16572
9 февраля 2021
Сұхбаттасқан Оксана Акулова, суреттер Нұршай Әзімбаеваның архивінен. Инфографика авторы - Мария Аманжолова

«Кішкентай кезінде екпе салдырғандардың бәрінде бірдей иммунитет қалыптаспайды...»

Қазақстанда қызылша індеті неге жиі өршиді және ендігісі қашан болуы мүмкін?

«Кішкентай кезінде екпе салдырғандардың бәрінде бірдей иммунитет қалыптаспайды...»

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бірнеше рет ауру жаппай тарап, науқастардың саны күрт артты. Атап айтқанда, мұндай жағдай 1993, 1998, 2005 және 2015 жылдары болды. Соңғы рет 2018 жылдың күзінде басталып, 2019-да жыл бойы жалғасты. Сол кездегі көрсеткіш бойынша Қазақстан қызылшамен ауыратындар саны жөнінен алғашқы ондықта болды. Екпе егудегі қиындықтар, иммунитеті қалыптаспайтын адамдар және медициналық статистиканың бейтараптығы туралы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігіндегі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің екпе арқылы алдын алуға болатын жұқпалы ауруларды бақылау басқармасының жетекшісі Нұршай Әзімбаевамен сөйлестік.

– Нұршай Үйсінтайқызы, әдетте індеттің тарауына балалар емес, ересектер себеп болады екен. Алайда, олардың көбінде екпе болуы керек еді ғой. Демек, оларға екпені дұрыс екпеген немесе мүлде екпеген. Солай ма, әлде басқа себебі бар ма?

– Сөзіңіздің жаны бар, бірақ індеттің тарауының жалғыз ғана себебі бар деуге болмайды. Мәселенің тамыры тереңде. Аурудың кең тарауына әсер ететін, соның ішінде қызылшаның өршуіне себеп болатын бірнеше факторды түсіндіріп көрейін. Біріншіден, кішкентай кезінде қандай да бір аурудан екпе алған адамның бәрінде бірдей иммунитет қалыптаспайтынын түсіну керек. Әркімнің ағзасы әртүрлі. Мамандардың есебінше, егілген жүз адамның 95-інде ғана (кейде тіпті 90 адамда ғана) жақсы қорғаныс қалыптасады. Яғни, жаппай екпе салғанның өзінде халықтың белгілі бір бөлігінде иммунитет болмайды деген сөз. Бұған ата-анасы қарсы болып, екпеден бас тартқандар мен денсаулығына байланысты екпе салмағандарды қосыңыз. Осылай иммунитеті жоқ адамдардың қатары жылдан-жылға көбейе береді де, індет тарайды. Қызылша да осылай тарады.

– Енді осы айтқаныңызды санға айналдырып көрейікші. Қазақстанда жылына қанша бала егілуі тиіс?

– Қызылша, паротит және қызамыққа қарсы (ҚПҚ) бірінші екпені бір жасқа дейін шамамен 350 мың балаға салады. Сосын алты жастағы 350 мың балаға екпені екінші рет салады. Барлығы 700 мың адам. Негізі, кішкентай кезде салынатын екпеден кейін қалыптасатын иммунитет адамды өмірінің соңына дейін инфекциядан қорғай алады. Ал екінші екпе иммунитеті қалыптаспаған 10% бала үшін керек. Сонда инфекцияларға қарсы иммунитеті жоқ адамдардың саны алты жастағы екпеден кейін екі есе азаюы тиіс. Яғни, ҚПҚ-дан қорғалмаған 10% емес, 5% адам қалады. Бұл шамамен 17,5 мың адам (алты жасында екінші рет егілген 350 мың баланың 5 пайызы). Оған ата-анасы қарсы болып екпе салғызбағандар мен медициналық қарсы көрсетілімі бар балаларды қосамыз (олардың саны жыл сайын 6 мың мен 8 мыңның арасында). Бұл нақты көрсеткіш емес, десе де қалыптасқан жағдайды толық түсінуге жеткілікті.

– Яғни жыл сайынғы статистикаға инфекцияға қарсы иммунитеті жоқ 17,5 мың адам қосылып отырады деген сөз ғой? Егер бәрін қайта егіп шықпасақ, олардың саны 10 жылдан кейін 175 мыңға жетеді. Бұған өз еркімен екпе салғызбағандарды қоссақ, көрсеткіш тағы да өседі. Бұл топ елдегі эпидемиологиялық жағдайға әсер етеді де, жұқпалы аурулар көптеп тарай бастайды, солай ма?

