3447
2 мая 2025
Дмитрий Мазоренко, фото: Азаттық радиосы

Қызметкерге қарсы заң

Заңгерлер мен кәсіподақтар қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы теңсіздікті қалай жоймақ?

Қызметкерге қарсы заң

Қазақстанда еңбек заңнамасы мен кәсіподақтар туралы заңға түзету енгізу жұмысы басталғалы екі жылдан асты. Ұзаққа созылған айтыс-тартысқа 2015 жылы Еңбек кодексіне енгізілген өзгертуден кейін пайда болған жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы құқық теңсіздігі себеп болды.

Мемлекеттік құрылымдар, жұмыс берушілер, кәсіподақтар мен ғалымдардың қатысуымен алдын ала талқылаған жұмыс топтары қызу тартыспен өтті. Кәсіподақтар мен заңгерлер қызметкерлердің құқығы мен келіссөз жүргізуіне баса назар аударса, жұмыс берушілер мен үкімет, соның ішінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мейлінше қарсыласып бақты.

Заң жобасының үш түрлі нұсқасы жасалғанына қарамастан, парламент әлі күнге дейін олардың ешқайсын қарауға кіріскен жоқ. «Власть» Қазақстанда еңбек саласындағы реформа үшін күрес қалай жүріп жатқанын, жұмыс берушінің заңды айналып өтуге мүмкіндігі бар кезде кез келген түзетудің әсері неліктен шектеулі болатынын әңгімелейді.

Талқылау қарқыны

2015 жылдан кейін көлемі екі есе қысқарған Еңбек кодексі жұмыс берушілердің мүддесін көздейді. «Ықшамдалған» Еңбек кодексін сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» бағдарламасына енгізген болатын. Дағдарысқа қарсы бағдарлама мұнай бағасы 40 долларға дейін арзандап, Ресей Қырымды басып алғаннан кейін қабылданды.

Реформа орталықсыздандыру, ұжымдық және шартқа сай реттеуді күшейту деген желеумен жасалды. Сол кезден бастап қызметкерлер мен жұмыс берушілер еңбек шартын мемлекетті араластырмай, өзара келісуі керек.

«Бізде бизнесті қорғауға қай кезде де ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі сәтке дейін реформаның шегіне жеткені сонша, инспекция кәсіпорынға тек айрықша қиын жағдайларда ғана тексеріс жүргізе алады. Тексеруге толып жатқан кедергі бар. Еңбек инспекциясының ешқандай құзыреті қалмаған, ол жұмыс берушіден қорқатын жағдайға жетті», — дейді еңбек құқығы бойынша заңгер және Maqsut Narikbayev University профессоры Муслим Хасенов.

Оның айтуынша, түзету енгізу туралы құжатты сенаттың бастамасымен құрылған Maqsut Narikbayev университетінің жобалау кеңсесі әзірледі. Құжатты жасаушылар еңбек министрлігі қарсылығын алдын ала біліп, еңбек заңнамасының жаңа нұсқасындағы ұсыныстардан бас тартты.

Оның орнына жобалау кеңсесі ұжымдық еңбек құқығы бөлігіне 40 түзету енгізуді көздейтін заң жобасын ұсынды, бұған ұжымдық келісімшарт пен келіссөз, сондай-ақ кәсіподақ пен ереуіл өткізуді реттеу кіреді. Бірақ үкіметке қорытынды жасауға ұсынылған кезде еңбек министрлігі бұл құжатты да жаратпады.

2023 жылдан бастап еңбек заңнамасы мен кәсіподақтар туралы заңға түзету енгізу бойынша жұмыс тобының 20 шақты отырысы өтті. Оған әділет министрлігі, еңбек министрлігі, Бас прокуратура, Жоғарғы сот, жұмыс берушілер мен кәсіподақ өкілдері қатысты. Соған қарамастан парламент бұл құжатты қарауға әлі де кіріскен жоқ.

