9422
22 октября 2021
Әсел Мұсабекованыкі, фотолар Олег Битнердікі және кейіпкердің жеке архивінен алынған

Нобель сыйлығының иегері Жюль Хоффман: «Қазір вакцинологияда болып жатқан жайттар – нағыз фантастика»

Екпелер жалпы не үшін керек және олар иммунитетке әсер ете ме?

Нобель сыйлығының иегері Жюль Хоффман: «Қазір вакцинологияда болып жатқан жайттар – нағыз фантастика»

«Екпе» жобасының аясында бар өмірін ғылымға арнаған иммунулогпен сұхбаттасуды жоспарлап жүргенімізге біраз болды. Бұған лайықты кандидат біз тіпті армандай алмаған жерден – Страсбургтен шыға келді. Ғылыми кеңесшіміз Әсел Мұсабекова өзінің PhD-диссертациясына дайындық кезінде Страсбургтегі Молекулалық және жасушалық биология институтында дрозофил шыбындарының үлгісінде туа біткен иммунитетті зерттеумен айналысатын зертханада 4 жыл жұмыс істеген. Сол зертханада професор Жюль Хоффман жұмыс істейді. Профессордың жасы 80-де және ол әлі күнге дейін белсенді түрде зерттеумен айналысады. Ол 2011 жылы туа біткен иммунитетті ашқаны үшін Нобель сыйлығын алды. Бұл жаңалық иммундық жүйе туралы қазіргі түсінігіміздің негізіне айналды. Сондықтан да, қазақстандық (және басқа да елдердегі) ата-аналарды мазалап жүрген сұрақтардың жауабын осы кісіден сұрап көруді ұйғардық. Нобель сыйлығының лауреаты сұхбатқа уақыт тауып, келіскеніне біз, барлық ұжымымызбен қуаныштымыз. Жюль Хоффман мырза екпеге күмәнмен қарап, баласына екпе салудан бас тартатын ата-аналардың аргументтерін бірінші рет естігенде таңғалды. Ол адамдардың неліктен қандай да бір індеттен кейін қанша баласы тірі қалғанын санап алатын дәуірге қайта оралғысы келетінін түсінбей, шынымен таңғалды. Бірақ балалар инфекциясына қатысты сұрақтармен ғана шектелмей, біржола Францияда неліктен COVID-19-ға қарсы екпені Нобель сыйлығының иелеріне бірінші салғанын, РНҚ екпелері қанша жыл дайындалғанын және адьюванттар не үшін қажеті екенін сұрап көрейік дедік. Осы және басқа да сұрақтардың жауабын осы материалдан табасыз.

Неге Францияда BCG екпесі әлі күнге дейін қолданылады

Мұсабекова: Қайырлы күн! Сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін көп рахмет. Екпеге сенбеу және егуден бас тарту еліміз үшін үлкен мәселеге айналып отыр. 2019 жылы 13 000-нан астам қазақстандық қызылшамен ауырды, олардың басым көпшілігі – егілмеген кішкентай балалар. Ал пандемия кезінде екпе туралы жалған ақпараттардың саны геометриялық прогрессияда көбейіп кетті. Бұл көптеген елдер үшін бүкіл әлемдік мәселе. Мұндағы қиын тұстардың бірі – көп ата-ана иммунитет туралы ең негізгі концепцияларды түсінбейді, сондықтан да екпеден бас тартуға маңызды аргумент ретінде екпе иммунды жүйеге салмақ салады деген сынды дақпырттарды келтіреді. Осындай ата-аналарға қалай жауап берер едіңіз?

