Екі миллион тұрғыны бар Алматы үшін Bereke City – кішкентай ғана қалашық. Біз сонда бара жатырмыз. Екіқабатты бес үй, 65 пәтер, жеті кіреберісі бар. Бір ғимараттың бірінші қабатында оқу орталығы орналасқан, тағы біреуінде әлеуметтік бизнеске арналған жер бар. Қазір мұнда тігін шеберханасы жұмыс істейді, жақында кондитерлік цех ашылмақ. Қалашық ашылғаннан бері мұнда қанша отбасы тұрды? Бұл үйлерді салу үшін қанша ақша жұмсалды? Осыған ұқсас жобалар Қазақстанның басқа да аймақтарында пайда болуын әлі қанша күту керек, қанша күш салу керек? Бұл сұрақтардың жауабы сұрамасаң да түсінікті. Көп. Өте көп.
«Себебімен күреспей, ештеңені өзгерте алмайсың»
Он жыл бұрын алматылық Бағдаш Сүлейменов «Береке» қоғамдық қорын тіркеді. Оның бұған дейін көмектескен, қазір де көмектесетін отбасыларын әркім әртүрлі атайды: аз қамтылғандар, қиын жағдайға тап болғандар, әлеуметтік жағынан әлсіз топтар. «Бір сәтте қайырымдылықтың “беру” деген сөзбен байланыспауы керек екенін түсіндім, – дейді Бағдаш (оның жалпы көп сөзге қатысты өзіндік көзқарасы бар екен), – тек “жәрдемдесу”, “итермелеу”, “өзгерту” деу керек». Бағдаш қорға қолдау көрсетіп отырған серіктестеріне осы отбасылар тұратын бірнеше үй тұрғызуды ұсынған.
– Дұрыс айтасың, Бағдаш, – идея бәріне ұнады. – Пәтер сатып алып, оны әр отбасына бір-бірден сыйлағанша, үй тұрғыза салған жеңілірек…
– Біз бұл пәтерлерді сыйламаймыз, – деді Сүлейменов, серіктестеріне түсіндіріп. – жобаның маңызы да сонда…
Төрт үй төрт жылда салынып біткен. Егер ақша болғанда (жобаға мемлекет бір тиын да берген жоқ, бәрі жеке қайырымдылық есебінен тұрғызылған), іс тезірек жүрер еді. Бірақ Бағдаш та асығатын адамға ұқсамайды. Неге екенін қазір түсінесіздер. Жобада барлық отбасына бірдей, қатаң ережелер бар: танысу, анкета, сұхбаттасу – алдымен жеңіл-желпі білісу, кейін толыққанды, терең танысу. Әңгіме арасында Бағдаш бір сөзді бірнеше рет қайталайды: «Ең бастысы, адамда өмірін өзгертуге деген ішкі ресурсы, яғни жігері мен ынтасы болуы керек». Егер қор отбасынан осы ресурсты байқаса, оларға мұндағы үйлердің бірінде тұруға рұқсат береді.
Бұл жатақхана емес – әркімнің жеке пәтері бар. Мұнда қанша уақыт тұруға болады? Әртүрлі. Бірнеше жыл тұратындар да бар. Bereke City-дің жаңа тұрғындары пәтерақы төлемейді. Бірақ коммуналдық қызметті міндетті түрде өзі төлеуі керек. Тұрғындармен жасалатын келісімшартта солай жазылған. Бұл біреудің қисынсыз назы емес, бағдарламаның бір бөлігі. Адам қандай қиын жағдайға тап болса да, мойнындағы жауапкершілікті ұмытпауы керек, өмірін өзгертуге ұмтылуы керек. Сондықтан бұл шаршы метрдің мәселесі емес, керісінше – әлеуметтік қолдау, мұнда қалғандардың өз еркімен таңдайтын қармағы.
