Петроглиф іздеушілер жаңа маусымды ашып, Ұлы Жібек жолының ізін және көне жартас суреттерін Алтынемел ұлттық паркінен іздеп жүр.
Жетісу облысына бардық. Қапшағай су қоймасының демалыс орындары салынбаған жағасы. Бір жағында — су, екінші жағында — тау. Әр салада қызмет ететін, жас мөлшері де әртүрлі 20 адамнан тұратын топ осы жерден ата-баба ізін табуға аттанды.
«Аяқтың астына қарап жүру керек, қазір жылан оянатын кез. Аяқ баспастан бұрын тасты қарап алыңыздар, бұл жердің бәрі сусымалы, тастар сырғып жатыр. Үш-бес адамнан бөлініп алыңыздар, жалғыз жүрмеңіздер», — деп стоматолог болып істейтін Рафаэль Хисматуллин жедел нұсқау беріп жатты.
Оны жоқшылардың ішіндегі жолы болғышы деп атайды — жақында Талдықорған маңындағы Ордакөлден петроглифтер аңғарын ашты.
Бес жылдай бұрын Хисматуллин Дауылбай тауының жанында тұратын Жанат Тұралбай деген таныс шопанның қыстауына барады. Рафаэль петроглифтер туралы сұраса, Жанат оның не екенін білмейді екен. «Тасқа салынған сурет» дегенде барып түсінді. Сөйтті де шамамен 5 шақырымға созылып жатқан жартасқа салынған «сансыз көп суреті бар» аңғарға апарды.
Хисматуллин фотоға түсіріп, тарихшылармен және археологтармен байланысуға тырысты, оларға Facebook арқылы хат жазды. Оған «Петроглиф іздеушілер» қорының матриархы Ольга Гумирова ғана үн қатты.
Гумирова орналасқан жерді нақтылап сұрап, бұл суреттер картаға түспегенін жеткізді. Жергілікті халық Ордакөл деп атайтын жотаның осы бөлігіндегі петроглифтердің саны он мыңдай. Кезеңі: ерте қола дәуірінен бастап қазіргі заманға дейін.
Тауда әлі де талай петроглиф жасырулы жатыр, бүгін петрогриф іздеушілер тобы Алтынемелде көне суреттерді іздейді.
Ешкілер мен қызғалдақтар
Қорықшылар жол бастаған төрт машина тауға аттанды. Бұл ерекше қорғаудағы жер болғандықтан, талап солай.
Фермаға жақын жерде бірден қорымға тап болдық. Қорғанның барлығы дерлік көне замандарда тоналған. Ольга Гумирова тастардың шаршы күйде қаланғанына қарап, ғұндар қорымы деп топшылады. Олар шағын үйіндінің жанында жатыр, жергілікті тұрғындар бұны Шолақ батырдың қорғаны деп санайды, мұндағы тау да батырдың құрметіне аталған.
Сапарымызды жалғастыра жүріп, тастан қаланған орындарға жиі тап болдық, олардың кейбірінің диаметрі 25–30 метрге жетеді, өкінішке қарай, ұшырасқан қорғандардың бәрі тоналған. Гумирова бұлар Ұлы жібек жолымен жүрген керуендердің қорасы болуы мүмкін дейді. Біздің көріп тұрғанымыз — жолдың тармағы. Бұл долбарды растау үшін әлі де мамандармен сөйлесу керек.
Ольга Гумирова — журналист, балалар жазушысы, петроглифтерді іздеумен 90-жылдардан бері айналысады. Ол бала кезінен археологияға әуес болды, тарих факультетіне түскісі келді, алайда журналистиканы таңдады. Дегенмен арманы жоғалған жоқ — Гумироваға Трояны тапқан Генрих Шлиманның оқиғасы шабыт берген.
Петроглифтерді алғаш рет Таңбалы тас археологиялық кешенін ЮНЕСКО тізіміне кіргізуге дайындалып жатқан кезде, 1994 жылы көрді.