Хоффман: Екпе иммунды жүйеге салмақ салмайды, ол иммунитетті іске қосады және қалыптастырады. Ағзаңыз инфекциямен кездескенде қалай жұмыс істесе, мұнда да соған ұқсас жайт орын алады: иммунды жүйе бөтен денеге реакция көрсетеді. Иммунитеттің екі түрі барын түсіну керек: біріншісі, бірнеше сағаттың ішінде, өте тез пайда болатын туа біткен иммунитет. Ол өз кезегінде бейімделгіш иммунитетке іске қосылуға нұсқаулық береді. Эволюция тұрғысынан қарасақ, бұл, яғни иммунитеттің екінші түрі салыстырмалы түрде жақында ғана пайда болды. Нәтижесінде иммунды жасушалар агрессорды есіне сақтап алады ды, осыған ұқсас шабуылға кез-келген сәтте жауап беруге дайын тұрады. Сізге екпе салғанда организмге вирус немесе бактерияның бір бөлігі ғана (немесе өмір сүруге қабілетсіз/әлсіреген инфекция – автордың түсініктемесі) түседі. Екпені ақ қан жасушаларының бір түрі лимфоциттер анықтайды да, қайта шабуыл кезінде әлдеқайда мақсатты, тез әрі тиімді жауап беру үшін белсенді түрде бөлініп, өзгере бастайды. Яғни екпе арқылы организмге имунитеттің екінші шебіндегі табиғи қорғанысты іске қосуына қауіпсіз жолмен жағдай жасайсыз. Мысалы, Напалеонның кезіндегі өмірдің болжалды ұзақты шамамен 25 жас болатын және ХІХ ғасырдың соңына дейін солай болып келді. Ал екпе пайда болғаннан кейін небәрі бірнеше жылдың ішінде ғұмырдың болжалды ұзақтығы бірден өсіп, қазір бұл көрсеткіш бәрі білетіндей әр елге және тұтынатын азық-түлікке байланысты болды, десе де орташа есеппен адамдар 75-80 жасқа дейін өмір сүреді. Сондықтан екпе – медицинаның ең басты, тіпті ең ұлы жеңістерінің бірі деуге болады. Түрлі болжамдар бойынша, қазіргі таңда екпе шамамен 1,5 миллиардқа жуық адамның, әсіресе кішкентай балалардың өмірін сақтап қалған.

Қазақстандық ата-аналарды алаңдататын тағы бір мәселе – бірден перзентханада салынатын екпелер. Мысалы, BCG екпесі – биыл 100 жыл толатын француз вакцинологиясының жетістігі, егу күтізбесіне қауіпті төзімді Кох таяқшаларының штаммдарын жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан өмірдің алғашқы күндерінде салынатын екпе ретінде қосылған. Бірақ ата-аналар дамыған елдерде BCG егілмейтінін, демек бұл екпе үшінші әлем елдеріне арналғанын айтып жүр. Ал бұдан әртүрлі қастандық теориялары туады. Бізге туған кезде әлі де мұндай екпелер қажет қой. Оларға мұны түсінуге қалай көмектесе аламыз?

Хоффман: BCG – мінсіз екпе емес, ол туберкулез жұқтырудан қорғай алмайды, бірақ оның ерте жастағы қауіпті салдарынан қорғайды. Сондай-ақ, ол әлі Еуропада, оның ішінде Фрацияда қолданылады (туберкулез жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан Париж бен оның төңірегінде тұратын балаларға BCG егу міндетті – автордың түсініктемесі). Оған қоса BCG-дің өзі бірнеше керемет қасиеттерге ие: мысалы, құрамында липополисахаридтер мен басқа да туындылар көп болғандықтан қауіпсіз адьювант қасиеті бар. Сондай-ақ, оны кейбір қатерлі ісікке қарсы терапияларда қолданады. Басқаша айтқанда бұл екпе белгілі бір жағдайларда әлі күнге дейін кеңінен қолданылады.

Редакциядан: 2020 жылы күзде Cell журналында ACTIVATE рандомизацияланған клиникалық зерттеу жарияланды. Зерттеу BCG екпесінің жасы келген кісілер үшін респираторлы ауруладың алдын алудың тиімді әрі қауіпсіз әдісі екенін көрсетеді. Бұл BCG екпесін туа біткен иммунитетті жаттықтыру үшін қолдануға болатыны туралы гипотезаны растайтын көп зерттеулердің бірі. Бірақ бұл механизмді тәжірибеге енгізу үшін бізге әлі де қосымша зерттеулер қажет.

Кейбір ата-аналардың арасында бала ерте жасында стерильді, микроағзалардан таза болады деген алып-қашпа пікір тарап жүр. Демек біз, ол қисынға салса, екпемен сол стерильді ортаны «бүлдіреді» екенбіз. Бірақ шындап келгенде микробтар әлемінде өмір сүретінімізді түсінуіміз қажет қой?