– Дұрыс айтасыз, аурудың тарау мерзімін де осыдан білуге болады. Сол үшін бүкіл әлем елдері әр 10-15 жыл сайын тазару үшін иммундау сияқты шараларға баруға мәжбүр. Осы арада екпеден кейін бәрінде бірдей жақсы иммунитет қалыптаспауы мүмкін екенін айтқым келеді. Бірақ өмірінде бір рет болсын екпе салдырған адам ауру жұқтырған күннің өзінде, ешқандай асқыну болмайды. Бір-екі күн жеңіл ауырып, жазылып кетеді. Өйткені ағза әлгі вируспен таныс, тек аурудың бетін қайтаратын антиденелері жетпейді. Осыған мән беру керек.

– Қазақстан халқының қанша пайызында екпеден кейін иммунитет қалыптаспайды? Біз үнемі қазақстандықтардың 95 пайызы егілгенін айтамыз. Ал олардың қаншасында сенімді қорғаныс бар екенін білеміз бе?

– Дәл осы иммунитетке қатысты толыққанды зерттеу жүргізуді жоспарлағанбыз. Қызылша, қызамық сияқты басқа да екпесі бар жұқпалы ауруларға қарсы халықтың иммундық қорғанысын тексергіміз келді. Ол үшін әртүрлі жас өкілдерінен қан талдауын алып, дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, қызамық сияқты аурулар бойынша 220 мыңға жуық зерттеу жүргізу керек болды. Алдағы уақытта қосымша иммундау жүргізгенде бұл бізге үлкен көмегін тигізер еді. Сол арқылы қай жас аралығы ауру жұқтыруға бейім екенін біле алатын едік. Зерттеуді 2020 жылдың сәуірінде бастауымыз керек еді, ковид кедергі болды. 2021-ге қалдырайық десек, биыл да сол себеппен жүзеге аспайтын сияқты. Ешкім жайдан-жай ауруханаға келмейді, біз де оларды шақырып, басын қауіпке тіге алмаймыз. Сондықтан қазір қазақстандықтардың қаншасының егілгенін, қаншасында жақсы иммунитет қалыптасқанын және қаншасында қалыптаспағанын нақты айта алмаймын. Бізде ондай деректер жоқ. Математикалық көрсеткішке салып есептеп көруге болады. Бірақ бұл оңай жұмыс емес: кейбір жылдары қосымша иммундау жүргізілді, олар да жаппай емес, әртүрлі аурулар бойынша. Әр аймақтағы қамту көрсеткіші де әртүрлі.

– Қай жас топтарына қосымша иммундау керек екенін білмесек, Қазақстанда көз ұзамай қызылша немесе екпе салу арқылы алдын алуға болатын басқа бір аурудың тағы да жаппай тарауы мүмкін ғой?

– Иә. Алдағы бес жылдың ішінде қызылшамен ауыратындардың саны тағы да күрт өсуі мүмкін. Мұны осы салада жүрген эпидемиолог ретінде айта аламын. Әсіресе, халықты екпемен қамту көрсеткіші төмен болған жылдарды ескерсек, бұл әбден мүмкін. Осы деректердің мейлінше дәл болғаны маңызды. Қазір, мысалы, аймақтардан біз күткен деректер келіп жатыр: халықтың 97-98 пайызы егілді дейді. Бірақ аймақта да, облыста да жұмыс істеген маман ретінде бұл деректердің қалай дайындалатынын білемін: ертең бірдеңесі дұрыс болмаса, таяқтың бір ұшы өздеріне тиетінін біледі. «Неге көрсеткіштерің басқа аймақтан төмен? Неге тез әрекет етпедіңдер? Неге аз адам қамтылған?» – деп сұраймыз ғой. Содан қорқып, күткен санымызды жазып береді. Ал біз сол қағаздағы көрсеткішке қарап, жоспар құрамыз. Әзірге басқа амал жоқ. Көп жылдан бері электрондық иммунопрофилактика регистрін іске қосқымыз келіп жүр, бірақ ол әлі бола қойған жоқ. Электрондық жүйе іске қосылса, адам факторының қазіргідей әсері болмайды, деректер дәлірек болады. Бұл неге маңызды? Соның арқасында алда болатын індетті дәл болжауға болады. Мысалы, мұнымен айналысатын ғалымдар қағаздағы деректерге қарап, қамту деңгейін 98% деп есептесе, бірақ шын мәнінде олай болмай, айталық, 92% болса, соңғы нәтиже түбегейлі өзгеруі мүмкін.

