10717
20 февраля 2022

Тоқаевтың офшор құпиялары

Көл жағасындағы таунхаустар, Мәскеудегі пәтерлер мен Швейцария банкіндегі есепшот және офшорға апаратын ақша ізі

Тоқаевтың офшор құпиялары

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың басым бөлігі халықтың табысы арасындағы теңсіздікке жауапты деп санайтын бірінші президенттен өзін аулақ ұстауға тырысады. Дегенмен Тоқаев отбасының да шетелдік құпиясы бар: көл жағасындағы таунхаустар, Мәскеудегі пәтерлер мен Швейцария банкіндегі есепшот және офшорға апаратын ақша ізі.

OCCRP және Vласть, фото авторы: Джеймс О’Брайен

Кейінгі апталарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жария түрде теңсіздікке қарсы сөз сөйлеп жүр.

Полицияның жаппай күш көрсетуімен басып-жаншылған наразылық шарасынан кейін бірнеше күн өткенде ол халыққа үндеу жасап, өзінің алдында ұзақ уақыт бойы авторитарлық билік құрған Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты халықтың наразылығына жауап берді.

"Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар тобы мен халықаралық стандарттар бойынша да бай адамдар тобы пайда болды. Қазақстан халқына өзіне тиесілі дүниені беретін кез келді деп есептеймін”.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қаңтар күнгі “Нұр Отан” саяси партиясының съезінде. Бұл съезде ол Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына билеуші партияның төрағасы болды.

Фото дереккөзі: Қазақстан президентінің баспасөз қызметі

Қаңтар айының басында Қазақстанды дүр сілкіндірген наразылық пен зорлық-зомбылыққа дейін Назарбаевты бұлай жұмсақ сынаудың өзі ойға келмейтін нәрсе еді. Дегенмен Тоқаев елді отыз жыл билеген мұнай олигархиясынан кейін өзгерісті қалайтын Қазақстан халқының үндеуіне құлақ түрген көрінеді. Ол уәде берді.

“Мен мемлекет басшысы ретінде саяси трансформация мен қоғамымызды жаңғырту саясатын жалғастырамын”, – деді ол.

Алайда, Тоқаевтың отбасы 1998 жылдан бері Еуропада сенімді сақталған құпия байлыққа иелік етіп келгені анықталды, бұл кезеңде Қазақстан халқының жартысына жуығы кедейлік шегінде өмір сүрген еді. Credit Suisse-тің сыртқа шығып кеткен деректері 1998 жылы Тоқаевтың сол кездегі әйелі Надежда мен 14 жастағы ұлы Тимурдың атына швейцариялық банкте есепшот ашылғанын көрсетеді. Ол кезде Тимур Женевадағы қымбат мектеп-интернатта оқып жүрген.

***

“Credit Suisse құпиялары” жобасы жайлы

“Credit Suisse құпиялары” – швейцариялық ең ірі Credit Suisse банкінің есепшоттары туралы мәліметтің сыртқа шығып кетуіне байланысты құрылған трансшекаралық журналистік зерттеу жобасы.

Бұл деректерді аноним дереккөз немістің Süddeutsche Zeitung газетіне жеткізген, олар мұны OCCRP және басқа елдердегі 46 серіктес медиаға таратты. Бес құрлықтағы журналистер банк файлдарын зерттеп, инсайдерлермен, тергеу органы қызметкерлерімен сөйлесіп, алынған қорытынды нәтижелерді сот жазбасы мен қаржылық есептер арқылы тексеріп шықты. Сыртқа шығып кеткен ақпаратта 1940 жылдан бастап, 2010 жылдардың орта тұсына дейін ашылған 18 мың есепшот туралы деректер бар. Бұл есепшоттардағы жалпы қаржы көлемі жүз миллиард доллардан астам.

“Швейцарияның банк құпиясы туралы заңдары адамгершілікке жат екеніне сенімдімін, – делінген ақпаратты жария еткен мәлімдемеде. – Құпиялықты сақтау міндеті – бар болғаны швейцариялық банктердің салықтан жалтаруға көмектескенін жасыру үшін жасалған қорғану жолы. Бұл жүйе жемқорлыққа жол ашып, дамушы елдерді аса қажет салықтан қағады”.

Журналистердің қолына түскен Credit Suisse деректері толыққанды емес болғандықтан, оларды бірнеше маңызды нюансты ескере отырып түсіндіру керек. Жоба, мәліметтің дереккөзі және негізгі тұжырымдар жайлы толығырақ оқыңыздар.

***

Бұл есепшот қолданыста болған жылдары одан қанша ақша өткені белгісіз. Сыртқа шығып кеткен дерекке сәйкес, есепшоттағы ең көп көрсеткіш 2005 жылы байқалған. Ол кезде шотта 1,5 миллион Швейцария франкі (шамамен 1 миллион доллар) болған.

Офшор жұмысын реттейтін фирманың құжаттары, корпоративтік құжаттар мен жылжымайтын мүлік реестріндегі деректердің бәрі отбасының кейінгі жылдары да Қазақстаннан тысқары жерлерде қомақты байлық жинауды жалғастырғанын көрсетеді. 2012 жылы банктегі есепшот жабылғаннан кейін Тоқаевтар Швейцарияда жеке шоттары бар Британ Виргин аралдарында офшорлық компаниялар ашқан және 2014 жылы бір сәтте 5 миллион доллар активі болған Ұлыбританиядағы компанияны басқарып отырған. Бұған қоса Тоқаевтар отбасы Мәскеу мен Женевада құны кем дегенде 7,7 миллион доллар болатын мүлікті иеленген.

