13943
19 марта 2021
Күлтегін Аспанұлы, фото авторы: Дұлат Есназар

Қазақстанда коронавирустан 5 мың адам қайтыс болған

2020 жылы кісі өлімі кемінде 20%-ға өскен

Қазақстанда коронавирустан 5 мың адам қайтыс болған

Қазақстанда пандемия басталғаннан бергі жылға жуық уақыт ішінде коронавирустан қайтыс болғандар 5 мыңға жетті.

Үкімет былтырғы 13 наурыз бен биылғы 28 ақпан аралығында 3550 адам коронавирустан, ал 1450 адам қосымша диагноздар әсерінен қайтыс болған деп санайды. Кейінгісін ресми есепке қоспайды. ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталса да коронавирустың жанама әсерінен, яғни ілеспе диагноздан көз жұмды деген себеппен мемлекеттік және халықаралық статистикаға енгізбейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің сәрсенбідегі дәстүрлі брифингінен кейін тілші сұрағына ресми жауап берілді. Ведомство мәліметіне қарағанда, қаңтар–ақпан айларында қайтыс болған 512 адам осы санатта. Оның арасында жартысына жуығы қарттар, он шақты бала, тіпті жаңа босанған ана да бар.

Министрліктің ресми жауап хатында: «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының 2021 жылғы 5 наурызындағы деректеріне сәйкес, биыл 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында коронавирус инфекциясының ілеспелі диагнозы болған 512 өлім жағдайы тіркелді», – делінген.

ДДСҰ қайтыс болған адамнан коронавирус инфекциясы анықталса, ағзадан тыс сыртқы фактордан, яғни оқыс апаттан көз жұмғандардан басқасын Covid өлімі статистикасына қосуға кеңес берген. Дегенмен Қазақстан үкіметі райынан қайтпады. Әлі күнге дейін параллель есеп жүргізіп келеді.

Биліктің бұл қадамына кейбір сарапшылар мен мамандар қарсы. Мұны «статистиканы мейлінше жақсартудың амалы» деп есептейді. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамында қан айналымы мен тыныс алу жүйесінің аурулары болғандықтан, инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Ведомство осы уақытқа дейін ұсынған деректерге сүйенсек, 1,4 мың адамның аурулар тобын былай жіктелген:

• Қанайналым жүйесінің аурулары – кемінде 502 (34%)

• Тыныс алу жүйесінің аурулары – кемінде 538 (37%)

• Эндокриндік жүйенің аурулары – кемінде 86 (6%)

• Жаңа пайда болған ісік – кемінде 46 (3%)

• Басқа жағдайлар – кемінде 156 (11%)

Осылайша пандемия жарияланғалы бері Қазақстанда 659 адам ковид пневмониясынан (Қазақстандық код: КВИ- / халықаралық АХЖ коды: U07.2), 2881 адам коронавирустан (КВИ+ / U07.1) және 1450 адам коронавируспен (ілеспе диагноз / жанама себеп) қайтыс болды.

Былтыр күзде денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаятқызы статистикадағы негізгі кемшіліктер туралы тілшімен 45 минут сұхбаттасып, әр айдың 10-ы күні өткен айдағы ілеспе диагноздан қайтыс болғандардың санын тұрақты түрде ресми ресурстарда жариялауға уәде берген еді. Сол күйі ақпарат автоматтандырылмады. Бірақ вице-министр сөзінде тұрмады. Министрлік бұл индикаторға тиесілі деректі тұрақты түрде емес, тілшілердің сұрауымен ғана жариялайды.

2020 жылы кісі өлімі алдыңғы жылмен салыстырғандан кемінде 20%-ға өсті. 163 мың 613 адамның өлімі Қазақстан үшін ХХІ ғасырдағы аса ауыр трагедия. Өткен жылы «маусым-шілде қырғынында» 42 мың адам, ал 2019 жылы дәл осы аралықта 22 мың, 2018 жылы жаздың екі айында 21 мың адам қайтыс болған.

ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 279 мыңнан (229 мың КВИ+, 50 мың КВИ-) асқан. Вирустың тарау ауқымы бойынша, еліміз әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 49-орында.