– Қазақстандағы екпемен қамтудың нағыз көрсеткіші қандай деп ойлайсыз?

– 90 мен 95 пайыз арасында деп ойлаймын. Осының өзі аз емес. Бірақ айтып жүрген 95 (немесе одан да көп) пайызға бәрібір жетпейміз. Елімізде қызылшаның жиі тарайтыны да содан.

– Есебінде қамту деңгейін 95 пайыздан төмен деп көрсететін бір аймақ болса да бар ма?

– Жоқ. Облыс ішіндегі бірен-саран аудандарда ғана көрсеткіш төмен. Бірақ бұған дейін айтқанымдай, аудан біз қалаған көрсеткішті ғана көрсетеді.

– Аурудың тарауына алып келген басты себептің бірі екпемен қамту екенін түсіндік. Яғни, ресми дерек пен іс жүзіндегі жағдай үйлеспейді. Бірақ екпенің өзі де бұған әсер ететін сияқты. Мысалы, 2015 жылы жасөспірімдер көп ауырды. Демек, 90-жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында, яғни осы балаларға екпе салғанда бірдеңе дұрыс болмағаны ғой?

– Мұны түсіндіру үшін 2005 жылдан бастайын. Ол кезде Алматы облысында жұмыс істейтінмін. Вирус жұқтырғандардың көп болғаны сонша, бәрін тіркеп үлгермей жаттық. Қазір статистикадан көруге болатын 16 118 адам – дәрігерлердің тіркей алғаны ғана. Шын мәнінде, олардың саны көбірек. Кез келген инфекция таралғанда ауруханаға жатқызу мен тіркеу кезінде қиындықтар болады: симптомсыз ауыратындар мен симптомы жеңіл науқастар бар. Олар әдетте дәрігерге көрінбейді, ауруханаға жатпайды, тиісінше тіркеуге де алынбайды. «Шынайы көрсеткішті әдейі жасырып отыр» деп ойлауға болмайды (ешкім олай жасамайды). Тек тіркеудің дұрыс жүргізілуін барлық деңгейде қадағалау шын мәнінде мүмкін емес.

– 2005 жылы ауырғандардың көбі 20 жастан асқандар еді ғой?

– Иә, солай болатынын да білгенбіз, алдын ала болжамымыз болды. Сол үшін 2004 жылы ауқымды қосымша екпе егуді жоспарладық. Аурудың саны біртіндеп өсе берді. Бұлай жалғаса берсе, эпидемиологиялық жағдай шектен шығып, аурудың өршіп кететіні түсінікті еді. Бірақ Қазақстанда жаппай егу науқанын жүргізу керегін дәлелдей алмадық. Әдетте эпидемиологтарды дәрігерлердің өзі түсіне бермейді, ал бізге жаппай егу мәселесін медицинадан алыс министрліктегі кісілерге түсіндіру керек болды. Ақыры екпені алдырдық, бірақ кемінде жарты жылға кешіктік. Ауру 2004 жылдың қазанында басталған, біз 2005 жылдың басында ғана қайта егуді бастадық.

Қателеспесем, егуді екі кезеңмен жүргіздік: ақпанда 20-30 жас аралығындағы жастарға тек қызылшаға қарсы екпе салдық. Кейін қыркүйекте қызылшаның беті қайта бастаған соң, бала көтеретін жастағы әйелдерге қызамыққа қарсы екпе салдық (ол кезде қызамық пен қызылшаға қарсы моноекпелер қолданылатын). Егілгендер 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында туғандар еді. Олардың кезінде екпені Мәскеу арқылы таратты. Бәріне бірдей жетпеді, оған қоса 80-жылдары жеткізуге байланысты біраз қиындық болған. Сол кездегі дефицит 2000 жылдардың басындағы қызылша індетіне әкеліп соқты.

2015 жылы да солай болды. Көбіне 90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында туған, 15-25 жастағылар ауыра бастады. Бұған сол кездегі екпелердің дұрыс сақталмағаны, сақталған орынның жеткілікті деңгейде салқын болмағаны себеп болды. Мұны бірден түсіндік. Бұл қызылшаға қарсы екпе сияқты тірі екпелердің әсерін азайтады. Мен ол кезде бұрынғы Талдықорған облысында аудандық санэпидемстанцияда жұмыс істеп жүрдім. Екпені алып келгені, бірақ оны сақтайтын қолайлы жердің болмағаны есімде. Ол жақта тіпті бір тәулік бойы жарық болмай қалатын. Мұның бәрі екпенің сапасына әсер етті.