Дұрыс айтасыз. Оған қоса, нәресте туа салысымен микробтармен кездесуі керек, бұл оның микробиоттарының ең бірінші негізі. Кесар тілігінің қаупі де осыдан шығады және қазір Кесар тілігімен туған балалардың микробиотасын толтықтыру қажет деп саналады. Адамның өзі шын мәнінде – асқазанымыздағы, теріміздегі, сілекейіміз бен жыныс жолдарымыздағы миллиардтаған, тіпті триллиондаған микробтардың селбесуі ғой. Барлық жерде белгілі бір деңгейде микробтар бар және олар сол жерде маңызды рөл ойнайды. Біз жай ғана микробтарсыз өмір сүре алмаймыз. Бірақ олардың кейбірі басқаларына қарағанда қауіптірек болғандықтан, екпелерді қолданамыз.

Жюль мен Даниэль Хоффманның үйінде қонақта. Олег Битнердің ковидке дейінгі дәуірде түсірген фотосы.

Франциядағы екпеге қарсы қозғалыс және COVID-19-ға қарсы екпе

Францияда пайда болғанына біраз болған екпеге қарсы қозғалыс туралы сөйлесейікші. Пандемия екпеге қатысты көзқарасқа әсер етті ме?

Жақында жүргізілген сауалнамаға сүйенсек, Францияда екпеге түбегейлі қарсы адамдар аз, шамамен 5%. Бірақ жалпы психологиялық түрғыдан француздар кез келген нәрсеге, әсіресе жаңа затқа қарсы шығуға әуес. Қазір мысалы, 5G-ға. Ал коронавирусқа қарсы екпеге келсек, бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, COVID-19 бәрі ойлағандай қорқынышты емес деген көзқарас болды. Шынымды айтсам, мен де эпидемияның басында COVID-19 тұмаудан қауіпті болуы мүмкін емес деп ойладым. Бірақ қазір бір жыл үш ай өтті, осынша аз уақыттың ішінде аурудан 2,7 миллион адам қайтыс болды, ал оның ұзақмерзімді салдары туралы енді біліп жатырмыз. Келесі себеп – екпені дайындап, сынақтан өткізу үшін 10 жыл уақыт қажет деген пікір. Әсіресе Францияда РНҚ-екпелері қызу талқыланды. Бұл онсыз да түсінікті еді, өйткені ол да жаңа нәрсе ғой. Ешкім тордағы тышқан болғысы келмейді, көбі қарсы болды. Тек былтырғы жылдың соңында ғана бәріміз РНҚ-екпелердің шын мәнінде қаншалықты тиімді екеніне көз жеткіздік. Жақында Science журналының соңғы санын парақтап отырып РНҚ-екпелері туралы жазба тауып алдым. Сөйтсем бұл екпелер бәрі ойлағандай жаңадан шыққан жүйе емес, 25 жылғы жұмыстың жемісі екен.

Енді иммунды жауап тұрғысынан РНҚ-ның ерекшелігі неде, соны түсіндіріп көрейікші.

Біздің зертханада жасаған реттеулеріңізден білесіз, РНҚ-ның қандай да бір құрылымы болса ол иммунды жүйемен өздігінен анықтала алады. Мысалы, екі тізбекті РНҚ айтарлықтай күшті туа біткен иммунитет шақырады. Бұл РНҚ-ны терапияды екпе ретінде қолдану үшін қиындық тудыратын, өйткені РНҚ-ға жауап ретінде қатты қабыну болуы мүмкін еді. Бұл тұста ғалымдар тобының және соның ішіндегі мажар ғалымы Каталин Кариконың (қазір COVID-19-ға қарсы бірінші РНҚ-екпені жасап шыққан BioNTech компаниясының вице-президенті) жаңалығы маңызды болды. Негізі профессор Карико бұл тақырыппен 1990 жылы Филадельфияда, мРНҚ-ны (матрицалы РНҚ – автордың түсініктемесі) терапия ретінде қолдануға болатын әдіс ұсынған кезде айналыса бастаған. Ол 1997 жылы Дрю Вайзманмен жұмыс істей бастайды да, екеуі бірге РНҚ молекуласында жүргізуге болатын түрлендірулер туралы мақалалар сериясын жариялайды.