Бір жылдан кейін оған №46 гимназияның оқушыларымен бірге Ешкіөлмеске аспаз ретінде экспедицияға шығуға ұсыныс түсті. «Тамақ жасай алмаймын, ұнатпаймын да, сонда да бардым. Ешкім уланған жоқ (күледі). Сағат он бірге дейін түскі асты дайындап тастап, сосын шамамен кешкі беске дейін жартас аралауға кететінмін. Петроглифтердің суретін басуға қатыстым, археолог әрі альпинист Алексей Марьяшевпен таныстым. Ол менің бағдардан жаңылмайтынымды, жартасқа өрмелейтінімді көрді. Сосын өзінің экспедициясына шақырды».
Петроглифтерді сәтті іздеу үшін жартасқа өрмелей білу керек, тау туризмінен хабардар болу маңызды. Жалпы төзімділік керек — жазда жартастың ыстығы қатты болады.
Бірақ қазір, наурыз айы аяқталып жатса да, күн әлі салқын: күн шуағы алдамшы, ал күшті жел бір-бірінің дауысын естіртпейді.
Кейбіріміз қорғандарды (кейбірінің диаметрі 12 метр, тіпті одан да үлкен) және тас қаландыларын тіркеп жатқан кезде, суретші Елана Кудинова қарсы беттегі тауды фотоға түсірді, сосын зум арқылы жартастағы суретті байқады. Ізшілер сусымалы тастар арқылы соған көтерілді.
«Ешкілер, ешкілер, — деген дауыстар қатты шығып жатты. — Тағы да ешкілер, абайлаңыз, қызғалдақтар! Қызғалдақтар! Аяқ астына қараңыздар».
Мұнда жартастың өзіне Қызыл кітапқа енген ақ, сары қызғалдақтар өсіп шығыпты — оларды басуға болмайды.
ҚазБСҚА профессоры және оқытушысы Саид Ғалымжанов табылған «ешкілер» қола дәуіріне жатады деп түйді: «Бұл қола, суреттер жаңартылған, бірақ бұл қола екеніне кепілдік беремін, астыңғы қатар — жүз пайыз қола. Ал астымызда үлкен қоныс бар».
Ғалымжановтың «ізшілерге» қосылғанына көп болса да, мына жерге алғаш аяғы тиіп отыр: жағдайды барлау үшін келдім, кейін студенттерімді әкелемін дейді.
Әуесқой астрофизик Денис Парышевтің петроглиф пен қоныс орындарын іздеуге көмектесетін дроны үстімізде ызыңдап жүр.
Көрші таудан Спиридон Старковтың жұқалтаң сұлбасын көріп тұрмыз, ол: «Түйе, түйелер!» — деп айғайлады. Олар ешкілерге қарағанда сирек ұшырасады.
Спиридон Қазақстанға Саха Республикасынан үш жыл бұрын көшіп келген. «Ең жүрдек аяқ пен ең қырағы көз» иесі. Оның туып-өскен жерінде ең жақын тауға жету үшін «КАМАЗ көлігімен үш күн жүру» керек. Томскіде оқыған кезінде алматылықтармен танысып, тау туралы солардан естіпті. Спиридон Алматыға қоныс аударғанда қала шынымен тау етегінде орналасқанын көрді. «Таңертең ұйқыдан тұрып, таңғы асты таудан ішуге болатыны ғажап қой», — дейді ол.
Старков Есік музей-қорығына экскурсияға барып, петроглиф іздеушілер туралы біледі, солардың экспедициясына сұранады. «Біздің Саха Республикасының елтаңбасында жартас суретіндегі салт атты бейнеленген. Гумированың дәрісінде соған ұқсайтын жартас суретін байқап, мұны көзіммен көруім керек дедім. Сөйтіп аңсарым ауды. Бұл тікелей болмаса да, біздің ата-бабаларымыз екенін білемін, түркілер сақтардан тарады, саха халқы түркілерден шықты. Өзіме олардың қалай өмір сүргені қызық. Мен мұнда жер жеткілікті бола тұра, ата-бабаларым неліктен соншалықты суық жерге қоныстанғанын білгім келеді», — деп күлді Спиридон.