Еңбек саласындағы ұжымдық қарым-қатынас туралы заң жобасын таныстыру, фото Муслим Хасеновтың Facebook парақшасынан алынды

Хасенов жұмыс тобында жай талқы емес, нағыз шайқас болды дейді. Жұмыс берушілер заң әзірлеушілерге қарсы өте дөрекі сөйлеп, оларды кәсіподақ мүддесін қорғап жатырсыңдар деп айыптаған.

«Біз ғалым ретінде бәрінен тәуелсіз болдық. Біздегі жұмыс берушілердің билігі күшті, оларды «Атамекен» ұлттық палатасы қорғайды. Ал қызметкерлер заңнама деңгейінде де, кәсіподақ деңгейінде де қауқарсыз. Сондықтан біз теңдікті қалпына келтіруді, кәсіподақтарға көбірек еркіндік беруді маңызды деп санаймыз», — деп түсіндірді заңгер.

«Аманат» тәуелсіз кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Андрей Пригорь Хасеновтың сөзіне қосылады. Оның ойынша, еңбек министрлігі түзетуге жұмыс берушілермен бірігіп қарсы шығып отыр. Әйтпесе екі тарап та кәсіподаққа жақтасамыз, олардың жақсы болғанын қалаймыз деген.

«Олар ұсынылған түзетулерді орынсыз деп тапты. Несі дұрыс емес екені белгісіз. Жұмыс тобының отырыстарында жұмыс берушілер мен үкімет әдеттегідей бос сөзді көп айтты. Не айтпақ болғаны түсініксіз күйде қалды. Сенат кәсіподақтардың түзету енгізу үшін күресуге дайындығы қандай екенін бақылады. Сондықтан біз бірігіп, жұмыс берушілер мен үкіметке жақсы тойтарыс бердік», — деді Пригорь.

Қандай өзгеріс ұсынылып отыр?

Жобалау кеңсесі ұсынған басты өзгеріс еңбек арбитражына қатысты. Хасенов мұндай институт заңда міндеттелсе де, Қазақстанда ол жоқ дейді. Соның кесірінен жұмысшылар заңсыз ереуілге шығуға мәжбүр болады. Бұл институт пайдаға асқан сирек жағдайда арбитраж қабылдаған шешімдер орындалмай қалады.

Maqsut Narikbayev University заңгерлері тұрақты еңбек арбитражын ерікті түрде құруды ұсынды. Хасенов қазіргі заманда бұл институт ұжымдық еңбек дауын шешу процедурасын ұйымдастыруға қабілетті мамандардан тұрады деп түсіндірді. Қазақстанда мұндайды тиісті білігі жоқ адамдар жасап жүр.

Ал еңбек арбитражы шығарған шешімнің күші болуы үшін, оның шешімдерін мәжбүрлеп орындатуды заңда бекіту керек деп санайды Хасенов. Әйтпесе бұл институт қызметкерлер үшін пайдасы жоқ тағы бір тетікке айналады және олардың наразылығын тудырады.

Қызметкерлердің заңсыз жолмен мүддесін қорғауға мәжбүр болуына ереуіл өткізуге алдын ала дайындалудың қиындығы да себеп болады. Заң бойынша олар қойылған талаптарды ұжыммен келісіп алуға, сосын оны жұмыс берушіге таныстыруға, содан кейін татуласу комиссиясы мен еңбек арбитражын өткізуге міндетті. Мұның бәріне шамамен 25 күн кетеді, бірақ қызметкерлер мұнша уақыт күтуге дайын емес.

«Сондықтан біз бұл мерзімді екі есе қысқартуды ұсындық. Егер татуласу комиссиясы мәселені шеше алмаса, әрі қарай барудың қажеті қанша? Жұмысшылар ереуілге шығу құқығын пайдаланып, оны заңды түрде өткізсін. Себебі жұмыс беруші ереуілді қаламаса, қызметкерлермен келіссөз жүргізеді немесе арбитраж құрады», — деді Хасенов.

