Не себепті банктер Абдуқадырдың ақшасы қайдан шыққанын анықтай алмады?

Кейбір америкалық банк қызметкерлері қаражаттың шығу тегіне күмәнмен қараған, алайда транзакциялар тоқтамаған

Не себепті банктер Абдуқадырдың ақшасы қайдан шыққанын анықтай алмады?

Ұзақ жыл бойы ақша жымқырушы маман Абдуқадыр отбасына жұмыс істеген, өзінің мойындауы мен ұсынған құжаттарына қарағанда, ол отбасының қаржысын шетелге шығару үшін түрлі сылтау айтқан. Кейбір америкалық банк қызметкерлері қаражаттың шығу тегіне күмәнмен қараған, алайда транзакциялар тоқтамаған.

OCCRP, «Радио Озодлик», Клооп және Власть

«2011-2016 жылдар аралығында Қырғызстаннан 700 миллион доллардан астам қаражат шығардым».

Бір қарағанда, адам сенгісіз жағдай сияқты. Алайда 2019 жылы журналистермен кездескен 37 жастағы ұйғыр азаматы Айеркен Саймаитидің қолында сөзінің рас екенін дәлелдейтін құжаттар болған.

Ол құжаттар Орталық Азияның жаңа тарихындағы ең атышулы жемқорлық оқиғасының біріне дәлел болды: Саймаити бірнеше жыл бойы Хабибула Абдуқадырға жұмыс істеген, Саймаити журналистермен сөйлескенде оны Қырғызстандағы кеден органдарындағы сыбайластарының көмегімен қыруар қаражатқа кенелген контрабанда империясының басшысы деп атады.

Саймаити сол империяның табысын түрлі айла-тәсілмен шетелге шығаруға көмектескен. Абдуқадыр мен оның жақындары қаражатын неміс банктеріндегі шотында сақтаған, Ұлыбританиядағы жылжымайтын мүлік пен Дубайдағы құрылыс жобаларына инвестиция салған.

Қырғызстаннан осынша көлемдегі күмәнді ақшаны алып шығудың соңы саяси жанжалға ұласты: қиян-кескі наразылық басталып, соңы үкіметтің отставкаға кетуіне әкелді.

Алайда бір сұрақ туындайды: Саймаитиден шыққан жүздеген миллион доллар сонша жыл бойы жергілікті және халықаралық банктер арқылы қалай елеусіз өтіп келген?

Айеркен Саймаити

Фото: Айеркен Саймаити

Бұл сұраққа белгілі бір деңгейде тарап кеткен деректер жауап бере алады: журналистердің қолына Америка банктері АҚШ Қаржы министрлігіне жіберген күмәнді транзакциялар (SAR) туралы 2000-нан аса есеп түскен.

Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы мен BuzzFeed News басқаратын «FinCEN файлдары» ортақ зерттеуі аясында OCCRP есептерге қол жеткізді.

Тарап кеткен деректердің бесеуі Саймаити мен одан ақша алған компанияларға күмән тудырды. 2014 жылдың ақпанынан 2015 жылдың қаңтарына дейінгі аралықтағы есептерді Саймаитидің кейбір долларлық транзакциялары үшін корреспондент-банк қызметін атқарған Deutsche Bank-тің Америкадағы бөлімшесінің қызметкерлері жіберді.

Есепке сүйенсек, Саймаитидің Абдуқадыр компаниялары мен Хабубула Абдуқадырдың өзіне жасаған жүздеген аударымы «күмән тудырады» деп белгіленген. Банктің комплаенс қызметі ақша жылыстатудың әдеттегі белгілерін атап өтеді: ол экономикалық негіздемесіз қыруар соманы доллармен жіберіп отырған. Оның үстіне, Саймаити мен одан ақша алып отырған компаниялардың қандай қарым-қатынаста болғанын анықтау мүмкін болмады.

