10 қаңтарда Қазақстандағы кезекті парламент сайлауы өтпек. Алайда сайлау қарсаңында Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) тәуелсіз бақылаушыларға қатысты қаулысынан кейін белсенділер сайлаудың әділетті өтетіне сенімсіздік танытып отыр.
4 желтоқсанда қабылданған ОСК қаулысы бойынша, сайлауды тек жарғысында бақылау қызметі жазылған қоғамдық ұйымдар ғана бақылай алады және сайлау учаскелерінен онлайн видеотрансляция жүргізуге жол берілмейді. Фото, дыбыс және бейнежазбалар жүргізілетін аймақты учаскелік сайлау комиссиясы белгілейді. Сонымен қатар, фото, бейнетүсірілімді сайлаушылардың келісімін алған жағдайда ғана түсіруге болады.
“Заңсыздықты видеоға, суретке түсірмесек, оны қалай дәлелдейміз?”
Саясаттанушы Дос Көшімнің сөзінше, сайлауда заңбұзушылық болған жағдайда, суретке түсіруге рұқсат сұрау – ақымақтық. Саясаттанушы ОСК қаулысында бір түсінбестік болғанын атап өтті.
“Өз басым ОСК-ның қаулысын жақсы түсінген жоқпын. Иә, сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың тізімін, олардың бейнесін, бюллетеньге белгі салып жатқанын түсіруге болмайды, өйткені оның бәрінде құпиялық сақталуы керек. Бірақ сайлау процесін, дауыс беру кезін түсіруге болады. Егер заң бұзылып жатса, оны міндетті түрде түсіру керек. Өз басым солармен (ОСК) тікелей сөйлесіп, “Мына мәселені көтергенде не туралы ойладыңыздар?” деп сұрағым келеді. Менің ойымша, олардың ұсынған мәселесінде бір түсінбестік бар сияқты. Өйткені, мысалы, бір адам 20 бюллетень салуға бара жатса, оны тоқтатып, “кешіріңіз, сізді түсіруге бола ма?” деу – ақымақтық. Ол 20 бюллетеньді салып жібереді, не болмаса “мені түсіруге болмайды” дейді. Не дейсіз? Ертең сотқа қалай береміз? Жасалып жатқан заңсыздықты видеоға, суретке түсірмесек, заңсыздықты қалай дәлелдейміз?” – деді саясаттанушы Vласть-ке берген сұхбатында.
Дос Көшім 2000 жылдары “Сайлау туралы” заң қабылданғанда сайлау заңын өзгертетін және толықтыратын комиссияның мүшесі болған екен. Сол кезде бақылаушылардың құқығы мен олардың міндеті туралы он үш бапты өзгерткен. Саясаттанушы сайлау учаскесінде фото, бейне, аудио түсірілім жасауға рұқсат берілуі бақылаушылар үшін ең басты жетістік болғанын айтып өтті. Бірақ фото, бейнетүсірілімге рұқсат сұрау керек деген мәселе бұған дейінгі 30 жылда айтылмағаны Дос Көшімді таңғалдырған.
Тәуелсіз бақылаушылардың шағымы
ОСК шектеулеріне байланысты тәуелсіз бақылаушылар да наразылығын білдіріп жатыр. Былтыр “Еркіндік қанаты” қоғамдық қорының бақылаушылары президент сайлауына қатысып, бірнеше заңбұзушылықты анықтаған. Ал биыл мұндай мүмкіндіктерге шектеу қойылып отыр. 10 желтоқсанда “Еркіндік қанаты” қоғамдық қоры Бас прокуратураға және Жоғарғы сотқа шағым түсіріп, ОСК-ның қаулысын заңсыз деп тануды сұрады. “Qaharman”, “Elimay” қорының құқық қорғаушылары Дана Жанай мен Баян Ақпердинова да Жоғары сотқа осындай шағым жіберді.
Қазірге дейін 200-ге жуық тәуелсіз бақылаушы дайындап үлгерген Baqylau жобасының тренері Ғалымжан Оразымбет Vласть-ке берген сұхбатында Жоғары сотқа түскен шағымның нәтижесін күткеннен басқа амал жоқ екенін айтты.
“Baqylau жоба болғандықтан, бақылауды тікелей ұйымдастыра алмайды. Жарғысы жоқ, сайлауда бақылауға қақысы жоқ. Тек қана тәуелсіз бақылаушыларды дайындаумен айналысамыз. Тәуелсіз бақылаушы ретінде куәлік беріп, өз атымыздан ешқайда жолдай алмаймыз. Біз оқытқан бақылаушыларды осы жоба аясындағы басқа серіктес ұйымдарға баруға тек ұсыныс білдіре аламыз. Бірақ оларды мәжбүрлей алмаймыз. Baqylau жоба ретінде ешқандай арыз-шағым түсіре алмайды. Оған заңда негіз жоқ. “Еркіндік қанаты”, “Тәуелсіз бақылаушылар альянсы” сияқты серіктес ұйымдар Жоғары сотқа шағым түсірді. Енді соның нәтижесін күтеміз. Ары қарай не болары олардың қалай жауап бергеніне байланысты”, – деді Ғалымжан Оразымбет.
