3589
6 сентября 2023
Светлана Ромашкина, Власть, фотосуреттерді түсірген Алмас Қайсар

Фермерлер климат өзгерісіне дайын ба?

Тамшылап суаруды енгізу, метеостанциялар орнату, билікке қоятын басқа да сұрақтар

Фермерлер климат өзгерісіне дайын ба?

Жамбыл облысында егін қурап жатыр, өйткені Қазақстанда Қырғызстанның Киров су қоймасынан келетін су лимиті таусылды. Сырдария, Жайық, Шу, Іле және Талас өзендерінің бойында су тапшылығы байқалады. Сонымен қатар мұздықтар тез еріп, құрғақшылық жайлап барады. Бұл материалда Власть фермерлер климат өзгерісіне қалай бейімделіп жатқанын түсінуге тырысты.

Фермер, ұлттық агроқозғалыс жетекшісі Алмасбек Садырбай 2021 жылы Маңғыстау облысында аштан қырылған жылқы малының фотосуреті желіде тарағанын еске алды.

«Сол кезде табиғат жағдайымыздың мүшкіл екенін көрсетіп берді. Экология проблемасы, жерді тиімді пайдаланбай, әбден тоздырып жіберген фермерлер мәселесіне биліктің әрекетсіздігін қосыңыз. Бұл дабыл қағып ақылға шақыратын, билікке белгі беретін жағдай еді. Үкімет бағдарлама жасап, бір әрекетке барсын деген белгі еді. Сол Маңғыстау, Қызылорда оқиғасынан кейін не өзгерді? Ештеңе өзгерген жоқ. Аграрлық саясатты, су үнемдеуді ұйымдастырушы билік осы үш жылда түк те істемеді», – деп налыды ол.

Егін екі-үш рет қана суарылды

Тамыздың соңында Жамбыл облысының алты ауданында төтенше жағдай жарияланды – су жетіспеуі салдарынан 7,8 мың гектардай жер сусыз қалды, ал несиесі бар фермерлер өнімнен айырылды. 350 шақты шаруашылық зардап шекті.

Киров су қоймасындағы тапшылықтың кесірінен су болмайтыны бұрын-ақ белгілі еді. 17–19 шілдеде Бішкекте Қырғызстан мен Қазақстан өкілдері кездесіп, Қазақстан жағы Жамбыл облысында егістікке су жетпей жатқанын айтып, Киров су қоймасынан суды көбірек бөлуді сұраған еді. Сол кезде Қырғызстан бұлай істесе Қазақстанның лимиті тамыздың басында сарқылатынын ескертті, бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігі бұған келісті. Қазақстан егістік суының берілуі тамыздың екінші онкүндігінен бастап тоқтайды деген хаттамаға қол қойды.

Қырғызстандағы Киров су қоймасы, too.kg сайтынан алынған архив фотосурет. Қазір ондағы су деңгейі төмен түсіп кетті

«Олар бәрін қазір ала берейік, сосын бірдеңе қылармыз деп ойлады. Бұл аштықпен пара-пар. Адамға бір бөлке нан беріп, бір ай бойы басқа ештеңе жемейсің дегенмен бірдей, – дейді Садырбай. – Ал біз сол бөлкені екі күнде жеп қойдық. Қырғызстанда су ресурсы комитеті суды бізге қарағанда үнемдеп пайдаланып, бәрін кезеңдерге сай таратты, ал біз бәрін алдық та бірден тауысып тастадық. Бұл су комитеті, министрлік басшыларының біліксіздігі, сауатсыздығы. Кемітіп санағанның өзінде олар елге 3,5 млрд теңге залал келтіріп отыр».

Фермер Маут Фазулов КТК телеарнасының эфирінде жаз бойы егістік жерін тек 2-3 рет қана суара алғанын айтты. Оның 40 гектар қызылшасы мен 50 гектар жүгерісі ысырап болған. Бұған 20 млн теңгеден астам қаржы салынған, сондай-ақ қазір құс фабрикасына 500 тонна дән берешегі бар. Оның айтуынша, бай шаруашылықтарға су берілген, ал шағындары сусыз қалған. Көктемде келісімшарт жасасқанда «Қазсушар» су береміз деп уәде еткен екен, сол себепті диқандар егін егуді бастап кеткен.

