3330
7 сентября 2023
Дмитрий Мазоренко, Паоло Сорбелло, суреттерді Жанар Каримова түсірген

Ірі активтердің кері қайтуы неге көзге көрінбейді?

Мемлекет кері қайтарылған актив артып жатыр дегенмен, ол туралы толық дерек жоқ

Ірі активтердің кері қайтуы неге көзге көрінбейді?

2022 жылғы ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына жауап ретінде заңсыз шығарылған активтерді кері қайтару керегін мәлімдеді. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, осы жұмыс тиімді жүруі үшін жақында қабылданған заң оның бұлыңғыр болуын және биліктің алалау тәсілін қуаттай түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне қарағанда, активтерді қайтару ресурстардың ат төбеліндей топтың қолында шоғырлануын азайтады, осылайша бәсеке болып, елдегі жалпы экономикалық жағдай жақсарады.

Үкімет 2022 жылғы наурызда ішкі активтерді қайтару бойынша, ал былтырғы маусым айында шетелдік активтерді қайтару бойынша комиссия құрды. Бұл комиссияларды басқару бас прокуратураға тапсырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 12 шілдеде қол қойған жаңа заң үкімет мемлекеттік қазынаға қайтарғалы отырған миллиардтарды басқару бойынша жаңа құрылым құруды көздейді.

Бұл активтер тағы бір комиссияның басқаруымен арнайы мемлекеттік қорға аударылады.

Әзірге үкімет ұйымдастыру-құқықтық құрылым құрып жатыр, ал бас прокуратура активтерді қайтару ісіндегі жетістіктері жөнінде ақпарат құралдарында бірнеше рет айтып үлгерді.

Бас прокуратураның 1 шілдедегі мәліметіне сәйкес, Қазақстанға 860 млрд теңге (шамамен $1,9 млрд), «соның ішінде кемі 589 млн. доллары шетелден» қайтарылған.

Алайда, бас прокуратура сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанда бұл активтерге иелік еткен барлық адамның аты-жөнін, сонымен қатар мемлекет меншігіне өткен нақты шоттар, кәсіпорындар немесе жер учаскелері туралы мәліметтерді жариялай алмайтынын айтты.

Әзірге тек бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелері арасынан мүлкі мемлекетке қайтарылғандар айтылды: Болат Назарбаев, Қайрат Сатыбалды, Тимур Құлыбаев, Қайрат Боранбаев және Қайрат Шәріпбаев.

Егжей-тегжейлі ақпараттың болмауы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл істі ашық жүргіземін деген уәдесіне қайшы келіп отыр. Бұған дейінгі бұлыңғыр келісімдер сол активтерді заңсыз иемдену мен шығаруға әкеліп соққан. Сарапшылар заң ұсынылып отырған күйінде қалса, мемлекетке қаражатты қайтарумен айналысатын органдардың бұлыңғыр әрі алалап жұмыс істеуіне жаңа мүмкіндік ашылатынын алға тартады.

Байларды нысанаға алу

Болашақ комиссия заңға сәйкес құны 100 млн. доллардан асатын активті заңсыз алып кетуі мүмкін адамдардың аты-жөні жазылған тізім жасайды. Деректері тізімге енген адамдар бір жылға дейін тергеуге алынуы мүмкін. Ол уақытта мемлекеттің күдігін тудырған активке уақытша тыйым салынады. Нақты бір адамға қатысты дәлел болмаса, есімі тізімнен өшіріліп, уақытша тоқтатылған активі өзіне қайтарылады.

Бас прокуратура мен үкімет құны 100 млн. доллардан асатын заңсыз тәркіленген әлеуетті активті анықтау елімізде кейінгі 30 жылда қалыптасқан олигополияны жоюға бағытталған стратегия екенін айтты.

Парламентте сауалға жауап берген бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов құны 100 млн. долларға жетпейтін заң бұзушылық үшін сот төрелігі жүйесі бұрынғы заңды рәсімдер аясында жұмыс істейтінін атап өтті.

Оксфорд университетінің Орталық Азия және сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша ғылыми маманы Томас Мэйн Власть басылымына берген сұхбатында активтер дұрыс қайтарылса, оң нәтиже болатынын айтты.

«Үнемі автократтар мен диктаторлардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қолдайтынын көреміз. Негізі бұл − популистік қадам. Әсіресе активтерді шетелден алып, оны өз еліңізге қайтарсаңыз, бұл тіпті жақсы көрінеді», – деді Томас Мэйн.

