8299
20 апреля 2021
Оксана Акулова, фотолар Олег Битнердікі, Көкшетау

«Қызыл» аймақтағы бір жыл

Бір жылға созылған пандемия көкшетаулық медбике Зәуреш Қожанова мен басқа да мыңдаған медицина қызметкерінің өмірін қалай өзгертті?

«Қызыл» аймақтағы бір жыл

Зәуреш Қожанова Көкшетауда медбике болып істейді. Ол соңғы бір жылдың ішінде бірнеше рет «қызыл» аймақта кезекшілік атқарды. Зәуреш – пандемия жағдайында бір жылдан бері жұмыс істеп жатқан мыңдаған медицина қызметкерінің бірі. Олардың кәсіби өмірі түбегейлі өзгерген. Vласть Зәурешті кезекті кезекшілігінен күтіп алып, пандемия жылы туралы және күш-қуатты қайдан алатыны туралы әңгімелесу үшін Көкшетауға барып қайтты.

28 ақпан

– Няня, бұрын плитаға екі кәстрөл мен шәйнекті бірге қоймаушы едің ғой…

– Бол-бол, тездет енді, дастархан жаю керек.

– 108-ді 9-ға бөле алмай отырмын…

– Не шешіп жатырсың?

Оқи бастады: «Театрға 72 бала мен 36 ересек келді. Олар көру залында бір қатарға тоғыз адамнан жайғасты. Барлығы қанша қатарға жайғасты?» Бағандап бөліп отыр. Үстел үстіндегі мөлдір клеенканың астында септеулер, есептердің шешімі және орыс тілінің негізгі ережелері жазылған кесте тұр.

– Түсіндің бе? Жақсы. Кітаптарыңды жина, кейін жазарсың. Түскі ас ішеміз…

Біздің танысқанымызға бір сағат та болған жоқ. Вокзалға түсе сала хабарластым. Келгенімді айттым.

– Иә, Зәуреш ескертті, сізді күтіп отырмын.

Дайындалыпты.

– Қанекей, ыстықтай алыңыздар, мен шәй құя берейін. Қандай шәй ішесіз? Сүтпен бе? Міне, бал. Қарақаттың тосабынан алыңыз, Зәурештің мамасы беріп жіберген. Ал мынау лимон қосылған зімбір, мұны өзім жасадым.

Пәтердің иесі – Гүлнар Ораққызы Дүйсекова Зәурештің ұлы Дінмұхамедтің күтушісі. Оның көмегінсіз кейіпкеріміздің көп нәрсеге шамасы жетпес еді. Солай екенін білемін. Бірақ қаншалықты екенін әлі түсіне қойғаным жоқ.

– Ой, қандай әдемі алмалар! – Алматыдан алып келген «американканы» жуып жатыр. – Біз алманы жақсы көреміз, Димоша жақсы жейді. Әсіресе мамасы кезекшілікке кеткенде тәбеті ашылады. Қиналады ғой. Кеше ғана екеуміз осы туралы сөйлескенбіз. Ол Зәурешті көрмейді де. Кезекшіліктен шыққаннан кейін шаруалары бар, басқа жұмысы бар, қазір оқу да қосылды (өз ақшасына, әрине), ипотека. Несін айтасыз, жалғыз өзі ғой енді.

– Димаштың қасында сіздің болғаныңыз қандай жақсы…

– Оның қасымда болғаны мен үшін қандай жақсы екенін білсеңіз ғой!

Зәурештің кезекшіліктен шығуына бір тәуліктен аз уақыт қалды. Бұрын Димаш екеуі күтіп алуға баратын, қазір үйде күтіп отыр. Гүлнар Ораққызы ет асып жатыр.

Бір жылда көп нәрсе өзгерді. Көктемде және жаздың басында Зәуреш бір айға кететін: екі апта ковидке арналған госпитальде істейді де, содан кейін екі апта өз пәтерінде карантинде болады. Ұлын тек терезеден көреді. Гүлнар Димашты аулаға алып келіп, балалар алаңында ойнатады. Зәуреш терезеден қарайды да, жылайды. Ал қазір кезекшіліктен соң бірден кездеседі. Әрине, Зәуреш алдымен өз үйіне барып жуынып, киімін ауыстырады (не боларын кім білсін, сақтық үшін), сосын Гүлнар Ораққызының үйіне қарай құстай ұшады. Ертең солай болмақ. Қолында ковид анықталмағанын көрсететін анықтамасы бар (күні кеше тест тапсырған), жазда ауырса да, антидене әлі жоғары.

