Жиі қойылатын сұрақтар

Абдуқадыр әулеті мен олар туралы зерттеуге қатысты негізгі жеті сұрақ

Жиі қойылатын сұрақтар

Оқырманның осы бір күрделі хикаяны түсінуін жеңілдету үшін біз Хабибула Абдуқадыр және оның отбасы туралы сұрақ-жауап тізімін дайындадық.

Біздің зерттеуіміз Хабибула Абдуқадыр мен оның отбасына және олардың қалайша Орталық Азия мен одан тыс жерлерде саяси байланыстары бар мықты инвесторға айналғанына арналады.

Аймақ басшылары отбасыны құшақ жая қарсы алды: Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев олардың астана орталығындағы құрылыс алаңдарын аралап көрді, ал Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров журналистерге олардың инвестициясын «қуана» қарсы алғанын айтты.

Мұның бәрі жемқорлық, ақша жымқыру және Абдуқадырлардың көлеңкелі сауда монополиясы туралы атышулы журналистік зерттеулер жүріп жатқанда жүзеге асты.

Оқырманның осы бір күрделі хикаяны түсінуіне көмектесу үшін біз отбасы мен оның іс-әрекеті туралы сұрақ-жауап тізімін жасадық.

Хабибула Абдуқадыр мен оның туыстары кімдер?

Абдуқадырлар – Қытайдан шыққан этникалық ұйғырлар. Бұл отбасының мүшелері бірнеше елдің азаматтығын алған, Алматыда, Лондонда, Дубайда және Вашингтон маңында тұрғын үйлері бар.

Әулеттің басшысы – Хабибула Абдуқадыр, төрт ағайындының үлкені. Біз ол туралы бұрынырақта Орталық Азиядағы жемқорлық, ақша жымқыру және саяси патронаж туралы жобамызда жазғанбыз.

Абдуқадырлар шығу тегі күмәнді қаржыны инвестициялауға көмектесетін халықаралық компаниялар желісін құрған. Отбасы мүшелерінің, оның ішінде Абдуқадырдың бауырлары, олардың балалары және басқа да туыстарының осы кәсіпорындарда әртүрлі үлесі бар.

Хабибула Абдуқадырдың жақын туыстары Хадир, Палван, Айбибула сияқты бірнеше фамилияны пайдаланады. Бұл жобада біз осы желіге қосылған отбасы мүшелерінің барлығын Абуқадырлар деп атаймыз, өйткені Хабибула Абдуқадыр бизнес-империяның шырқау биігінде тұр.

Бұған дейінгі зерттеулер Абдуқадырлар байлығының шығу төркініне қатысты нақты нені анықтады?

2019 жылы Қытайдан шыққан ұйғыр азаматы Айеркен Саймаити журналистермен байланысқа шығып, Абдуқадыр отбасына заңсыз ақшаны шығарып берумен айналысқанын мойындады.

Саймаити айтқан сөзін растайтын көптеген құжатты ұсына отырып, әулеттің басшысы Хабибула Абдуқадыр бүкіл әлемдегі банк шоттарына жүздеген миллион долларды алып шығу үшін өзін жалдағанын айтты. Ол бұл қаражаттың қайдан шыққаны туралы да айтып берді: бұл жемқорлыққа жол берген шенеуніктермен серіктестікке негізделген контрабанда империясы болуы мүмкін.

Саймаитидің сөзіне қарағанда, Абдуқадырлар ірі көлемдегі қытай тауарын Қырғызстан арқылы Өзбекстанға және басқа да елдерге одан әрі сатуға жіберу арқылы жүздеген миллион доллар тапқан. Ол Абдуқадырларға қырғыз кеденінің жоғары шенді қызметкері көмектескенін айтты. Журналистер Саймаитидің ақпаратын басқа да дереккөз арқылы растап, кеден басшысының орынбасары жемқорлық нәтижесінде мекемені Абдуқадырдың бақылауына бергенін анықтады: оның жүк көліктері еш кедергісіз өтіп, бәсекелестеріне қолдан кедергі жасалған.

Бұл туралы «Азаттық Радиосы», OCCRP және қырғызстандық серіктесіміз «Клооп» 2019 жылғы «Жібек жолындағы кландар, жемқорлық және контрабанда» атты зерттеу материалында егжей-тегжейлі түсіндіреді. Журналистер жариялаған мәліметтерге ашуланған Қырғызстан азаматтары көшеге наразылыққа шықты. 2020 жылы біз Абдуқадырларға көмектескен қырғыз кедені басшысының орынбасары Райымбек Матраимов туралы «Матраимовтар патшалығы» атты зерттеу жарияладық.

Хабибула Абдуқадырға ресми түрде айып тағылған жоқ. Ол журналистердің сауалына жауап қайтармаған болатын. Бірақ бұл жолы отбасының поштасынан осы жоба бойынша кейінірек жауап беретінін айтқан хат келді.

Хабибула Абдуқадыр контрабанда желісін ұйымдастырып, кеденшілерге пара берді деуге қандай негіз бар?

Абдуқадыр отбасының заңсыз ақшасын шығарып беруге көмектескенін мойындаған Айеркен Саймаити схеманың қалай жұмыс істегенін бүге-шігесіне дейін баяндап берді, оның сөзін басқа да дереккөз растады, атап айтқанда, кеден қызметінің бұрынғы және қазіргі қызметкерлері, экс-министр, парламенттің бірнеше мүшесі, сондай-ақ жүк көлігінің жүргізушілері, кеден агенттері, импортерлер мен логистика саласының мамандары. Олар Хабибула Абдуқадырдың немесе оның отбасы мүшелерінің қарамағындағы компаниялар осы схемаға қатысқанын да растады.