Қасымхан Қаппаров кез келген істе көзге көріне қоймайтын дүниелер үлкен рөл ойнайтынын айтады.

«Әзірге заң аясында қаржы министрлігі тек бір шот ашты, бірақ қосымша мәлімет бермеді. Басқарушы компанияны да кім және қалай басқаратыны белгісіз».

Томас Мэйннің айтуынша, бұл барлық активті қайтару амалы емес, Назарбаевтың отбасы мүшесі саналатын және оған өзге де жақындығы бар кәсіпкерлерді әлсіретуге бағытталған шешім болуы мүмкін.

«Менің ойымша, Қазақстанда 100 млн. доллардан көп ақшасы бар кез келген адамға ол ақшаның қайдан келгені туралы сұрақ қойылуы керек. Сонымен қатар, бұл процесс Қасым-Жомарт Тоқаевпен саяси көзқарасы сәйкес келмейтін адамдардың мүлкін ерікті түрде басып алуға айналып кетуі мүмкін», – дейді Томас Мэйн.

«Бұл шын мәнінде есептесу немесе Назарбаев тобының билігін одан әрі әлсірету әрекеті деген қауіп бар».

Сапасыз заң қабылдау

Алматылық заңгер Бақыт Тукулов Власть басылымына заңның ерекшелігі көп екенін, біраз нәрсе түсіндіруді қажет ететінін айтты.

«Заң бізге үйреншікті форматта жазылмаған. Ол англосаксондық дәстүр бойынша жазылған. Демек, соттың бағалау шегі өте кең болады», − деді Бақыт Тукулов.

Жаңа заңға сәйкес, комиссияның тексеруіне жататын мүлік иелеріне оның заңды екенін дәлелдеуге бір жыл уақыт беріледі. Бұл әдеттегі сот кепілдік беретін кінәсіздік презумпциясына қарама-қайшы амал.

Заң бойынша, мұндай еркіндікті комиссия сотқа дейін мемлекеттік басқаруға берілетін тыйым салынатын активтерді «таңдау процесінде» қолдануы мүмкін.

Бақыт Тукуловтың айтуынша, негізгі өзгерістің бірі – осы.

«Қазіргі уақытта тыйым салынған активтерді тек сот талқылауынан кейін қайтаруға болғанымен, жаңа заң бұл процесті сот талқылауына дейін де бастауға мүмкіндік береді. Сотталушы мүлікті заңды жолмен алғанын дәлелдей алмаса, онда мүлік тәркіленеді».

Осылайша, мемлекет тергеу мен активтердің қайдан пайда болғанын дәлелдеу міндетінен құтылып, ол жүкті жауапкердің мойнына артады. Бұл қайтару процесін де жеңілдетеді.

Қаппаров бас прокуратураның күдіктілер туралы ақпаратты жариялағысы келмейтініне сүйеніп, мұндай шешімді аса қауіпті деп есептейтінін айтты.

«Ашықтық болмаса, бұл жай ғана жалмауыздарға жасалған шабуыл болып қалады», – дейді ол.

Бақыт Тукуловтың сөзіне қарағанда, заңда алалап таңдау түріндегі әділетсіздікке тосқауыл қойылмаса, заң талабы әлсіз болып қала береді.

«Заңның баршаға тең қолданылатынына күмәнім бар, себебі біздің сот жоғарыдан келген бұйрықты орындауға үйреніп қалған. Бұл заң жоғары жақтың бұйрығын орындауға арналған бір құралға айналуы мүмкін», – дейді ол.

Тарихи жағдай

Қазақстанда сомасы аз да болса, заңсыз алынған активтерді қайтару тәжірибесі бар.

1999 жылы Швейцария үкіметі Интерполдың мәліметі бойынша, Қазақстандағы шенеуніктерге берілген параның ізі бар банк шотын бұғаттады. «Қазақгейт» деп аталып кеткен жанжал нәтижесінде Швейцария, АҚШ және Қазақстан арасында меморандумға қол қойылды. Кейін Қазақстанда ақшаны қайтару үшін қор құрылды.

Бұғатталған уақытта шотта 84 млн доллар болған, 2008 жылы, яғни «БОТА» қоры құрылып, оның қайырымдылық қызметі басталған кезде пайыздық өсіммен сома 115 миллион долларға жеткен.

