2910
8 января 2024
Ирина Гумыркина, Жанар Кәрімованың фотосуреттері

Қазақстанды 2024 жылы не күтіп тұр?

Жалпыға бірдей декларациялаудың жаңа кезеңі, ірі инфрақұрылымдық жобалар, АЭС референдумы

Қазақстанды 2024 жылы не күтіп тұр?

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда кәсіпкерлерді қамтитын жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталады; зиян өндірісте істейтін қазақстандықтар зейнетке ерте шығып, арнайы төлем алады, папиллома вирусына қарсы вакциналау басталады. Власть редакциясының дәстүрлі шолуында 2024 жылы қазақстандықтарды күтіп тұрған осы және басқа да жаңалықтар туралы айтылады.

Экономика

Ұлттық банк 2024 жылы экономиканың өсімі 3,2–4,2% деңгейінде, инфляция 7,5–9,5% аралығында болады деп күтеді. Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бұған қарағанда оптимистеу — ол ЖІӨ өсімі 2024 жылы 5,5% болады деп отыр.

Салық пен бизнес

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бірыңғай жиынтық төлем болмайды. Ол бес жылға енгізілген еді, енді оның мерзімі аяқталды. Демек, бұрын БЖТ төлеген азаматтар не ЖК тіркеуі керек, не мемлекеттік кіріс органына жеке табыс салығы бойынша декларация тапсыруы керек. Заң бұзушыларға 15 АЕК айыппұл салынады.

Сонымен қатар 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны кәсіпкерлер мен олардың жұбайы міндетті түрде тапсыруы керек. Жалпыға бірдей декларациялауға жеке кәсіпкерлер де, компания басшылары да кіреді.

Сондай-ақ жаңа жылдан бастап микро- және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторийдің күші жойылады, шағын бизнесте касса аппаратының бар-жоғы, қолданылуы тексеріле бастайды.

Сонымен қатар жаңа жылдан бастап Қазақстанда қатерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылады, осы арқылы бизнеске жоспарлы инспекция жүргізуді екі есеге қысқартуға және айыппұл санын азайтуға мүмкіндік ашылады.

Биылдан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасы 1,5% мөлшермен енгізілді. Ал Әлеуметтік кодекстің 251-бабына сәйкес, салық агенттері үшін бірыңғай төлем мөлшерлемесіндегі міндетті зейнетақы жарнасының үлесі 7% болады.

Салыққа желтоқсанның ортасында қол қойылған түзетуге сәйкес, жеке тұлғалардың проблемалы микрокредиттерін кешіруге байланысты микроқаржы ұйымдары табысқа салынатын салықтан үш жылға босатылды.

Әлеуметтік блок

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбекақының ең төменгі мөлшері 85 мың теңге, айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңге болады. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері 57 853 болады. Ең төменгi күнкөрiс деңгейi — 43 407 теңге. Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 5 пайызға артады, инфляция деңгейіне индексация 7% болады, ал ортақ зейнетақы 9 пайызға артады.

Сондай-ақ еңбек қабілетінен және асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем мөлшері 7 пайызға артады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын баланың арнайы жинақтау шотына бала 18 жасқа толғанға дейін аударып отыруды қарастыратын заң күшіне енді. Бұл ақшаны кейін баспана жағдайын жақсартуға немесе білім алуға пайдалануға болады. Қазақстандықтар бұл қаражатты сақтауға ыңғайлы банкті өзі таңдай алады. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, алғашқы төлем шоттарға 1 ақпанда түседі. Ақша доллармен сақталады деп жоспарланған, ал бала 18 жасқа толғанда теңгемен беріледі. Кәмелет жасқа жеткенде шотта $3,5 мың жиналуы мүмкін. Баланың Ұлттық қордан жиналған қаражатына салық салынбайды.