Осы тұста ескеруге тиіс бір мәселе бар: көбі екпеге жарық түссе, адам өміріне қауіп төндіреді деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес, тек екпенің құрамындағы вирус өліп, екпе жарамсыз болып қалады. Бірақ соны адамдарға еге бердік.

– Енді 2018 жылдың қазанында басталып, 2019-да жыл бойы жалғасқан соңғы қызылша індеті туралы сөйлессек. Ол кезде де алдымен жастар ауырып, сосын балаларға жұқтырған еді.

– Иә, әсіресе екпе алып үлгермеген, бір жасқа дейінгі балаларға жұқтыра бастады. 2019 жылы қызылшамен ауырып тіркелген 13 326 адамның 9 406-сы –14 жасқа дейінгі балалар. Бұл – шамамен 71 пайыз. Олардың 7 802-сі егілмеген.

Сол үшін індет кезінде 20-29 жас аралығындағы жастарға қосымша екпе салдық (1 759 459 адам – V) және балаларға ҚПҚ-ға (қызылша, паротит пен қызамық) қарсы екпені бұрынғыдай бір жастан емес, тоғыз айдан бастап саламыз (273 655 адам – V) деп шештік. Соның арқасында ауру жаппай тараған жоқ, жергілікті деңгейде ұстап қалдық. 2020 жылы қызылшамен ауырғандардың көбі бірінші тоқсанда тіркелді, шілдеден бастап жаңа жағдайлар болған жоқ.

Негізі, балалар алты-тоғыз айға дейін қызылшамен ауырмауы керек. Егер анасында бұл ауруларға қарсы иммунитет болса, антиденелер балаға да беріледі.

Алғашында анасының иммунитеті баланы түрлі аурудан қорғауы мүмкін, бірақ олар бірте-бірте азайып жойылғанда (бір жасқа қарай толығымен жойылады), балаға жаңа иммунитет керек. Сол үшін қызылшаға қарсы бірінші екпені бір жаста салады.

Бірақ соңғы індет кезінде бір жасқа дейінгі балалар көп болды. Бір айлығында, екі айлығында ауырып жатты. Үш айлық бір бала қайтыс болды. Демек бұл балалардың анасында да иммунитет болмаған. Мұның себебін жоғарыда айтып өттік. Егуді алты айдан бастайық деген ұсыныс болған, бірақ бұл тым ерте сияқты көрінді. Сөйтіп тоғыз айдан бастаймыз деп шештік. Бастадық. Ауру сонда да тоқтаған жоқ. Жүкті әйелдерге еге алмаймыз, оларға егуге болмайды. Сөйтіп олардың балалары иммунитетсіз дүниеге келіп, қызылша бойынша тізімге ене бастады. Сондықтан бұл індет күрделірек. Ауырғандардың жасы да, ауыру себептері де әртүрлі еді.

– Толығырақ айтып бересіз бе?

– Біріншіден, сыртқы факторлар болды. 2018 жылы Ресейде әлем чемпионаты өтті. Көп қазақстандық сол жақтағы матчтарға барды. Ол кезде ауру өршіп тұрған Украинадан да Ресейге туристер ағыла бастаған. Ал стадион – нағыз ауру тарайтын орын. Яғни, індеттің тағы бір себебі – қызылшаның елге сырттан келуі. Бәрі осыдан басталды. Кейін бұған басқа себептер де қосылды.

– Ол қандай себептер? Жаңа айтып кеткен екпені дұрыс сақтамау, екпеден бас тарту, егу кезіндегі қиындықтар ма?

– Иә, олар да әсер етті. Заң бойынша, ескертусіз тексеріс жүргізе алмаймыз. Мемлекеттік мекеме болсын, жекеменшік ұйым болсын, бәріне солай. Сізге осыған қатысты бір оқиға айтып берейін. Бірнеше жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігіндегі бір департаменттің бастығы Солтүстік Қазақстан облысына іссапармен барған. Іссапарының екпеге қатысы жоқ. Бірақ сол сапарда әріптестерімен фельдшерлік пунктерді, зертханаларды қарап жүргенде, егу бөлмесіне де кіріп көреді. Сөйтсе екпені сақтайтын тоңазытқыш жоқ екен. Оның қайда екенін сұрағанда: «Тексеріс кезінде әкеліп қоямыз», – деп айтады. Көрдіңіз бе! Қазірдің өзінде шағын егу пункттерінде, әсіресе шалғай ауылдарда не болып жатқанын біле бермейміз.

