4862
4 декабря 2020
Назерке Құрманғазинова, Алина Жартиева, фотолар автордікі

«Интернет кейбір жерде ғана ұстайды». Жамбыл ауылында онлайн оқу қалай өтіп жатыр?

Жылдамдығы баяу интернет, бір отбасына ортақ смартфон және шығынның көбеюі — мәселенің бірі ғана

«Интернет кейбір жерде ғана ұстайды». Жамбыл ауылында онлайн оқу қалай өтіп жатыр?

Алматының оңтүстік-батысында, шамамен 60 шақырымдай жерде орналасқан Жамбыл ауылындағы оқушылар басқалары сияқты онлайн оқуға көшкен. Бірақ ауылда интернетті пайдалану бағасы қымбат, ал жылдамдығының баяу болуы балалардың жағдайын қиындатып отыр. Vласть тілшілері Жамбыл ауылына барып, онлайн оқу қалай өтіп жатқанын біліп қайтты.

«Интернет бар, бірақ ауылдың кейбір жерінде ғана ұстайды»

Жамбылда 4 мыңнан астам адам тұрады. Қазір ауылда онлайн оқу екі форматта өтеді: 1-4 сынып оқушылары мектепке барып оқыса, қалғандары қашықтан, BilimLand платформасы арқылы оқиды.

Мадияр Оралхан — 10-сынып оқушысы. Оның айтуынша, интернет жылдамдығының баяу болуы онлайн оқуға кері әсерін тигізіп жатыр.

«Әрине, мектепке барып оқудың орны бөлек. Онлайн оқу бәрімізге әсер етті. Қазір Bilimland платформасында оқып жатырмыз. Оның да кем тұстары бар. Мысалы, дұрыс жауапты бұрыс деп көрсетеді де, бағамызды төмендетеді», — дейді ол.

Zoom жиі қатып қалатындықтан, оқушылардың басым бөлігі тек Bilimland пен WhatsApp мессенджері арқылы оқиды.

«Тақырыпты түсінбей қалатын кезім болады. Ондайда достарымнан сұрап аламын», — дейді 10-сынып оқушысы.

Мадиярдың сөзінше, ауыл орталығында интернет жақсы ұстайды. Ал ауылдың шетінде орналасқан үйлерде интернет нашар. Жергілікті тұрғындар бұл жерді «Новостройка» деп атайды. Мұнда тұратындар сабақ оқу үшін күн сайын орталықтағы туыстарына барады екен. Назерке — сондай оқушылардың бірі.

«Мен Новостройкада тұрамын. Үйде байланыс нашар, интернет ұстамайды. Байланыс болмай қалғанда сабақ оқу үшін әжеміздің үйіне баратынбыз», — дейді ол.

Назерке 7-сыныпта оқиды, жасы 12-де. Қазір уақытша әжесінің үйінде тұрып жатыр. «Көбі Wi-Fi орнатуға қиналады. Ай сайын 5500 теңге төлеу керек. Ал Новостройкада Wi-Fi бірде бар, бірде жоқ», — дейді оқушы.

Назерке Новостройкаға қарай жол көрсетті.

Біраз жүргеннен кейін асфальт жол бітіп, үйлер көріне бастады. Бұл жерде интернеттен басқа да қиындық көп сияқты. Үйлер қоршалмаған, айнала жапан дала, қараусыз қалған бір-екі ғимарат көрінеді.

«Бар ақшамызға телефон сатып алдық»

Айнұрдың (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді — V) үш баласы және Новостройкада шағын үйі бар. Өзі үй шаруасындағы әйел. Балаларының екеуі мектепте оқиды. Пандемия басталғанда отбасы қаржы жағынан біраз қысылған. «Тұтас бір айлығыма телефон алуға мәжбүр болдым», — дейді ол. Қазір Айнұрдың балалары бір телефон арқылы сабақ оқиды.

Тіпті, телефон сатып алынса да, басқа да мәселелер туындаған. Оның айтуынша, балалар онлайн оқимын деп қиналып жүр.

«Бізде интернет нашар», – дейді Айнұр.

Балалар үй тапсырмасын жіберу үшін таң атпай тұруы керек. Таңғы уақытта интернет қолданатындар аз болатындықтан жақсырақ жұмыс істейді.

«Wi-Fi — қымбат, сол үшін орнатпадық. Оның орнына телефонға ай сайын бірлік салып отырамыз. Бұған айына 2000 теңге кетеді. Кейде оның өзі де жетпей қалады, қайта салу керек», – дейді үш баланың анасы.

Айнұр ауыл тұрғындарымен бірге интернет сапасына қатысты наразылығын білдіріп, әкімдікке жүгінген. Билік өкілдері жақын арада Beeline байланыс мұнарасын тұрғызатынын айтыпты. «Айтқан мұнара әлі жоқ. Қазір, міне, екі ай өтті. Әзірге Tele2 қолданып жүрміз. Ол да дұрыс жұмыс істемейді», — дейді Айнұр.

Мұндай мәселе Гүлімнің (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді — V) отбасында да бар. Ол Новостройканың кей жерінде жарық жоқ екенін айтады. «Интернетіміз нашар. Ал қызымның екі сыныптасының үйінде жарық жоқ. Tele2 жақсы жұмыс істейді, бірақ 100 адам бірдей қолданғанда жылдамдығы баяулайды. Beeline жақсырақ жұмыс істейді деп естідім. Бірақ оның мұнарасын қашан тұрғызатынын білмеймін, белгісіз», — дейді Гүлім.