– Жобамыздың артықшылығы неде? Біздікі – өзгеру, проблеманың тамырын іздеу, жаңа деңгейге өту мәселесі, ал бұл оңай жұмыс емес, бірнеше жыл кетуі мүмкін. Басқа жолы жоқ, – дейді Бағдаш. Біз оның Bereke City-дегі кеңсесіне келдік. – Әдетте біздікілер қайтеді? Көмекке мұқтаж отбасын табады да, балаларына қажет заттарды, азық-түлігін әкеліп береді, жәрдемақысын алып береді, реті келсе пәтер сыйлайды, сонымен бітті. Бәріне мәселе шешілген сияқты. Бірақ олай емес. Иә, бәрін дұрыс істеген сияқтысың, бірақ себебімен күреспесең, ештеңе де өзгермейді. Адам да ағаш сияқты ғой, өсуі үшін бірнеше жыл керек. Бұл қиын, әдетте арзымайтын жұмыс. Ал мен үшін өте қызық жол. Әлеуметтік қолдаудың тиімді жүйесі де осы деп ойлаймын.
Отбасы қалашақта тұруға келісе ме, келіспей ме, Бағдаш бірден біледі. Бұған қатысты өзінің теориясы бар.
– Bereke City Алатау ауданында орналасқан. Алматылықтардың көбі бетін тыржитады: жердің түбі деп ойлайды. Кейбіреулер келіп, ары қарайды, бері қарайды (алыс, жұпыны), ұнатпайды да кетіп қалады. Өткенде серіктесім хабарласады: «Бір отбасын таптық: жалғызбасты ана, үш баласы бар, «Қазақфильмнің» маңында пәтер жалдап тұрып жатыр. Орналастырып берсеңші». Бірден: «Ол бәрібір келмейді», – дедім. «Қойшы тегі! Шақырып көрейік!». Келді. Қарады да, жалдап отырған пәтеріне қайтып кетті. Сонда айлығын шайлығына әрең жеткізіп отыр. Бағана айтқаным есіңізде ме? Әбден көзім жеткен нәрсе – Алматыда екі әлем бар. Оның бірі Абай даңғылынан жоғарыда, екіншісі Рысқұлов даңғылынан төменде. Халық тұрақтап қалған жеріне үйреніп алады да, қанша жерден қиналса да, басқа жерге ауыспайды. Ал Bereke City-дің тұрғындарында басқа баратын жер жоқ.
«Алты баласы бар әйелден бәрі аулақ жүруге тырысады...»
Далаға шықтық. Сегіз-тоғыз жастағы үш бала екі литрлік бос банкалар салынған қораптарды тасып жүр. Жадыра Әбдірова тұратын үйдің кіреберісіне бізбен бірге олар да кірді.
– Сәлеметсіз бе! – банкалары салдырлап, іскер адамдай жанымыздан өтіп барады.
– Жадыра көрші үйге көшіп жатыр, – дейді Бағдаш түсіндіріп. – Мұнда пәтері бірінші қабатта еді: адамдар ары-бері жүреді, шу көп. Көрші үйдің жоғарғы қабатында бір пәтер босапты, ол жақ тынышырақ.
Пәтерде қораптар үйіліп қалыпты. Үй иесі ас үйде заттарын реттестіріп жатыр. Бізбен сөйлесу үшін шаруасын ығыстырып қойды.
Жадыра мен оның балалары – Bereke City-дің алғашқы тұрғындары. Мұнда төрт жыл бұрын көшіп келген. Көшіп кетуіне де болатын еді – мемлекеттік бағдарламалардың бірімен несиеге пәтер сатып алуға мүмкіндігі болды, кезегі де келіп еді. Бірақ оның ипотека төлеуге әлі жағдайы жоқ. Оның үстіне мұнда тыныш – балаларына қарайтын адам бар (Жадыра Алматыдағы жетінші қалалық ауруханада медбике болып істейді. Күні түні жұмыста), пәтері де қараусыз қалмайды, көршілері екінші отбасы сияқты. Қазір маңыздысы да осы.
