992
21 ноября 2024
Ольга Логинова, Власть

Қайырымдылыққа нұқсан келтіріп жүрген кім?

Жаңа заңнаманың зардабын кішігірім тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдар тартады

Қайырымдылыққа нұқсан келтіріп жүрген кім?

Өткен аптадағы оқиға қайырымдылық ұйымдарына деген сенімді азайтып жүрген билікке қандай да бір қатысы бар қорлар екенін көрсетті. Тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдарға қарағанда, мұндай қорлардың қаражат айналымы көп, бірақ қолданыстағы заңды сақтамайды, есебін жарияламайды. Қайырымдылық туралы заңды қатаңдатқаннан олар ашық бола түседі деп айту қиын, бірақ азаматтық сектордың ахуалы біраз қиындай түсері анық.

Өткен аптада әлеуметтік желілерде қайырымдылық туралы заңға енгізілетін түзетулер қызу талқыға түсті: жеке тұлғаларға қаражат жинауға тыйым салу және қайырымдылық ұйымдарын аккредиттеу көзделді.

Осыған қатысты талқы кезінде Biz Birgemiz («BIZ BIRGEMIZ QAZAQSTAN 2030» ҚҚ) қайырымдылық қорының төңірегінде дау шықты. Басшысы әрі құрылтайшыларының бірі, 32 жастағы Перизат Қайрат алдымен өткен көктемдегі тасқын кезінде жиналған 1,5 млрд теңгені, кейін Палестинаға гуманитарлық көмек үшін жиналған 200 млн теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілікті.

Перизат Қайраттан бөлек қор құрамында тағы тоғыз құрылтайшы бар, көбінің Amanat партиясымен байланысы бар, мысалы, Сергей Матюшенко — партияның Астанадағы аудандық филиалының жетекшісі. Құрылтайшылардың бірі Арсланбек Мағзұм — Астана қалалық мәслихатының депутаты, тағы біреуі Дамир Хисматуллин, әлеуметтік желілер мен БАҚ беттеріндегі жазбаларға сенсек, Астанадағы аудандық әкімдіктің қызметкері.

Amanat, әлбетте, қордың іс-әрекетіне қатысымыз жоқ деп хабарлады, ал оның партиямен байланысы бар басқа құрылтайшылары Перизат Қайраттың ұсталғанына қатысты жария түрде пікір білдірген жоқ.

Бұл жайттан кейін біраз сұрақ туды: тасқыннан зардап шеккендерге арналған қаражатты, Перизат Қайраттың айтуынша, Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк бақылауда ұстаған болса, оларды қалай шығарып алуға болады? Қорға серіктес болған екінші деңгейлі банктер оған қалай оң баға берді? Жымқырудың әшкере болуы неліктен қайырымдылық туралы заңға өзгеріс талқыланып жатқан сәтке тұспа-тұс келді?

Ұйым неліктен есебін сайтқа жариялаған жоқ, сондай-ақ кіріс пен шығын сомасын кез келген адам көре алатын ҮЕҰ тізілімінде ол неліктен болған жоқ?

Соңғы сұрақты атауы ұқсас тағы бір ұйым — бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2020 жылы пандемия кезінде құрылған Birgemiz қорына да қоюға болар еді. Жұмыс істеген алғашқы жылы қор есебін сайтқа жариялағанымен, кейін жарияламайтын болды. Сосын сайттың жұмысы тоқтап, қордың жария есептері көзден таса болды. 2020 жылдың соңында қор 33,9 млрд теңге жинағаны белгілі.

Ал миллиардтаған долларды басқаратын ірі және жабық қайырымдылық қорлары Назарбаевтың өзіне тиесілі, бұл жөнінде 2022 жылы шыққан OCCRP, Kloop және Власть бірігіп жүргізген зерттеу нәтижесінде белгілі болды.

Бұл қорларға қандай компаниялар ақша аударғаны және қор оларды қалай жұмсағаны белгілі болып жататын жағдайлар сирек. Толық есеп ешқашан жарияланған емес.

Қайырымдылық туралы заңнаманы күшейтудің бұл қорларға қатысы болмауы да мүмкін.

Бірақ басқа, кішігірім бастамаларға бұл соққы болып тиеді.

Қаржылай және гуманитарлық мақсатпен көмек жинау Қазақстанда әр апат болған сайын дереу пайда бола кетеді. Қазақстандықтар белсенділер мен журналистердің әкімшілік айыппұлына, сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушылардың штаб жұмысына және тәуелсіз ақпарат құралдарына ақша жинайды.

«Алаяқтармен күрес» адамдарды өзара ұйымдасу және нені, кімді қолдағысы келетінін таңдау мүмкіндігінен айырмауы керек.