Олар осы синтетикалық алмастыруларды РНҚ аймақтарында (бұлардың қатарында Пфайзер және Модерна екпелерінде қолданылатын псевдоуридин де бар) сынап көргенде, РНҚ молекуласы азырақ реактивті бола тұра ағзаның иммундық реакция мүмкіндіктерін сақтап қалатынын байқайды. Дененің реакциясы, яғни инфекция жұқтырған дендриттік жасушалардың және антиген ретіндегі жасушалардың іске қосылуы тура екпеден күткендей – симптомсыз, бірақ тұрақты иммунды жауап пайда болатындай болған. Қазір әрине мұның қаншалықты маңызды екенін, бұдан кейін басқа екпелерді мүлде қолданбауымыз мүмкін екенін түсініп отырмыз. Өйткені екпенің тиімділігі үшін дендритті немесе антиген ретіндегі жасушаларды бейімделгіш иммунитетті іске қосуға итермелеу керек. Адамдардың 20 ғасырдың басынан бері алюминий гидроксидін еккен кезде жасайтын бұл әрекеті – адъювант деп аталады. BCG – сондай адъюванттардың бірі. Басқаша айтқанда, бұл микробтардың экстракті, олар ауру шақыра алмайды, бірақ қажет сападағы қорғаныс реакциясын тудырады. Ал енді вирустың репликациясы кезінде көптеп пайда болатын белгілі бір құрылымдағы РНҚ да шын мәнінде өте күшті адъювант бола алатынын білдік. Сонымен, РНҚ-екпелердің арқасында екі нәрсе аламыз: патогеннің нақты бір бөлігін және айқын адъювантты әсер – бұл екі функцияны бір синтетикалық молекула атқарады. Бұл керемет! Күндердің бір күнінде осы ғалымдар бұл маңызды жаңалығы үшін Нобель сыйлығын алады деп ойлаймын.

Қалай дрозофил шыбындары Нобель сыйлығына алып келді

Сіздің басты жаңалығыңыз – туа біткен иммунитеттің ашылуы – вакцинологияға айтарлықтай әсер етті. Соның бір мысалы – әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз адъюванттардың пайда болуы. Бірақ мұның бір қиын тұсы – екпенің құрамындағы алюминий гидроксиді туралы естіген кейбір ата-аналарда, оның өте аз мөлшеріне қарамастан (ағзаға тамақ арқылы түсетін алюминийдің мөлшері бұдан әлдеқайда көп) қорқыныш пен сенімсіздік пайда болуы мүмкін. Бірақ адъюванттар шын мәнінде екпелерді барынша қауіпсіз етуге бағытталғанын түсінуіміз керек қой. Өйткені солардың арқасында инактивті (тірі емес) екпелерді қолдану мүмкін болды емес пе?

Сондай ақ барынша тиімді және нүктелі етуге мүмкіндік берді. Олардың көмегінсіз қажетті иммунды жауап ала алмаймыз. Туа біткен иммунитет негізінде қабыну реакцияларына – арнайы молекулалардың, ең алдымен интерферондардың пайда болуына алып келеді. Иммунитеттің бұл түрі кез келген патогенге, тіпті қарапайым тіліккке де қалыптасады. Кейін ол бейімделгіш иммунды жүйеге – яғни инфекцияға қарсы қаруланған әскер рөліндегі лимфоциттерге белгі береді. Бірақ ол үшін иммунды жүйе іске қосылуы керек, әйтпесе олар инфекция болып жатқан түсіне алмайды. Адъюванттар тірі екпелер үшін қажет емес. Ал инактивті екпелер үшін қажет, бұл ережеге қазіргі COVID-19-ға қарсы кейбір екпелер ғана бағынбауы мүмкін.

Қазір туа біткен иммунитеттің қатерлі ісік жасушаларына қарсы механизмдерін зерттеп жүрсіз. Бұған дейін атап өткен Каталин Кариконың жұмысы да қатерлі ісікке қарсы терапияға қатысты емес пе еді?

Қатерлі ісік кезіндегі неоантигендер деген түсінік бар. Жас кезімде, шамамен 2000-ші жылдары Ғылым академиясында көпшіліктің алдына шығып жүретінмін. Сонда біреу иммунды жүйе қатерлі ісік жасушаларын тани ала ма деп сұрады. «Жоқ, әрине, бұл өзінікі ғой – self, жат ағза емес», – деп жауап бергенмін. Тіпті сол кездің өзінде адамдар қатерлі ісік жасушаларын, қазір біз қатерлі ісік неоантигендері деп атайтын, сәл өзгешелеу молекулалар – жаңа антигендер жасайтынын толықтай түсінбеген. Дәл осы молекулалар қатерлі ісік жасушаларына қарсы антиденелерді дайындауға мүмкіндік берді, бұған өз кезегінде Филадельфиядағы топтың жұмысы да септігін тигізді. Мұндай зерттеулер терапевтік пайда тұрғысынан енді қарқын алып келе жатыр және көп ұзамай бәріміз олардың нәтижесін көре аламыз. Адамдарда болатын қатерлі ісіктің 200 түрі бар екенін білесіз, сол үшін де бәріне ортақ әбебап антиген табу үшін уақыт керек. Бірақ коронавирус жағдайында жұмыс тезірек жүрді, өйткені мұндағы антиген ақуыз тікенегі екені түсінікті еді.