Жамбыл облысындағы «Тимофеев» шаруа қожалығының иесі Андрей Тимофеевтің жағдайы тәуірлеу – оның шаруашылығы Қырғызстан мен Қазақстан арқылы ағатын Талас өзені жақтан басталатын кезекте төртінші-бесінші болып тұр, сол себепті су мәселесі әзірге шүкір дерлік. Әйтсе де, су өте аз: пияз бен жоңышқа алқаптары тек үш рет суарылған.

Су проблемасы басталғанын байқаған Тимофеев алты жыл бұрын мемлекеттің қолдауынсыз өз жерінде тамшылап суару жүйесін орната бастаған.

Өзі «капелька» деп атап кеткен бұл суару түрінен өнім жақсырақ дейді: сәбіз бен пияз «стандартпен жасалғандай» бірдей болып өседі. Суару мәселесі өрши түсетінін түсінген фермер шаруашылығында тамшылап суару технологиясын біртіндеп қосып жатыр.

Ол тамшылап суаруды орнату үшін мемлекеттен ешқандай субсидия алмағанын айтады. Бірақ алуға тырысып көрген: «Ештеңе айтпайды, ештеңе төлемейді де. Сосын ананы соттапты, мынаны соттапты деп естіп жатамыз. Бірде мені де Астанадан келген комиссия шақыртып алды, сөйтсек біреулер субсидияны тұрақты алады екен де, біреулер мүлдем алмайды екен. Мені куәгер ретінде қалаға алдыртты».

Оның айтуынша, тамшылап суарылатын гектардың құны 1,2–1,3 млн теңгеге шығады. Бұған тыңайтқышын да, басқасын да қоса алғанда егінді толығымен өсіріп шығу кіреді.

Мемлекет диқандардың ылғал сақтайтын технологияға өтуіне субсидия беріп, шығынның 50 пайызын өтеп жүрміз деп айтып жүр. Бір жыл бұрын сенат депутаттары үкіметтен субсидияны 80 пайызға дейін ұлғайтуды сұраған еді, бірақ премьер-министр Әлихан Смайылов бұл сыбайлас жемқорлық қатерін арттырады деп жауап берді.

Алматы облысы бағбандар қауымдастығының директоры Әрсен Рысдәулетов фермерлерді қолдауға қатысы бар кез келген субсидия елеулі әрі салмақты көмек дейді: «Негізінде фермер табысты болуы керек, мемлекеттік субсидияның көлеміне тәуелді болмауы керек деп айтып жатады. Бірақ тұрақты инфляцияның кесірінен фермерлерге бюджетін ұзақ мерзімге дұрыстап жоспарлау қиын. Жылдық бюджетке операциялық және капиталдық шығын құны, өнімдердің көтерме бағасы, кредит желісі, сәті түссе ғана – субсидия алу кіреді. Инфляция бұл жоспарды түзетіп отырады. Ақырында фермер операциялық шығынның артуына, мемлекет субсидиясының жетіспеуіне ұрынса да, өнім бағасы көбінесе бұрынғы деңгейде қалып жатады. Екінші деңгейлі банктерден кредит желісін алуға арналған кепілзат құны төмендетіліп, ал кредит алар кезде фермерге бұл қаражат қажет болмай қалуы мүмкін. Ең келеңсіз жайт – фермер ақыры кредитті алған сәтте жабдық пен басқа да шығындар 30–50 пайызға қымбаттап кетуі. Мен осындай сан соқтырар оқиғалардың талайын білемін. Шынын айтқанда, көп фермер, әсіресе ұсақтары бүгінгі күнмен өмір сүреді. Олар осы маусымнан аман шығуы керек. Ірі компаниялар аймақтағы болашағына болжам жасап, жоспар құра алады. Оларда судың екі көзіне қол жеткізуге мүмкіндік бар: өзен мен каналдан су алу, артезиан ұңғыма бұрғылау. Екінші нұсқа біраз қымбат».