Биыл зиян өндірісте жеті жылдан астам уақыт жұмыс істеген қазақстандықтар зейнетке 55 жаста шыға алады және арнайы әлеуметтік төлем ала алады. Бірақ бұл жағдайда олар не жұмыстан шығуы керек, не жұмыс берушімен оңайырақ жұмысқа ауысуға келісуі керек. Арнайы әлеуметтік төлем алу мүмкіндігі металлургия, энергетика, тау-кен өндіру секторындағы, т.б. қызметкерлерге қатысты. Еңбек министрлігінің есебі бойынша, 2024 жылы осындай төлемді 37 мыңдай адам ала алады. Сонымен қатар қазақстандықтар міндетті зейнетақы жарнасы есебінен зейнетақы жинағын алу уақытын өзі шеше алады, яғни 55 жаста ала ма, әлде 63 жаста ала ма, өзі біледі. Арнайы әлеуметтік төлемді зейнет жасына жеткенге дейін алатын болады.

Биылдан бастап Қазақстанда зейнетақы тағайындау процесі жеңілдейді — ол енді жаңа форматпен жүргізілмек. Соның ішінде «қадамдар» саны мен құжаттар қысқарады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылы қызметкерлерді өндірістегі жазатайым жағдайлардан сақтандыруды қазіргі 58 пайыздан 100 пайызға жеткізуді көздеп отыр.

Жанар Кәрімованың фотосуреті

Қоғам

2024 жылы Қазақстанда АЭС құрылысына қатысты референдум өтуге тиіс. Референдум өтетінін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте жариялаған еді, оның сұрағы мен мерзімін Энергетика министрлігі анықтауы керек. Ведомство теория жүзінде референдумды кейінге шегере алады, алайда бұлай бола қоймас, дайындығы әлдеқашан басталып кеткен АЭС құрылысы референдумнан кейін ғана жүзеге аспақ.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда газ баллонымен жабдықталған автомобильдердің барлығында арнайы айыру белгісі болуын міндеттейтін ереже күшіне енді. Ол автомобиль жабық паркингке кірген кезде оңай байқалатындай болып орнатылуға тиіс. Бұл стандарт міндетті болып саналады, өйткені ішкі істер министрлігінің 2023 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен бекітілген жол жүру ережелерінде көрсетілген. Сауда министрлігі хабарлағандай, жаңа нормалар газбен жүретін автомобильдердің жабық тұрақ аймақтарына тұруын тиімді бақылау және тыйым салу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, себебі газбен жабдықталған көлік құралдарының жабық тұраққа кіруіне тыйым салынған.

Биылдан бастап азаматтар жаңа құжат алған кезде міндетті дактилоскопия енгізілуі керек еді. Алайда бұдан бас тартып, ел азаматтары үшін дактилоскопия ерікті шара, ал шетелдіктер үшін міндетті болып қалды.

2024 жылдан бастап Қазақстанда алқа билер соты қарайтын істер тізімі кеңейеді. Енді олар азаптау мен рейдерлік, медицина және фармацевтика қызметкерлері кәсіби міндеттерін дұрыс атқармауы салдарынан екі және одан көп адамның өліміне алып келу, жол жүру ережесін бұзу немесе көлік құралдарын пайдалану, соның ішінде мас күйде айдау салдарынан екі және одан да көп адамның өліміне алып келу туралы істерді де қарайды.

Сәуірден бастап Қазақстанда онлайн петицияларға арналған платформа іске қосылады, мәдениет және ақпарат министрлігі биылдан бастап отбасын қолдау орталықтарының барлығында бірыңғай жұмыс тәсілдерін енгізуге уәде берді.

Данияр Мүсіровтың фотосуреті

Білім

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге кезекті жаңалық енгізіледі. Атап айтқанда, тест тапсырмаларының саны өзгереді: «Оқу сауаттылығы» және «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндері бойынша сұрақ санынан бесеуі қысқарады, бірақ бейіндік пәндер бойынша сұрақтар саны қырыққа дейін көбейтіледі; бейіндік пәндер тізіміндегі таңдауға сәйкестігін тексеру үшін бес тапсырма қосылады. Жалпы тапсырмалар саны 120 күйінде өзгеріссіз қалады, ең көп балл саны да сол күйінде — 140. Бірақ тестілеу уақыты қысқарады: оқушыларға ҰБТ тапсыруға бұрынғы 4 сағаттың орнына 3 сағат 30 минут бөлінеді. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға берілетін қосымша 40 минут сақталады. Биылғы тағы бір жаңалық — шығармашылық бағытты таңдаған талапкерлер «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаттылығы» пәндерімен қатар «Математикалық сауаттылық» пәнін де тапсыруға міндетті.

