірі дұға оқи бастайды.

Кесененің маңында Күлтөбе қалашығы, Рабиға Сұлтан Бегім, Тәуке хан мен Есім ханның кесенелері орналасқан. Әзірет Сұлтаннан шыққан бетте айналада қала әкімдігін, университеттер, қонақүйлер, кітапхана, театр мен мұражай арқылы өтетін Керуен сарайға апаратын жолды және қолдан жасалған жағалауы бар саябаққа жалғасқан Қожа-Ахмет Ясауи атындағы орталық мешітті көруге болады. Саябақтағы төбешіктен Түркістандағы ұзын-шұбақ жеке сектор көрінеді.

«Рухани астана атану үшін ірі құрылыс объектілерін салу жеткіліксіз»

Біз қала орталығы арқылы өткенде мешіттің жанында ұзақ уақыт бойы әлденені талқылап отырған әйел мен егде ер адамға жолығамыз. Олар кездейсоқ кездесіп қалған бұрынғы көршілер екен. Олардың үйлері қала орталығының ауқымды құрылысы кезінде бұзылған. Ер адам өзін Абдыхалық ата деп атауды сұрады, өзі – имам, ал әйелдің аты – Бибінаса.

«Біз Түркістанда тудық, осы Түркістанның тұрғынымыз, ата-бабаларымыз баяғыдан бері тұрады. Түркістан үнемі ерекше қала болды. Кедейлер көп болды. Патшалар бір-бірін алып жатты. Орыс алғаннан кейін халық сыртқа шықты. Кейін Ресейге тері, жүн мен мақта керек болды, сол кезде Түркістан дами бастады. Байлар қалаға келе бастады. Анарбай деген бай банк салды, Мәназар деген бай 8 мың пұт тұзбен келген. Совет кезінде қаланың екі дәріханасы сол салған. Кейін революция болды, бай-құлақ болды, олар қашып кетті, жер-жерді аштық жайлады. Аштық кезінде біраз адам өлген. Кінә арта алмайсың. Оны тағдыр дейді. Атамның үш баласы болды. Әкемнің ағасы 30-жылдары бесте болған, аштан өліп қалды», – деп баяндайды Әбдіхалық ата.

Бұрын өзі тігінші болған, тері илеп, тон тіккен. Тікке тонын Свердлов пен Пермь қалаларына жіберген. Кейін мешітте имам қызметін атқара бастаған.

«Неше түрлі адамдар келеді. Психикалық ауруы барлар тынышталу үшін мешітке келеді. Қазір адам өзгерді, өмір өзгерді. Адамдар саудада жүр. Балаларым жүргізуші болып жүр, фура айдайды. Өмір сондай», – дейді ол.

Бибінаса мен Абдыхалық ата

Облыс орталығы мәртебесін алу қалаға пайда әкелді деп санайды, алайда рухани астана атану үшін ірі құрылыс жобалары жеткіліксіз дейді.

«Философияны зерттеу керек. Аталарымыз бұрын ауылдарды аралап, молдалармен кездескен, хикметтерді жатқа білген. Қожа-Ахмет 4400 хикмет айтты, сонда соның 250-і ғана қалды. Енді аталар жоқ, хикмет те жоқ. Тарих жоғалды. Қалғаны кітапта. Түркістанда жағдай жақсарды, бірақ рухани астана болу үшін Түркістан жолы болу керек. Түркістанға келіп, Бұқара, Хорезм, Түркіменстан, Түркия, Әзербайжаннан өтіп, кейін Меккеге дейін жету керек», – деп санайды ол.

Абдыхалық ата

Әбдіхалық атаның сөзін аяқтауын күткен Бибінаса әпше бізге қарап, қаладағы ең басты мәселе ретінде жастардың жұмыссыздығын айтты.

Олардың артында Қожа-Ахмет Ясауи атындағы мешіт тұр. Кіреберісте «теріс радикал уағызшыларды тыңдаудан сақтандыратын» жазу ілінген. Ішінде күн шуағының астында мысық жатыр. Бірнеше әйел жергілікті имамды іздеп жүр. Мешіттің ұзын терезелері арқылы Қожа-Ахмет Ясауи кесенесін көруге болады.