– Қазақстанда қызылшадан азат ел деген сертификат болды ма?

– Қазақстанның полиомиелиттен азат аймақ деген сертификаты бар. Бірақ қызылша бойынша жоқ, мұндай сертификат берілмейді. Бұған қатысты басқа бағдарлама бар. Бүкіл әлемде оны қызылша элиминациясы дейді. Яғни жергілікті деңгейде жаңа жағдайдың анықталмаған кезі. Біз бұл көрсеткішке 2009 жылы инфекцияның бірде-бір жағдайы тіркелмеген кезде жеттік. Бұған 2005 жылғы індеттен кейін белгілі бір жас өкілдеріне қосымша екпе салғанымыз әсер етті. Ауруға бейім адамдардың қатары азайып, жағдай біртіндеп жақсара берді. Сөйтіп бірнеше жылдан кейін көрсеткіш нөлге түсті. 2010 жылы төрт жағдай тіркелген. Бір ер кісі шетелде жүргенде қызылша жұқтырып, оны үйіндегі 3 адамға таратқан. Бұл кішкентай ғана ошақ болған соң, тез жоя алдық. Бірақ кейін аурулардың саны қайтадан көбейе бастады. Бұрын ондайды екі-үш айда шектейтінбіз. Ал 2014 жылдың соңынан бастап мүлде игере алмадық. Ол кезде індет Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өрши бастаған.

– Кейбір сарапшылар қызылша, паротит және қызамыққа қарсы екпені ересек жаста үшінші рет егу қажет деп санайды (егу күнтізбесінде қазір екеу ғана). Бұл туралы не ойлайсыз?

– Бұл мәселені де қарастырып көрдік: егер екпе салдырмаған халықтың бір бөлігінде инфекцияға қарсы иммунитет қалыптаспауы мүмкін деген болжам болса, үшінші екпені шамамен 17 жаста егу керек. Білуімше, кейбір елдер солай жасайды. Мысалы, Ресей (олардың өзінде өндірісі бар). Бірақ бұл ұсынысымыз қолдау таппады.

– Бұған не себеп болды? Қаржы жағы ма?

– Қаржы ғана емес. Қазақстанда иммундау бойынша тәуелсіз комиссия бар (оның құрамына түрлі саладағы ғалымдар мен дәрігерлер кіреді). Идеяны қолдамаған сол кісілер. Сарапшылардың көбі ҚПҚ-ға қарсы үшінші екпенің пайдасы жоқ деп ойлайды. Бір жағынан, мұнымен де келісем: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының барлық құжатында қызылша үшін бір екпе жеткілікті деп жазылған. Бұдан кейін көбінде иммунитет қалыптасуы керек. Ал қалыптаспағандар үшін екіншісін егеді. Екіншісінен кейін де иммунитет қалыптаспаса, ағза екпені қабылдамады деген сөз. Мұның орнына барынша көп адамды қамтуға тырысу керек. Бұл – иммунитеті қалыптаспағандарды және денсаулығына байланысты екпе ала алмағандарды қорғаудың ең тиімді жолы.

– Соңғы індет кезінде қызамықпен, паротитпен ауырғандар болды ма?

– 2020 жылы қызамық бойынша – бір, паротит бойынша – 13 жағдай тіркелді. 2019 жылы сәйкесінше 5 және 25 жағдай болды. Мұның себебі мынада: кеңестік дәуірде паротиттен ревакцинация болған жоқ (бұл ауру сол кездері бірнеше рет жаппай тараған) және ол кезде де иммунитет қалыптаспаған топтар болды. Қазірдің өзінде бедеу еркектердің көп екенін білесіз, ал бұл әдетте паротит инфекциясының салдары. Бізде бұл екі факторды байланыстырмайды және осы аурулар туралы айтпайды. Қызылшаға қатысты да солай.

– Алғашында Қазақстанда қызамыққа қарсы екпе қыздарға ғана салынатын, кейін ер балалар да қосылды. Неге олай болғанын түсіндіріңізші?