– Бұл біздің коронавируспен күреске қосқан үлесіміз, – дейді Бағдаш күліп.
Бұған дейін пандемия кезінде Bereke City-дің өмірі қалай өзгергені туралы сұраған едім. Ол болса иығын қиқаң еткізіп: «Білмеймін, тек жұмыс көбейді. Көмекке мұқтаж адамдардың да саны артты», – деген. Бірақ Жадыраның өмірі (қазір Бағдаштың ойлап жүргені де осы) өзгеруі керек.
– Медбике күтімі мамандығы бойынша колледжді бітірдім, қазір медицина институтының бакалаврына түсу үшін тест тапсырып жатырмын – анестезиолог болғым келеді, – дейді Жадыра жоспарын бөлісіп. – Бұл менің көптен бергі арманым, бірақ бірінші тұрмысқа шығып, балалы болдым. Сегіз жыл бұрын күйеуім қайтыс болды (кенже қызым екі-ақ айлық еді), жалғыз өзім қалдым. Ары қарай қалай өмір сүретінімді білмедім. Әйтеуір, ауруханаға жұмысқа тұрдым: санитар болып істедім, кейін регистратураға ауыстым, оқу жөнінде әріптестерімнен сұрап, ақыры 35-ке келгенде оқуға түстім. Егер Bereke City болмағанда, мұның бәрі қолымнан келмес еді. Пәтер жалдап тұрдым, белшемнен қарызға баттым, күнімді әрең көрдім. Дәл сол сәтте Бағдаш аға хабарласты, бірден осында көшіп келдім. Жұмысқа үш-төрт көлік ауыстырып жетемін, кейін сабағыма барамын, айлығым бар-жоғы – 40 мың теңге. Бірақ дегеніме жеттім – ақ халат кидім.
– Сол күн есіңізде ме?
– Әрине, ондайды қалай ұмытасың? Бірінші курста оқып жүрдім. Бағдаш аға оқу ақысын төлеуге көмектесіп тұрды. Маған ғана емес, басқаларға да жәрдемдесті. Менімен бірге басқа қаланың қыздары оқитын. Олар да ақшадан біраз қысылып жүрді. Бірден Бағдаш ағаға айттым: «Олар да мен сияқты қыздар», – дедім. Артық сұрақ қойған жоқ, олардың да оқу ақысын төлеп берді. Қазір медбикемін, «қауіпті» аймақта жұмыс істедім. Жұмыстан босай алмай қалғанда, балаларға қарауға сіңлім келіп жүрді.
– Жадыра бізді де емдеді – дәрісін берді, екпесін салды. Мұнда көбі ауырып шықты ғой. Өзім де жеңіл түрімен ауырдым, – дейді Бағдаш.
– Ал ауруханада ауыр халдегілер жатты, көз алдымызда кетті. Жастар да бар. Аяйсың…
Үнсіз отырмыз. Әлгі қорап тасып жүрген балалар келесі қорапты кім апаратынын шеше алмай әлек. Дауыстары бізге де естіледі.
Бұл пәтер менің құтқарушым болды, – дейді Жадыра сөз соңында. – Пәтер жалдау қымбат, несие алуға жағдайым жоқ. Бірақ оқу керек. Балаларыма айтатыным да осы: оқыңдар – ең бастысы осы…
Шығып келе жатқанда Бағдаш:
– Абай даңғылынан жоғарыда тұратындар үшін оқу – қалыпты дүние. Ал Жадыра бұған қол жеткізу үшін көп қиындық көрді...– дейді.
Үшінші қабатқа көтерілдік. Бұл пәтерге иесі Мадина жақында көшіп келген. Күйеуі маусымда қайтыс болыпты.
– Коронавирустан ба? – деп сұрадым.
Келіншек иығын көтереді.