Әрсен Рысдәулетов

Рысдәулетов тамшылап суаруды, себелеу қондырғысын, гидропоника мен тыңайтқыш қолданатын фермерлік шаруашылықтарды тезірек және тиімді қолдап, субсидия бөлу қажет деп санайды: «Бұл игіліктің құны жоғары, алайда соның арқасында суды 30 пайыздан 80 пайызға дейін үнемдеуге болады. Соңғы 10 жылда біз ел ретінде ауыл шаруашылығын дамытуда жақсы серпіліс жасадық. Көптеген тиімді фермерлік шаруашылық пайда болды. Банкрот болғандары да жетерлік. Ескі және жаңа компаниялардың талайы су үнемдейтін технологияға көшті. Осы трендті жалғастыру керек. Тамшылап суару жүйесі үшін қажетті жабдықтар кешенін толығымен шығаратын жергілікті зауыттар пайда болып жатыр. Бұл үміт сыйлайды».

Тимофеевтің айтуынша, тамшылап суару – біздің фермерлер үшін қымбат технология, бірақ қазіргі жағдайда су ресурсының шығынын азайтады. Соның арқасында көкөніс өсіре алды, бірақ мемлекет саясатының кесірінен өнімін саудаға шығара алмайтын түрі бар:

«Өнімдерімізді Ресейге шығара алмайтын шығармыз, бұл өте жаман. Осыншама шығындалып сата алмау деген… Бізге сәбізді шығаруға тыйым салғанда тақырға отырдық. Елден әкетуге тыйым салса бағасы өспейді деп ойлайды. Кеденді жауып тастаса баға төмендейді, ал салдарын көретін біз. Зардап көретін адамдар аз деп ойлайтын шығар».

Былтыр сатуға деп қойған сәбізін малға берді. «Күніне 20 тоннаға дейін малға тастадық, бір жерде жетпей, ашығып жатса, біз ешкім сатып алмағандықтан малды сәбізбен қоректендірдік».

Фермер мал басын қысқартып жатыр, әрі қарай да азайта бермек, өйткені қажет жем-шөп мөлшерін дайындай алмады: сәбіз сатамын деп үміттеніп еді, енді пішенге ақша жоқ. «Сүрлемге жүгері қосамыз деп ойлап едік, енді жүгері түбімен бірге қурап қалған роликтерді көріп, қорқып отырмын».

Алмасбек Садырбай ірі қара малмен айналысу пайдасыз болып барады деген пікірде, қазіргі жағдайда мал жем-шөпке тоймай қалады, ауырады: «Бір жағынан бұл тарихи тұрғыдан солай қалыптасты: Совет заманында оны бізге міндеттеп қойды, себебі индустрияландыру, ұжымдастыру болды, бұның пайдасы бар еді. Ал қазір бұның бәрі жоқ, сондықтан фермерге бір өзі ірі қара мал ұстау қиын. Елде шөлейтті, шөлді аймақтарда тіршілік ете алатын түлік қалады, яғни қой, жылқы, түйе шаруашылығы. Жылқы бағудың өзі қиындай түседі».

Мұздықтардағы су азайып жатқан жоқ, бірақ ...

Су мәселесі Жамбыл мен Қызылорда облыстарында ғана өзекті емес. Арсен Рысдәулетов Алматы облысында да жауын-шашынның түсімі бірнеше жылдан бері азайғанын айтады. Әсіресе фермерлер бұны 2018 жыл мен 2022 жыл аралығында байқаған: сол кезде егістік суы да, жаңбыр да аз болды. Ол Үлкен Алматы каналында көп жыл бойы жиналып қалған лай тұнба аққанын еске алады. Биыл суға қатысты проблема қайталанбаса да, аптап ыстық болды.

«Фермерлердің өнімі тез пісіп кетеді. Ыстықтың кесірінен тоңазыту тізбегінің үзілмеуін толықтай сақтау мүмкін болмай, жидек дақылдарының сапасына нұқсан келді. Сол себепті тұтынушыға фермерлер өсірген сапалы жидек пен басқа да дақылдар тиісті мөлшерде жете алмай қалды», – дейді ол.

