5401
26 марта 2022

Власть порталына — он жыл. Бұл тек бастамасы деп сенеміз

Редакцияның оқырмандарға жазған шағын хаты

Власть порталына — он жыл. Бұл тек бастамасы деп сенеміз

“Власть” ақпарат кеңістігіне шыққалы он жыл. Көзді ашып-жұмғанша он жыл өте шықты.

Белгілі себептерге байланысты алғашқы мерейтойды атап өтпейміз. Оның орнына бұл күні сөз бостандығының маңызын тағы бір рет еске салғымыз келеді. Кейінгі бірнеше жыл, әсіресе 2022 жылдың басы еркін медиа болмаса, дұрыс қоғам құру мүмкін емес екенін көрсетті.

Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де тәуелсіз ақпарат құралдарының үнін өшіруге әрекет жасалып жатқанына куә болдық, әлі де көріп отырмыз. Осы он жыл ішінде Қазақстандағы көптеген әріптесіміз сот қыспағы мен шектеулердің кесірінен басылымдарын шығару мүмкіндігінен айырылды. Қазақстанның жақын серіктесі саналатын Беларусь елінде ондаған журналист ойдан шығарылған, саяси астары бар айыптармен түрмеде отыр. Ресейде ондаған медиа әскери цензураға байланысты жабылып қалды немесе оқырманға жетпей отыр, себебі ел билігі үшін Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғыстың “соғыс” деп аталмауы маңызды.

Мемлекетке тәуелді емес қазақстандық және әлемдік медиа цензура мен қысымға қарамастан, тіпті, “біржақты жазады”, “Батысқа жұмыс істейді” деген айыптауларға да қарамай, қызметін жалғастырып келеді. Ол ақпарат құралдары болып жатқан жайттан халықты хабардар етіп, оқиғаларды саралап, мемлекеттің ақшасына өмір сүретін ақпарат құралдарында үні шықпағандарға сөз беріп, қоғам игілігі үшін жұмыс істеп жатыр. Қудалау қаупіне қарамай, маңызды оқиғаларды назардан тыс қалдырмайды.

Біздің он жылдығымыз оқырманның жеңісі екені даусыз.

Сіздер бізге ең қиын сәтте де қолдау көрсеттіңіздер. Қаржылай донат, жылы сөз, мақалаларымызды бөлісу арқылы қазір де бізді қолдауды жалғастырып келе жатқан оқырманға алғысымыз шексіз. Сіздердің бізге деген сенімдеріңіз – ең үлкен қолдау. Бұл біз үшін ең құнды әрі маңызды қолдау екенін күн сайын сезінеміз.

Біз оптимист болғымыз келеді, біздің ғана емес, Қазақстандағы басқа да ақпарат құралдарының жұмысын жалғастырып, зерттеу жүргізуге, маңызды оқиға туралы жазуға, сұрақ қойып, пікірталас жасауға және түрлі көзқарастағы пікірді жеткізуге мүмкіндігі болады деп үміттенеміз.

Қазақстан билігінің жаңа бастамалары біздің үнімізді тұншықтырмайды деп сенеміз.

Қысқа ғана хатымызды үндеумен аяқтағымыз келеді. Біз Қазақстандағы саяси тұтқындарға, соның ішінде қаңтар оқиғасынан кейін заңсыз ұсталғандарға бостандық беруді талап етеміз. Барлық жерде айтылуы тиіс сөз осы деп санаймыз.

Өшпенділік, ашу-ыза мен үгіт-насихатқа қарамастан, соғысқа жол жоқ дейміз! Украинадағы көптеген досымыз қауіпсіз ортада болса, Ресей мемлекеті тәуелсіз елден әскерін шығарып, бомбалауын тоқтатса деп армандаймыз. Украинаның емін-еркін тыныс алып, өз-өзіне келуін, онымен бірге біз де қалыпты жағдайға оралғанымызды қалаймыз.