Deutsche Bank қызметкерлері бірнеше рет Саймаитидің немен айналысқанын анықтауға тырысқан. SAR есептеріне қарағанда, олар оның транзакция жасаудағы мақсатын нақтылау үшін бірнеше рет қырғыз банктеріне хабарласқан. Алайда банктер үнемі Саймаитидің заңға бағынатын кәсіпкер екенін айтып, бәрі дұрыс деп жауап берген. Кемінде үш банк «транзакциялар күмән тудырады деп санауға ешқандай негіз жоқ» деп бірдей жауап қайтарған.

Джордж Мейсон университетіндегі терроризм, трансұлттық қылмыс және жемқорлыққа қарсы орталықты басқаратын, қаржы қылмыстарын зерттеуші маман Луиза Шелли Deutshe Bank-те жеткілікті ақпарат болмады деп есептейді.

«Бұл елдегі кез келген оқиға туралы іргелі зерттеуге, үкіметінде этика принциптерінің жоқ екеніне қараңыз. Олардың банк мекемелеріне сенім артудың қажеті жоқ, — деді ол. — Банкіңіз арқылы бірнеше миллиондаған доллар өтіп жатса, тәуелсіз сарапшыларды тарту керек».

Оның сөзінше, банктер мұндай жағдайда мамандардың қолдауына сүйене алады. «Сол үшін семинарлар өтеді, — дейді ол. — Кезінде банк қызметкерлеріне арнайы семинарлар өткізетін компания болатын, олар бұрынғы Кеңес Одағы елдерінен ақша қабылдағанда не нәрсеге мән беруді [түсіндіретін]».

Алайда проблема тек банктерде емес. Шеллидің сөзіне қарағанда, АҚШ Қаржы министрлігіне күмәнді транзакциялар туралы өте көп есеп жіберілетінін ескергенде, әрбір жағдайға тиісті деңгейде назар аударылмауы мүмкін.

«Қаржы министрлігінің қызметкері мен Жасанды интеллект ресурсы жетпейді, — дейді Шелли. — Олар деректерді сирек сараптайды немесе барлығын біріктіру үшін деректерге анализ жасауға үйретілген адамдары жетпейді».

Deutsche Bank OCCRP журналистеріне нақты бір клиенттері туралы сұраққа жауап бере алмайтынын айтты. «Банктер тұрақты түрде күдікті транзакциялар туралы есеп дайындайды, бұл қаржылық қылмыстарға қарсы күресте қаржы институттары мен құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл ережелері бойынша біздің міндеттемеміздің бірі,— деп жазды банк өкілі. — Дәл осы ережелер заң тұрғысынан ары қарай бұл тақырыпқа түсініктеме беруімізге мүмкіндік бермейді».

Абдуқадырлар Хабибула Абдуқадырдың электронды мекенжайына жіберілген сұрақтарды алғанын растады, бірақ кейінірек жауап бере алатынын айтты.

«Өтінемін, түсіндіріңіз»

Саймаитиге қатысты деректердің күмәнді екенін Deutsche Bank пен ресейлік «Инвестторгбанк» арасындағы хат дәлелдейді. Саймаити Қырғызстанда оның еншілесі «Росинбанктің» қызметін пайдаланған.

«Росинбанк» аты «Керемет Банк» деп өзгертілді және ол енді «Инвестторгбанкке» тиесілі емес.

Мәселе Абдуқадыр отбасының Германиядағы негізгі компанияларының бірі AKA Immobilien-ге (қазір ол AKA Group деп аталады) қатысты болған.

Саймаитидің жазбаларына сәйкес, ол 2014 жылы компанияға кем дегенде 17,4 миллион доллар қаражатты 40 бөліп жіберген. Төлемдер үшін түрлі негіздеме ойлап тапқан, оның қатарында «қарызды қайтару» және «тоқыма материалдарын» сатып алу бар. Соңғы жағдайда тіпті келісімшарт нөміріне сүйінген.

