3827
22 ноября 2023
Дмитрий Мазоренко, фото gov.kz сайтынан алынды

Қазақстанға үдемелі салық салу жүйесі не үшін қажет?

Онсыз елде үлкен экономикалық теңсіздік жалғаса береді немесе сақталып қалады

Қазақстанға үдемелі салық салу жүйесі не үшін қажет?

Қанды Қаңтардан кейін мемлекет экономикалық теңсіздік проблемасы туралы көбірек айта бастады. 2023 жылы қазанда үкімет оны төмендетуге қатысты нақты ұсыныстарының бірін жариялады. Енді жеке табыс салығының (ЖТС) үдемелі шкаласы енгізілмек.

Қазақстанда бекітілген жеке табыс салығының бірдей шкаласы бәрін теңестіреді. 10% ЖТС үстеме табысы бар адамдар үшін қиындық туғызбайды, ал табысы орташа немесе төмен адамдарға бұл – қомақты ақша.

Халықаралық практика үдемелі салық салу шкаласы теңсіздікті төмендетудің тиімді тәсілдерінің бірі екенін көрсетіп отыр.

Бірақ 2023 жылы қарашада билік өзі бастама қылып көтерген реформаны алдын ала сәтсіз деп, оны жартылай ғана іске асыруға келісті. Үдемелі шкалаға қарсы келтірілген негізгі аргумент көлеңкелі экономиканың өсуіне қатысты болып отыр, соның салдарынан жеке табыс салығының бірнеше сатысы пайда болуы мүмкін.

Үдемелі салық салуға қатысты сынды күшейте отырып, мемлекет қоғамдағы экономикалық теңсіздікті тікелей төмендетуге емес, бюджеттің жалпы кірісін арттыруға және оны әлеуметтік қажеттілікке қайта бөлу ықтималдығына басымдық беріп отыр.

Қыркүйекте үкімет бюджет түсімін арттыру үшін тағы бір шара ұсынды: қосылған құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға көбейтуді жоспарлады. Алайда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бұл көлеңкелі экономика көлемін арттыратынын ескертті.

Егер үкімет қосылған құн салығын (ҚҚС) көлеңкелі экономиканың арту қатеріне қарамай көтерсе, онда ол үдемелі салық салу идеясынан неліктен бас тартқаны түсініксіз.

Сонымен қатар ҚҚС — халыққа тікелей соққы болып тиетін салық, өйткені тұтыну өнімдерінің, демек инфляцияның да ақырғы құнын арттырады. Ал үдемелі салық салу қазақстандықтардың жағдайын жақсартады, себебі ақша ресурстарының бір бөлігін солардың пайдасына бөліп береді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ҚҚС мөлшерлемесін өзгертуді бизнес өкілдерімен талқылау кезінде, фото gov.kz сайтынан алынды

Сарапшылар үдемелі салық салудың күрделі үлгілерінен бас тартудың қажеті жоқ деп санайды. Әйтпесе елде теңсіздік өсе түседі немесе сақталып қалады.

Алайда бұл реформаны рента, дивиденд, табыс салығы сияқты жаңа өзгерістермен байланыстыру қажет. Сонымен қатар қолға алған шаралардың тиімділігін әлеуметтік шығындарды арттыру және салық айлағын пайдалануға тыйым салу арқылы арттыру керек.

Үдемелі шкаланың тиімділігі

Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасынан кейін үлкен әлеуметтік әділеттікке жетуге арналған нақты шараларды ұсынуға бір жылдан астам уақыт жұмсады. Соның бірі — жеке табыс салығына арналған үдемелі шкала.

Салық кодексіне ұсынылған түзетуде үстеме табысы бар жеке тұлғалар қазір табыс деңгейі орташа және төмен азаматтар секілді 10% төлеп жүргені айтылған.

«Мұндай салық салу тәртібін қолдану әлеуметтік теңсіздікке әкеледі», — дейді құжатты әзірлеушілер.

Британдық Кент университетінің зерттеушілері Эльмира Сатыбалдиева мен Балихар Сангера Власть сұрағына берген жауабында қазіргі ЖТС мөлшерлемесін әлемдегі ең кемімелі мөлшерлемелер қатарында деп атады. Мамандардың ойынша, оның әділетсіз тұстары жетерлік.

