10882
22 апреля 2022
Назерке Құрманғазинова, суреттерді Жанар Каримова түсірген, Власть

«Қазақ тілінде сапалы контент жоқ деген пікір – миф»

Белсенділердің әлеуметтік желіде қазақ тілін көпшілікке қалай насихаттап жүргені туралы

«Қазақ тілінде сапалы контент жоқ деген пікір – миф»

Қазақстанда мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарламамен қатар, бірнеше онлайн платформа мен қозғалыс бар, олардың негізгі мақсаты – қазақ тілін көпшілікке жеткізу. Олардың мәтіндері тартымды түсіндіреді, сол арқылы өзгерістерге қол жеткізеді. Тілге қызығушылықты арттырып, оның қолдану аясын кеңейтеді. Власть сол белсенділердің бірнешеуімен әңгімелесті.

Qazaq Grammar

Qazaq Grammar жобасының негізін қалаушы Нұрсұлтан Бағидолла 2012 жылдан бастап қазақ тілін насихаттаумен айналысып келеді. Алайда ол кезде жоба атауы мен платформа басқа болған. Кейін ол Instagram парақшасына көшкен. Қазір бұл парақшаны 42 мыңнан аса адам оқиды.

Автордың сөзіне қарағанда, көпшілік Qazaq grammar қазақ тілі курсы не сөздік деп жаңсақ ойлайды. Жобаның басты мақсаты – қазақ тілін көпшілікке таныту, оны заманауи әрі тартымды түрде жеткізіп, қазақ тілі туралы білімді арттыру.

«Qazaq Grammar – қазақ тілі курсы емес. Көпшілік жекеме жазып, курс туралы сұрай береді. Сол үшін осыны нақтылап кетейін. Екіншіден, Qazaq grammar – сөздік емес. Жазылушылардың көбі қазақша белгілі бір сөздің мағынасын, аудармасын не синонимін сұрап жазады. Кейде сирек кездесетін сөздердің мағынасы мен аудармасын жазатынымыздан болса керек. Өкінішке қарай, жобамыздың мақсаты ол емес. Алайда болашақта QG-дың (Qazaq Grammar – В.) қазақ тіліндегі ең ауқымды жоба болғанын қалаймын», – дейді Н.Бағидолла.

Qazaq grammar парақшасында контент алуан түрлі: грамматика талдаудан бастап, түрлі комикс пен мемге дейін бар. Мәселен, қазақ тіліндегі диалектілер мен сөздердің этимологиясы жөнінде. Сондай-ақ оқырманмен ой алмасу үшін Instagram stories-те түрлі сауалнама жүргізіп, сұрақ-жауап форматын да жариялап тұрады. Нұрсұлтан әзілдің көмегімен адамдардың қазақ тілін үйренуге деген талпысын арттыруға болады дейді.

«Әзіл – әмбебап тіл. Қазақ тілін жете білмейтін не тіпті түсінбейтін адамның өзі мемге қарап, қазақ тілі не қазақтар туралы бірдеңе ұға алады. Мұндай контенттің бір жақсысы, тілді үйренуге оңай әрі жақсы көңіл-күй сыйлайды, – дейді ол. – Қазнетте орыс не ағылшын мемдерін көріп үйреніп қалғанбыз. QG-да күлкілі әрі сапалы әзіл көргенде көбінің санасы бір төңкеріледі. Мұндай контентті күтпегендер оны әрі қарай бөлісіп, достарына таратады. Бұл тілдің қолдану ауқымын кеңейтеді».

Qazaq grammar авторы тілді дамыту барысында ешқандай агрессия, негатив болмауға тиіс деп санайды.

«Ес білгелі қазақ тілі төңірегіндегі дау біткен емес. (...) Мұндай дау-дамайдың тууына іштен де, сырттан да әсер бар. Сыртқы факторға солтүстіктегі көрші елдегі кей адамдардың сөзі ықпал етсе, ішкі факторға қазақ тілін агрессив түрде талап ететін қозғалыстар мен отандастарымыздың қазақ тіліне бей-жай қарауын жатқызуға болады», – дейді ол.

