5394
8 августа 2023
Алмас Қайсар, Ирина Гумыркина, Власть, негізгі суретті Рауль Упоров түсірген

Жаңа кодекс су ресурсының жетіспеуін шешуге көмектесе ме?

Жаңартылған құжат су саласындағы қордаланған мәселелерді шешуі керек

Жаңа кодекс су ресурсының жетіспеуін шешуге көмектесе ме?

Қазақстандағы қазіргі Су кодексі 20 жыл бұрын – 2003 жылы қабылданған. Осы уақыт ішінде құжатқа 70-тен аса өзгерту енгізілді. Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл құжат уақыт талаптарына сай келмейді деп есептейді. Себебі онда су ресурстары экономикалық пайда көру тұрғысынан қарастырылады, ал су қауіпсіздігі мен оны үнемдеу мәселесі көтерілмеген.

Былтыр президент жаңа Су кодексін дайындауды тапсырды. Кодекс жобасы парламентке 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында жіберілуі керек еді, алайда құжат әлі талқылануда.

Власть жаңа кодексті қабылдау су қауіпсіздігі мен елдегі су ресурстарына деген көзқарасты өзгерте ала ма деген сауалға сарапшылармен бірге жауап іздеді.

Су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі бойынша халықаралық сарапшы, Орталық Азиядағы су ресурстары платформасының үйлестірушісі Болат Есекин Қазақстан «апаттық аймақта» тұрғандықтан, елдегі су қауіпсіздігі мәселесі маңызды деп есептейді.

«Жер қатты шөлейттеніп жатыр, көршілердің суына, климатқа тәуелдіміз. Жер құрғап жатыр. Қазір құрғақшылық, су тасқыны, азық-түлік пен климат сияқты көп мәселенің негізінде осы су жатыр. Шаруашылық әрекеттеріміз арқылы жаһандық су айналымын құртып алдық. Жерүсті және жерасты суы, ауадағы су тепе-теңдікті ұстап тұратын, ал біз суару үшін алып, бөгеттер салып, ластап, осы процестерді бұздық. Италияда үкімет төтенше жағдай енгізген соң қатты құрғақшылық болғанын, кейін адамдардың өмірін жалмаған су тасқыны болғанын көрдік. Бізде су айналымдары бұзылған және оны қалыпқа қелтіруіміз керек», — дейді ол.

Табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына дәлел ретінде Аралқұм шөліне айналып, «аймақтық деңгейдегі жара» болып отырған Арал теңізінің трагедиясын айтты. Аймақтағы басқа су айдындарында да осы процесс жүріп жатыр. Жайық бассейніне су бармау салдарынан бекіре тұқымдас балықтар жойылған; «Суды дұрыс пайдаланбау» және Қытай жақтан су алу салдарынан Балқаш бассейнінің құрғау қаупі бар.

«Суаруға суды тегін алып отырмыз деуге болады, бір қорап сіріңкенің құнына 30–40 тонна су алуға болады. Балқаштың суын үнемдеуді ойлайтын біреу бар ма? Сырты қапталған су арнасын қою, (суды – ред.) есепке алу жүйесін енгізуді ойлап жүрген кім бар? Мұндай құралдар барда суды үнемдеу мен оны тиімді қолдану туралы сөз ету мүмкін емес. Құқықтық және экономикалық құралдар, тарифтер, стандарттар, нормалар су тартуды ұлғайтуға құрылған. Су арналарына адамдардың көбірек су алғаны тиімді, олардың табыс көзі – сол. Олар үшін кәріз жүйесіне көбірек су аққаны да пайда. Біздің бүкіл әрекетіміз тіршілікке қиянат. Болжам бойынша, Қазақстанда шөлейттену қарқынды жүріп жатыр, су жетіспеуі 50%-ға дейін жетеді. Суға қажеттілік пен су қоры арасында айтарлықтай айырмашылық болайын деп тұр», — дейді маман.

Эколог, мәжілістегі қоғамдық палата сарапшысы Айжан Сқақова ауыл шаруашылығымен айналысатын облыстардағы су тапшылығынан бөлек, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында су қоры бітуге таяу дейді. Батыс өңірлерде де осы мәселе бар.

