5585
26 апреля 2022
Назерке Құрманғазинова, Власть

Әлеуметтік желіні бұғаттайтын заң жобасы. Қайрат Құдайбергеннің ұсталуы. Мемлекет меншігіне қайтқан кәсіпорындар

Өткен апта жаңалықтарына шолу

Әлеуметтік желіні бұғаттайтын заң жобасы. Қайрат Құдайбергеннің ұсталуы. Мемлекет меншігіне қайтқан кәсіпорындар

22 сәуір күні Алматы қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайберген қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікпен ұсталып, бір айға қамауға алынды. Прокуратураның мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде Құдайберген «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевпен бірге әрекет еткен. Осы және өзге де жайттар Власть апта шолуында.

Алдын ала тергеу бойынша Құдайберген Арман Жұмагелдиевпен бірге «Қазақстан» қонақүйінде адам жинауды ұйымдастырып, Жұмагелдиевтің айналасына бірігуге, оны қолдауға және биліктің бірыңғай талаптарын ұсынуға шақырғаны, сондай-ақ 10 адамнан тұратын топтарға бөліп, әр топтың ерекше белгісі ретінде қолына ақ мата байлауға нұсқау бергені анықталған. Содан кейін Құдайберген мен Жұмагелдиев жинаған топ алаңға шығып, Жұмагелдиев төңірегіндегі митингілерді біріктіруге, алаңда жедел штаб ұйымдастыруға және билік алдында бірыңғай талаптар қоюға тырысқан.

«Құдайберген-Жұмагелдиев ұйымдастырған бұл заңға қарсы акция зорлық-зомбылық пен түрлі ауырлықтағы дене жарақатын келтірген жаппай төбелеске ұласты. Құдайбергеннің жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруы мен қатысуы «Қазақстан» қонақүйінен, Жұмагелдиев тобының ұсталған қатысушыларының ұялы телефондарынан алынған бейнежазбалармен, куәгерлердің айғақтарымен расталады», – делінген прокуратура мәлімдемесінде.

38 жастағы Қайрат Құдайберген – кәсіпкер және танымал блогер. Билеуші «Аманат» партиясынан Алматы қаласы бойынша мәслихат депутаты.

Әлеуметтік желіні бұғаттайтын заң жобасы

Алматыда сенбі күні жүзден астам адам Махатма Ганди атындағы саябаққа әлеуметтік желілерді бұғаттауға мүмкіндік беретін заңнамаға енгізілген түзетулерге қарсы митингке жиналды. Әкімдік рұқсат берген митингті ұйымдастырушы Шыңғыс Уәлиханның сөзінше, өткен аптада Мәжіліс заң жобасының қоғамда дау туғызған тұстарын алып тастағанымен, бұл әлі де сөз бостандығын шектеуге мүмкіндік береді.

Фото авторы: Назерке Құрманғазинова

Жиналғандар «Балаларды қорғауды сылтауратудың артында цензура бар», «Ресейдегідей болсын дейсіздер ме?», «Бас кеспек пен тіл кеспекке жол жоқ» деген плакаттар ұстап келіп, әлеуметтік желі мен жалпы интернетті қолдануға еркіндік беруді талап етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бұл құжатқа вето қоюды сұрады.

Митингте сөз сөйлеген цифрлық құқықтар жөніндегі сарапшылар тобының мүшесі, құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль кибербуллингті бақылау мақсатында мемлекет таңдаған әдістер тиімсіз екенін атап өтті.

«Кибербуллинг мәселесін түрлі жолмен, радикал емес әдістермен, барлық қолданушының ақпаратқа қол жеткізу құқығын шектемей шешуге болады. Біз интернетті бақылау мен цензураны тоқтатуды талап етеміз. Кибербуллинг фактілері анықталған жағдайда интернет ресурстар мен контент авторларының қазақстандық мемлекеттік органның талабына шағымдануға мүмкіндігі болуға тиіс. Кибербуллинг бүкіл ресурсты шектеуге себеп болмауы керек», – деп атап өтті ол.

«Цензураның орнына бүкіл әлемде сәтті қолданылып жатқан кибербуллингтің алдын алудың өзге де шараларын қолдану керек. Мысалы, ересектер мен балаларға желіде өзін ұстау және цифрлық гигиена дағдыларын үйрету, отбасы институттарымен жұмыс істеу, баланың мүдделеріне сай әрекет ету, балалардың өзін диалогқа тарту», ​​– деді Чернобиль.

Заңнамаға қоғамда дау туғызған түзетулер енгізуді билеуші ​​партия депутаттары Айдос Сарым мен Динара Зәкиева ұсынды. Түзетудің бірінші нұсқасында әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің иесі Қазақстан аумағында өкілдік ашуды және оның басшылары ретінде Қазақстан азаматтарын тағайындауды міндеттеу ұсынылған. Ал заң жобасының бастапқы нұсқасында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әлеуметтік желілерді бұғаттау бойынша қосымша өкілеттікке ие болатын еді.