Абдуқадырлар журналистердің сауалына жауап берген жоқ, бұл айыптауларды жария түрде жоққа шығармады.

Зерттеу мақаласы жарияланған соң Абдуқадырдың қырғыз кеденіндегі сыбайласы Райымбек Матраимов жемқорлыққа жол беріп, Қытай елінен Өзбекстан мен Тәжікстанға бағыт алған жүк көліктерінің «кедендік рәсімдеуін жылдамдатқаны үшін сыйақы» алғанын мойындады.

Оған шығарылған үкімде схеманың бенефициары Абдуқадыр болғаны айтылмаған, бірақ онда келтірілген мәліметтер, мысалы, кеден бекеті мен уақыт аралығы біздің зерттеудегі мәліметтермен сәйкес келеді.

2020 жылдың желтоқсанында АҚШ Матраимовқа санкция алды. Ресми хабарламада Абдуқадыр туралы айтылмайды, бірақ Матраимовтың контрабанда схемасына қатысы болуы мүмкін екені көрсетілген, бұл да біздің бұрынғы тұжырымды растайды.

Абдуқадырларға тиесілі компаниялардың контрабандамен айналысқанына ресми айғақ бар ма?

Абдуқадырларға тиесілі компаниялардың тауарын кеденде тоқтатып қойған бірен-саран оқиғадан ғана хабардармыз.

- Қытай кедені отбасының бақылауындағы Синьцзян Xinjiang Abu Sahiy Import and Export Trade Co. фирмасына декларацияланбаған немесе контрафактілік тауарларды тасымалдағаны үшін бес мәрте айыппұл салған.

- 2016 жылы Қазақстан соты Абдуқадырлардың компаниясы Қытайдан Өзбекстанға жөнелтілген тауарға сәйкес емес құжат берген деп шешім шығарған.

Біздің білуімізше, бұл істер тергеу жүргізуге я болмаса қылмыстық іс қозғауға негіз болған жоқ.

Абдуқадыр әулеті ақшасының шетелге шығарылғанына қандай дәлел бар?

Саймаити тапсырыс берушісі Хабибула Абдуқадырға шығарып беру үшін алған қаржыға қатысы бар көптеген құжатты журналистерге ұсынған. Ол жеке жазбалары, кестелер, аударымдарды негіздеу үшін жасалған жалған келісімшарттар, сондай-ақ транзакциялар туралы түпнұсқа құжаттар, банк үзінділері мен түбіртектерді тапсырған.

Журналистер Саймаити айтқан соманың жартысына жуығын негіздейтін құжаттардың шынайы екеніне көз жеткізді. Тәуелсіз дереккөздерден де айғақтар табылды:

- «Азаттық радиосының» журналистері Саймаитидің құжаттарындағы көптеген транзакцияны растайтын банк жазбаларына сот сұрауы негізінде қол жеткізді.

- Саймаитидің ондаған төлемінің заңдылығына күмән келтіріп, банк бақылаушыларының АҚШ Қаржы министрлігіне жіберген күдікті транзакциялар туралы бес есебі зерттеуші журналистердің Халықаралық консорциумының қолына түсті.

- Біздің зерттеу жарияланғаннан соң құрылған қырғыз парламенттік комиссиясы Саймаити журналистер ойлағаннан да көп қаржыны елден алып кеткенін растады. Комиссия Саймаитидің Хабибула Абдуқадырмен «жұмыс істегенін» және жымқырылған ақшаның көзі Ташкенттегі «Абу Сахий» базары болғанын, бұл отбасының ықтимал контрабанда схемасының соңғы нүктесі болғанын атап өтті.

Біреу жазаға тартылды ма?

Зерттеу материалының бірінші бөлімі жарияланған соң, кеден қызметі басшысының орынбасары Райымбек Матраимовтың схемаға қатысқанына ашуланған Қырғызстан азаматтары көшеге наразылыққа шықты. Ол қолдаған саяси партия парламенттік сайлауда екінші орын алған кезде елде жаппай наразылық акциялары өтіп, соңында дауыс беру нәтижесі жойылды.

Матраимов жемқорлықты мойындады әрі АҚШ санкциясына ілікті.

Қырғыз парламенттік комиссиясының мәліметтері бойынша, неміс тергеушілері Қырғызстан билігінен Сайматиге тиесілі компания туралы мәлімет сұраған, соған қарағанда оның Абдуқадырлардың неміс фирмасына аударымдарын тексерген сияқты. Тексерістің қорытындысы жарияланған жоқ.

Бізге белгілі ақпарат бойынша, Хабибула Абдуқадыр мен оның отбасына Қырғызстанда немесе Орталық Азияның басқа елдерінде ресми түрде тексеріс жүргізілген жоқ. Оның үстіне, бұл зерттеу көрсеткендей, олар инвестор ретінде аймақтағы жобаларға қатысуы мен ықпалын кеңейтті.

Бұл инвестициялардың артында шынында да Абдуқадырлар тұрғанын қайдан білеміз?

Журналистер бір жылдан астам уақыт бойы Абдуқадырлардың бүкіл әлемдегі іс-әрекеттеріне бақылау жүргізді. Олар отбасының негізгі мүшелеріне тиесілі ондаған компанияны тауып, оларға жер кадастрлары, үкімет құжаттары, т.б. дереккөз арқылы талдау жүргізді.

Осы жобадағы компаниялар мен активтерге иелік ету туралы бүкіл ақпарат (егер басқаша көрсетілмесе) ресми дереккөздерден алынған.