«Су тапшылығы, әсіресе, Сырдария, Жайық, Шу, Іле және Талас өзендері маңындағы аудандарда қатты білінеді. Жаһандық жылынуды ескерер болсақ, еліміздегі 60% құрғақшылыққа бейім аридтік аймақта қуаңшылық көп болады», — дейді ол.

Болат Есекиннің пікіріне сүйенсек, жаңа Су кодексіне өзгертулер мен ұсыныстар қабылдағанда, қолданыстағы «суды ысырап етуге» жол беретін құралдарды жою керек.

2022 жылғы 5 мамырда экология министрлігі су ресурстары комитетінің су қорын пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау департаментінің басшысы Марат Иманалиев «жаңа Су кодексінің негізгі мәні – судың табиғи ортаның негізгі элементі екенін және су адамның шаруашылық қызметінің барлық түрінде өте қажет екенін мойындау» екенін айтқан еді.

«Осыған сәйкес су ресурстарын пайдалану және оны қорғау талаптарын айқындайтын барлық норма, соның ішінде басқа заңнамалық актілер де қайта қаралады», – деп уәде берді ол.

Жаңа құжатта көрсетілген тапсырмаларда «су қауіпсіздігі» (ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі ретінде), «суды қорғаудың жалпыұлттық саясаты» деген ұғымдар пайда болған.

Кіші Талдыкөл, суретті Жанар Каримова түсірген

Жаңа кодексті дайындау

Құжатты дайындаушылар су қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға жұртшылық пен ғылыми қауымдастықтың тікелей қатысуы маңызды жаңалық болады деп санайды.

Үкіметтік емес ұйымдар пен барлық азамат ұсыныс айта алады, ал мемлекеттік органдар оларды ескеруге міндетті. Барлық су пайдаланушы су қорының жай-күйі туралы ақпарат алуға құқылы. Олар су қорын қорғау және пайдалану мәселесін шешуге қатысу үшін қоғамдық бірлестіктер құра алады, су айдыны кеңестерінің құрамына кіре алады.

Сумен қамтамасыз ету инженері, экобелсенді Шерхан Сержан елдегі су мәселесін шешуге жұртшылықтың қатысуын маңызды қадам деп санайды.

«Су кодексінде мүдделі тараптар және Су кодексін жасауға қоғамның араласуы деген ұғымдардың пайда болуы азғантай болса да, өте маңызды қадам. Әрі Су кодексін дайындау барысында ол көпшіліктің талқысына шығарылып, көптеген мәселені сарапшы мамандар мен жобаны жасаушылар бірге талқылап, түзету енгізді», – дейді Шерхан Сержан.

Алайда жаңа кодексті жасаушы жұмыс тобында болған Болат Есекин бірнеше эксперттік топ болғанын және әрқайсының ұсынысы әртүрлі екенін айтады.

«Кодекстің мәселелерді шешу алгоритмін көрсететіндей тұтас көрінісі жоқ, әзірге тек азғантай белгісі ғана бар», — дейді ол.

Жұмыс тобында Айжан Сқақова да бар. Ол жаңа кодексті дайындау барысында халық пен мамандар пікірі ескерілгенін байқамадым дейді.

«Әдеттегідей, жаңа кодексті шенеуніктер дайындап жатыр. Шенеуніктер бұрынғы министрлік немесе су комитеті құрамында жұмыс істеген болса да жаман емес, дегенмен, жергілікті тәуелсіз сарапшылар мен халықаралық мамандар болуы керек», — дейді ол.

Сарапшылар ұсынысының шашыраңқы болуы және өзара келісімге келе алмауы шешім қабылдағанда қиындық туғызады.

Жайық, суретті Рауль Упоров түсірген

Мемлекеттің мониторинг, бақылау және ғылым саласындағы саясаты

Жаңа кодекс бойынша, су түбі, жағалаулар, су қорғау аймақтары мен белдеулердің жай-күйін, жалпы су ресурстарының сандық және сапалық сипаттамасын, сонымен қатар олардың пайдаланылуын мемлекет қадағалауы керек. Соның негізінде ғылыми зерттеулермен қатар су қорының мемлекеттік есебі жүргізіледі.

Бұған қоса халықты ақпараттандыру және сумен қамтамасыз ету болжамы негізінде мақсаттарды белгілеу үшін су ресурстарын басқарудың ұлттық кешенді жоспары және су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленеді.

