3168
30 сентября 2023
Дмитрий Мазоренко, сурет openai.com

Көпвекторлы саясат пен Ресей арасында

Шетелден қаржы алатын тұлғалар тізімін жариялау Қазақстан бейнесін қалай өзгертеді?

Көпвекторлы саясат пен Ресей арасында

Қазақстан әрдайым сыртқы саясатта “көпвекторлы” бағытты ұстанып, шетелдік инвестиция үшін бәрімен дос болу деген қарапайым прагматиканы басшылыққа алды. Алайда, шетелден ақша алатын тұлғалар мен ұйымдардың тізімін жариялауы Батыс құрған халықаралық либерал жүйеге жатпайтын Ресей билігінің іс-әрекетіне қатты ұқсайды.

Өткен аптада Қазақстанның қаржы министрлігі шетелден ақша немесе өзге мүлік алатындар тізілімін жариялады. Онда журналистер мен жергілікті үкіметтік емес ұйымдардан бастап, шағын кәсіпкерлер мен ірі шетелдік бизнеске дейін түрлі профильдегі 240 заңды және жеке тұлға бар.

Ол тізімге енген ұйымдарды қандай критерий мен себепке сүйеніп қосқаны түсініксіз және бұл мемлекеттің өзі үшін көптеген парадокс туғызып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл тізім мемлекеттің журналистер, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдарға саяси қауіп төндіруге ұмтылуымен байланысты болуы мүмкін.

Сонау 2018 жылы мемлекет үкіметтік емес ұйымдарға шетелден келетін ақша мен мүлік үшін егжей-тегжейлі есеп беруді талап еткен еді. Қаңды Қаңтар оқиғасынан кейін оларға шабуыл күшейе түсті. Былтырғы қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай наразылық пен зорлық-зомбылыққа «еркін бұқаралық ақпарат құралдарымыз деп санайтындар мен сырттағы қайраткерлер» түрткі болғанын ашық айтты.

Тоқаевтың әрекетін Владимир Путиннің 2011-2012 жылдардағы «Болотная» алаңындағы жаппай наразылыққа жауап ретінде қабылдаған шешімімен салыстыруға болады. Бұл жағдайдан кейін ресейлік белсенділер, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ «шетелдік агенттер туралы» заңның қысымына ұшырады, бұл олардың қызметінің шектелуіне, ақыр соңында тоқтауына әкеп соқты.

Бұл заң қазіргі Ресей тарихының қайтып оралмас нүктесіне айналды. Бұдан кейін ел соғыс жолына түсіп, азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарын ішкі қуғын-сүргінге ұшыратып, оның оқшаулануына ықпал етті.

Алайда, Ресей Путиннің Мюнхендегі сөйлеген атышулы сөзінде Грузияға басып кіруімен-ақ Батыспен қақтығысын айқындаса, Қазақстан бұл туралы ешқашан ашық айтқан емес.

Қазақстан барлық мемлекеттік бағдарлама мен президент жолдауларында шетелдік инвестицияны тарту қажет екенін дәстүрлі түрде айтып отырады. Мемлекет тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде шетелден 400 миллиард доллардан астам қаржы тарта алғанын ерекше мақтан тұтады. Табысты елдің имиджі осыған тіреледі.

Шетелден қаржы алатындар тізімінің жариялануы Қазақстанның бұл ұмтылысын күлкілі қойылымға айналдырады. Әлеуметтік желілерде тізілімге енген PWC консалтинг компаниясы немесе Baker & McKenzie заң фирмасы сияқты ірі ойыншылардың назарды басқа жаққа аудару үшін енгізілгені туралы пікірлер бар. Үкіметтік және квазимемлекеттік құрылымдардың түрлі инвестициялық жобалар бойынша осындай компаниялармен тұрақты ынтымақта екенін ескерсек, бұл жағдай тіпті күлкілі көрінеді.

Сондай-ақ, шетелден және халықаралық ұйымдардан қайтарымсыз көмек алып отырған Қазақстан үкіметі неге «шетел агенттерінің» тізіліміне кірмейді деген де сұрақ туындайды. «ҚазМұнайГаз» және «Қазатомөнеркәсіп» сияқты ұлттық компаниялар да тізімде жоқ. Ал олардың әрқайсы ондаған жыл бойы шетелдік кәсіпорындардан қазақстандық шикізатты экспорттағаны үшін төлем алып келеді.

Бұл сұрақтарға жауап жоқ және оған жауап береді деп күту де бос әурешілік. Ал Ресей сияқты өз ыңғайына келмейтіндерді ығыстырып, бірте-бірте репрессия шеңберіне өтуді күтуге болатын секілді.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.