– Өзі қатты ауырып жүрген. Соған қарамай, күні-түні жұмыс істейтін – алты баламыз бар, отбасын асырауы керек. Қайтыс боларына бірнеше күн қалғанда жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға алып кетті. Кейін қайтыс болғанын естіртті. Тұрып жатқан пәтерімізден көшуге тура келді. Пәтер таба алмадым – алты баласы бар әйелден бәрі аулақ жүруге тырысады екен. Мұнда келіп жолымыз болды. Қазір орналасып, үйренісіп жатырмыз. Мектеп пен балабақша жақын жерде екен, балаларымды сонда орналастырып алсам, жұмысқа шығамын.
Бағдаш үнемі айтып отыратын ресурсты мен де көріп тұрмын. Балалары ұқыпты, пәтері мұнтаздай таза, бәрі бірге, ұйымшыл. Мұндай адамдарға көмектескің келеді. Бірақ үнемі олай бола бермейді. Егер қор отбасынан ұмтылыс көрмесе, оның бірнәрсе күтіп, дәметіп тұрғанын түсініп қойса, өз бетінше ештеңе істегісі келмейтінін байқаса, басындағы жағдайы қаншалықты қиын болса да, көмектеспейді.
«Өзімді кінәлі сезінемін…»
– Неге елеулі өзгеріс жоқ? – деп сұрадым Бағдаштан. – Қанша жылдан бері аз қамтылғандарды қолдау туралы айтып келе жатырмыз, елде осы мақсатқа арналған бағдарламалар мен жол карталары толып жатыр, ал көмекке мұқтаж жандардың қатары артпаса, азайған жоқ.
– Біз үнемі салдарымен күресеміз. Тереңірек үңілу керек, проблеманың тамырын іздеу керек. Егер бұлай жасамасақ, көмекке зәру адамдардың саны тек өсе бермек. Кейін олардың балалары да есейіп, ата-анасының тағдырын қайталайды. Сол үшін баянды балалық шақ керек: бақытты адам бақытты коғам құра алады. Бірақ біздің қоғам бақытты балалық шақты ең соңынан ойлайды. Мұндай отбасылардың проблемасы кезекті шулы трагедияға айналғанда да қоғам оларға назар аударады. Ал шенеуніктердің есебінде мүлдем басқа әлем, қағаздағы әлем. Осылай шексіз шеңбер айнала береді. Бірақ біз нақты проблемаларды көріп тұрмыз, олардың шешімін білеміз, бізде тиімді әлеуметтік қолдаудың моделі бар. Біз ата-анамен де, баламен де жұмыс істейміз: психологтың, педагогтың кеңесін алу, жұмысқа орналасуға көмектесу, қажет болса балалардың үйірмесін төлеп беру, құжаттарды қалпына келтіруге көмектесу, жәрдемақысын алып беру. Енді мұның ауқымын кеңейту керек. Бірақ ол үшін саяси еркің болуы керек. «Бағдаш, сен романтиксің, – дейтіндер бар. – Бұл мүмкін емес. Сен сонда мінсіз қала – мінсіз адам концепциясына сенесің бе?» – дейді. Иә, сенемін!
– Шынымен романтиксіз! Сіз сияқты адамдарға түңілу ауыр тиеді, мұратыңызды да аяққа таптауы мүмкін. Сұрайтындар көп пе, өзгеруге ұмтылатындар ма?
– Үлгі боларлық мысал көп. Бірақ әртүрлі жағдай болуы мүмкін, мен оған дайынмын. Біздің бағдарламаның мақсаты – барынша адамның өмірін де, өзін де өзгертуге тырысу. Ал бұл мүмкін болмаса ше? Ең болмағанда бұған дейін ешкіммен талқылап көрмеген тақырыптары туралы сөйлесіп, қорытынды шығару. Егер біреуді орнынан қозғай алмасақ немесе өзінің ресурстары жетпесе, оған бағыт береміз де жайына қалдырамыз. Ары қарай өзі біледі.