Шерхан Сержан Қазақстанда қазірдің өзінде су ресурстарын бақылайтын жақсы жүйе – «Қазгидромет» ұлттық гидрометеорология қызметі бар дейді. Ал ақпараттық жүйеге бассейндер, өзендер, су қоймалары мен көлдер туралы мәліметтерді қосу және оны жалпыға қолжетімді ету арқылы кеңейтілсе, бұл халықты су ресурстарының жағдайынан хабардар етіп, қоршаған ортаны қорғауға ынталандырады.

«Дегенмен, оның қолданысқа қашан енетінін білмеймін, өйткені мол дерек қорын жинау керек. Экологиялық бекеттер мен осы мәселемен айналысатын бөлімшелер болуы керек. Тиісті бағдарламалық қамтамасыз ету және жергілікті, аймақтық және мемлекеттік органдардың бақылауы болуы керек», — деді ол.

Болат Есекин болса, жұртшылықты өзі тұратын аймақтағы су ресурстарының жай-күйін басқаруға және ақпараттандыруға тарту өте маңызды деп санайды.

«Алматыда кез келген адамнан Балқашқа қандай қатысы бар екенін сұрап көріңіз. Алматылықтар Балқаш бассейні аумағында тұрады, оның ағзасының бір бөлігі деуге болады. Балқаш құрғай бастаса, қайтымсыз процесс басталып, ол бүкіл Алматы облысына жайылады. Халық осыны түсінуі керек. Экономикалық байланыс болуы керек. Бұл тетіктердің барлығы бүкіл әлемде оқшаулау, басқаруды орталықсыздандыру, бассейндерді басқару және адамдарды су шаруашылығына тарту үшін жұмыс істейді», – деп түсіндірді ол.

Балқаш жағалауындағы малшы, суретті Владислав Сон түсірген

Су кодексінде мемлекеттік бақылау тетігін заңнамалық тұрғыдан нығайту туралы жеке бап бар. Бұл – жағдайдың алдын алу үшін барып және қашықтан бақылау, біліктілік немесе рұқсат талаптарына сәйкестігін тексеру және жоспардан тыс тексерулер болады деген сөз. Мұнымен мемлекеттік су инспекторы айналысады. Бұл ретте ​​микро және шағын бизнес жылына екі ретке дейін профилактикалық бақылауға алынуы мүмкін.

Шерхан Сержан мемлекеттік бақылау тетігінің күшеюі елдегі экологиялық жағдайға оң әсер етеді деп есептейді.

«Соңғы нұсқаны 1993 және 2003 жылдардағы кодекстермен салыстыра отырып, тексерулер мен сараптамалар пулының күшею үрдісін, сонымен қатар су ресурстарын бақылау бойынша су пайдаланушылар алдындағы міндеттеме артқанын көруге болады. Ереже күшейіп жатыр. Бұл экологиялық жағдайды жақсартады. Тасымалдау және тарату су желілеріндегі ысырап пен ағып кетуге қатысты талап күшейтіліп жатыр. Өйткені құбыр желісінің және ашық арналардың тозуы 20%-дан 50%-ға дейін жетіп тұр. Бұл өте маңызды», — дейді ол.

Болат Есекин қазір бізде су ресурстарын ұқыпты қолдануға мәжбүрлейтін құралдар жоқ дейді.

«Жол салып, ғимарат тұрғызу үшін қыруар қаржы бөлеміз ғой. Сол жерде суды үнемдеу бойынша қандай да бір талап бар ма? Тасқын су Қазақстанға жыл сайын миллиардтаған теңгенің шығынын келтіреді. Әлемде тасқын суды жинап, резервуарға айдау технологиясы бар. Бұл – таза табиғи су, оны пайдалануға болады», — дейді ол.

Бұған қоса ол мемлекеттік бақылау, қадағалау және басқару бассейндердің аумағында тұратын халықтың, яғни шаруашылық өкілдері, фермерлер, балықшылар және басқалардан құрылған бассейн кеңестерінің қолында болуы керек деп есептейді.