«Қазақстан салықты негізінен жанама түрде, яғни қосылған құнға, акцизге салынатын салықтың немесе сауда алымының көмегімен жинайтын елдер қатарына кіреді. Осыдан кейін салық ауыртпалығы халықтың кедей бөлігіне түседі [өйткені олар салықты базалық өнімді сатып алған кезде төлейді]», — дейді зерттеушілер.

Сатыбалдиева мен Сангера үдемелі салық салу кейбір қосымша реформамен бірге әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті төмендетудің тиімді тәсілі болатынын айтты. Мұны Том Пикеттидің «ХХІ ғасырдағы капитал» кітабы секілді неортодокстық зерттеулер де, Дүниежүзілік банктің соңғы бағалары да растап отыр.

«Кедейлік және жалпы өркендеу» зерттеуінде Дүниежүзілік банк мамандары үдемелі салық салу Еуропаның біраз елінде бекітілгенін көрсетеді. Олар үдемелі шкаланы көбінесе салықтың тікелей түрлеріне — жеке немесе корпоративтік табыстарға қолданып отыр.

Үдемелі шкала — түсетін табыс деңгейіне байланысты өсіп отыратын салық мөлшерлемесі. Табысы төмен адамдарға төмен мөлшершеме белгіленеді, мысалы, 5%. Табысы орташа адамдарға сәл жоғары болады — 10 пайыздан сәл жоғары, ал табысы жоғары адамдарға 15% немесе одан жоғары салық есептеледі.

Табыс деңгейі ортадан жоғары елдер де үдемелі салық салуды қолданып жүр, мысалы, еуропалық үлгіге ұқсас ОАР мен Үндістан.

Жанар Каримованың фотосы

Табысы төмен немесе орташа елдерде үдемелі шкала тиімді жұмыс істейді. Мемлекет әлеуметтік салаға көп шығындалумен қатар, салықты аз төлеу нәтижесінде ақша түсімі жөнінен де ұтады.

Реформа мен жаңсақ сенім

Қазақстан 2006 жылы салық салудың үдемелі шкаласын енгізген, бірақ ол азаматтардың көлеңкелі табысын шығару үшін жасалған болатын.

Сол кезде елде салық мөлшерлемесі 5 пайыздан 20 пайызға дейін баратын 4 сатылы ЖТС шкаласы болды. Жылдық табысының жалпы эквиваленті ең төменгі еңбекақының 12 еселенген көлемінен аспаса, салық есептелген жоқ.

2007 жылы көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету үшін реформаны бастапқы күйіне қайтарды. 2023 жылы қарашада өткен брифинг кезінде үдемелі шкаланы алып тастау туралы айтқан премьер-министр Әлихан Смайылов: «Еңбекақыны “конвертпен” беру етек алды», — деп түсіндірді.

Халықаралық валюта қорының көлеңкелі экономиканың көлемі бойынша мәліметтері 2007 жылы бірдей шкала енгізу жағдайдың түбегейлі жақсаруына әкелмегенін көрсетіп отыр. 2006 жылдың қорытындысы бойынша, көлеңкелі экономиканың көлемі жалпы ішкі өнімнің шамамен 35,1 пайызына тең болған. Келесі 8 жылда оның мөлшері орта есеппен 32,4% болды.

Үдемелі шкаланы қайтару туралы әңгіме бірнеше жыл бұрын басталды. Үкімет бұл реформаны Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасында жариялады. Бағдарламада әділетті даму жолы туралы айтылған болатын.

2023 жылғы қазанның ортасында ұлттық экономика министрлігі Власть сауалына берген жауабында үкімет пассив табыстар мен жоғары еңбекақыға 4 сатылы шкаланы енгізуді қарастырып жатқанын хабарлады. Әйтсе де, министрлік «2006 жылға дейін болған шкаланы қайтару жоспарда жоқ» екенін атап өтті.

Қараша айында Смайылов баспасөз өкілдеріне реформаның түрі өзгергенін, енді екі мөлшерлемеден, 10% және 15%-дан тұратынын хабарлады. Соңғысы еңбекақысы жылына 40 млн теңгеден асатын (айына 3,3 млн теңге) ірі квазимемлекеттік, кен өндіру және қаржы компанияларына арналған.