Университеттер, мұражай және «Керуен сарай»

Қаланың рухани орталығының басты ерекшелігі – тыныштық. Орталықта тек кіші қажылыққа келген адамдар ерсілі-қарсылы жүр. Түсте және кешке қарай төрт жыл бұрын ашылған Халықаралық туризм мен меймандостық университетінің студенттері көшеге шығады. Одан басқа бұл жерде он мыңдай студент оқитын Қожа-Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бар.

Туризм университетінің жанында Farab әмбебап ғылыми кітапханасы орналасқан. Көпқабатты ғимаратта көбіне студенттер отыр, кейде топтасып мектеп оқушылары да кіреді. Бұнда дыбыс жазатын зал, екі жүздей сирек кездесетін кітабы бар кітапхана, интернет пен компьютермен жабдықталған зал, робототехника, газет-журнал бөлімі бар. Қасында түркі халқының тарихына арналған «Ұлы Дала Елі» мұражайы бар. Ішінде тоғыз экспозиция қойылған. Залдардың бірі «Елбасы» деп аталған, қаңтар оқиғасынан кейін «Шыны көпір» деп атала бастапты.

Кешке қарай адамдар жергілікті шайхана мен мейрамханаларда жиналады. Олардың көбі мұражай, қонақүй, әкімдік жұмысшылары, ішкі туристер мен студенттер. Осыдай кейін біз қоңырқай коттедж үйлердің арасымен 2021 жылы 88 миллиард теңгеге салынған «Керуен сарай» туристік кешеніне жол тарттық.

Онда ұшатын театр, қонақүйлер, сауда алаңдары, мейрамханалар мен түрлі киім дүкендері бар. Тарихи тұрғыда бұндай орындар сауда керуендеріне арналған қонақүй ретінде қызмет еткен. Кешке қарай адамдар отбасы болып кешендегі су шоуын тамашалайды. Бірақ адам қарасы қалың емес.

Базар

Түркістандықтар жиналатын негізгі орын – автовокзал жанындағы базарлар. Микроавтобус, автобус пен минивендердің қабаттасуы, ретсіз автотұрақ және жол тосқан адамдардың кесірінен ірі қалаларға тән көлік кептелісі тек осы жерде пайда болады.

Сөмкелері мен пакеттерін қалжырай көтеріп келе жатып та кейбіреулердің телефонға келген аудио хабарламаларды тыңдап үлгеріп жатқанын байқайсың. Жолдың бір жағынан екінші жағына сүріне-қабына жүгіріп өтеді. Арасында ауыр жүгі бар арба жүргізушілері жол беруді сұрайды. Қабырға неше түрі жарнамаға толы: аяқкиім жөндеу, концерт жарнамасы, сайлауалды насихат, шаштараз, металл тапсыру, ыстық жүгері, көкөністер мен ксерокс қызметінің жарнамасы. Біз тар көшеден өтіп, шағын базарға тап болдық. Жұрт гаражда металл мен түрлі құрал-жабдық сатып жүр. Аптаның алты күнінде мұнда автотұрақ, бір күн сауда орнына айналады. Жергілікті шеберлердің бірі кір жуу машинасын жөндеп тұр.

«Ешкім де өзгерісті сезбейді. Халықтың өмірі қиын. Қимылдамасаң, ақша таппайсың. Құрылыстың болғаны жақсы, бірақ жұрттың оған баратын ақшасы жоқ. Бәрі де қымбат», – дейді ол.

Оның қасында басқа бірнеше сатушы тұр. Олар бізді бір дүкеннің маңындағы топқа әкелді. Бұл топ орындықта әлденені қызуқанды талқылап отыр.

«Қатты ауырып қалып, екі айдай жұмыс істеген жоқпын. Жалдау ақысын төлей алмадым. Енді маған алты айдай кішігірім дүкенімді ашуға мүмкіндік бермей отыр», – дейді металл сатумен айналысқан Жұматай Бүйребаев.

«Қысқасы, төлегісі келмейді, бұл мәселені шешу керек. Әркім өзінікін дұрыс санайды», – дейді жартылай әскери киген Асылбек.

Денсаулығым жоқ, – дейді Дүйребаев. – Жиырма жыл болды осында болғаныма. Басқа жұмыс жоқ. Зейнетке шығуға аз қалды, ешқайда алмайды. Жалғыз тұрам, ешкім көмектеспейді. Не істеймін мен енді? Төле дейді. Базарды тұрақ қылды, бірақ күн ғана базар. Ақшаны қайдан алам?»