«Министрліктегі бақылаушылар ол жерде тұрмайды, бұл олардың меншігі емес. Олардың біреумен келісімге келу үшін ғана келгенінен не пайда? Бассейн кеңесіне суды, жерді, инфрақұрылымды басқару құзыреті берілуі керек. Кеңес өзінше төлем мен салық мөлшерін бекітіп, қорын, барлық инфрақұрылымын өзгертіп, арналар мен бөгеттерді жөндеуі керек. Мұндайды министрлік шешпеуі керек. Сонда ғана тұрғындар Балқаш көліне тәуелді екенін түсінеді. Басқарудың мұндай нұсқасы халықтың көзқарасы мен түсінігін өзгертеді. Бассейн аймағында салынатын кез келген бизнес кеңестің алдынан өтуі керек. Басқару органдары су беруге не бермеуге, қайда беретінін шешуге, берілсе, қай жерде көбірек жұмыс орны ашылуы мүмкін екенін шешуге құқылы. Кім бірінші келсе, сол көбірек су алып үлгереді деген ұстаным болмауы керек», — дейді ол.

Ертіс, суретті Данияр Мүсіров түсірген

Иманалиев атап өткендей, қазір су ресурстарын басқару бойынша шешім ғылыми негіздеусіз қабылданады. Бұған қоса еліміздің әлеуетті қажеттілігін ескере отырып, ғылыми зерттеу жұмыстарын үйлестіру жоқ, су шаруашылығы саласында кадр тапшы. Оның айтуынша, жыл сайын жоғары және орта техникалық білім алып шығатын 300 адамның 22 пайызы ғана осы салада қалады. 2007 жылдан бері гидрогеолог мамандығын бітірген студент жоқ.

Сондықтан жаңа кодексте су ресурстарының ғылыми-зерттеу және талдау орталығын құру қарастырылған. Сонымен қатар «су ресурстарын және оларға сұранысты жоспарлау, басқару және нормалаудағы» ғылыми-зерттеу орталығының өкілеттігі мен рөлін біріктіру туралы шешім қабылданды.

Шерхан Сержан мұны жақсы амал деп есептейді, себебі, оның айтуынша, су қауіпсіздігін дамытуға кедергі келтіріп тұрған негізгі фактор – су ресурстары бойынша институттың болмауы.

«Бізге техникалық мамандармен қатар, су және трансшекаралық өзендер бойынша саясаткерлер жетіспейді. Мысалы, Қытайда су ресурстарымен қамтамасыз ету деңгейі жаман емес, әлем бойынша алтынша орында тұр. Қытайдың кейінгі жылдары экономикалық ойыншы ретінде дамығанының бірден-бір себебі – су саласының дамуы. Оларда су саласы бойынша бірнеше ғылыми зерттеу институты бар», — дейді ол.

Айжан Сқақова 30 жылда Қазақстанда «су саласындағы ғылыми зерттеулер инфрақұрылымы бұзылғанын» айтты. Оның айтуынша, кеңестік заманда басқару бойынша барлық шешімді ғылыми мекемелер қабылдаған. Қазір көптеген ғылыми зерттеу институты жекешелендіру себебінен жабылған.

«Мекемелердің жеке меншік иелері қаржылық пайданы ғана көздейді, ал оған аз уақытта қол жеткізу қиын. Тағы бір себеп – қалған ғылыми-зерттеу институттарының көпшілігін бюджет есебінен қаржыландыру қысқарды. Сондықтан ғылыми қызметкерлер ғылыми зерттеу институттарын тастап кетті. Болашағын көріп тұрмаған соң, жаңадан да мамандар келген жоқ», — дейді ол.

Оның айтуынша, мәселені шешудің төте жолы – Қазақстанда су шаруашылығы бойынша әлемдік жетекші университет филиалдарын ашу. Бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты, қазіргі Тараз мемлекеттік университеті жоғары білікті кадрлар даярлайтын база бола алады. Ол бұған қоса су ресурстары саласындағы жетекші ғылыми ұйымдарды қоса отырып, ғылыми консорциум құруды ұсынды.

Жайық, суретті Рауль Упоров түсірген

Тариф, суды үнемдеу және гидротехникалық құрылыс

Суды үнемдеу саясатының шеңберінде жерүсті су ресурстарын пайдаланғаны және арнайы құрылыстарды (арнайы суды пайдалану – төменде) пайдалана отырып жерасты суларын өндіргені үшін рейтингтік төлем енгізу жоспарланып отыр. Мөлшерлеме «жоғары» болатындықтан, бұл төлемдердің мөлшері су ресурстарын тиімді және үнемді пайдалануға жол ашады.