Көрші тауда Старков тағы да петроглифтер, үлкен бүркіттің өлігін және Болат деп жазылған белгіні тапты.
Соңғысы — жартас суреттерін іздеушілер үшін аңыз тұлға. Болат деген әлдебіреу Шолақ тауларында петроглиф табылған жердің бәріне өз атын қалдырып кетеді, бұл таңғалдырар жағдай. Болаттың шығармашылығы белсенді болған кез 80-жылдардың екінші жартысына сәйкес келеді, ол атын жазып қалдырудан бөлек, қола және темір дәуіріндегі ата-бабалар суретін де жаңартты. Спиридон Болатты шопан болған деп санайды, енді оны тауып, қолын алуды армандап жүр.
Жартастан, күңгірт зеңжардан жіңішке, бірақ өте нәзік сурет таптық — буаз аңның бейнесі болуы мүмкін.
Табылған суреттің бәрі GPS арқылы тіркеледі — фотосуреттері мен мәліметтері Ә. Марғұлан атындағы археология институтына беріледі.
Юрий Дорохов пен Саид Ғалымжанов адам итке мініп тұр ма, қасқырға мініп тұр ма деп, бір суретті талқылап тұр. Қолын неліктен көтеріп алған? Сурет қола дәуірінде қашалған, кейін жаңартылған.
Бұл петроглифтер қатерден аман қалды: олар ұлттық парк аумағында жатыр, демек, мемлекет қорғауында.
Петроглифтерді басқа жерге көшіруге болмайды
Ал кейбір ежелгі жартас суреттерінің жағдайы мәз емес. Арқарлы тауында тақтатас пен қиыршық тас өндірушілердің кесірінен 4 мың жылдай тарихы бар көне ғибадатханаға зиян келді. Бұған жердің міндетті археологиялық сараптама жасалмастан жекеменшікке жалға берілуі себеп болды.
Мамандар Көксу өзенінде су электр станциялары салынатынына алаңдап отыр. Қазір екеуі салынып жатыр. Наурызда Ешкіөлмес петроглифтері шоғырланған жердің маңында тағы бір СЭС құрылысы басталуға тиіс. Соның кесірінен әлі зерттелмеген, тіркелмеген суреттерді қына басып кетуі мүмкін.
«Жанынан, былайша айтқанда, ескерткішті қорғау аймағында қатарынан екі электр станциясы салынбақшы, бұл қорымдар, қоныстар жойылады деген сөз. Егер ол жерде су айдыны пайда болса, петроглиф бетіне қына бітіп, жойылады. Ешкіөлмес ЮНЕСКО ескерткіштердің ұжымдық номинациясының алдын ала тізіміне енгізілгенін, биыл Қазақстан маусым айына дейін осы ұйымға жетекшілік ететінін ескерсек, біз оның құрамынан халықаралық деңгейде үлкен дау тудыра отырып шығып қалуымыз мүмкін», — деп санайды Гумирова.
Оның айтуынша, СЭС мәселесі 2010 жылдардың басынан бері айтылып келе жатыр, сол жылдары Ешкіөлмес алғаш рет Алматы облысының археологиялық ескерткіштер жиынтығынан алынып тасталды.
Оның үстіне петроглифтерді басқа жерге көшіруге болмайды.
«Суреттер қашалып басылған зеңжардың қалыптасу ерекшелігі тау, жартас тұрған жермен байланысты. Орнын ауыстырса күн сәулесі басқаша түседі, соның кесірі зеңжарға да тиеді, — деп түсіндірді Гумирова. — Ол күнге оңып кетуі мүмкін. Көп сурет терең салынбаған. Археологтар Таңбалыдан құлаған бірнеше көріністі алып, музейге көшірген еді — зеңжары түсіп қалды. Суреті терең қашалып салынғаны жақсы болды. Көп жағдайда суреті терең болмады, содан зеңжары түсіп, жай тастың өзі қалады. Айта кететін тағы бір жайт, белгілі бір көріністің неге арналғанын толық түсіну қиын. Жерлеу рәсіміне қатысты болуы мүмкін. Біз қабірдің затын үйге тасымаймыз ғой!»