«Жұмыс бар ғой. Пол жу, күзет бар. Мамандарға жұмыс бар, жалқау бәрі», – дейді Асылбек.

«Олар 65 мың сом [теңге – В.] төлейді. Қазіргі инфляциямен неге жетеді бұл?!» – дейді Бүйребаев.

«Мен өзім де күзетте жұмыс істеймін. Үш ауысыммен жұмыс істеуге болады. Жалқауларға не дейсің, жұмыс істегісі келмейді. Адамдар Ресейге кетеді, кей жігіттер Украинаға кетті. Мариупольге құрылыста жұмыс істеуге кетті», – дейді Асылбек. Мариупольді Ресей әскері жаулап алғанын айттық. «Оларға бәрібір. Нанын тауып жесе болды», – деп қысқа қайырды.

«Денсаулығым жоқ», – дейді Бүйребаев тағы да қайталап.

«Жалпы, Түркістанда бәрі жаман емес. Үй беріледі. Жетімдерге, жесірлерге, жалғызбасты аналарға үй берілді. Тек бәрі қымбаттағаны болмаса. Бұл базар кедейлерге арналған, қолданылған заттар сатылады», – дейді Асылбек.

Осыдан кейін бізді «Түркістанда бәрі жақсы» екеніне сендіре сөйлеп, базар әкімшілігінен бір әйел келді. Бұдан әрі «Қуаныш» базары тұр. Базардағы жас жігіттердің бірі Досай мұнда сауда жасағанына төрт жыл болғанын айтады. Бұған дейін Астанада сауда жасаған екен, бірақ жеке себептерге байланысты Түркістанға оралыпты.

«Бізде бәрі осылай. Аға-апаларымыз саудамен айналысты, біз бұны жалғастырамыз. Бала кезден-ақ мектептен келе сала тамағымызды ішіп, үлкендерге көмектесу үшін базарға баратынбыз. Бәрі жақсы», – дейді ол.

Базардың ар жағында ескі Түркістанның жекеменшік үйлері орналасқан. Қаланың бұл бөлігі шалшық пен батпаққа батқан. Жолы қираған. Құбыры бар үйлерді анда-санда кездестіресің. Бұл үйлер көмір жағады. Автовокзалға жақын жерде көмірді көтерме бағамен сататын қоймалар бар. Сонда жұмыс істейтін ер адамдардың бірі көмір көбіне жаңа үйлер мен кей пәтерлерге керек дейді. Қалған жерде газ бар екенін айтады.

«Жарыққа байланысты мәселе көп, жиі бұзылып тұрады. Сондықтан кейде газ қоса алмайсың, көмір жағуға тура келеді. Жазда цемент сатамын. Бәрі бұрынғыша, жастар өзімен-өзі күн көріп жүр. Міне, қара, – деп қап тасып жүрген жастарды көрсетті. – Тиын тауып жүр. Нашақорлар мен маскүнемдер көбейіп кетті. Ішіп алып төбелеседі».

Жаңа қала

Қаланың шығысына қарай әкімшілік-іскерлік орталыққа арналған жаңа қала пайда болды. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанның құрылысы Астананың құрылысын еске салатынын бірнеше рет айтқан. Расымен, қаланың бұл бөлігінің құрылысы кезіндегі астананың құрылысынан шабыт алған сияқты.

Кең көшелердің бойымен көліктер мен фуралар зу етіп өтеді. Көз ұшында шолу дөңгелегі мен бос жатқан үлкен саябақ көрінеді. Қарама-қарсы жақта Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің сыйлығы – бес мың адамға арналған ірі мешіт тұр. Бұл жобаны іске асыруға ірі контрабандашы болуы мүмкін делінетін Хабибулла Әбдіқадырдың отбасымен байланысы бар компания жауапты.

Ауданның әр бұрышында құрылыс жүріп жатқаны естіледі. Барлық жерден техника мен шаршаған жұмысшыларды көруге болады. Олардың жанында он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтерген. Бұл – әлеуметтік тұрғын үй. Мүгедектерге, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға және мемлекеттік қызметкерлерге жалға берілді. Бұл кешендердің жылдам салынуына басты себептің бірі – облыс орталығын Түркістанға көшіргеннен кейін осында асығыс көшіп келген мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлеріне арналған тұрғын үй тапшы болды.