Мемлекет суды үнемдеу саласындағы үздік технологияларды енгізген су пайдаланушылардың шығынын да субсидиялайды. Экология министрлігі қазір су пайдаланушылар суды үнемдейтін технологияларды пайдаланудың «экономикалық қажетіне» қызықпайтынын, ал Қазақстанда каналдар арқылы суды жеткізу тарифтері төмен екенін атап өтті.

«Тарифті өзгерту және қосымша коэффициент енгізу – жақсы қадам. Мысалы, Қытайда ірі тұтынушылар үшін су алу тарифтерін көтеру арқылы оларды суды пайдалануды ұзарту жолдарын іздеуге дем беріп отыр. Сонымен қатар, өңірлер бойынша тарифтерді өзгерту жақсы тәжірибе, өйткені су ресурстары Қазақстан аумағында біркелкі таралмаған. Олар шығыс, солтүстік және оңтүстік бөліктерде, ірі өзендер орналасқан жерлерде – Іле, Ертіс немесе басқа да ірі су қоймаларында орналасқан. Сумен жақсы қамтамасыз етілген жерлерде оны ұтымды пайдаланбау бақылаусыз кетпеуі керек», — деп есептейді Сержан.

Арнайы суды пайдалану үшін бассейндік су инспекциясынан тиісті рұқсат алу қажет болады. Атап айтқанда, тәулігіне 5 текше метрден асатын ауызсу алу мақсатындағы жерасты суларын өндіруге рұқсат беріледі.

Сонымен қатар халық пен экономика салаларының суға қажетін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын алудың лимиті нақтыланады. Олар перспективалық және операциялық болып бөлінеді. Перспективалық лимит үш жыл мерзімге анықталып, ал операциялық лимит жыл сайын анықталады. Мұның барлығы өзен суының көлеміне, су объектілерінің экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына байланысты жасалады.

Талдыкөл, Астана, суретті Бейімбет Молдағали түсірген

Мамыр айының басында премьер-министр Әлихан Смайылов 2025 жылдың соңына дейін Қазақстан халқын 100% таза ауызсумен қамтамасыз ету керек деп мәлімдеген еді. Оның айтуынша, 600 мыңнан астам қазақстандық ауыз су мәселесінен қиналып отыр. Бірақ Айжан Сқақова басты мәселе, яғни жоспар қандай мерзімде жүзеге асады деген сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр деп есептейді. Өйткені өткен жылдары барлық жоспар орындалмаған.

2002 жылдан бері Қазақстанда ауызсуға қол жеткізу бойынша түрлі бағдарлама жүзеге асып жатыр – «Ауыз су» (2 млрд доллар), «Ақ бұлақ» (2 млрд доллар) жасалды. Қазір «Нұрлы жер» (232 млрд доллар), бірақ мамандардың айтуынша, жоба әлі үлкен нәтижеге қол жеткізе қоймады.

«Тек министр (экология министрі – В.) ауысты. Бюджеттің қыруар қаражатын уақытында игеру – үлкен мәселе (2023 жылы су тарту және су бұру жүйелерін салуға және қайта жаңартуға 280 млрд теңге бөлінді). Уақыт көрсетеді», – деді ол.

Сқақова Су кодексіне «суды ысырап ету» бойынша өзгертулер сумен қамтамасыз ету мәселесін шеше алады деп есептейді.

«Негізі Қазақстанда судың құны туралы түсінік жоқ – біздің елдегі тариф бойынша ауыл шаруашылығында да, өнеркәсіпте де, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да суды жеткізу үшін ғана төлейді, бірақ су үшін төлемейді. Құдды ол тегін секілді. Қоршаған ортаға келетін зиян жағынан су құнын есептеу мүмкіндігін қарастыру қажет. Алайда, елдегі су ресурстары апатты жағдайға жақын болса да, бұл мәселе мемлекеттік деңгейде қарастырылмаған», — дейді сарапшы.

Ол әртүрлі елдегі тәуліктік су тұтыну туралы мәліметті ортаға салды: Қазақстанда – 3499 литр, Германияда – 855, Ұлыбританияда – 348.