Страсбургтегі үш Нобель сыйлығының лауреаты коронавирусқа қарсы екпе салғызды: солдан оңға қарай – Жан-Мари Лен, Жюль Хоффман және Жан-Пьер Соваж. Radio France (18 қаңтар 2021)

Бұған дейін бейімделгіш иммунды жауап туа біткенге қарағанда әлдеқайда қиын саналып келген. Бірақ қазір туа біткен иммунитеттің қаншалықты кешенді және тіпті, біршама өзіндік ерекшелігі бар екенін түсіне бастадық. Осыған қатысты туа біткен иммунитеттің COVID-19-ды емдеудің жеке әдіс-тәсілдерін дайындау кезіндегі маңызы туралы мақалалар оқығанмын. Қазір денсаулық жағдайы мен жасы бірдей адамдардың коронавируспен неліктен әртүрлі ауыратынын түсіндіретін генетикалық ерекшеліктер туралы айтып отырмын. Пандемия шын мәнінде белгілі бір деңгейде бұған дейін негізгі деңгейде ғана біліп келген салаларымыз бойынша дамуға көмектесіп жатыр. Қалай ойлайсыз, бұл білімімізді жақын арада тәжірибеде қолдана аламыз ба?

Негізі туа біткен иммунитеттің маңызы, әсіресе инфекцияға реакция көрсетудегі рөлі – әбден делік, қисынға келетін қорытынды. Өйткені бұған дейін жауаптың бірінші түрі – интерферонның реакциясы екенін айтқанбыз. Бұл жауапты алу үшін сізге рецепторлар, яғни өзіндік сенсорлар және интерферондардың іске қосылуына алып келетін гендер керек. Егер ДНҚ-ңыздың сол аймағында мутация немесе генетикалық ерекшелік болса, сәйкесінше жауап та өзгеше болады. Белгілі бір нәрсені сырт көзден терапия түрінде интерферонмен толтыруға болатын әдіс-тәсілдер бар, бірақ мұны қауіпсіз жолмен жасау әзірге өте қиын. Бір жағынан COVID-19-дан болатын өлім жітім шамамен 2%. Бұл жағдайда қолымыздан келетіні – емді нақты науқасқа бейімдеу. Мысалы, глюкокортикоидтарды егу арқылы инфекцияның салдарынан ауыр халде жатқан көп адамды кұтқаруға болатынын білеміз. Бірақ бұл бәріне бірдей сай келе бермейді. Болмаса, интенсивті терапия бөлімшесіне диабетпен ауыратын науқас түсті делік. Бұл кезде, сөзсіз, емдеу шараларын жекелендіру қажет.

Өз басынан өткен егу туралы

COVID-19-ға қарсы егу кампаниясына қатысқаныңызды және алғашқылардың бірі болып екпе салдырғаныңызды көрдім. Екпе туралы дұрыс қарым-қатынас үшін үлгі болу неліктен маңызды екенін айтып беріңізші?

Францияда басында COVID-19-ға қарсы екпеге сенімсіздік деңгейі айтарлықтай жоғары болды дедік қой: шамамен 30-40% болатын. Өйткені көбі мұның қалай жұмыс істейтінін түсінбеді. Сол кезде Ғылым академиясы «...ғылымнан хабары бар адамдарды көрсетуіміз керек, сол үшін екпені ең алдымен арамызда жүрген жеті Нобель сыйлығының иегеріне салайық», – деді. Біз тек бір ғана талап қойдық: жұбайларымызға да бізбен бірге екпе салуын сұрадық. Сөйтіп Даниэль екеуміз екпе алдық та, бұған сондай разы болдық.

Екпеге қатты реакция болмады ма? Қандай екпе салдыңыз?