«Мәселені қалай шешу керегін, не істеу керегін білсек, бұл мәселе баяғыда шешілер еді, – дейді ол. – Мұны ешкім білмейді, сондықтан мемлекеттік тілді дамыту үшін барлық тәсіл мен жолды қарастыру керек. Қазақ тілін насихаттаудың бір жолы – интернетте қазақ тілінде жиі жазу».

«Qazaq Grammar посттары қалай пайда болады? Алдымен тілге деген махаббат болу қажет. Тілге қатысты түрлі аспектіні көріп-білгеннен кейін белгілі бір тақырыпқа идея келеді. Кейін мәтін жазылып, осы тақырыпқа қатысты сурет не видео ойластырылады».

Жобаны оқитындардың басым көпшілігі – 18–35 жас аралығындағылар. Одан бөлек, автор парақшаны шетелдіктер де оқитынын қуана-қуана атап өтті.

Qazaqsha jaz

Қазақ тілінде сөйлейтіндер кезігетін ең өзекті проблема – әлеуметтік желілерде қазақ тілінде сөйлейтіндерге қазақ тілінде қызмет көрсетілмеуі. Бұл мәселені Qazaqsha jaz қозғалысының ұйымдастырушылары көтеріп, 2020 жылы жылы әйгілі компаниялардың парақшасына қазақ тілінде ақпарат беруін сұрап пікір жаза бастады. Qazaqsha jaz қозғалысының әкімшілерінің бірі Әлия Саридің сөзінше, олар жүздеген компанияның парақшасын қазақ тілінде жүргізуіне түрткі болған.

«Qazaqsha jaz – әлеуметтік желілер мен жалпы интернеттегі қазақ тілінің репрезентациясын арттыруды мақсат еткен онлайн қозғалыс. Айнымайтын ұстанымдарымыз бар: олар – сыпайылық және өркениетті болу. Желідегі этика талаптарына сай жұмыс істейміз», – дейді Әлия Властьпен әңгімесінде.

Сондай-ақ қозғалыс еліміздегі орыс тілінің маңызын жоққа шығармайды. Керісінше, ақпаратты мемлекеттік тілде жеткізуді сұрайды. Олар бұл тәсілді «Тербеу» деп атайды.

Алғашында белсенділер Burger King, Samsung секілді алпауыт компаниялардың жазбасына парақшаны қазақ тілінде жүргізуін сұрап, пікір қалдырған. Парақшаны екі тілде жүргізуге компаниялардың қаржылық мүмкіншілігі де әсер етеді. Әлияның сөзіне қарағанда, Samsung секілді қаражаты мол компаниялар сатып алушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін үнемі жаңа идеяларға мұқтаж. Сондықтан Qazaqsha jaz идеясын қуана-қуана қабыл алған.

«Qazaqsha jaz қозғалысының ең үлкен жеңісі – Kaspi.kz банк қосымшасының қазақ тіліндегі нұсқасының жасалуына түрткі болғанымыз. Сондай-ақ Telegram қосымшасының бета нұсқасын қазақ тіліне аудардық. Қазақ тіліндегі қосымшаны жүктеген адамдар саны анағұрлым көп болған сайын, мессенджердің ресми тілдері қатарына ену ықтималдығы да артады», – дейді Ә.Сари.

Ол мемлекеттік тілде ақпарат көп болсын десек, мұны сұрап, қосымшалар мен банкоматтарды қазақ тілінде қолдану керек екенін алға тартады.

«Әр сайтта әр тілдің статистикасы бар. Мәселен, қолданушылар интерфейсте қазақ тілін таңдамайтын болса, компания қазақ тіліндегі ақпарат оқылмайды деп, ақпаратты тек орыс тілінде береді. Біз мән бере бермейтін күнделікті осындай дағдылар трендке айналып барады. Ол адамдар қатары артқан сайын бұл үлкен өзгерістерге алып келеді».