«Батыста тұрмыстық және техникалық қажеттілік үшін бөлек су құбыры пайдаланылады, ондағы су да тазартылады, бірақ ішуге жарамсыз. Көлік жуу орындарында ауызсу болмауы керек, олар қызметтік су деп аталатын суды пайдалануы керек. Жапонияда дәретханада тек тұрмыстық ағынды су қолданылады. Бұл үшін онда бүкіл ішкі су және кәріз жүйесі қайта салынды», — дейді ол.

Ақмола облысындағы Сілеті өзені, суретті Жанар Каримова түсірген

Сқақова коммуналдық қызметтерді тұтынушылар тарифтер төмен болғаны үшін су тегін ресурс ретінде қабылданады деп есептейді. Оның пікірінше, әрбір су бассейні үшін судың нақты құнын анықтап, халықаралық тәжірибені ескере отырып, суды тұтынуға сараланған тарифтерді енгізу қажет.

Жаңа кодекстің бір бөлімі жалпы гидротехникалық құрылыстарға – олардың жіктелуіне, жұмысы мен қауіпсіздігіне арналған. Атап айтқанда, олардың есебін жүргізу, техникалық жай-күйінің көрсеткіштері, пайдалану жағдайлары, көрсеткіштер мен жағдайлардың қауіпсіздік критерийлеріне сәйкестігі туралы ақпарат жинау мақсатында гидротехникалық құрылыстардың реестрін енгізу ұсынылады.

Су объектілерінде тікелей орналасқан, су ресурстарын бассейнаралық ауыстыруды жүзеге асыратын құрылыстарды, сонымен қатар мемлекетаралық гидротехникалық құрылыстарды стратегиялық гидротехникалық құрылыстарға жатқызу ұсынылады. Олардың барлығы мемлекет меншігіне тиесілі және иеліктен шығаруға, жалға беруге немесе сенімгерлік басқаруға беруге болмайды.

Экология министрлігінің мәліметі бойынша, кеңес заманында салынған гидротехникалық құрылыстардың тозығы жеткен, ал оларды қалпына келтіруге қаржы жеткіліксіз. Сондықтан су шаруашылығы нысандарын тиімді және қауіпсіз басқару үшін олардың ұлттық желісін құру ұсынылады, оның операторы «Қазсушар» болады.

Шерхан Сержан гидротехникалық құрылыстар Қазақстандағы су қауіпсіздігі іргетасының бірі екенін атап өтті. Ол да еліміздегі ірі арналардың тозығы жеткенін айтады.

Гидротехникалық құрылыстарға келер болсақ, жобаны дайындаушы тек олардың қожайындарының міндеттерін жазып көрсеткен. Мемлекеттік бақылау мен өнеркәсіптегі қауіпсіздік бойынша қадағалауды осы саладағы құзыретті орган саналатын төтенше жағдайлар министрлігіне беру ұсынылған.

Бірақ ТЖМ тұжырымдаманы талқылау кезінде-ақ бұған қарсы болып, дайындаушының Су кодексінің жобасынан гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін алып тастауы мәселені заң аясында реттеуді ысырып тастап, осылайша гидротехникалық құрылыстардағы апат қаупін арттырады деп есептейтінін мәлімдеді.

Сержан төтенше жағдайлар министрлігі мен экология министрлігі арасындағы қақтығыс бүкіл гидротехникалық салаға қауіпті болуы мүмкін дейді. Оның пікірінше, су ресурстарымен айналысатын жеке министрлік құру туралы ойланған дұрыс. Өйткені төтенше жағдайлар министрлігіне қазірдің өзінде ауқымды міндеттер жүктелген, ал экология министрлігі гидротехникалық құрылыстармен жанама түрде байланысты.

«Кейінгі өрттерді еске алайық. Астанада, далалық аймақта, елорда аумағында су ресурстары болмағандықтан, оны сөндіру қиын болды. Өйткені Астанада су тапшылығы болып жатыр. Үлкен өртті сөндіруге қиналғанда, Талдыкөл мәселенің шешімі болып шыға келеді. Төтенше жағдайлар министрлігі мен экология министрлігі әртүрлі құрылым сияқты, бірақ су ресурстары мәселесі бойынша міндеттері бірлеседі. Гидротехника, су шаруашылығы мәселесімен үкіметтегі ірі құрылым айналысуы керек. Ол министрлік болуы керек. Су кодексін дайындау кезінде де су ресурстары министрлігін құру ұсынылды», — дейді сарапшы.