– Бәріміз қатты ауырдық, – деп күрсінеді Гүлнар. – Мен, күйеуім, ұлдарым, Зәуреш, тіпті Димоша да. Бізден бәрі қорқатын, алапестей едік.

– Ағам екеуміз бір палатада жаттық, – дейді Димаш түсіндіріп.

– Менің балаларымды аға деп атайды, – дейді Гүлнар.

– Енді ше, қанша жылдан бері шынымен ағамдай болып кетті ғой…

– Әрине.

Гүлнардың күйеуі Жоламан қайтыс болған. Коронавирус.

– Сап-сау жүрген, келісті азамат еді, кім ойлаған…

Үнсіз қалды.

– Ауырғанын аса білдірмеді де! Мен ғой өліп қала жаздадым, дем ала алмадым. Ал Жоламан ауруханаға өз аяғымен кірді. Жас қой, 55-ақ жаста! Менің анализдерімнен басында ковид анықталған жоқ, ал күйеуімде бірден тапты. Оны алып кетуге жедел жәрдем келді, сол соңғы көруім болды, артынша мені де алып кетті. Ол коронавирусқа сенбейтін, таныстарымыздың ешқайсы ауырған жоқ. Терезеден «скорыйдың» ары-бері ызғып жүргеніне қарап отырып: «Қазір аурухананы аузы-мұрнынан шыққанша толтырады да, сабаларына түседі», – дейтін. Зәурештен: «Шыныңды айтшы, ауруханадағылар шынымен ковид жұқтырғандар ма?» – деп сұрайды. «Иә, Жора аға, ковид», – дейді ол. Сонда да сенбейтін. Бірбеткей еді. Мен басқа ауруханада болдым, ол үлкен ұлымызбен басқа ауруханада жатты. Жағдайы тым нашарлай бастағанда Зәуреш ол жатқан тубдиспансерге барғысы келген, күтім жасап, жаттығу жасатсам деді… Болмады. Оған хабарласып, «Жора аға, сіз жаққа кіре алмай жатырмын», – десе, «Жасұланды құтқар!» – депті. Жасұлан – кенже ұлымыз, оның да жағдайы нашарлай бастаған. Сол уақытта ауруханаға кіру мүмкін емес еді. Солай…

Терезеге қарайды. Бүгін көше тыныш.

– Жоламан 13 мамырда ауырды. 17-сі ауруханаға жатқызды. 26-сы күні, тоғыз күннен кейін қайтыс болды. Өзімді ғана емес, айналамның бәрін кінәладым. Үнемі жағдайын жасап жүретінмін, сол сәтте өзім ауырып қалдым. Ол бәрінен бұрын жұмысымнан айырылып қалам деп қорқатын еді. Өлгеннен кейін түсіме кірді. «Гуля, қанша күннен бері жұмысқа бармай жүрмін. Сөгіс беретін шығар», – дейді. Ойлап көріңізші! Артынша Зәуреш те ауырды. Оның халі де ауыр еді. Өліп қала ма деп қорықтым…

Тағы үнсіз қалды. Терең дем алды.

– Құдай бәрін алдын ала сездіретінін түсіндім. Зәуреш бізге қанша жылдан бері келіп жүр ғой, Жоламан оны атымен атайтын. Ал кейінгі жылы «қызым» дейтін болды. «О-о, қызымыз келді», – дейтін. Ұшып тұрып, құшағына алатын. Қазақтың салты бойынша, әкесі не шешесі өлгенде мәйітті орайтын ақ кебінді қызы сатып алуы керек. Марқұмның арғы дүниеде жаны тыныш болады дейді. Жоламанды ораған кебінді де, кілемді де Зәуреш сатып алды. Ол кезде біз ауруханада жаттық қой. Ал Жоламан Зәурешті қызым дейтін. Бәрі қалай тұспа-тұс келгенін көрмейсіз бе? Мұндай да болады екен…

Үстелден тұрып, теріс қарады.

– Екі ұлым бар: үлкені Көкшетауда, кішісі астанада. Жоламан қайтыс болғаннан кейін балаларым бірден қастарына шақырды. Бірақ жылы өткенше, осы пәтерде тұрамын дедім. Ал Зәуреш пен Димоша менімен бірге тұрады. Жоламан оған ауруханада жатқанда: «Гүлнарды жалғыз қалдырма», – деп айтып кеткен…

Бәріміз үнсіз қалдық…

– О, Зәуреш келді! – Гүлнар ас үйден атып шықты. – Димоша, анаң келді!