Maqsut Narikbayev University заңгерлері ұсынған түзетулер арасынан Пригорь тағы екеуіне тоқталды — кәсіподақты кәсіп нышанына қарай құру және әр кәсіподақтың қаржы есебін жариялауы. Әйтсе де, мұндайға аса сенбейді.

Хасеновтың айтуынша, қазір кәсіподақты өңір, сала немесе кәсіпорын деңгейінде ғана құруға болады. Заңгер мұны жеткіліксіз деп санайды. Кәсіп нышанына қарай бірігуге мүмкіндіктің болмауы, мысалы, онлайн платформа қызметкерлеріне кесірін тигізіп жүр. Курьерлер қоғамдық бірлестік қана құра алады, бірақ мұндай заң формасымен құқығыңды қорғай алмайсың.

Wolt тамақ жеткізу сервисі курьерлерінің ереуілі, автордың фотосы

Пригорь мұндай шара кәсіподақтардың жіктелуіне әкеліп, түбінде қызметкерлерге кері әсерін тигізуі мүмкін деп ойлайды. Қазір, мысалы, бір аурухана қызметкерлері салалық ұйымға бірігіп, жалпы талаптар қоя алады. Бірақ кәсіподақтарды кәсіп түрі бойынша тіркеуге мүмкіндік пайда болса, жұмыс берушілер қызметкерлерді мүддесі мен күн тәртібі бірыңғай түрлі ұсақ ұйым құруға итермелей алады. Нәтижесінде жұмысшыларға бірігу, бір-бірімен ниеттес болу қиындай түседі.

Қаржы есебін жариялауға келетін болсақ, Хасенов мұның жақсы жағы бар дейді. Мысалы, АҚШ кәсіподақтар қозғалысының тарихында жекелеген кәсіподақтар жемқорлыққа жол бергені белгілі. Осыны ескеретін болсақ, Қазақстанда кәсіподақтар қатысушылар алдында ашық бола алар еді.

Пригорь қаржы есебін міндетті түрде жариялауды қысым көрсетудің қосымша тетігі деп санайды. Оның айтуынша, кәсіподақтар мүшелері мен мемлекет алдында онсыз да ашық, себебі олардың алдында бірнеше тәсілмен есеп беріп жүр. Ол қаржы ақпаратының баспасөзде немесе әлеуметтік желіде жариялануына да қарсы емес, бірақ кәсіподақтан тыс адамдар үшін оның қызық бола қоюы күмәнді деп санайды.

Бұл түзетулерден пайда бола ма?

Жобалау кеңсесі қызметкерлердің өкілдерін қорғауды күшейту, ереуілге бола қуғын-сүргін жасаудың алдын алу үшін Қылмыстық кодекске өзгерту енгізуді ұсынды. Бірақ, Хасеновтың айтуынша, бас прокуратура, еңбек министрлігі мен сенат бұл түзетулерді алып тастау керек деп бір-бірімен келіскен.

«Еңбек министрлігінің тұтас процестегі ұстанымы көңілге қонбайды. Олар өзін мемлекет тұрғысынан ойлануды, қисынға салуды және ақылмен шешуді білмейтін шенеунік ретінде көрсетіп отыр. Біздің түзетулерді әдетте көп нәрсеге еліте қоймайтын Жоғарғы сот та қолдады. Ал еңбек министрлігі ештеңені өзгертудің қажеті жоқ, себебі бәрі онсыз да жақсы дейді», — деп сөзін толықтырды заңгер.

Мұнымен Пригорь де келіседі, ол мемлекетке және жұмыс берушіге бәрі осы күйінде болғаны тиімді деп санайды. Қызметкерлер заң тұрғысынан аз қорғалғандықтан, сондай-ақ кәсіподақтар Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясының қоластына біріктірілгендіктен, қазір олардың қызметкерлерге және кәсіподақтарға билігі күшті.