Айжан Сқақова Қазақстандағы су ресурстары саласының басты проблемасы жүйелеу болмауы деп есептейді. Ол мемлекеттік басқарудың қазіргі халін «су ресурстарын емес, су тұтынуды басқару» деп атайды.

«Қазір Қазақстанда шамамен 70 құрылым, алты министрлік су ресурстары мәселесімен айналысады. Су ресурстары саласындағы мәселелер де жауапкершілік сияқты үзік-үзік. Қажеттілік жағынан су ресурстарымен экология министрлігі айналысады; суды үнемдеу технологиялары мәселесін ауыл шаруашылығы министрлігі шешеді, ұлттық экономика министрлігі елді мекендерге су жеткізуге жауапты; ағын суларды тазарту қондырғылары арқылы су шығару индустрия министрлігінің жауапкершілігінде. Мұның бәрі айналып келгенде су ресурстарына және жалпы экологияға әсер етеді. Су қауіпсіздігі мәселесін шешкенде ортақ ұстанымдар негізіндегі бірегей стратегия болуы керек. Республика бойынша 275 орталықтандырылған сумен жабдықтау және 483 орталықтандырылмаған сумен жабдықтау нысанының иесі жоқ», — дейді ол.

Балқаш, суретті Владислав Сон түсірген

Шашыраңқы кодекс

Болат Есекин кодекстің технологияларға, цифрландыруға, білімге, тарифтерге, стандарттарға қатысты жаңалықтары «бір организмге» айналмайынша, тиімді нәтиже болмайтынын айтады.

«Осы элементтерді байланыстырушы негіз – бассейндік басқару. Бұл – мұздықтардан түпкілікті су қоймаларына дейінгі бүкіл бассейннің экожүйесіне негізделген салалық, ведомстволық және әкімшілік-аумақтық форматтан өзгеше, басқарудың жаңа форматын құру деген сөз», — дейді ол.

Маман тірі экожүйелердің өзіндік географиялық шекарасы бар және басқару бассейндердің шекарасына негізделуі керек дегенді тап өтті. Ол қазіргі бассейн кеңестері «декоративті» деп есептейді.

«Балқаш бассейнінде 4 облыс бар. Олардың аумақтық бағдарламасын қарап, «Балқаш» сөзін табыңыз. Бағдарламаларының олардың өмірі үшін ешқандай мәні жоқ (...) Адамдардың, осы аймақтың өкілетті қожайындарының толық қатысуына негізделген, балық өндірісінің, органикалық азық-түліктің, жасыл энергетика мен дамуға және экожүйені сақтауға, әлеуметтік-экономикалық басқаруға қажеттің бәрі артып, жемісін беретін басқару. Су кодексінде орталықтандырылған басқаруға, серіктестіктер құруға баса мән берілген. Бұл дұрыс емес», – дейді ол.

Сонымен қатар, Су кодексінде муниципалитет, министрлік, өнеркәсіп және кәсіпорындардың төтенше жағдай режимін енгізу мүмкіндігін қарастыратын шаралар да болуы керек.

***

Экология және табиғи ресурстар министрлігі материал жазылып жатқан бірнеше апта бойы Власть жолдаған сауалдарғаа жауап бере алмады. Ведомствоның баспасөз қызметі тек «жұмыс жүріп жатыр, мемлекеттік органдар мен мамандар тарапынан ескертулер мен пікірлер бар» деп жауап берді.

Жаңа Су кодексі қабылданып, қолданысқа енгізілгеннен кейін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдіктері екі жылда су қорғау белдеулері мен аймақтарының шекарасын белгілеуге тиіс. Сонымен қатар гидротехникалық құрылыс иелеріне қажет құжаттардың болуын қамтамасыз ету үшін екі жыл мерзім беріледі. Су қоры жеріне берілген жер учаскелерінің меншік иелері құжат күшіне енгенше мүліктік құқығын сақтайды. Ал оқшауланған немесе бірлесіп пайдалану үшін су объектілері кодекс енгізілгенге дейін берілген адамдар нысандарын келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін пайдалана алады.

Материал Фридрих Эберт қорының Қазақстандағы өкілдігі мен Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесімен серіктестікте дайындалды.