Әйтсе де ғалымдар қазір таудан келетін су ағынына қатысты проблема жоқ дейді, керісінше, көлемі артқаны байқалады. Мұздықтар тез еріп жатыр, проблема кейінірек – 2030–2040 жылдары басталуы мүмкін.

Климаттың өзгеруінен су мол ағатын кезең қазіргідей жазда емес, көктемге ауысуы мүмкін, сол кезде фермерлер жаңа қатерге бейімделуіне тура келеді.

Рысдәулетов климат өзгерісі мен аймақтарға су жетпеуі елімізде басты мәселеге айналуы керек деп есептейді, ол БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериштің сөзін қайталайды: «Жаһандық жылу дәуірі аяқталды, енді жаһандық қайнау дәуірі басталды».

«Қазақстан жаңа жағдайға бейімделуі керек. Біздің азаматтар мен мемлекетке қызмет етушілер қандай қатерге ұрынғанымызды түсінбейді. Трансшекаралық өзендердің, көлдердің тартылуына, еліміздің түрлі облыстарында жауын-шашынның, егістік пен ауыз суының жетіспеуіне куә болып отырмыз. Жекелеген шенеуніктер тұрғын үй кешенін тұрғызу үшін көлдерді көміп тастап жатыр. Ауыл шаруашылығы тұрғысынан бізге су үнемдейтін технологияға басымдық беруді жалғастыру қажет. Қазақстанда табиғи су көздері көп емес», – дейді фермер.

Фото Жанар Каримованыкі

Орталық Азияның мұздықтарымен көп жылдан бері айналысып келе жатқан Рединг университетінің профессоры Мария Шахгеданова климаттың өзгеруінен су жетіспеу проблемасына ұрынған Алматы облысының фермерлерімен кездесті. Профессор оларға ғалымдардың мәліметі бойынша таудан ағатын су керісінше көбейгенін, мәселе суды тиімді пайдалануда, заманауи ирригация жүйесінде жатқанын айтып берді.

Садырбайдың жайылымдық жері бар, ол мұздықтардың еру қарқыны күшейді әрі біз суды тиімсіз пайдаланып жатырмыз деген пікірмен келіседі. «Біріншіден, бізде жыл сайын құбырлар тозып жатыр. Екіншіден, бұл су ұрланып, оны шығынға жаба салады, ал фермерлер су аз деп ойлайды».

Ол су бойынша өткен қауіпсіздік кеңесінде бірінші кезекте талдауға және ирригация желісін жобалауға ресурс бөлу қажет еді деп есептейді. Бірақ қазір ирригация желісін жобалауды ресурсы жетпесе де жергілікті бюджетке артып қойды.

Рысдәулетов те ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға арналған өзендер мен каналдарды жөндеу мәселесіне назар аударады. Қазір тозған каналдардың кесірінен су жерге сіңіп кетіп жатыр – соның салдарынан 40 пайыздан 60 пайызға дейін су жоғалады.

Садырбай су бағасын көтеруге шешім қабылдау қажет деп санайды, сонда ғана оның қадірі болады. Баға қалада да, ауылда да өсуі керек: «Бізде су бағасы өте арзан, басқа елдерде таза ауыз сумен ешкім автокөлік жумайды, егін суармайды. Ал біз оның құны болмаған соң солай істейміз. Бұл радикал шешім болатын шығар, кейбір фермерлер маған ренжитін де шығар, солай-ақ болсын. Бірақ ахуал күрделі, бізге де өзгеру керек. Өнімді ақшамен емес, су бағасымен өлшеу керек. Бір килограмм күрішті өсіру үшін қанша су керек? Басқа аграрлық өнімге қанша су кетті? Су қымбат болуы керек».

Рысдәулетов жауапты фермерлерге өз учаскесінде климат деректерін жыл бойы бақылап отыруға мүмкіндік беретін метеостанция орнату оң шешім болады дейді. Мысалы, түскен жауын-шашын мөлшері, температура, ауа мен топырақ ылғалдығы, атмосфера қысымы, желдің бағыты мен жылдамдығы. Нәтижесінде бұл деректерді түрлі кезең бойынша талдап, салыстыруға болады.