Pfizer екпесін салғыздым, реакция болмады. Қазір Covid-19-ға қарсы тіркелген барлық екпеге сенемін. Тіпті әлгі AstraZeneca екпесі мен тромбоздарға қатысты жайтты алып қарасақ та, мұның миллион адамның ішіндегі бір адамның ғана оқиғасы екенін түсінуіміз қажет. Бірақ, әрине, барлық жағдай толықтай зерттелуі тиіс. Десек те, қазірдің өзінде Франциядағы біршама төмен егу қарқынына қарамастан (екпенің екі дозасын да шамамен 5%-ы салғызған – автордың түсініктемесі), нәтижесін көре бастағанымызды ұмытпауымыз керек. Қарттар үйінде ауру жұқтыру айтарлықтай азайды. Сонымен бірге екпеге сенімсіздік деңгейі де түсіп келеді, бұрынғы 40%-дың орнына қазір шамамен 10%.

Екпеге дейінгі өткенге оралу туралы.

Енді балалар екпесі туралы қарым-қатынас мәселесіне қайтып оралсақ. Екпе өз жетістігінің тұзағына түскендіктен, кейбір қазақстандық ата-аналар екпемен алдын алуға болатын балалар аурулары әлдеқашан жоғалып кеткен және бізге екпелер қажет емес деп санайды. Бұл туралы не айтасыз?

Егер олар шынымен де жоғалып кетсе, керемет болар еді. Ал Қазақстанның өзіндегі жағдай қалай?

Қызылша індеті мен көкжөтелдің қайта оралғанын байқап жүрміз.

Хоффман: Ең оңай жолы – адамдарға 50 жыл бұрынғы жағдайды түсіндіріп, «Сол кезге оралғыңыз келе ме? Қауіпті инфекциямен күресте балаңыздан айрылуға дайынсыз ба?», – деу керек. Антибиотиктер әлі де кей жағдайда, кейбір бактериялы инфекциялар кезінде көмектесе алғанымен, екпе стратегия ретінде бүтін бір ұлтты сақтап қалады. Сол кезде тиімді медициналық көмектен алыстағы еліңіздің шет аймағында жүрсеңіз де ауру жұқтырмайтыныңызға сенімді боласыз. Көп елде балалар ауруларына қарсы екпе мәселесі мүлде талқыланбайды. Францияда бұл міндетті (француз екпе күнтізбесі қазақстандық күнтізбеден үлкенірек және онда В мен С менингококк инфекциясы сынды ауруларға қарсы екпелер бар – автордың түсініктемесі). Балаларды өлімнен құтқару – халық санын арттыру стратегиясы. Егер Қытай сынды азиялық бір мемлекетті алсақ, ондағы жағдай бұдан да қатаңырақ.

Жюль мен Даниэль Хоффманның үйінде қонақта. Олег Битнердің ковидке дейінгі дәуірде түсірген фотосы

Мені COVID-19 екпесі туралы қарым-қатынастағы қателіктер көбіне балалар екпесіне деген сенімге де кесірін тигізетіні алаңдатады. Бұл өте қауіпті ғой?

Өте қауіпті. Бірде іс сапармен Қытайға барғанда бір оқиға естідім: 1851 жылдары Янцзы өзенінің аңғарында екі баланың біреуі 5 жасқа дейін қайтыс болған екен. Мұның барлығы сенуге тұрарлық себеп емес пе? Таңғаламын.

Сенімсіздіктің себептері көп, бірақ ата-аналарға иммунология негіздерін білу мен дұрыс ақпарат беру көмектесетініне сенемін. Сондай-ақ, біздің әңгімеміз оларға маңызды шешімдер қабылдауға және екпе салдыруға септігін тигізеді деп үміттенемін.

Қазіргі екпе – жақсы жетілген әдістеме. Қазір вакцинологияда болып жатқан жайттар – нағыз фантастика. Ғалымдар үшін де бұл тамаша кезең, өйткені зерттеуге болатын қаншама жаңа нәрселер, пандемия кезінде жиналған үлкен деректер жинағы бар. Ал балалар екпесіне келер болсақ, сіздің балалар өмірі үшін күресуге деген ықыласыңызды толықтай қолдаймын.

Редакция осы материалда пайдаланған Страсбургтегі қазақ отбасы туралы репортаждағы фотолар үшін әріптестері Райхан Рахим мен Олег Битнерге алғыс білдіреді.

Материалда айтылған ой авторларға тиесілі және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі мен АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігінің ресми көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.