Балақай есікке қарай құстай ұшты. Анасын құшақтап, жібермейді.

– Қалайсың?

– Жақсы!

– Өсіп қалғансың ба, қалай өзі?

– Ой, жарар енді, жабысып алыпсың ғой, – дейді Гүлнар қағытып. – Менің балам болып жүр еді, анасы келгендегісін қарашы…

– Анам тағы екі аптаға кеткенде сізге бала боламын.

– Қарай гөр өзін, қашқын! – деп күледі күтушісі. – Зәуре, шешін. Мен қамыр жая берейін.

– Үйге келдім-ау. Рахат-ай, – деп күлімдеді де, ас үйге кетті.

Бетінде көзілдіріктің ізі тұр. Душтан кейін де кетпеген.

– Бір күнде кетіп қалады, – дейді.

Зәурешпен екі сағат бұрын кездестік. 8:30-да инфекциялық аурудан шықты. Бір тәулік кезекшілікте болады да, келесі тәулікте қонақүйде демалады. Осылай екі аптаға созылады. Госпиталь күзде ашылған. Әлі жап-жаңа.

– Заманауи. Ыңғайлы. Осындайдың Көкшетауда ашылғаны жақсы болды.

Қаланың өзінде болмаса да, дәл қасында. Таксиге 1000 теңге берсең, 15 минутта жетуге болады. Алдымен Зәурештің пәтеріне бардық. Ол тура Гүлнар айтқандай киімін ауыстырып, жуынды да, бірден осында – отбасына қарай тартты. Димаш анасының бауырына тығылып барады. Анасы күлімдеп, ұлының шашынан сипайды. Шаршағаны көрініп тұр. Түнгі кезекшіліктен кейін ұйықтамаған. Димаш болса аузы-аузына жұқпай сөйлеп жатыр: мектепте былай болды, ауладағы балалар бүйтті…

– Димоша Зәурештің кететініне үйреніп кетті, – дейді Гүлнар сәлден соң. – Басында қатты уайымдайды да, кейін басылады. Амал жоқ екенін түсінеді.

Ортаға ет тартылды. Зәурешті үнемі осылай бар дәмдіні қойып күтіп алады. Бұрын Димаш анасы келгенше сурет салып қоятын, қазір салмайды.

– Ол биыл сабырлырақ бола түсті. Маған кету керек екенін біледі. Оның үстіне қазір екі апта ғана көріспейміз. Бұрынғыдай бір ай емес, – дейді Зәуреш Димаш туралы.

– Димаш бәріне: «Менің анам – қаһарман», – деп айтатын, – дейді Гүлнар қостап. – Дұрыс. Ана – біреу, оны аялау керек. Бұрын жылайтын, онымен үлкен адамша сөйлесетінмін. Анасының не үшін кезекшілікке шығатынын түсіндіретінмін. Ол кәсіби маман, адамдарға көмектесе алады. Ол жақтағы адамдар сенің анаңа мұқтаж. Ең бастысы осы. Содан соң… табыс табатын мүмкіндік туып тұрса, одан бас тарту ақымақтық қой.

***

Зәуреш қызыл аймаққа бірнеше рет кірді. Бірінші рет – 15 сәуірде. Бірақ ол кезде көбі, тіпті медицина қызметкерлерінің өзі коронавирусқа сенбеген. Ал ауру өршіген тұста ешкім ковидке арналған стационарда жұмыс істегісі келмеді. Ақша болсын, болмасын – бәрібір.

– Сәуір, мамыр, маусым, тамыз, – деп тізе бастады. – Шілденің 11-інде мені ауруханадан шығарды. Жұмысқа барғым келмеді. Жора ағаның өлімінен кейін медицинадан көңілім қалды. Бұдан былай стационарда жұмыс істей алмаймын деп ойладым. «Бірдеңесін дұрыс істемей қалды ма екен, құтқаруға болар ма еді?» деген ой маза бермейді. Кейін кішкене басылдым. Тамызда қайтадан кезекшілікке шыға бастадым. Бірақ бұрынғыдай жансақтау бөлімінде емес. Жора ағай жатқан қабатқа көтеріле алмадым. Оңайға соққан жоқ. Сондай бір кезең болды ғой. Адамдар өліп жатты.