Kazak bubble

Екі жылдан астам уақыт бұрын Назарбаев университеті Лингвистика мамандығының түлегі Бейбарыс Сейтақ көзқарасы бір азаматтармен бірге Instagram желісінде Kazak bubble парақшасын ашты. Олар тіл білімі туралы ғылыми ақпаратты қарапайым тілде түсіндіреді. Бұл парақша – қазақ тілін үйренгісі келетіндерге таптырмас құрал. Өйткені авторлар қызық деп таныған тақырыптарды екі тілде жазады. Мәселен, олардың жазбаларынан акцентсіз сөйлеуді немесе қазақ тіліндегі жұрнақтардан қалай жаңылмау керегін біле аласыз.

«Kazak bubble – тіл білімі саласындағы көпшілікке арналған ғылыми парақша. Kazak bubble атауындағы Bubble сөзі ежелгі Бабыл қаласына сілтейді. Сондай-ақ комикстерде кейіпкердің сөзіне сілтейтін белгі ағылшын тілінде Speech bubble деп аталады. Атауымыз соған да сілтейді, – дейді Б.Сейтақ. – Қазақ тілі туралы, жалпы тілдер туралы түрлі ғылыми ақпаратты қарапайым тілмен жеткізуге тырысып жүрміз. Мәселен, қазақ тілінің фонетикасы мен фонологиясына қатысты ғылыми еңбектерді алып, бұл сөздердің қалай дұрыс жазылып, айтылу керегін түсіндіреміз».

Қазір Kazak bubble парақшасының 10 мыңнан аса жазылушысы бар. Сейтақтың айтуынша, жазылғандардың басым көпшілігі – астаналық жастар. Оларды орыс тілінде сөйлейтіндер де, қазақ тілінде сөйлейтіндер де оқиды.

Бейбарыс қазақ тілінің дамуынан ерекше қарқын көретінін айтады. Ол «қазақ тілінде контент жоқ» деген пікірдің мифке айналғанын, себебі күн сайын қазақ тілінде түрлі фильм, ән және кітаптың шығып жатқанын айтады. Оның сөзінше, проблема сол тілдегі ақпараттың жоқ екенінде емес, контентті жақсы жарнамалай алмауда. Ол қазақ тіліндегі қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарды дамытуға арналған «100 кітап» жобасын еске алды. Бейбарыс оны жақсы-ақ жоба, алайда көпшілікке танылмады деп санайды.

«Менің ақпарат көпіршігім емес шығар, алайда қазақ тілінің қарқынды дамып жатқанын байқаймын. Бұл мәселенің көбі прогрессив көзқарас тұрғысынан талқылана бастады. Басқаша айтқанда, қазақ тілі «ұлтшылдар» мойындаған бөтен тіл емес, керісінше, ана тіліміз екенін түсінеміз. Екіншіден, бұл тіл теңсіздікке ұшыраған, өкінішке қарай, әлі де теңсіздікке ұшырап келе жатқан тіл», – дейді лингвист.

Kazak bubble жазбалардың визуалы мен форматына ерекше мән береді. Лингвистер тақырыпты кейде түрлі мем арқылы әзілмен түсіндіреді.

«Контентімізді түрлендіруге тырысып жүрміз. Кей-кейде қазақша мемдер, кейде ауқымды тақырыпты жіктеп, талқылау үшін лонгридтер жариялаймыз. Анда-санда музыка, кітап, фильм ұсынамыз. Расымен де, визуалға қатты мән береміз. Жазбалар көркімен баурап алып, оқуға ыңғайлы болуы керек. Мұның терең философиясы жоқ. Қазақ тілі осындай әсемдікке лайық деп санаймыз. Оған қоса, бізде сатылымда плакаттар, ашықхаттар бар. Оның дизайнына көп уақыт арнадық. Мәселен, бір жазба ішіндегі сөздер араласып кетпес үшін қазақ тіліндегі тақырыпты үлкен әрі қалың қаріппен, ал орыс тіліндегісін кішірек қаріппен береміз. Оқырмандарымыз кейде ақыл-кеңес айтып, мақтап та жатады. Бұл бізге шабыт береді», – дейді Бейбарыс.