Метеостанция

«Мысалы, бізге метеостанция қызыл шие бағының кенеттен бүліну себебін анықтауға көмектесті, – дейді Рысдәулетов. – Бұған ауру немесе температураның күрт өзгерісі себеп болуы мүмкін. Біз 2021 жылы қарашаның басында температура екі күн ішінде +15-тен -15-ке дейін күрт төмендеп кеткенін анықтадық. Осы кезде ағаштар шырын қозғалысын тоқтатуға енді дайындала бастайтындықтан, олар бейімделіп үлгермей, өліп қалғанын көрдік».

Бұндай метеостанция 1795 еуро тұрады, сосын 360 еуро жыл сайынғы лиценциясы бар.

Рысдәулетов биыл еліміздің оңтүстік облыстарында көктемде шамамен төрт рет күн суытып кетті, қызыл шие, шабдалы, алхоры, өрік пен нектарин секілді дәнекті жеміс дақылдарын өсіретін фермерлердің еңбегі зая кетті дейді. Көшетінің көп бөлігі өліп қалған көкөніс өсірушілер де қатты зардап көрді. Алматыда да тамыздың басындағы мол жауын тосын жағдай болды. Оның метеостанциясына сәйкес, тамыздың бірінші аптасында облыстың тау бөктеріндегі бөлігінде 33 мм шамасында жауын жауды, бұндай құбылыс негізі көктемге тән. Климаттың осыншама құбылуы аз болғандай, шілдедегі қатты да ұзақ ыстық қосымша ауыртпалық әкелді.

«Бізбен сөйлесетін ешкім жоқ»

Садырбай су саясатын үкімет жүргізуі керек деп есептейді: «Жер тозып бара жатқанын, температура көтеріліп, геоботаникалық құрам түбегейлі өзгергенін мойындау керек, яғни егер бұрын бір шаршы метрде 50 шөп өссе, қазір 10–15 шақты болар. Жер жалаңаштанып, топырақтың эрозиясы басталды. Жел беткі қабатты ұшырып әкетеді, бұрын мал жайылғанда шөптің басын жұлатын болса, қазір түбінен тістеп жұлады. Шөптің тамырында жылдар бойы жатқан ауру түрлері болады. Содан келіп бүкіл елге аусыл сияқты дерт тарайды, биоқауіпсіздік тізбегі бұзылады. Кәсіби парламентсіз кәсіби үкімет болуы мүмкін емес. Өйткені парламент дұрыс сұрақтар қойып, үкіметте отырғандарды тұйыққа тіреуі керек, оларды жұмыс істеуге итермелеуі керек. Әзірге бізде сондай кәсіби парламент көріп тұрған жоқпын, кәсіби үкімет те әзірге болмайды.

Жаңа Су кодексінің жобасы туралы материалда Власть Қазақстанда қазір су ресурстары мәселесімен 70 түрлі құрылым мен алты министрлік айналысып жатқанын айтқан болатын.

Десек те, Алмасбек Садырбайдың айтуынша, шындығына келгенде үкімет ылғал сақтау саясаты бойынша ештеңе атқарған жоқ, іс жүзінде фермерлерге ылғал сақтау технологиясын, тамшылап суаруды немесе себелеу қондырғысын көбірек қолдануға ешқандай көмек берген жоқ.

Мысалы, Қазақстан көктемгі тасқыннан жыл сайын зардап шегетінін бәрі біледі, сол суды егінге арнап жинауға болар еді, бірақ бәрі жүйеге келіп тіреледі: «Көктемгі тасқынды су мамандары басқаруы керек, олар қаншасын жинап, қаншасын жіберуді біледі. Ал бізде онымен ТЖМ айналысады, олардың міндеті қандай? Су жинау емес, оны жіберу. Олардың жанында су мамандары "бір бөлігін ұстап қалшы" деп жалынып жүреді. Ал төтенше жағдай өкілі су басса басым кетеді деп қорқып тұрады. Қазір су қоймасын салып көрші. ТЖ өкілі жетіп келеді: "Сен су жинап жатсың, сосын төменде тұрған ауылды ағызып жібересің", – дейді. Су комитетінде де, су шаруашылығында да, Экология министрлігінде де жөнді маман қалмады. Әр салада өз маманы жұмыс істегенде ғана елде тәртіп болады. Егер су маманы болсаң, сумен айналысуың керек. Біздегі қазір су мамандары – бұрынғы прокуратура, антикор өкілдері, бізде гидротехник жетіспейді. Ауыл шаруашылығы министрлігін тезектің иісін білетін, сиырдың тезегін қойдікінен ажырата алатын, жем-шөпті, егістік суы дегеннің не екенін білетін нағыз аграрий басқарғанын қалаймын. Су маманы су ресурсын басқаруы керек».