Baqylau жобасының мүшелері сайлауда болуы мүмкін кедергілерді алдын ала болжап көрген. Алайда дәл осы қаулыда жазылған шектеулер болады деп мүлдем күтпеген. Ғалымжан Оразымбеттің сөзінше, ОСК қаулысы “Сайлау туралы” Конституциялық заң аясынан шығып кетті.
“Жалпы, қандай да бір шектеу түрлері болатыны белгілі болды. Біз қарастырған ең қиын деген кедергілер ішінде мұндай нұсқа (ОСК қаулысы–V) болған жоқ. Шыны керек, бұл күпеген жағдай болды. Қазіргі қаулы заң аясынан біраз шығып кетті. Біздің күтпеген себебіміз де осы. Қай жағынан заң аясынан шығып кетті? Бақылаушыларға сайлау комиссиясының төрағасы бекіткен орыннан ғана видео түсіруге болады. Түсірілімге рұқсат алу деген сияқты шектеулердің заңға қайшы келетін тұстары көп. Қай заңға десек, біріншіден, “Сайлау туралы” Конституциялық заңның 20.1-бабында бақылаушының бәрі сайлау процесі анық көрінетіндей жерден бақылауға толық хақылы. Қазір арыз-шағым түсіріп жатқан ұйымдардың бәрі осы шектеулерді назарға алып отыр, бірақ қаншалықты нәтижесі болатынын дәл қазір айта алмаймын”, – дейді Baqylau тренері.
“Қазақстанның демократиядан екі қадам кері кетуі”
Саясаттанушы Дос Көшім сайлауды бақылаушы жарғысына қарайтын болса, онда 20 мың үкіметтік емес ұйымның әрі кетсе 5-еуі ғана бақылайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл Қазақстандағы азаматтық қоғамды жоққа шығарудың жолы, әрі олардың сайлауды бақылап, баға беруіне бөгет жасалып тұр.
“Азаматтық қоғам сайлауды бақылау керек. Бұл – сайлаудың әділ өтуінің бір нақты шарты. Азаматтық қоғам дегеніміз – үкіметтік емес ұйымдар. Ал ОСК қаулысы бойынша жарғыларында тек қана сол сайлауды бақылаймыз деген бағыты барлар сайлауға жіберіледі. Оған дейінгі заңда ондай жоқ болатын. Ол заңды кім өзгертеді? Ол ОСК қаулысымен өзгермейді, бұл парламенттің заңымен өзгереді. Өйткені, “Сайлау туралы” заң конституциялық заңда көрсетілген. Менің ойымша, үлкен түсінбестік бар, нақтылау керек. Олардың айтқанына байланысты қоғамда үлкен алаңдаушылық бар. Қоғам сұрақ қойып отыр. Бұған ОСК жауап бермесе, Қазақстанның демократиядан екі қадам кері кетуі деген баға беремін”, – дейді Дос Көшім.
Ғалымжан Оразымбет Baqylau жобасы дайындаған 200 бақылаушының бәрі 100% сайлауға қатысатынына сенімсіз. “Біз не үшін бақылаймыз? Бақылаушы емес, тамашалаушы болып қайтамыз ба?” деген сұрақтар бар. Біз оқытқан бақылаушылардың ішінде де осындай түсінбестік бар. Қазір біразы баруға тұра ма, тұрмай ма деп күтіп отыр”, – дейді ол.
Жақында азаматтық белсенді Евгений Хабаров Facebook желісінде Павлодардағы Whatsapp чаттардың бірінде белгісіз партия сайлауда бақылаушы болуға волонтерлер іздеп жатқаны туралы хабарлама тарап жүргенін мәлімдеді. Ол хабарламада 10 қаңтар күні өтетін сайлауға волонтерлер керек екені және ол үшін 5 мың теңге мен түскі, кешкі ас берілетіні жазылған. Хабаров “белгісіз партия тәуелсіз бақылаушыларды сатып алмақшы” деп жазды.
Айта кетсек, сайлау жақындаған тұста азаматтық қоғам және адам құқықтары жөніндегі жеті ұйымға салық қызметкерлерінен қысым арта түскен. Ұйымдар бұл қысымды мәжіліс пен мәслихаттарға сайлаудың жақындауымен байланыстырады.
Поддержите журналистику, которой доверяют.