– «Соғыс болып жатқандай, соғыста жүргендейміз» дейтін кез ғой…

– Сондай сезім болды. Жазда, тіпті мамырда басталған сияқты. Қорқыныш болды. Кезекшілікте отырасың. Бірінен соң бірі жаңа науқастар келіп жатады, көбі ауыр халде. Көзіңде көзілдірік, жылағың келіп барады. Науқастардың халін түсінемін, өзімде де пневмония ауыр болды. Кейбірінде асқынып жатты. Бір науқас түскен, өкпесінің 30 пайызы зақымдалыпты. Бірер күннен соң, 70 пайыз болды. Созылмалы ауруларының кесірінен ешқандай ем көмектеспеді. Сондай сәттерде айғайлағың келеді.

– Ковидті жұмыста жұқтырдыңыз ба?

– Білмеймін, үйде жұқтыруым да мүмкін, – иығын қиқаң еткізді. – Медицина қызметкерлеріне беретін өтемақыға өтініш бермедім. Байланыста болған адам ретінде тіркелдім. Бізде костюм дегеннің бәрі қатаң сақталды, өзім де үнемі тиянақты киінетінмін: бір реттік костюм, оның ішінен обаға қарсы киім. Шешсең сығып алуға болады, шылқыған су. Жаздағы ыстықта тіптен ыңғайсыз болды. Қыста, керісінше, терлеген соң суық өтеді. Капюшон, бахил мен манжетті скотчпен ораймын. Бірақ костюмге үйреніп кеттім, қазір байқамаймын да. Бәрінен бұрын киіп аламын, әдетке айналып кетті. Косметика дегеннің не екенін ұмыттық. Боянып-сыланып, шаш үлгісін жасау дегенді білмейміз. Терім де костюмнің кесірінен қатты бұзылды, әжім көбейді.

– Қайта жұқтырып аламын деген қорқыныш бола ма?

– Меніңше, қорқыныш та қорқынышты болудан қалатын сияқты. Әрине, кейде бұл туралы ойланасың, бірақ сонда да бәрі өзіңе, қалай киінетініңе байланысты.

– Бұл жылда өзгердім деп ойлайсыз ба? Қазір басқа адамсыз ба?

– Өзгерген шығармын, – ойланып қалды. – Иә, басқа адаммын. Адамдарға азырақ ренжитін болдым, жаман нәрсені көп ойламайтын болдым. Көбірек кешіре бастадым. Ештеңені жүрегіңе жақын қабылдамайсың.

– Гүлнармен де жақын бола түстіңіздер ме?

– Иә-ә-ә, – дейді екеуі де.

2 наурыз

– Димоша үнемі өскен соң саған, күтушіме және аташкаға үлкен үй соғып беремін деп айтады. Ата дегені – Жоламан аға. Менің балаларымды бағасыңдар, мен оларға қалай кедей тұрғанымды айтамын дейді. Өзі бір қызық.

Зәурештің жаңа үйде бір бөлмелі пәтері бар. Бірнеше жыл бұрын ипотекаға алған. Қазір Димаш екеуі ол жаққа мүлде бармайды, Гүлнардың күйеуі аманат етіп кеткен соң, осында тұрады.

– Біресе ақша жетпей, біресе қол тимей, теледидар алмаған едік. Енді оның қажеті де болмай қалды. Ал Димоша үшін теледидар – байлықтың басты көрсеткіші. Күтушісіне “сіздер сондай бай тұрасыздар, бізбен пәтер алмастырғыларыңыз келмей ме?” деп жүреді, – дейді Зәуреш.

– Сондағы біздің ескі үйдегі екі бөлмелі пәтеріміз Зәурештің бір бөлмелі жаңа пәтерінен сәл-ақ үлкен. Оның ас үйі де кең. Димоша әлі бала ғой, өстіп көңілімізді көтереді, – дейді Гүлнар қостап.

Зәурештің Көкшетауда ешкімі жоқ, бар жауапкершілік бір өзінің мойнында. Үйі жоқта біреулердің жанында да тұрған. Ауруханада учаскелік медбике болып жұмыс істеген. Алмастыратын адам жоқ болғанда, бірнеше жыл қабылдау бөлімінде бір өзі отырған. Гүлнармен содан бері таныс.