Гумирова ғибадатхана — жосықсыз, жүйесіз қашалған суреттер емес, қасиетті орынды ұйымдастырудың белгілі бір қисыны бар дейді.
«Ежелгі адамдар ғибадатхана салуға орын таңдай білген. Ондай жерде ерекше атмосфера үстемдік құрған, әдетте олар есте қаларлық, әдемі жерде болады. Үйлесімнің, берекенің, алаңсыздықтың әсері сезіліп тұрады. Ғалымдар әлі күнге дейін жауабын таппаған сұрақтар жетерлік.
Сақтардың таңба өнеріне келетін болсақ, бұл мифтері қым-қуыт күрделі дүние! Батыс скифтерінің мифологиясы туралы жазба деректер кездеседі, ал сақтар туралы қытайлардан табуға тырысып жүргендер бар, оларда үзік-үзік мәліметтер бар деседі. Әлі ешкім қытай деректерін шындап ізденбеген секілді».
Ізшілер экспедицияға демалыс күндері шығып жүр (өйткені бәрінің жұмысы бар), белсенді маусым жарты жылға созылады, қыста да барлауға шығатындар бар. Алтынемелде Qazaq National Parks қолдауымен жүргізілетін зерттеу сәуірде өтеді, сосын энтузиастар бұл жерге күзде қайтып келеді. Мамыр мен маусым айлары петроглифтері қауіп үстінде тұрған Ешкіөлместе өтеді.
«Ол жақта петроглифтер шоғыры басқаларына қарағанда көбірек, бір бөлігі ғана зерттелген, жартас қамалдарына шығып, сол петроглифтерді суретке түсіру үшін арнайы альпинист жарағы қажет», — дейді Гумирова.
Алтынемелде бір фермер өзінің аумағында петроглиф өте көп екенін айтты, алайда ол жаққа жету қиын — жер батпақ. Жалпы петроглиф туралы басты ақпарат көзі — шопандар мен ұлттық парк қорықшылары. Іздеу орны шамамен белгілі болғаннан кейін білімді де, түйсікті де іске қосу керек.
«Ежелгі адамдар көрінген жерге сурет салған жоқ»
Спиридон Старков ежелгі адам сияқты ойлау керек деген Ольга Гумированың сөзін үнемі еске алып жүреді — оған бұл өсиетті 7 жыл бұрын қайтыс болған Алексей Марьяшев айтып кетіпті.
«Ольга Николаевна ежелгі адамдар суретті тектен-текке, көрінген жерге салған жоқ дейді. Суреттер әдетте ыңғайлы сүрлеудің және әдемі жердің жанында орналасады. Сондықтан жартасқа қарап отырып, сол жерге сурет салар ма едім деп ойланамын. Өзімнің алғашқы петроглифімді қалай тапқаным есімде. Гумирова жотаны бойлап жүре бер деген еді, келе жатырмын, келе жатырмын, ештеңе жоқ. Сол кезде ежелгі қазақ болсам, қайда барар едім деп ойлана бастадым. Алқаптың, аңғардың, қоныстың көрінісі ашылатын жерге баратын шығармын. Сөйтіп келе жатқанымда алдымнан ешкінің суреті шықты, сосын тағы бір ешкі, тауға көтерілгенде суреттер шоғыры пайда болды! Ішкі әлемімде қызық бір сезім, қуаныш, эйфория болды. Мұндайды бұрын бастан кешіп көрмеппін».
Содан бастап Старковтың әуестігі оянды: петроглифтерді көптеп таба бергің келеді екен.
Талдықорғандық Рамис Атабаев та таңбалы тастарға әуес. Ол бұрынғы әскери қызметкер, алты баланың әкесі. Қызметтен кейін бизнеске кеткен. Археологиямен бала кезінен айналысады. Оның Франциядағы жартас суреттері туралы кітабы болды, кейін ондай суреттер Қазақстанда, тіпті туған қаласында да бар екенін біледі.