«БОТА» қорының бақылау кеңесі құрамында болған заңгер, құқық қорғаушы Евгений Жовтис ол кезде талаптар басқаша болғанын айтады.

«Ол ақша бұғатталған жоқ, сондықтан талап-арыз да болған жоқ, іс те қозғалмады. Бірақ олигархтарға қатысты жағдай басқаша болуы мүмкін», – деді Евгений Жовтис.

Ол кезде тараптар қазақстандық шенеуніктерге пара ретінде аударылған ақша мемлекеттің қолына тимеуі керек деп келіскен.

«Қазақстан жемқор ел ретінде танылды, сондықтан мемлекеттің бұл ақшаға тиіспеуі керек деген шарт қойылды».

Қор бұл ақшаны қалай бөлу керегін меморандумға қатысушылармен және Дүниежүзілік банк кеңесшілерімен бірлесіп шешті.

«Ашықтық пен тәуелсіз бақылау жүйесі мықты құрылды. Активтерді бұғаттау мен қайтаруды бірнеше құрылым бақылап отырды: америкалық сот жүйесі, Дүниежүзілік банк және қор басқармасы», – дейді Евгений Жовтис.

Мэйнның айтуынша, ол кезде дәл осындай қадағалау қажет болғанымен, бірақ бұл қымбатқа түскен.

«БОТА» қорына айтылған сынның бірі – батыстық аудиторларға [алымдарға] қыруар қаржы жұмсалғаны болды және бұл әділ сын деп ойлаймын».

Жіті қадағалау болмаса, активтер оларды жымқырғандардың еншісінде кетуі мүмкін.

Томас Мэйн «Қазақстан II» деп аталатын басқа активтерді қалпына келтіру ісі бойынша зерттеу авторларының бірі.

2011 жылы Швейцария соты ақша жымқыруға қатысты тергеу жүргізгеннен кейін 48,8 млн доллар активті бұғаттады. Ол кезде актив түптеп келгенде Қазақстан халқына тиесілі екені анықталған соң, Швейцария билігі ақшаны жастар саясаты мен энергия тиімділігі саласын қаржыландыруға аударатын болды.

«БОТА» қорына қатысты іске қарағанда, «Қазақстан II» ісіндегі ақша үкіметке қайтарылып, Дүниежүзілік банктің бақылауында болды.

Томас Мэйннің зерттеуіне сәйкес, қайтарылған активтердің жартысына жуығы билеуші ​​​​партияның жастар фракциясына аударылған.

Біріккен Ұлттар Ұйымы сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының (БҰҰКК) орындалуын қамтамасыз ететін үкіметтік емес ұйымдардың коалициясы активтерді қайтару кезінде ұстануға тиісті бірнеше принцип ұсынды. Соның бірі – ашықтық.

«Қараудағы істің саны мен ақшалай құны туралы ашықтық процеске деген сенімділікті арттыруға біршама көмектесер еді», – делінген коалицияның 2017 жылғы ұсыныстарында.

Қайтарылған активтерді басқаратын ЖШС

Мемлекеттің ақшасы деген – халықтың ақшасы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне қарағанда, қайтарылған қаражат халықтың әл-ауқатын арттыруға, яғни мектеп пен аурухана салуға, жоғары технологиялы кәсіпорындар мен әлеуметтік жобаларға жұмсалуы керек.

Қаржыны «БОТА» сияқты тәуелсіз қор арқылы басқарудың орнына, үкімет қайтарылған қаражатты басқару үшін қаржы министрлігі жанындағы арнайы қор жанынан жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) құру туралы шешім қабылдады.

Министрлік бұл қаражат қалай басқарылатыны туралы ақпаратты жариялаудан бас тартты. Қаржы министрлігі Властьқа департамент әлі де басқарушы компанияға берілген активтерді басқару тәртібін әзірлеп жатқанын айтты.

Әзірге тек талаптарды анықтап, әлеуметтік жобаларды іріктеу ісімен ұлттық экономика министрлігі айналысатыны шешілген. Бірақ ақшаны жұмсау туралы ақырғы шешімді мемлекеттік бюджетті жұмсауға жауапты комиссия қабылдайды.

Әділет министрлігі Власть сауалына жауабында, жаңа заң бойынша қаржы министрлігі қайтарылған қаражаттың игерілуі туралы жыл сайын егжей-тегжейлі есеп жариялап отыруға тиіс екенін айтты.