2024 жылдан бастап Қазақстанда білім беру саласындағы әлсіз объектілерді анықтауға және олардың проблемаларын жекелеп шешуге мүмкіндік беретін мектептерді бағалаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Бағалауды үкімет белгілейтін ұлттық үйлестіруші тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жыл сайын өткізеді. Сонымен қатар бағалау білім сапасына әсер ететін мектептің материалдық-техникалық жарақталу мәселесін шешуге, ұйым басшыларының тиісті білігі, машығы, ұжыммен және балалармен жұмыс істеуге қабілетті дайындықтан өткен мамандарды тағайындауына мүмкіндік береді.

Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды цифрлау процесін биыл аяқтауға және оларды 100% электронды форматқа көшіруге уәде берді.

Ал 2024 жылғы қыркүйекте француз-қазақ университеті жұмысын бастайды. Бұған қоса биыл француз тіліне оқытатын мектептер ашылады.

Бакалавр стипендиясы 20 пайызға, магистранттар мен докторанттардікі 15 пайызға өседі.

Жанар Кәрімованың фотосуреті

Денсаулық сақтау

Жазда Астанада заманауи жоғары технологиялық жабдықпен жарақталған жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық ашылады. Медицина мекемесінде радионуклидтік диагностика, радионуклидтік терапия жүргізіледі және радиофармпрепараттар өндіріледі. Сондай-ақ онкоорталықта жылына 800–1000 пациентке шақталған протон орталығы және сүйек майын трансплантациялау үшін 15 төсек орынға шақталған онкогематология орталығы жұмыс істейді. Жылына жүз сексеннен екі жүзге дейін трансплантация жасалады деп жоспарланған. Орталықтың екінші блогы ғылым мен білім беруге бағытталады, ол жерде 140 төсек орынға шақталған стационар, үш операциялық зал және үлкен диагностикалық емхана орналасады.

2024 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакциналау басталады. Бұл 11 жастағы қыз балаларды қамтиды және ата-ананың балаға вакцина салуға келісімін алған соң жасалады.

Фотосурет diapazon.kz сайтынан

Интернет пен байланыс

Биыл Қазақстан үкіметі халықты жылдамдығы 100 Мбит/секундтан кем емес интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыруға кіріседі. Жалпы ұлттық жоба 2024–2027 жылдарға арналған, оны жүзеге асыруға 1,5 трлн теңге жұмсалады, бұл соманың 1,3 трлн теңгеден астамы бюджеттен тыс қаражаттан құралады.

Негізінен ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыстың тарамдалған желілерін салуға назар аударылады. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмі арқылы 3 мыңнан астам ауылға тиісті желі орнату жоспарланған. Ұлттық жоба аясында республикалық және негізгі облыстық автожолдарды ұялы интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым салу да жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 487 антенна-діңгек құрылысын орнату жоспарда бар. Бұл 17 мың шақырым автожолды ұялы интернетпен қамтуға мүмкіндік береді.

2024 жылы байланыс сапасын жақсарту үшін республикалық жолдардың бойындағы базалық станцияны модернизациялауды бастау жоспарланып отыр. Мемлекет антенна-діңгек құрылысын салады, ал байланыс операторлары қолданыстағы базалық станцияларды модернизациялайды немесе жаңасын өз есебінен орнатады. Инфрақұрылым құрылысына 61 млрд теңгедей бөлінеді, тағы 30 млрд теңге ұялы интернетпен қамтамасыз етуге жұмсалады.

Ұлттық жобаның тағы бір бағыты — 5G желісін әрі қарай кеңейту. Цифрлық даму министрлігі жыл соңына дейін Starlink компаниясының интернетін пайдалану мәселесін заңнама тұрғысынан реттеуге уәде берді.

2024 жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан үкіметі ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосуға тиіс. Ол мемлекет пен ірі бизнестің мәліметтерін біріктіріп, олардың өзектілігін және қолжетімді болуын қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар жаңа жылда Цифрлық кодекс әзірленеді — салалық министрлік құжатты парламентке қыркүйекте ұсынуы керек.

Антифрод орталық Қазақстандағы жұмысын 2024 жылғы 1 қаңтардан толыққанды бастады. Орталық мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарына қазіргі уақыт режимінде интернет алаяқтықпен күресу үшін мәлімет алмасуға мүмкіндік береді.