Журналист әрі петроглиф іздеуші Юрий Дорохов «Қазақстанды петроглифтер елі десек, Талдықорған — соның астанасы» деп әзілдейді. Атабаевтың айтуынша, көне суреттер салынған тастарды адамдар үйінің бақшасынан да тауып жатады. Оның бағалы екенін түсінетіндер археологтарға жүгінеді, білмейтіні құртып жібереді.
Былтыр Талдықорғанда бірнеше жылға созылған дау ақырына жетті. Жергілікті құрылыс компаниясы диорит өндірумен айналысып, қола дәуірінен бере келе жатқан петроглифтері бар шоқының төбесін қиратты. Қирап үлгермегенін аман алып қалудың сәті түсті.
«Екі жылдай бұрын әуесқой ретінде велоспортпен айналыса бастадым. Қазір де велосипед мініп, Талдықорған маңындағы жақын шоқыларға барамын, жаңа петроглифтер іздеймін, сосын ақпаратты Гумироваға жіберемін. Шабарман ретінде пайдам бар. Менің ісім — анықтау, белгі қою», — дейді Атабаев.
Талдықорған маңындағы таулардан жергілікті тұрғындар жартас суреттерін көп байқап жүр. Атабаев соларды іздеуге бір өзі велосипедпен аттанады, көбіне тауып та жүр. Сюжеттері әртүрлі: аң аулау көрінісінен бастап қарапайым ешкілерге дейін, адам бойымен бірдей пішіндер де кездеседі.
«Өзім үшін мұның киелі мәні бар, өйткені мен мұсылман отбасында дүниеге келдім, алайда уақыт өте келе көп сұрақ мазалады. Мысалы, неліктен Құдайға араб тілінде сыйынуым керек? Мен бұл тілді түсінбеймін. Жаным қайтсе де көшпенділікке жақын, маған кең дала маңызды…» — деп ой толғады Атабаев.
Петроглифті теріс пиғылмен іздеп келген адамдар оларды байқамайды, көрмейді, оларға ашыла бермейді дейді.
Өзі де петроглифтерді бірден байқай алмаған. Бірде Ордакөлде петроглифтер бар дегенді естиді: «Сол жерде бір сағаттан астам уақыт жүріп шаршадым, қалжырап жартастардың біріне отырдым, төмен түсуді ойладым, іштей: «Петроглифтер қайда, табылыңдаршы!» деп, мойнымды бұрып едім, күн сәулесі маған ешкі суреттерін нұсқағандай болып түсті, суреттер бірінен соң бірі ашыла бастады».
Атабаевтың айтуынша, іздеуге қолайлы уақыт — таңертең немесе кеш, ымырт алды, ең дұрысы — күн жарығы бәсеңдейтін қараша айы.
Ол осы ескерткіштерді ЮНЕСКО мәдени мұрасына қалай да кіргізу керек деп санайды. Атабаев әскери қызметте шекарада жұмыс істеді, сол кезде шетелдіктер Таңбалы тасқа бара жатырмыз дейтінін еске алды.
«Неліктен басқа жерлерге бармайтынын сұрағанымда, басқасы ЮНЕСКО тізімінде жоқ, демек, олардың құндылығы дәлелденбеген деп жауап берді. Келушілердің сөзінің жаны бар. Мемлекет ескерткіштерді сақтап қалуды және қорғауды мақсат етуі керек, 20 жылдан кейін біз бұдан табыс таба аламыз».
Рафаэль Хисматуллин де іздеу кезінде бойын құмарлық пен әуестік билейтінін айтты: «Бір жаңалық ашу сезімі болады, бұл хоббиден де жоғары тұрған нәрсе, өмір салты десек жарасады».
Хисматуллин петроглифке қызыға бастаған кезінде жарына күн басты құдайдың суретін тауып, олжасын арнауға уәде берді. Ол осы уәдесін орындады: 3,5*1,5 см болатын кіші суретті тапты. «Жарыма арнауым» дейді.