– Балам сенімді адамның қолында екенін білемін. Кезекшілікте жүргенде де аса алаңдамаймын, – дейді Зәуреш. – Гуля тәтені табуыма Алла өзі көмектесті. Димоша дүниеге келмей тұрғанда біреумен бірге тұратын орын іздедім. Шабаданымды сүйреп, осы үйдің жанынан өтіп бара жатқанмын. Аулада жүр екен. Сөйлесіп кеттік. Гуля тәте құрбысына хабарласты, ол кісіде дәл мен ойлағандай бос бөлмесі бар екен. Араласып кеттік. Кейін Дінмұхамед дүниеге келді…

– Сол кезден бастап жақын араласа бастадық. Зәурешке күнкөріс үшін жұмыс істеу керек болып, баласына қарай тұруымды өтінді. Димоша ол кезде алты айлық еді. Ал биыл онға толады, туған баламдай болып кетті. Зәуреш жұмысқа кеткенде, Димошаны ертіп, өзімнің туыстарыма барамын, екеуміз қыдырамыз. Бәрі оның бізге ұқсайтынын айтады…

Ал Зәуреш ақкөңіл адам. Науқастың қалада тұрғылықты мекенжайы болмаса, ота жасауға порталға тіркемейді. Ондайда ойланбастан өзінің үйіне тіркеуге тұрғызады. Тіпті жекеменшік клиникада істеп жүріп те, кейбіреулерге ультрадыбыстық зерттеуден өту немесе анализ тапсыруды тегін жасатып беріп жүретін…

– Ақшасы жоқ екені көрініп тұрады, ал оған қаралу керек…

– Кешке көшеге шықсақ болды, екінің бір жанына келіп, қалай ота жасатуға болатынын, қай дәрігерге қаралған дұрыс екенін сұрай бастайды. Зәуреш ерінбей-жалықпай бәріне түсіндіріп тұрады. Жұрт жиылып қалады айналасына. Онсыз да баласына әрең жететін адамға мауқын басуға мүмкіндік бермейді. Мұндайда шыдамай, «Зәуреш, мында кел!» – деп айғай саламын. Әуелі домофонды басып: «Тез Зәурешті шақырыңызшы!» – дейтіндер бар. Бұл не, анықтама бұрышы ма сендерге? Ашуландым да, кіреберістегі есікке: «Бұл емхана емес», – деп жазып қойдым. Кейін үйдің жанында серуендемейтін болдық. Зәурештің ауруханаға неге жатқанын айтайын ба? Көктемде, жаздың басында жансақтау бөлімінде жұмыс істеді ғой. Ал онда кілең ауыр халдегі науқастар жатты. Ұзақ жатқаннан денесі ойылып кетпеу үшін, оларды аунатып тұру керек. Сөйтіп аунатам деп жүріп өзіне ауру тауып, белінен тұра алмай қалды. Отасы өте қиын болды.

– Қыркүйектің басы еді. Астанаға барып, жекеменшік клиникаға жатуға тура келді. Порталға тіркемеді, квота бермеді. Әбден шығындалдық, бір айдай сонда тұрдым. Есесіне жұрттан қаншама алғыс естідім. Ақсақалдар бата береді, сол маған көмектесетін сияқты. Алла бәрін көріп тұр ғой, игі ісім үшін рақымын төгеді. Гуля тәтені кездестірдім, пәтер де сатып алдым. Ковид орталыққа кіріп жүргенім де соның арқасы. Онда екінің бірі кіре алмайды.

***

Қопа көлінің жағалауын қар басып қалған. Ұшқындап, күн сәулесінің астында мың құбылады. Аяз. Гүлнар жалғыз аяқ жол салып келеді. Соңынан Зәуреш пен Димоша еріп келе жатыр.

– Ура! Сырғанақ! Мам, сырғанаймыз ба? – дейді Димаш алға шығып.

– Сырғанаймыз!

– Мұнда келмегенімізге көп болыпты. Біз көшеге де шықпаймыз ғой, – дейді Гүлнар. – Тек дүкен, мектеп, үй арасында ғана жүрміз.

Биік ағаш сырғанақтың жанында қарда жүретін көлік пен үрлемелі банан тұр. Мұндаймен әдетте туристерді теңізде сырғытады, ал қазір қатып қалған көлдің үстінде…

– Кеттік пе?

– Кеттік!

Кеттік!