Фотосурет tech.liga.net сайтынан

Инфрақұрылым

2024 жылы Көкшетауда, Семейде және Өскеменде жаңадан көмір жылу электр централдарының жобасы ұсынылуға тиіс, оларды ресейлік компаниялар салмақшы. Тағы бір жоба — Екібастұз МАЭС-іне қосымша қазандықтар салу.

Биыл республикалық жолдар желісінде Ақтөбе — Ұлғайсын — Қызылорда, Қарағанды — Жезқазған, «Сарығаш қаласын айналып өту» жобалары басталады деп жоспарланған. Жүзеге асыруға ақшаны үкімет қаржы институттарынан, соның ішінде Еуразиялық даму банкінен сұратпақ.

Сонымен қатар биыл елдегі 50 теміржол вокзалын модернизациялаудың бірінші кезеңі басталады. Жалпы алғанда, ғимараттың ішін, санитарлық тораптар, шатырлар, қасбеттер, баспалдақ алаңдары, инженерлік және әлсіз ток жүйелерін, сондай-ақ жолаушылар платформаларын жөндеу жоспарланып отыр, бұған жарық беру жүйелері мен ақпараттық табло-кестелер, ана мен бала және мүгедектігі бар адамдар бөлмесіне жиһаз орнату және ауыстыру кіреді.

Астана әкімі жыл соңына қарай қалада LRT жобасы аяқталады деп уәде берді, ал Алматы билігі көлік жүйесін енгізуді бастайды, соның ішінде Райымбек даңғылы бойына 9 шақырымға созылатын BRT желісін іске қоспақ.

2024 жылдан бастап автожол саласындағы жаңа жобалар бойынша EPCM контрактілер жүйесі енгізіледі. Енді мердігер жол учаскесін өзі жобалайды, салады және жай-күйіне қарайды.

Wikipedia фотосы

Авиация

Қытайдың China Southern Airlines әуе компаниясы 2024 жылғы 23 қаңтардан бастап Алматы — Бейжің жаңа маршруты бойынша аптасына үш рет ұшатын рейс ашуды жоспарлап отыр. Loong Airlines деген тағы бір әуе компаниясы 2024 жылы Астана — Ханчжоу, Астана – Ченду және Алматы – Ченду рейстерін ашпақшы.

1 ақпаннан бастап Оңтүстік-Шығыс Азияның ірі лоукостері Air Asia X Куала-Лумпурден Алматыға аптасына төрт рет ұшатын рейс ашады.

Air Astana биыл қытайлық Шанхай, Гуанчжоу және Ченду қалаларына, сондай-ақ көктемде Токио мен Куала-Лумпурге жаңа маршруттар ашуды жоспарлаған.

Ал 2024 жылдың ортасында Qatar Airways әуе компаниясы Астана — Доха маршруты бойынша әуе бағытын ашуға тиіс.

Көктемгі-жазғы маусымда саудиялық FlyNas әуе компаниясы Алматы — Эр-Рияд бағыты бойынша аптасына жеті рет ұшатын тікелей рейсті іске қосады.

Жазда Алматы әуежайының жаңа терминалы ашылуға тиіс. Ол тек халықаралық рейстерге, ал қазіргісі ішкі рейстерге қызмет етеді.

Биыл қазақстандық FlyArystan әуе компаниясы бөлек заңды тұлға болып тіркеледі, ол Air Astana құрылымынан шығарылмақ. Нарық субъектілері арасында бәсеке болатындықтан, бұл бәсекелестік ортаның дамуына және әуе билеттері құнының арзандауына оң әсерін тигізеді деген үміт бар.

Ал ішкі рейстерге бағаны түсіру үшін Air Astana әуе компаниясы 2024 жылдың соңына дейін отын алымын қолданбауға міндеттелді. Сонымен қатар монополияға қарсы комплаенс аясында әуе компаниясы 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін ішкі бағыттар бойынша әуе тасымалына бағаны көтермеу және билеттерді 70 пайыздан кем емес орта және төмен бағада сату міндеттемесін мойына алды.

Сондай-ақ 2024 жылға Qazaq Air әуе компаниясын бәсекелестік ортаға беру жоспарланған.