Күн басты құдайды табуды армандамайтын ізші жоқ шығар (көбі бұл суретті «Азия дауысы» музыка фестивалінің символы ретінде біледі). Анық суретіне кезіксем дейді, бірақ Дорохов айтқандай, ешкілер де қуанта алады.
Жазылмаған үлкен таза қағаз
Болашақ ізшілер тобы 90-жылдар соңында қалыптаса бастады — Алексей Марьяшевке әрдайым еріктілер ілесіп жүретін, ол «Дружные ребята» газетінің жас журналистерін шақырғаннан кейін алдына белгілі бір мақсат қоятын топ пайда болды. Ольга Гумирова осы газетте көп жылдан бері еңбек етіп келеді.
«Көп адам Қазақстан аумағы археология тұрғысынан алғанда жазылмаған үлкен таза қағаз екенін біле бермейді. Археолог өте аз, ал нысан өте көп, мысалы, Көксу өзенінің аңғарын, жалпы Жетісу өңірін алсақ болады. Біз ақша жинап, өз күшімізбен шығып жүрдік, Алексей Марьяшевке экспедиция ұйымдастыруға көмектестік», — деп еске алды Гумирова.
Ол кісі өмірден өткеннен кейін петроглифтерді қорғау мақсатымен қор құрылды. Былтыр Ә. Марғұлан атындағы археология институтымен үш жылға меморандум жасалды. Ізшілер бүкіл ақпаратты ғалымдарға жіберіп отырады, олармен экспедицияны қалай өткізу керек екенін немесе белгілі бір жағдайда не істеу керегін талқылайды.
Петроглифтерге екі қатер бар: бизнес пен уақыт. Бұған қоса қаржы аз болғандықтан, қазір жартас суреттерімен айналысатын жас археологтар жетіспейді. Гумированың айтуынша, елде ресми түрде петроглифтердің үш жүздей шоғыры тіркелген, бірақ шын мәнінде олардың саны әлдеқайда көп.
Мәселенің бір ұшы Қазақстанда алдын ала археологиялық сараптама туралы заңның орындалмауында жатыр. Белгілі нысандар толық зерттелмеген. Мысалы, Бесшатыр — жақсы зерттелген қорым, бірақ соның жанындағы петроглифтерді ешкім тіркеген жоқ, олар қорымның шығыс жағында жатыр. Алтынемелдегі Таңбалы тас та түпкілікті зерттелмеген. «Ізшілердің» экспедициясына дейін ұлттық парк аумағында Шолақ тауындағы шоқылардың төбесінде де суреттер бар екенін ешкім білген жоқ, оны жақында Спиридон Старков тапты.
Сондықтан «Петроглиф іздеушілер» мемлекеттің қауқары жетпей жүрген істі атқаруға мәжбүр. Оның үстіне бұның бәрі тегін, таза энтузиазммен жасалып жүр.
«Ізшілер қатарында әртүрлі адам бар. Бұл бәрімен тіл табыса білген, бәрін біріктіріп, достастыра алған Ольга Николаевнаның еңбегі деп білемін. Бізді алға сүйрейтін, ұйымдастыратын жұлдызымыз», — деді Атабаев.
Алтынемелдегі іздеу жұмыстары Qazaq National Parks ұйымының сол жақта жаңа туристік маршруттар ашқысы келетін ниетімен байланысты. Бұл жер қорғалатындықтан, Гумирова мұндай маршрут петроглифтер үшін қауіпсіз және адамдар үшін пайдалы болар еді деп санайды.