Аулалардың бірінде балалар қолдан жасалған қақпасы бар асфальт алаңында футбол ойнап жүр. Олардың жанында баласымен бірге Мөлдір есімді жас ана серуендеп жүр. Ол мұнда пәтер жалдайды. Түркістанға жұмыс бабымен бір жыл бұрын көшіп келген.

«Пәтерге көшкенде бәрі жақсы болған. Бірақ кейін үй суық екенін түсіндік. Терезеден жел азынап тұрады, еден тегіс емес, жөндеу нашар жасалған. Барлығы естіліп тұрады. Пәтер иесі қосымша батарея қойғаннан кейін ғана пәтер жылыды. Мұнда сегіз-тоғыз тұрғын үйге екі-ақ аула бар. Балаларға ойын ойнайтын орын аз», – дейді ол.

Ар жағында ұзыннан-ұзақ созылған кеңістік жатыр. Онда Абай ескерткіші орналасқан Оқушылар сарайы мен «Түркістан арена» стадионы бар. Басқа өңірден келген жас спортшылар тобы стадионды айнала жүгіруге шықты. Арасында құрылысы аяқталмаған тротуарға тап боласың.

Қарама-қарсы бетте үш ірі әкімшілік ғимарат қоныс тепкен. Мұнда Түркістан облысының әкімдігі мен оның түрлі департаменттері орналасқан. Оның алдында Назарбаев алаңы, ал әкімдіктің дәл алдында жас Назарбаевтың ескерткіші бар. Қасында «Ұлы Дала ұлы» деп жазылған. Алаңның екі шетінде медиа орталық пен конгресс-холл орналасқан.

Бұлардың артында бірнеше жаңа коммерциялық тұрғын үй кешенінің ауқымды құрылысы бар. Ар жақтан жел соғып тұр, қала жазықта орналасқан және жасыл желек атымен жоқ.

«Мұнда мемлекет жоқ»

«Түркістан облысында әлі күнге дейін мемлекеттік институттардың дұрыс жұмыс істемеуі – түйткілді мәселе. Мұнда мемлекет жоқ. Мемлекет атын жамылып, күмәнді істермен айналысатын белгілі бір адамдар тобы бар, бірақ бұл мемлекет емес. Егер саяси ғылымдар тұрғысынан қарайтын болсақ, Гегель бойынша, мемлекет – барлығына бірдей қарайтын тең қашықтағы нүкте. Бізде ондай нәрсе жоқ. Орталықта “Жаңа Қазақстан” немесе басқа да кез келген нәрсе талап етуі мүмкін, бірақ бұл жерде ондай жұмыс істемейді. Бұл – өз заңдары бар, мемлекет ішіндегі мемлекет. Орталықтан осында келіп, күшпен тәртіп орнатпайынша, бұл тәртіпсіздік жалғаса береді», – дейді «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі жергілікті филиалының басшысы әрі саясаттанушы Амангелді Қалыбек.

«Әділдік жолы» РҚБ «Президент Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасын» іске асыру шеңберінде құрылған және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреспен айналысады. Бірлестікке кәсіпкер Исламбек Салжановқа тиесілі Altyn Qyran Foundation демеушілік етеді.

Амангелдіден ұйымның тәуелсіздігі туралы сұрадық. Amanat партиясының құрамына кірмейді, бұл партияны қолдамайды және оған кіру жоспарда жоқ дегенді айтты. Басшылық басқарушы партияны қолдауды талап етпейді, ал басқа филиалдарда қазіргі билікке оппозициялық көзқарасы бар әріптестері бар. «Біздің мақсатымыз – сыбайлас жемқорлықпен күресу», – дейді ол.

«Азаматтық қоғамға ұқсайтын иллюзия іспеттес квазиазаматтық қоғам бар. Бюджетті бақылайтын шешім қабылдау орындарында халық өкілдері болмайынша, адамдар өз қаласы, ауданы мен ауласы үшін күресуге дайын болмайды. Бірақ адамдарды онда өткізбейді. Менің ойымша, азамат – қала мәдениетінің өнімі. Түркістан – үлкен ауыл. Өндіріс те, өнеркәсіп те, зауыттар мен фабрикалар да жоқ. Негізгі табыс бюджеттік ұйымдар, ауыл шаруашылығы мен саудадан келеді. Демек, ауыл шаруашылығының басымдығы жермен байланысты, қоғамның дәстүрлі құрылымын білдіреді. Бұл жағдайда кландық байланыстар басым болады. Азаматтық экономикалық тәуелсіздік болмайынша, қалалық мәдениет қалыптаспайды. Біз мұнда шамамыз келгенше жұмыс істейміз, бірақ біз де жалғызбыз, сүйенетін ешкім жоқ», – дейді Қалыбек.