– Қызамық қызылшамен салыстырғанда қауіпсіз ауру саналады. Ол жеңіл өтеді, ешқандай асқынуға ұласпайды. Бірақ ол жүкті әйелдерге қауіпті, нақтырақ айтқанда, ұрыққа қаупі бар. Бұл – бала жолдасының тосқауылынан өтіп, даму сатысындағы ұрықты зақымдай алатын аз инфекцияның бірі. Бұл өте қауіпті. Ұзақ жыл бойы қызамықпен ауырып шыққан әйел мен одан туған баланың қандай да бір күрделі патологиямен тууы бір-бірімен байланысты деп ойламадық. Екпені Қазақстанға енді әкелгенде болашақта бала көтеретін 15 жастағы қыздар егілді. Ер балаларды экономикалық себептерге байланысты екпеді деп ойлаймын. Мүмкін екпе бәріне жетпеген шығар. Бірақ қоғамда қажет деңгейде иммундық қорғаныс қалыптасу үшін бәріне екпе салу керек. Сол үшін ер балалар да қосыла бастады. Қазір моноекпелерді қолданбаймыз, үш инфекциянікін бірге саламыз. Олар – қызылша, паротит және қызамық.

– Екпемен байланысты қандай асқынулар статистикаға енеді?

– Бізге ата-аналар хабарласып, баласында екпеден кейін ауыр асқыну болғанын немесе қайтыс болғанын айтса, оның бәрін зерттейміз. Жылына жүзге жуық сондай хабар түседі. Бірақ асқыну мен егілген екпенің арасындағы байланыс дәлелденсе ғана статистикаға енгіземіз. Ең қиын екпе – БЦЖ. Оның иммундаудан кейін пайда болатын жағымсыз әсері басқа екпелермен салыстырғанда көбірек. Бірақ мұның салдарын туберкулезден төнетін қауіппен салыстырсаң, өте аз. Тіпті салыстыруға келмейді. Өкінішке қарай, бізде оның орнына қолдануға болатын, қауіпсіздеу екпе жоқ.

Әдетте баланың жағдайының нашарлауына екпе емес, бұған дейін ауырып жүрген аурулары әсер етеді. Тек патология дәл егу жүргізілген уақытта білінеді. Бұл қарапайым тұмаудан бастап, баланы өлімге дейін апаратын қауіпті диагноздарға да қатысты. Бірақ мұны баласынан айырылып, құса болып отырған ата-анаға түсіндіре алмайсың. «Бір-біріңді жауып отырсыңдар» деп бізді, дәрігерлерді кінәлайды. Мейлі, олардың солай ойлауға хақы бар. Біздің міндетіміз – әлі ойланып жүргендерге екпенің қажет екенін түсіндіру және болашақта ана мен әке болатын жастардың санасында екпенің артықшылығы туралы түсінік қалыптастыру.

Нені білу маңызды?

1. Неге кішкентайында қандай да бір ауруға қарсы екпе алған адамның бәрінде иммундық қорғаныс қалыптаспайды? Бұл адам ағзасының ерекшелігіне байланысты. Статистика бойынша егілген 100 адамның 90-95-інде ғана жақсы иммунитет қалыптасады. Яғни, жаппай екпе салғанның өзінде халықтың белгілі бір бөлігі қорғаусыз қалады.

2. Жұқпалы аурулардың індеті неден пайда болады? Басты себептің бірі – халықтың тиісті иммундық қорғанысының болмауы. Бұған екпеден кейін иммунитеті қалыптаспаған адамдар себеп болады: медициналық қарсы көрсетіліміне байланысты екпе алмағандар мен екпеден бас тартқандардың да үлесі бар. Мұндай жағдайда індетке бір немесе бірнеше сыртқы фактор жеткілікті (мысалы, жұқпалы аурудың шетелден елге келуі).

3. Жұқпалы ауру жаппай тараған кездегі ең әлсіз топ кім? Түрлі себептермен екпе алмағандар: екпе алатын жасқа жетпегендер, медициналық қарсы көрсетілімі барлар мен екпеден бас тартқандар. Егер иммунитеті қалыптасқан адамға вирус жұқса, ауру жеңіл және асқынусыз өтеді.

4. Паротит несімен қауіпті? Аурудың ең жаман салдарының бірі – бедеулік. Зерттеулер бұл аурудың еркектерге әсерін бұрыннан дәлелдеп келеді, бірақ соңғы деректер бойынша ауру әйелдерге де әсер етуі мүмкін.

5. Қызамық несімен қауіпті? Бұл ауру баланың дамуына зиян келтіріп, ауыр патологияларға алып келуі мүмкін. Сондықтан жүктілік кезінде өте қауіпті. 2003 жылдан бастап Қазақстанда, жоғарыда атап өткен аурулардан қорғайтын қызылша, паротит және қызамыққа (ҚПҚ) қарсы кешенді екпе егіледі.

Материалда айтылған ой авторларға тиесілі және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі мен АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігінің ресми көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.