– Бағдаш, мұнымен айналысуыңызға не себеп болды? Қайырымдылық әдетте әйел адам айналысатын жұмыс. Осы тақырыптың айналасында жасалатын іс-шараларда да сізді әйелдер қауымының арасында отырған жалғыз ер адам ретінде жиі байқаймын.
– Дұрыс байқапсыз, бірақ бұл салаға ерлер де керек және олар жоқ емес, бар. Мұнымен не үшін айналысамын? Өзім де бұл сұрақты жиі қоятынмын. Бірақ ойланып қарасам, істеген жұмысымның бәрі қайырымдылықпен байланысты екен. 90-жылдары қалада жарық пен газ өшетін кезде, балалар үйіне арнап тамақ дайындайтынбыз. Кейін Мекке мен Мединеде тұрдым, ол жерде де ерікті болдым. Сол жақтан біржола басқа елге көшуді ойлап едім. Бірақ ескі танысымды кездестіріп, ол: «Қазақстанға неге қайтпайсың?» – деп сұрады. Мен жалпы тағдырға сенетін адаммын. Шетелде жүргенде алуын аламын да, беруге келгенде барымды салмай жүргендей сезінетінмін. Ал елге оралғанда шынымен пайдам тиетінін көрдім, бір нәрсені өзгерте алатыныма сендім. Сөйтіп қалып қойдым. Bereke City-ге күшімді, уақытым мен жанымды салдым. Бұл – менің барым. Бұл – менің өмірім! Егер мұнымен айналыспасам, ауырып қаламын. Жағаға шығып қалған балықтай сезінемін.
– Күйіп кетпейсіз бе?
– Осылай сұрайтындарға әдетте әзілмен жауап беремін: «Күю? Жо-жоқ, ондайды естімедім», – деймін. Мен үшін бұл – жұмыс емес, өмірімнің мәні. Жаныңды салмасаң, жөнді ештеңе жасай алмайсың. Бір жағынан бәрін жүрегіңе жақын қабылдау да дұрыс емес. Жақында бір баланы жерледік – біздегі бір ананың баласы. Ұйықтап жаып оянбады. Зиратта жақында көмілген, аты-жөні жоқ тағы бірнеше кішкентай баланың қабірін байқадым. Бұл – осы балалардың бар екенінен бейхабар ер адамдардың жауапсыздығы. Осындай кезде өзімді кінәлі сезінемін. Бұл менің де жауапкершілігім: демек, қоғам мен үкіметке азқамтылғандардың жағдайын дұрыс жеткізбегенім, түсіндіре алмағаным. Осы жандарға қолдау көрсету жүйесін қалай тиімді етуге болатынын ойлап, тыныш ұйықтай да алмаймын. Менің бос сөзге аллергиям бар. Бұған дейін айттым ғой, іс маңызды. Істеу керек.
«Ғажайып шынымен болады екен…»
Кетер алдында тағы біреумен кездескім келді. Bereke City-де бірнеше ай бұрын болып едім. Жаймашуақ күн еді, күн көзді қарықтырып тұрды. Қалашықтың ішіндегі балалар алаңқайында гулеген топ біртіндеп азаюда. Екі шағын топ көрінді: ұлы мен қызы бауырына тығылған орта жастағы өткір әйел және қолында кішкентай қызы бар, жанында тағы екі баласы бар нәзік, абдыраған келіншек. Оларды жаңа ғана тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталықтан алып келдік. Ол жерде жарты жылға дейін тұрған. Бұл – шекті мерзім. Енді оларға ары қарай өмір сүру керек. Өз бетінше өмір сүру керек.
– Bereke City болмағанда, не істейтінімді білмеймін, – дейді әлгі келіншек. Алғаш танысқанда ол маған әбден сасқандай көрінді.
Өзін таныстырды. Шаршаңқы күлімдеді.