Амангелді Қалыбек

Ол бұрын жиі айтылған «Күндіз Түркістан, түнде Ауғанстан» деген сөзді есіне алды. Жағдайдың өзгермегенін, мемлекеттік органдардың өңір мен қаладағы қылмыс жағдайын бақыламайтынын айтты.

Қалада күмәнді нысандар көптігіне де тоқталды.

«Қала әкімдігінің жанында 308 миллион теңгеге тұрақ салынды. Біз санап, ол жерге кететін қаражат мөлшері 30 миллионнан аспауы керек деп түйдік. Гранит салса да, 70 миллион теңге шамасында шығады, ал ол жерде – асфальт, бордюр, жарық қана бар, – дейді Амангелді. – Басқа өңірдегі әріптестер бізге қызғана қарайды, өйткені мұнда кез келген келісімшартты ашып зерттегенде, міндетті түрде құқықбұзушылыққа тап боласыз. Басқа аймақтарда сіз мұқият іздеп, қазып, көп уақыт жұмсауыңыз керек. Бірақ, мемлекеттік органдар жауап бере алмаса, одан бізге не пайда? Ақтың ақ, қараның қара екенін дәлелдеу үшін көп уақыт кетеді».

Туризм саласы туралы сұраққа ол сұрақпен жауап береді: «Сіздер маған тек қана туризммен күн көретін бір жерді атап бере аласыздар ма?»

Амангелді туризм қаланың жарқын болашағы екеніне күмәнмен қарайды, өйткені туризм маусымдық әрі ұзаққа созылмайды. «Маусымның нағыз қызған кезі – бірнеше күн ғана. Маған қонаққа келгендер де тым қымбат деп, қызметтің кейбір түрлерін пайдаланудан бас тартты. Мұнда ұзаққа қалу мүмкін емес», – деп түсіндіреді Амангелді.

Оның айтуынша, туристік кешендердің құрылысына қарамастан, қаланың басты көрікті жері – кесене. «Әмір Темірге рақмет. Егер кесене қазіргі мемлекеттік сатып алу схемасы арқылы салынса, онда құрылыс аяқталмас еді», – деп қалжыңдайды Қалыбек.

Ол Өзбекстанды Орталық Азия өңіріндегі туризмнің негізгі орталығы деп есептейді, сондықтан Түркістанды Ташкент, Самарқан, Бұқара және Хиуамен байланыстыруды ұсынады.

«Егер мен инвестор болсам, неге электр энергиясы қымбат Түркістанға ақша салуым керек? Оған қоса, мұнда құқық қорғау жағынан мәселе көп. Мен қажетті инфрақұрылымы бар және нарығы үлкенірек көршілес Шымкентке инвестиция сала аламын. Бізде инфрақұрылым ескірген. Қыста суық болғанда немесе сәл жел соқса, жарық сөнеді. Электр желілері ескі, қуаты жетпейді. Көп нәрсе дұрыс жасалмайды. Жаңа қалада ағаш жоқ. Жасыл желегі жоқ үлкен кеңістік, тек қана тротуар мен асфальт бар. Бұл оңтүстік аймақ және мұнда жазда ыстық болатынын ескеру қажет», – дейді Қалыбек.

Қалыбек қаладағы мәселелердің тамырына үңілмейінше, Түркістан дамымайды деп есептейді: «Мұның бәрін біреу бастауы керек. Қолымыздан әрдайым келеді деп айта алмаймын, бірақ тырысып бағамыз. Айтып отырғаным көңілсіз әңгіме болса да, шындық осы».

Бұл материал Власть порталының «Қазақстан аймақтары» атты ауқымды жобасы аясында жазылған. Бұл жобада біз Қазақстан аймақтары мен ірі қалалары арасындағы теңсіздік көрінісі туралы баяндаймыз, аймақтық дамудың қазіргі парадигмасын сыни тұрғыдан талдап, бәрін жақсы жаққа өзгертуге ұмтылып жүрген тұрғындар жайлы баяндаймыз.