Мотордың даусынан бір-бірімізді естімейміз. Борандағыдай қар бетке ұрып жатыр. Ызғыған жел. Бірақ ө-ө-өте қызық…

– Ой, бұлай күлмегелі көп болыпты!

Қарда жүретін көлік тоқтады. Біз әлі өзімізге келе алмай жатырмыз.

– Шыққанымыз қандай жақсы болды. Әйтпесе жұмыстан көз ашпаймыз, – дейді Гүлнар дөп түсіп.

Бір жыл бұрын Зәуреш үш жерде жұмыс істейтін. Таңғы сегізде аудандық ауруханадағы жұмысына барады. Онда қабылдауда отырады да, шыға сала жақын жердегі жекеменшік клиникадағы жұмысына жүгіреді. Ол жерде тағы төрт сағатын өткізеді. Үйге сегізде келіп шай ішеді де, қайтадан кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына кетеді. Мұндағы кезекшілігі түн аралатып келетін. Одан шығып ауруханаға барады, кейін жекеменшік клиникаға, содан соң ғана үйге қайтады. Екі тәулікте бір ұйықтайды. Осылай…

– Үш жыл, – дейді Зәуреш. Өйткені амалым болмады. Ауруханадағы жалақы тіптен аз, ал менің балам бар, ипотекам бар. Қазір қайта ақша табуға болады.

– «Қызыл» аймақтағы жұмысыңыз қарыздарыңыздан құтылуға көмектесті ме?

– Әрине. Үстемақы әр кезде әрқалай шығады, істеген сағатың мен кестеге байланысты. Бірақ әйтеуір бұрынғыдай 70 мың емес. Қазір үйде жүргенде екі аптаға жеке клиникаға шығуымды сұрап жатыр. Барсам ба екен деп ойланып отырмын...

– Екі апта үйде болғанда әр сәттен ләззат алуға тырысамыз, уақыт тез өтеді.

Маусымда Гүлнардың күйеуінің қайтыс болғанына бір жыл толады. Одан кейін не болатынын әлі білмейді. Өзінің кішкентай немересі бар, сол немересіне қарап, балаларына көмектескісі келеді. Туыстары да қасына шақырып жатыр. Бірақ Зәуреш пен Димашты тастап кетуге дәті бармайды.

– Енді не істейсіз?

– Әлі білмеймін. Гуля тәте ары қарай не істейтінін шешсінші. Ал жұмысқа келсек… Ауруханадан күзде шығып кеттім, бейімдеу орталығын жауып тастады, қазір тек «қызыл» аймақтағы кезекшілік қалды. Көрерміз, қалада жұмыс көп. Бірақ бәрібір бір орында отыра алмайсың. Тіпті ипотекаң болмаған күннің өзінде, мұндай ақшаға күн көру қиын. Ковид жұқтырған науқастармен жұмыс істейтіндерге үстемақы төлеуді жақында доғарады деп жатыр. Бірақ өзім жұқпалы аурулар орталығында медбике болып қалар едім. Жақсы болар еді. Стационарда жұмыс істеген ұнайды.

– Өзіңізді қаһарман сезіндіңіз бе?

– Жоқ, сезінбеген сияқтымын. Істеу керек жұмысты істедім. Бәріне байыппын қараймын. Бірақ, әрине, біреуге көмектескеніңе қуанасың.

– Биыл не жоғалтқанымыз туралы көп айттық. Ал осы жылдағы ең қуанышты сәт қашан болды?

– Бүгін.

Гүлнар да келісе кетті.

– Әбден күлдім (бананмен сырғанағанымызды айтып жатыр). Бұлай болмағанына біраз болыпты. Қуаныш дегенді ұмытыппыз…

***

Қоштасып жатып, келесі жолы Алматыда кездесетін болып келістік.

– Күйеуім бір жыл бұрын енді бірге саяхаттаймыз деген еді, – дейді Гүлнар еске алып. – Өмірінде бірінші рет демалысын екіге бөліп алып еді. Көктемде Грузияға барғымыз келген, шекараның бәрін жауып тастады. Күзде Шарын шатқалына барамыз дегенбіз. Болмай қалды. Енді міндетті түрде барамыз.

– Мен де соны көптен бері армандап жүрмін, – деп Зәуреш қостай кетті. – Тек жұмысымды сәл-пәл реттеп алайын.

…Көп ұзамай Зәуреш тағы да «Қызыл аймақта» кезекшілікке шығады.