«Үдемелі шкаланы енгізу еңбекақыны тағы да конвертпен беруге себеп болғанын қаламаймыз. Біз әлі талқылау сатысындамыз», — деп жауап берді Власть сауалына премьер-министр.

Премьер-министр Әлихан Смайылов бюджет табысын арттыру туралы брифинг кезінде, фото gov.kz сайтынан

Польша Әлеуметтік және экономикалық зерттеу орталығының қызметкері, экономист Марек Дабровский биліктің қауіптенуі бекер емес деп санайды.

«Үдемелі салық салу табысты офшорға немесе экономиканың көлеңкелі бөлігіне шығаруға жол ашады. Еңбек өнімділігін арттырмайды, кәсіпкерлік қызметті дамытпайды», — дейді бізге берген жауап хатта.

Әйтсе де, білім мен медицина саласынның қолжетімді болуы; монополия мен реттеу саласындағы артықшылыққа жол бермеу; сондай-ақ, мүлікке, капиталдың өсуі мен мұрагерлікке салық салу арқылы теңсіздікпен күресуге болады деп санайды.

Реформаға қосымша

Үдемелі шкалаға балама ретінде үкімет 2025 жылы қосылған құн салығын қазіргі 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру туралы әңгіме қозғап жүр.

Осылайша, үкімет теңсіздікті азайту бойынша тікелей шаралардан бас тартып, жанама шараларға басымдық беріп отыр: әлеуметтік қолдау салықтың жиналуын жалпы арттыру есебінен өседі деп болжанып отыр.

Десек те, «Атамекен» ҰКП сарапшылары қосылған құн салығын өсіру бизнесті операциялар мен табыстардың бір бөлігін көлеңкеге әкетуге итермелейді деген пікірде. Үкіметтің де үдемелі шкалаға байланысты қаупі осындай.

ҚҚС өсіру азаматтардың қаржылық жағдайына соққы болады, онсыз да жоғары инфляция жағдайында олардың импорт өнімдерге жұмсайтын шығынын көбейтеді.

Сатыбалдиева мен Сангера үдемелі шкаланы енгізгеннен көлеңкелі экономикаға жол ашылады деген қауіпті алаңдауға тұрарлық деп санамайды. Өйткені өткен 15 жылда жалпыға бірдей шкала оны елеулі түрде қысқартуға көмектескен жоқ.

Сонымен қатар мұндай шешім мемлекеттің фискалдық мүмкіндіктеріне де соққы болып тиіп жатыр, өйткені бірдей шкала кезінде халық салықты азырақ төлейді.

«Кемімелі салық осы саладағы заңнаманың сақталуына және мемлекеттің қызметіне біртіндеп нұқсан келтіреді.Дүниежүзілік банктің жуырда жариялаған құжаты үдемелі салық жүйесінде адамдар оны төлеуге ынталы болатынын көрсетіп отыр», — деп түсіндірді зерттеушілер.

Олардың айтуынша, Қазақстанға үдемелі шкаладан бас тартудың қажеті жоқ. Дегенмен бұл реформа бір өзі аздық етеді. Ол медицинаға, білім мен инфрақұрылымға шығынның көп болуымен, сондай-ақ үдемелі салық саясатының басқа элементтерімен үйлесуі керек. Себебі табыс теңсіздігімен қатар, байлық теңсіздігі де проблема болып отыр.

«Үдемелі салық аса бай адамдарға бағытталып, олардың активтен түсетін барлық табыс көзін қамтуы керек, оның ішінде дивидендтер, рента, пайыздар, капиталдың өсуі, пайда мен мұрагерлік те бар», — дейді Сатыбалдиева мен Сангера.

Олар мұндай салық саясатының жұмыс істеп тұрған үй шаруашылықтары мен орта тапқа әсері елеусіз болады деген сенімде, өйткені бұл топтың қомақты қаржысы, мүліктері мен іскерлік активі жоқ.

Зерттеушілердің айтуынша, үдемелі салық салу жемісін беруі үшін, мемлекет байлықты салық айлақтарына көшіруге тыйым салып, анағұрлым жетілген қаржылық реттеуді енгізе отырып, салық төлеуден бұлтаруға арналған айла түрлерін жоюы керек.