«Мен бұл жерде бірнеше рет Марьяшевпен бірге болғанмын, алайда археологиялық кешенге қатысты түсінігім жеткіліксіз еді. Мұқият қарайық дедік, бірнеше экспедициядан соң, әсіресе Спиридонның арқасында бұл жердің қалай ұйымдастырылғанын түсіне бастадық. Жергілікті фермерлермен, шопандармен және инспекторлармен көп сөйлестік. Сөйтіп жағдайға қанықтық. Осы жерде керуен жолы болуы керек деп болжадық, оны да іздеп таптық. Қоныстың үстіндегі жотаға шықтық, ол жерде биіктігі бір метрге жуықтайтын, төрт бұрышты, ішіне тас толтырылған тас қаландылары бар. Тіпті бақылау бекетіне ұқсайтын орынды да көрдік. Сол жерден іргелес таулардың және алқаптың көрінісі ашылады. Керуен жолы да бірден белгілі болды. Кеше біз осы маршрутпен жүрдік, бәрі расталды. Бұл қоныстар арқылы өтетін керуен жолының бөлігі, сол жерде петроглифтер де бар — олар көп емес, өйткені орталық ғибадатхана көзден таса болған, ол Қарашоқы жанында болуы мүмкін», — деп топшылады Гумирова.
Спиридон саптыаяққа кофе құйып әкелді. «Өзінше қасиеті бар сусын», — деп Гумирова кофеден ұрттады.
«Ол мені кофесіз экспедицияға қоспайды, — деп күлді Спиридон. — Кофе үшін ғана алады».
«Спиридонның кофесінде бір сиқыр бар, соны ішсем, қан қысымым көтерілмейді. Қалай жасайтынын білмеймін».
Жер Арт — жаңа да ескі петроглифтер
Алтынемел визит орталығын туристерге тартымды ету үшін суретші Санжар Жұбанов land art дегенмен үндес Жер Арт деп атаған жобаны бастады. Ашық аспан астындағы ерекше сурет галереясы. Визит орталыққа жақын жерде сүрлеу бар, соның бойына ежелгі петроглифтер де, Жұбановтың тасқа салған жаңа жұмыстары да қойылған. Туындыларына контраст бергендіктен, олар көзге бірден түседі.
Суретші галерея жұмысына үш ай тер төкті. Таудың басына күн басты құдайларды қашап салды.
Жұбанов петроглифтермен 15 жыл бойы айналысып келе жатыр, бірақ күн басты құдайларды алғаш рет салды, көп уақыт оларға кірісе алмадым дейді.
«Менің мақсатым — ежелгі суретшілерді сезу, солардың ізіне түсу. Белгілі бір көңіл-күй, махаббат, жігер болуы керек, сурет сонда шығады. Мыңдаған жыл тарихы бар — 10 мың жылдан басталып, сақ өнері пайда болғанға дейін жалғасатын, кейін түркі дүниесіне өтетін дәстүрдің қуаты күшті».
Жұбанов бұғының суретін көрсетті — үлкен мүйіз қазақтың ою-өрнегін еске түсіреді. Өткеннің шеберлерімен тікелей байланыс деген осы.
Жаңа күн басты құдайлардан бір-екі метр жерде Саид Ғалымжанов пен Рафаэль Хисматуллин жартас суретін көріп қалып, қай кезеңге жататыны туралы айтыса бастады. Ғалымжанов неолит екеніне көндірмек болды.
Саид Ғалымжанов бүгінгі күніне дән риза. Ол Алтынемелді мәдениеттанушыларға ғана емес, археологтарға да қызық болатын болашағы зор ескерткіш деп санайды. Бұл жерде толыққанды археологиялық зерттеу жүргізуге болады, мұнда қоныстану мәдениетінен бөлек қола дәуірінен бастап, орта ғасырға дейінгі кезеңнің ірі қорымдары мен петроглифтер шоғыры бар. Сонымен қатар бұл жерде Қазақ хандығы заманындағы этнографиялық қоныстар кездеседі. Сондықтан Ғалымжанов студенттерін қалай да осында әкелмекші.
Күн ұясына қонып барады, сүрлеу жиегінде кешкі шапаққа бөленген тастан тағы бір ежелгі сурет көрінді.
Шаршаған ізшілер көлікке қарай түсті, алыстағы таудан үш адамның сұлбасы көрінеді: Гумирова, Ғалымжанов пен Хисматуллин, тасқа еңкейіп қарап айтысып тұр — неолит пе, әлде?..
Поддержите журналистику, которой доверяют.