«Біздегі кәсіподақтардың тәуелсіз деген аты ғана. Олар мемлекеттің бақылауында. Олар бар болмысымен жұмысшылардың бүкіл наразылық күйін жоққа шығарып отырған кезде мүдде қорғау туралы айтудың өзі артық. Наразылықтың да шынайы себебі бар ғой, оны біреу ойлап тапқан жоқ».

Заңгерлердің ұсынысына неліктен осындай реакция білдірді, ведомство ұсынылған түзетулерді неліктен өзекті емес деп санайды деген «Власть» сұрақтарына еңбек министрлігі жауап беруден бас тартты.

Хасенов пен Пригорь Maqsut Narikbayev University заңгерлері ұсынған түзетулерді қарау қашан басталатынын білмейді. Хасенов мұның ерте ме, кеш пе болатынын айтады, өйткені қисынға сай екеніне көз жеткізген сенат оны мәжіліс қарауына берген. Жұмыс топтарына қатысушы екі тарап та заң жобасын қарау кезінде айтыс-тартыс қызу болады деп күтіп отыр.

Еңбек саласындағы ұжымдық қарым-қатынас туралы заң жобасын таныстыру, фото Муслим Хасеновтың Facebook парақшасынан алынды

«Сол кезде бәріне куә боламыз. Парламентке кім халықтың, кім компаниялар мен корпорациялардың мүддесін қорғауға келгенін білеміз», — деген ойын жеткізді Хасенов.

Заңгер кәсіподақтар арасында келіспеу болғанына қарамастан, барлығы дерлік осы түзетулерді қолдайтынын атап өтті. Пригорь болса, түзетулер жаман емес, бірақ қызметкерлердің жағдайын жақсартпайды, кәсіподақтар дәрежесін күшейте алмайды деп отыр.

«Қазіргі жұмыс беруші еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылмайды, негізгі мәселе осы. Қызметкерлер мен кәсіподақтар құқығын кеңейтсек те, жетістікке жетуіміз екіталай. Олар орындалмайды. Жұмыс беруші ойына келгенін істей береді. Ал егер қызметкер бірдеңені бүлдірсе, жарты жыл бойы кінәсіз екенін дәлелдеуіне тура келеді», — деді Amanat кәсіподақтар бірлестігінің басшысы.

Кәсіподақтар туралы заңның салмағы болуы үшін, Пригорьдің айтуынша, еңбек заңнамасын немесе кәсіподақтар туралы заңды бұзғаны үшін, егер оны сот растаса, салынатын айыппұл көп есе артатыны жазылуы керек. Қазір жұмыс беруші төлейтін айыппұл өте аз, бұл қызметкерлердің хал-жағдайын қиындатып отыр.

Мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Андрей Ушаков ұсынылған түзетулердің тағы бір кемшілігін атады. Олар негізінен ұжымдық еңбек құқығын қамтығанымен, ұжымдық келісімшарт механизмдерінің жұмысына өзгеріс әкелмейді.

Ұжымдық келісімшарт — заңда қарастырылмаған қосымша жеңілдік пен кепілдік алуға арналған құжат. Бірақ қазір жұмыс берушілер ондай құжатты жасап жүрген жоқ, себебі олар мұндай құжаттан бас тарта алады, осы әрекеті үшін оған ешқандай шара қолданылмайды.

«Қазіргі жағдай былай: біз осындай келіссөз басталғаны туралы хабарлама жібереміз, ал жұмыс беруші оны елемейді. Нәтижесінде ұжымдық келісімшарт жасалмайды. Себебі тараптарды осындай келіссөзге отыруға мәжбүрлейтін тетік жоқ. Мен тіпті осы мәселе бойынша сотқа шағым тастадым, бұл жұмыс берушінің еркі деп жауап берді. Алайда заңнамада басқаша айтылған», — дейді Ушаков.

Ол жұмыс берушінің ұжымдық келісімшартты қасақана елемеуіне қарсы шаралар болашақ заң жобасында басты орында болуы керек деп санайды. Онсыз еңбек пен кәсіподақ саласындағы негізгі проблема шешілмейді, ал басқа өзгерістің әсері өте аз болады.