Бірақ мемлекет бұл қаржының тиімді жұмсалғанын қалай бағалайды? Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, қайтарылған қаражат есебінен қаржыландырылатын әрбір жоба кешенді сараптамадан өтеді. Ал бұл жобалардың әкімшілері «тікелей және түпкілікті нәтиже көрсеткіштерін» орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады.

Қасымхан Қаппаров қаржы министрлігінің бұлыңғыр есеп беру тарихын ескере отырып, қоғам қайтарылған активтерге қанша мектеп пен әлеуметтік нысан салынатынын білмей қалуы мүмкін деп есептейді. Бұл қаражаттың бюджет есебінде жеке тармақ ретінде көрсетілуі екіталай.

«Бұл ақша ұлттық қорға аударылса, басқа әңгіме. Сонда қанша ақша түскенін, оның қаншасы жұмсалғанын біліп отырар едік», – дейді экономист.

«Қазіргі саяси жүйеде активтерді мемлекетке кері қайтарудың мәні жоқ деп ойлаймын. Жүйенің өзі бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалатын етіп құрылған», – дейді Жовтис.

Дұрыс ойластырылмаған жоспар

Заңсыз шығарылған активтерді қайтару – Қасым-Жомарт Тоқаевтың «экономиканы монополиясыздандыру» саясатының сегменттерінің бірі. Байлықтың аздаған бизнесменнің қолында болуы халықтың наразылығын тудырды. Нәтижесінде 2022 жылғы қаңтарда жаппай наразылық шерулері болды.

Наразылықты басып-жаншыды, бұл оқиға Қанды Қаңтар деген атқа ие болды. Қақтығыс қатты жүрген күндері кемі 238 адам қаза тапты.

Қанды Қаңтардан соң президент экономикада бәсекені арттыру керегін мәлімдеді.

«Былтырғы жылдың басынан бері экономиканы монополиясыздандыру бойынша жұмыс істеліп жатыр. Бұл – қиын әрі үкіметтің мүддесі мен кәсіби білігін талап ететін процесс», – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы наурызда өткен VIII сайланған парламенттің бірінші сессиясының ашылуында.

«Комиссия экономикалық ресурстар азғантай адамның қолында шоғырлануы жойылып, әділ бәсеке пайда болғанға дейін жұмыс істейді» - Бас прокуратураның мәлімдемесіндегі премьер-министрдің басшылығымен 2022 жылы құрылған экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссияның міндеті осы.

Активтерді қайтару туралы заңның экономиканы монополиясыздандырудың ең көп жарияланған құралы болғаны мемлекеттің осы мақсатқа «адал» екенін көрсетеді.

Қасымхан Қаппаровтың айтуынша, ірі бизнес бұл заңның және активтерді қайтару процесінің негізгі бенефициары болады.

«Ірі бизнес пайда әкелмейтін әлеуметтік маңызды нысандардың бір бөлігін алып тастауы мүмкін. Мұндайда олар күрделі салым жасамайды, оны мемлекет жасауы үшін. Содан кейін оларды жекешелендіруі мүмкін және кәсіпкерлер 20–30 жыл бойы инвестиция салуды қажет етпейтін тұрақты ақша ағыны бар активтерге ие болады. Ал жылдар өткен соң бәрі қайталанатын шығар», – деп түсіндірді экономист.

Ол Қазақстандағы жекешелендіру процестері үнемі бұлыңғыр болғанын да атап өтті. Кейбір мемлекеттік активтер Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғанда-ақ жекешелендірілді және сарапшы мұндай ашықтық болмаған оқиғалар қайталануы мүмкін дейді.

Томас Мэйн Қазақстан сияқты елдерде активтерді кері қайтару ақшаны басып алуға айналып кетуі мүмкін дейді.

«Активтерді қайтару қиын процесс екенін білеміз. Ақшаны жымқырған адамдар да көбіне билікте отырғандар. Сондықтан заң аясындағы және заңсыз іс арасындағы айырма кейде түсініксіз болуы мүмкін. Сол себепті кейде ақшаны қайтару үшін тек қылмыстық емес, тіпті азаматтық заңнамаға сәйкес келетін дәлелдерді табу қиын».

Қасымхан Қаппаровтың айтуынша, үкімет бұл активтерді басқарудың қаржылық ауыртпалығын өз мойнына алуы керек, ал бұл активтерді қалпына келтіруді Қазақстан үшін қымбат міндетке айналдыруы мүмкін.