– Мұнда қалай келдім дейсіз бе? – қыздарын ойнауға жіберіп жатып, қойған сұрағымды қайталайды. – Бұдан әрі шыдай алмадым….
Күйеуі ішпеген, ұрмаған. Керісінше: сүйеді, қамқор, оқыған, білімі бар – нағыз үлгі тұтарлық азамат дерсің. Қарсы алдымда отырған келіншек те оған тұрмысқа шығарда солай ойлаған. Бәрі кейін басталады: дұрыс жүр, анда қарама, мынаумен сөйлеспе, етегің тым қысқа, далабың тым ашық, жалпы сенің өзің үлкен бір қателіксің. Сөйтсе жаңағы үлгісі жай ғана кейіп екен, бетперде болып шықты.
– Бұл физикалық емес – психологиялық зорлық-зомбылық еді, – дейді ол жағдайын сипаттап. – Шыдауға тырыстым. Бірақ көктемде карантин жариялағанда, бұдан әрі төзе алмайтынымды түсіндім. Күйеуіммен үйқамақта қалдым, бұған төзу мүмкін емес еді.
Келіншек кетіп қалуға қорыққанын мойындайды. Қайда кетеді? Үш баласы бар! Туыстары шамамен осылай дейтін еді. Өзіне сенбеген. Соңына дейін өзін, күйеуі айтқандай, бейшара, ақымақ, дәрменсіз деп ойлап келген.
– Енді түсіндім, мен де ешкімнен кем емеспін, бәрімен теңмін. Басымда бір тетік қозғалып кетіп, енді орнына келгендей. Ең бастысы – еркінмін!
Оның жаңа пәтеріне бірге кірдік – қалыпты өмір сүру үшін қажет дүниенің бәрі бар: жабдықталған ас үйі, жиһазы, бастапқы уақытқа жететін анау-мынау заттары бар жап-жарық бір бөлмелі пәтер. Қарайды да, қайта-қайта күле береді.
– Бәрі жақсы болады! – дедім де, қош айтыстық.
Кейін Bereke City-ге қоныстану жайлы мақаланың сілтемесін жібердім.
Қазір қалашыққа қайта келгенде, Бағдаштан сол келіншектің қайда екенін сұрадым.
– Осында. Қазір психологтың қабылдауында шығар, – дейді ол.
Босағанша күттім.
– Өзгеріп кетіпсіз, құлпыра түскенсіз. Бастысы, көзіңізде от бар! – шын жүректен қуанып тұрмын. – Қалайсыз?
– Бәрі жақсы, қазір жұмыс істеп жүрмін (күледі).Біраз уақыттан соң шағын кәсібімді бастайтын шығармын. Бірақ сіз жіберген мақаланы әлі оқымадым. Сол күндерге қайта оралып, басымнан өткеннің бәрін тағы есіме аламын деп қорқамын. Есіме алғым келмейді! Сізден ұят болды.
– Уайымдамаңыз, – көңілін аулауға тырыстым. – Оқымасаңыз да болады.
Бір-екі аптадан кейін хат жіберіпті: «Қазір ғана оқталып, мақаланы оқып шықтым. Көз жасымды тыя алмай отырмын. Халімді сондай дәл суреттепсіз. Өзіме сыртымнан қарап, ғажайып шынымен болады екен деймін. Жақында киізден тоқылған, дамытатын кітаптар шығара бастадым. Екі тігінші әйелді тауып алғанмын, үйден жұмыс істейміз. Саналы өмірдің жаңа деңгейіне шыққанымды сеземін…».
Бағдаштың ағаш жайлы айтқаны есіме түсті. Шыбық өсе бастаған сияқты.
Пандемияға және онымен байланысты басқа да шектеулерге қарамастан, маңызды іспен айналысуын тоқтатпаған адамдар жайлы материалдар циклін Vласть «Шеврон» компаниясының қолдауыммен шығарады.
Поддержите журналистику, которой доверяют.