Сәуірде заң жобасын қараған Сенат бірнеше түзету енгізіп, Мәжіліске қайтарған еді. Атап айтқанда, сенаторлар енгізген түзетулерге сәйкес, балаға қатысты кибербуллинг фактілері осы мақсатта арнайы құрылған сарапшылар тобында қаралады. Сондай-ақ, заң жобасынан уәкілетті органдардың интернет ресурс, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын өз қалауынша шектеу немесе тоқтату өкілеттігі де алынып тасталды. Сарапшылар тобы балаға кибербуллинг жасалды деп тапқан ақпаратты ғана жоюға баса назар аудармақ.

Мәжіліс Сенаттың түзетулерімен келісіп, жоба қол қою үшін президентке жіберілді.

Фото авторы: Алмас Қайсар

Саяси белсенділердің бостандығын талап ету

Жексенбі күні Алматыда ондаған адам саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, наразылық акциясына шықты. Жиналғандар қолына тергеуде жатқан, қамауға алынған саяси белсенділердің суретін ұстап, «Бостандық» деп ұрандатты.

Акцияны ұйымдастырушы, саяси белсенді Әйгерім Тілеужан барлық саяси тұтқын бостандыққа шыққанға дейін белсенділер апта сайын митингке жиналатынын айтты.

Осы кезде Ғылым академиясының алдындағы алаңда шағын жәрмеңке ұйымдастырылып, бір топ жастар жаңбыр астында биледі. Кейін топтық билеуге қатысқан студенттердің бірі Власть редакциясымен байланысқа шығып, оларға бір күн бұрын осында келетіні хабарланғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, келмеген студенттерге жатақханадан шағым түсетіні жайлы ескертілген.

Акция басталғаннан кейін жарты сағат өткенде митингіге жиналғандар Достық даңғылы бағытында шеруге шықпақ болғанымен, полиция алдымен олардың жолын бөгеп, оншақты белсендіні ұстап әкетті. Кейін ұсталған үш белсенді Равқат Мұхтаров, Әйгерім Тілеужан және Бекен Бейсалиев 15 тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды. Оларға «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңды бұзды деген айып тағылды. Белсенділер әкімдіктен митингіге рұқсат беруден бас тарту туралы хабарлама алмағандықтан, заң бұзбағанына сенімді.

Сатыбалдының кәсіпорындары

Өткен аптада бұрынғы президенттің жиені Қайрат Сатыбалдымен оффшорлық компаниялар мен номиналды иелері арқылы байланысы болуы мүмкін теміржол, тау-кен және телекоммуникация саласындағы бірнеше кәсіпорын мемлекет меншігіне өтті. Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсының хабарлауынша, үкімет республикалық меншіктің кейбір мәселелері туралы қаулы қабылдаған.

«Көліктік сервис орталығы» акционерлік қоғамының (КСО) акциялары пакетінің 100%-ын сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке беру туралы «Темір Триумф» ЖШС-нің ұсынысы қабылдансын», – делінген қаулы мәтінінде.

Үкімет атап өткендей, «КСО» АҚ Қазақстандағы 400-ден астам теміржол кірме жолдарының теңгерім ұстаушысы. Сондай-ақ, сыйға тарту шарты бойынша «Integrity Solutions» ЖШС ақпараттық-коммуникациялық салада қызмет көрсететін «Soft Art» ЖШС жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің 50%-ын республикалық меншікке береді. Сонымен қатар, «Bridge capital investments limited» жеке компаниясы мемлекетке тау-кен және өңдеу өнеркәсібі салаларында жұмыс істейтін «Акмолит» ЖШС, «Мархит» ЖШС, «Топаз-НС» ЖШС жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестерінің 100%-ын береді.

«КСО» АҚ акциялары және аталған серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының орналастырылатын акцияларына төлеуге беріледі», – делінген қаулыда.

Қ.Сатыбалды кәсіпорындардың тікелей иесі емес. Аталған «Темір Триумф» ЖШС-нің ортақ меншік иесі Назарбаевтың жиеніне тиесілі болуы мүмкін оффшорлық компания. Bridge capital Investments limited – Сатыбалданың отбасы тұратын және бизнеспен айналысатын БАӘ-де тіркелген компания.

12 сәуірде Назарбаевтың жиені «Қазақтелекомдағы» 28,8 пайыз акциясын мемлекет меншігіне өткізген. Үкімет қаулысында: «Skyline Investment Company S.A. жекеменшік компаниясының «Қазақтелеком» акционерлік компаниясының 2 671 481 қарапайым акциясын сыйға тарту келісім-шарты негізінде мемлекет меншігіне қайтару туралы ұсынысы мақұлдансын. Бұл – акционерлік қоғамның жарғылық капиталының 24,95 пайызы», – делінген. Сондай-ақ, «Alatau Capital Investment» ЖШС сыйға тарту шарты бойынша қоғамның жарғылық капиталының 3,85%-ын құрайтын 413412 қарапайым акциясы республикалық меншікке өткізеді.

2022 жылы 13 наурызда Қайрат Сатыбалды «қызмет бабын асыра пайдаланды және аса ірі көлемде «Қазақтелеком» АҚ қаражатын жымқырды» деген күдікпен ұсталды. 15 наурызда сот Сатыбалдыны 2 айға қамауға алу туралы шешім шығарды.