Сол жылдары Тоқаев жоғары мемлекеттік лауазымды қызмет атқарды, атап айтқанда, сыртқы істер министрі, премьер-министр және сенат спикері болды. Тоқаевтың да, әйелінің де кәсібі немесе басқа байлық көзі болған жоқ. Тек олардың ұлы Тимурдың нақты бизнеске қатысы болған, оның өзі де мұқият зерттеуді қажет етеді. Қазақстандық БАҚ таратқан ақпарат бойынша, ол мұнай кен орнын игеру құқығына ие болған мұнай компаниясының ортақ иесі ретінде тіркелген. Кейін бұл компания миллиондаған табыс тапты. Ол кезде Тимур енді 18 жасқа толған.

Қазақстан президентінің ұлы Тимур Тоқаевтың санаулы фотосының бірі. Бұл сурет бұрын премьер-министрдің кеңесшісі қызметін атқарған қазіргі танымал коментатордың Telegram арнасында жарияланды.

Фото дереккөзі: yyedilov / Telegram

Тоқаевтар отбасының Швейцариямен алғашқы байланысы Тимурдан басталған болуы да мүмкін. Жақында белгілі болғандай, ол Женевадағы ең қымбат мектеп-интернаттың бірі – College du Leman-де оқыған. Сондай-ақ, Женевада филиалы бар, АҚШ-та тіркелген Webster University дипломын алған.

Тоқаевтар Женева мен оның маңайынан жылжымайтын мүліктер де сатып алған. Оның бәрі Тимурдың атында: қаланың тыныш ауданынан пәтер, жақын маңдағы Версуа муниципалитетінде терезесінен көл көрінетін таунхаус пәтер және Сен-Прекс ауылындағы таунхауста тағы бір пәтер.

Тимурдың оқуы аяқталғаннан кейін Женевада қанша уақыт болғаны белгісіз, бірақ оның әкесі 2011–2013 жылдар аралығында Женевадағы БҰҰ кеңсесінің бас директоры қызметін атқарған кезде осы жерде тұрған.

Бұл уақытта Тимур Мәскеуде тұрып, Ресей астанасында дипломатиялық нөмірі бар Lexus және BMW көліктерімен жүрген. Ол сол кезеңде Ресей сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітіріп, ғылыми дәреже алған.Тимур мен оның анасы Мәскеуден бірнеше қымбат пәтер сатып алған. Бір қызығы, қазір түрмеде отырған ресейлік оппозиция жетекшісі Алексей Навальныйдың зерттеуі көрсеткендей, Ресей үкіметі олар туралы жылжымайтын мүлік реестріндегі барлық жазбаны өшіріп тастаған. (Навальнийдің командасы Тоқаевтардың мүлкін реестрден өшірілгенге дейін жүктеп алған деректерден тапқан).

Сол уақыттан бері кейбір жылжымайтын мүліктері сатылған. Мәскеуде қалған жылжымайтын мүліктері қатарында Fusion Park элиталық тұрғын үй кешеніндегі үлкен пәтер және Кремльден екі шақырым жерде орналасқан тағы бір үлкен екі қабатты пәтер бар. Тоқаева қаланың солтүстік-шығысында орналасқан үшінші пәтерде тіркелген.

Тимур Тоқаевтың пәтері бар Мәскеудегі Fusion Park тұрғын үй кешені.

Дереккөз: Google Street View

Тоқаевтардың құпиясы Еуропамен ғана шектелмейді. Пандора мұрағатының, яғни халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы OCCRP-пен бөліскен оффшор компанияларды қолдауға қызмет көрсететін фирмалардың құжаттары арқасында журналистер олардың ізін Британ Виргин аралдарына дейін зерттей алды. Бұл көбіне байлар активтерін құпия сақтау үшін қолданатын жер.

Тоқаевтардың Credit Suisse-тегі есепшоты жабылғаннан кейін бір жыл өткенде, яғни 2012 жылы олар Британ Виргин аралдарында екі офшорлық компания құрды: Тоқаевтың бұрынғы әйеліне тиесілі Wishing Well Group Inc компаниясы және ұлы Тимурға тиесілі Wisdom Invest & Finance Inc компаниясы. Бұл фирмалардың жалғыз жария мәліметі – Ұлыбританиядағы Edelweiss Resources LLP компаниясына иелік етуі болған көрінеді. (Сонымен қатар, бұл деректер офшор компаниялардың әрқайсында швейцариялық банкте есепшоты болғанын көрсетеді).

Edelweiss тек қаржылық есепті қысқартылған нұсқада ұсынғандықтан, бұл компанияның қызметі туралы мәлімет аз. Бірақ компанияның 2014 жылы наурыздағы соңғы есеп беруі банкте 4 миллион доллар қолма-қол ақша мен сол жылы шамамен 1 миллион доллар инвестициясы болғанын көрсетеді.

Сол жылдың жазында Тоқаевтар өз инвестициясын одан әрі жасыру үшін тағы бір қадам жасады. Компанияларға қызмет көрсеткен кипрлік тіркеу агенті Британ Виргин аралдарындағы кеңсесінен Тоқаевтардың меншік құқығын жасыру үшін номинал акционерлерге немесе сенімді тұлғаларға ауыстыруды сұрады. Сұраныс хат Пандора мұрағаттарына жіберілген электрондық поштамен келді. Сол кездегі Тоқаевтардың үш компаниясы да жабылды.

Қазақстандық мемлекеттік қызметшілер заң бойынша декларациясын ашық дереккөзде жариялауға міндетті емес, осылайша Тоқаевтардың миллиондаған қаржысы қайдан шыққаны жұмбақ күйінде қалды. Тоқаевтың отбасы түсініктеме беру туралы сұраныс хатқа жауап бермеді.