Алайда Deutsche Bank бәрібір бір нәрседен күдіктенді. Көктемде банк «Инвестторгбанкке» сауал жолдап, Саймаити жайлы және төлемді қабылдаушылар мен транзакциялардың экономикалық негіздемесі туралы мәлімет сұрады.

Жауап оғаш көрінді және комплаенс бойынша мамандардың күмәнін сейілте алмады. Deutsche Bank қызметкерлеріне Саймаитидің транзакциялар негіздемесі «техникалық қателерге… клиенттермен жұмыс бойынша менеджердің салғырттығынан» дұрыс көрсетілмеген деп жауап берген.

Шын мәнінде, банктің хабарламасында көрсетілгендей, Саймаити AKA Immobilien компаниясына супермаркет ашу үшін Германиядағы Мюнхенге жақын Фатерштеттен қауымдастығынан жылжымайтын мүлік сатып алуға 15 миллион доллар жіберген.

Сонда Deutsche Bank қисынды сұрақ қойған: «Банктің бұған дейінгі жауабында бұл клиенттің тоқыма тауарлары… [атап айтқанда] киім және кілем көтерме саудасымен айналысатыны айтылған. Өтінемін, клиентіңіздің не үшін супермаркет салу үшін жылжымайтын мүлік сатып алып жатқанын түсіндіріңізші?»

«Инвестторгбанк» өз жауабында: «Айеркен Саймаити (жеке кәсіпкер) қазір қызметін Қырғыз Республикасында ғана емес, басқа елдерде де кеңейтіп жатыр. Оның супермаркет сатып алу мәмілесі — Германиядағы болашақ іскерлік қызметке инвестициясы».

Бұл шындыққа келмейді: Саймаити Фатерштеттенде жылжымайтын мүлік сатып алмаған. Тікелей нысан құрылысымен айналысқан жергілікті шенеунік бұл туралы мүлдем естімегенін айтады.

Фатерштеттендегі жылжымайтын мүлікті сол жылы Абдуқадыр отбасына тиесілі AKA Immobilien компаниясы Саймаити жіберген ақшаға сатып алуы әбден мүмкін. Компанияның қазір жұмыс істемейтін сайтында бұл жер теліміне қатысты жоспарлары жазылған: 2017 жылдың желтоқсан айына қарай онда 220 нөмірлі қонақүй салғысы келгені көрсетілген.

Абдуқадыр отбасының кейбір басқа кәсіпорны секілді, бұл жоспар да орындалмай қалды. 2017 жылы AKA Immobilien нысанды бавариялық компанияға сатты. Компания өкілі журналистердің сұрағына бұл нысанды агенттер арқылы сатып алғанын, бұрынғы иелерімен сөйлеспегенін айтқан.

Журналистердің қолына түскен құжаттарда Deutsche Bank қызметкерлерінің Саймаитиге қатысты банк берген түсіндірмеге көңілі толған-толмағаны, Deutsche Bank оның транзакциялары жайында тағы қандай тұжырымға келгені көрсетілмеген. «ЭкоИсламикБанк» пен «Росинбанк» (қазір «Керемет Банк» деп аталады) Deutsche Bank-тің Саймаити туралы сауалына жауап бергенде неге сүйенгені белгісіз, ол банк қызметкерлерін жаңылдырған болуы мүмкін, бәлкім жеткілікті ақпарат болмаған немесе әдейі жалған ақпарат берген болуы да мүмкін.

«Керемет Банк» түсініктеме беру туралы сауалға жауап қатпады. «ЭкоИсламикБанк» өкілі Саймаитидің ақша аударымдары туралы пікір білдіре алмайтынын айтты, себебі сол кезеңдегі материалдар стандарт процедура аясында ескі болғанына байланысты жойылған.

Журналистер қолына түскен құжаттардан Deutsche Bank-тің бас кеңсесінде Саймаитидің төлемдері жөнінде күмән болған-болмағаны да түсініксіз.

Алайда Саймаитидің Абдуқадырлар компаниясына кемінде 2017 жылға дейін ақша аудара алғаны белгілі.