Оның отбасында бәріне ортақ бір телефон бар. Гүлім жұмыстарымен шығып кеткенде балалар телефонсыз қалады: сабаққа да қатыспай, тапсырманы да орындай алмайды.

«Кеше бір құжаттар мәселесімен қалаға шығып кеткенмін. Балалар телефонсыз қалып, сабаққа қатыса алмады. Мен қайта жұмыссызбын, көбіне үйде отырамын. Ал жұмысы бар ата-аналардың жағдайы қалай екенін елестете алмаймын. Ауылда 5-6 балаға бір телефонмен отырғандар да бар. Олардың жағдайы бізден де қиын», — дейді Гүлім.

Бұған дейін Жамбыл ауылының тұрғындары жарық мәселесі бойынша әкімдікке жүгінген. Ауыл әкімі облыстан бөлінетін бюджетті күтіп отыр екен. Ол жарықты келесі жылы ғана жүргізуге уәде бере алатынын айтты.

«Көпбалалы отбасы ретінде планшет те, компьютер де алмадық»

Оқу жылының басында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов республика бойынша 185 мың оқушыда компьютер жоқ екенін айтқан. Әсіресе, ол көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды атап өтті.

«1 қыркүйекке дейін осы санаттағы 500 мың бала компьютермен камтамасыз етіледі», — деп министр уәде берген. Кейінірек онлайн баспасөз мәслихатында Аймағамбетов қашықтан оқу үшін 435 мың компьютер уақытша қолдануға берілгенін хабарлады. Сондай-ақ жақын арада тағы 300-і берілетінін айтып өтті.

Изаттың отбасы планшет те, компьютер де алмаған. Ол — алты баланың әжесі. Оның үшеуі қашықтан оқиды, біреуі мектепке барады. Оқу жылының басында көпбалалы отбасы өз ақшасына екі смартфон сатып алуға мәжбүр болған. Біреуін кредитке, екіншісін әкесінің айлығына алған екен.

«Жағдайымыз жақсы деп те, жаман деп те айта алмаймыз. Мектеп тарапынан компьютер берілген жоқ. Бірақ мектеп пен аурухана отбасымызда 6 бала бар екенін біледі. Біле тұра «көпбалалы отбасы ғой ғой, міне, сіздерге компьютер» деп ешкім келген жоқ. Карантин кезінде балалардың сабағы үшін бөлек Wi-Fi сатып алдық. Ай сайын 5 мың теңге төлеп тұрамыз», — дейді Изат.

«Басында онлайн оқу жаңа нәрсе ретінде көрінді. Қазір үйреніп кеттік»

Жамбыл Жабаев атындағы орта мектептің алдында мұғалімдер кезекші сыныптарды қабылдап жатыр. Бастауыш сынып оқушылары да мектепке кіретін сәтті күтіп, кезекте тұр.

Балаларды күтіп алып жүрген кезекшілердің бірі — тарих пәнінің мұғалімі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айжан. Оның айтуынша, онлайн оқуға дайындақ жазда басталды. Мұғалімдер арнайы курстан өтіп, түрлі платформаны зерттеген.

«Оқушылар BilimLand платформасы арқылы оқиды. Ауылымызда интернет жақсы ұстайды. Тек Новостройка жақта байланыс қиынырақ. Онлайн оқу қиынға соғып жатқан отбасыларға әкімдік көмектесіп жатыр», — дейді мұғалім.

Мұғалімнің сөзінше, мұндай балалар мектепке де келіп сабақ оқиды. Оқушылар міндетті түрде маска тағып, арақашықтық сақтайды.

«Ауылда онлайн оқуға байланысты аса қиындық болған жоқ»

Жамбыл ауылдық округінің әкімі Данияр Мантаев онлайн оқуға байланысты «аса қатты қиындық» болмағанын айтты.

«Ауылымызда әр үйге Wi-Fi орнатылған. Beeline, Tele2 антенналары бар. 3G, 4G сигналдары да ұстайды. Сондай-ақ қыркүйектің басында ауыл тұрғындарының белсенді атсалысуымен, көпбалалы отбасылардың біразына ноутбуктер берілді», — дейді Мантаев.

Әкім Новостройкада байланыс мәселесі қиын екенін жоққа шығармайды. Оның сөзінше, биыл наурызда бұл жерге Beeline антеннасы орнатылған, бірақ әлі іске қосылмаған екен. «Алдағы аптада» қосылуы керек дейді.

«Новостройкадан басқа бұл жерде Бірлік, Күңгірлек, Саурық батыр, Қызыл әскер деген ауылдар бар. Бұлардың біреуі желіге қосылса, бәрі қосылады», — дейді әкім.

***

Жамбыл ауылында интернет жылдамдығы баяу болса да, онлайн оқуға аз да болса мүмкіндік бар. Ал кейбір елді мекендерде интернет мүлдем жоқ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің дерегінше, Қазақстандағы 6459 ауылдық елді мекеннің 4646-сы ғана интернет желісіне қосылған.