2015 жылы Қарағанды облысында болған су тасқыны, фотосуретті түсірген Тамара Вааль

Садырбай Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы келіссөзге қатысқанын еске алады, оны екі вице-премьер жүргізген еді, Қазақстан жағынан Серік Жұманғарин болды. «Су мәселесіне келген кезде Өзбекстан тарапынан құрметті ақсақал, су маманы Хамраев сөйледі. Ол: «Қазақ жақтан кіммен сөйлесу керек? Бізбен сөйлесетін ешкім жоқ», – деді. Бұны бәрі естіді, бұл бізге берілген баға. Бізде сөйлесе алатын адам жоқ, ал су мәселесі – көптеген ұсақ-түйектен тұрады, түйткілі көп».

15 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су мәселесін талқылау үшін қауіпсіздік кеңесін шақырғанда Садырбаев бұдан жақсылықтың нышанын көргендей еді, бірақ фермер одан жаңа немесе қызық ештеңе ести алмады.

Ұмыт болған ғылым

Қазақстанда Кеңес Одағы заманынан келе жатқан, өсімдіктің құрғақшылыққа төзімді түрлерін шығарумен, жерсіндірумен, т.б. айналысатын ғылыми институттар бар.

Алайда, Арсен Рысдәулетовтың айтуынша, елімізде мемлекет, бизнес және ғылым арасындағы диалог жолға қойылмаған: «Бұндай әріптестікке ешбір тарап ынтызар болмай отыр. Ғылыми институттардан дербес болуды, бірлескен жобалар жасауды талап ететін мемлекет тарабы бар. Бизнес үйреншікті жолмен жүруді және алға озып кеткен тиімді батыс технологиясын тартуды қалайды. Демек, ғылыми институттардың дамуға деген ниетіне дем беріп, ұмытылған жылдарды қуып жетуге ұмтылу керек. Біздің ауыл шаруашылығы министрлігінің орнында болсам, әлемнің озық ауылшаруашылық университеттерімен және институттарымен бірлескен жобалар құрып, санын көбейтер едім. Ғылымға тұрақты қолдау мен қаржы қажет. Сонымен қатар осы арбаны алға сүйрейтін, қолбасшы сияқты жігерлендіретін драйвер-адам да керек. Ондай адамды қазір көріп тұрған жоқпыз».

Садырбайдың көңілі қаяу: ғылым жоқ, өйткені қаржыландыру жеткіліксіз, ал мемлекет оның маңызын түсінбейді. Ғылыми-зерттеу институттарында жастар жоқ, азғантай ақыға кеңестік дәуірдің мастодонттары істеп жүр. Ол Алматы облысындағы Мыңбаев ауылында қой шаруашылығы институтында жұмыс істейтін, кезінде өзіне білім берген ғылым адамдары бір жыл бұрын еңбек биржасына тұруға мәжбүр болған кезде, министрлікке жүгінгенін еске алады. Олардың институтына қаржы бөлінбей қалғанда ғалымдар 6–8 ай бойы көше сыпырған.

«Бізде тұтас сала қаржыландыруға аса мұқтаж. Тіпті Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың ішінде барлық позицияда артта тұрмыз. Аграрлық ғылымда ауыс-түйіс керек, себебі кеңестік білім ескірді, заманауи технологиялар пайда болды. Біз Кеңес заманымен салыстырғанда артта қалдық дегеннен гөрі, минусқа кетіп қалдық деген дұрысырақ болады».