Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыс Еуропа мен Азия өркениетін жалғастырып, байлық, мәдениет және өзара білім алмасуға жағдай жасаған ежелгі Жібек жолы бойында сауда өркендегенге дейін көп ғасыр бойы қоғамымызды қалыптастыруда шешуші рөл атқарып келеді.
Алайда байланысқа үнемі көңіл бөліп отыру қажет. Бәлкім, кейінгі кездері екі аймақ арасындағы байланысты дамытуға тиісті көңіл бөлмей кеттік. Еуропа Одағы Азиядағы әріптестерімен бірге осы мәселені шешуге бел буып отыр. Еуропа кеңесі президенті Шарль Мишель осы айда ынтымақты нығайту мақсатында Орталық Азия аймағына іс-сапармен барған еді, ал мен 18 қараша күні Өзбекстандағы Самарқанд қаласында «Еуропа Одағы мен Орталық Азия сабақтастығы: «Жаһандық қақпа» (Global Gateway)» конференциясын өткіземін.
Біз геосаяси сын-қатерлердің күшеюі мен күш саясатының өрлеу кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Сондай-ақ, екі мега-трендпен бетпе-бет келдік: климаттың өзгеруі және экономика мен қоғамды цифрландыру. Сондықтан Еуропа Одағының саяси күн тәртібі мен сыртқы саясаты жасыл экономикаға көшуді жеделдету мен цифрлық экономиканы қалыптастыруға негізделген. Еуропа Одағы «Жаһандық қақпа» (Global Gateway) бастамасы арқылы жаһандық деңгейде жасыл және цифрлық көшуге өз үлесін қосып жатыр. Барлық іс-әрекетіміз серіктес елдердің қажетін қанағаттандыруға және жергілікті қауымдастықтарға пайда әкелуге негізделген.
Орталық Азиядағы серіктестеріміз де біз сияқты қиындықтарға тап болып отырғанын білеміз: індеттен кейін экономиканы қалыпқа келтіру, энергетика және климат дағдарыстарымен күресу, Ресейдің Украинаға басып кіруінен туындаған кедергілерді еңсеру. Бірақ бұл сын-қатерлерді тұрақты әрі өзара байланысқа ие жаһандық экономикаға инвестиция салу мүмкіндігі ретінде де қарастыруға болады.
Самарқанд қаласында үш тақырып көтереміз. Олар – цифрлық, көліктік және энергетикалық сабақтастық. Үш бағыт бойынша неғұрлым тығыз ынтымақ орнату жолын іздестіреміз, инвестициялық мүмкіндіктерді анықтап, тығыз байланыс орнатуға арналған реформаларға назар аударамыз. Саясаткерлер мен техникалық сарапшылардың, халықаралық қаржы институты өкілдерінің, ең бастысы, бизнес қоғамдастық мүшелері мен азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосамыз. Адамдар арасында байланыс орнату арқылы аймақтардағы байланысты да реттейміз.
Цифрлық салада қауіпсіз платформалар құру, географиялық кедергілерді еңсеру, мемлекеттік қызметтерді жақсарту, білім беру мен жұмыс орындарын құруды қолдау бойынша мүмкіндік іздейтін боламыз.
Сондай-ақ, экономиканы әртараптандыру және «жасыл экономиканың» өсуіне жағдай жасау үшін Орталық Азия ішіндегі және Орталық Азия мен Еуропа арасындағы тұрақты көлік байланысын нығайту жолын қарастырамыз.
Климат өзгеруі мен су тапшылығының орасан зор зардабы туралы бәріміз білеміз. Жасыл энергияға cұраныс артып келеді, мұның орнын толтыру үшін төмен көміртекті энергия өндіруге қолжетімділікті арттыру жолдарын қарастырамыз. Екі аймақ та су ресурстары мен қалдықтарды барынша тиімді басқару үшін ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өндірісін жандандыруға мүдделі екені анық.
Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыс туралы көзқарасымыз Еуропа одағының Орталық Азияға арналған стратегиясы негізінде жүзеге асырылып жатыр. Біз Орталық Азияның бес мемлекетімен әлдеқайда берік, кең әрі заманауи серіктестік құру үшін белсенді жұмыс істеп жатырмыз.
Саяси ниетімізге нақты көмек көрсетіліп отыр. Еуропа Одағы (ЕО институттары мен одаққа мүше мемлекеттер) Орталық Азиядағы негізгі донор саналады. Ол 2014-2020 жылдары аймаққа еуропалық көмек ретінде 1,1 миллиард еуро бөлді. Алдағы төрт жылда Орталық Азияға 2021-2024 жылдарға арналған гранттардың жалпы көлемі екіжақты және аймақтық бағдарламалар бойынша ең кемі 390 миллион еуро болуы тиіс. Бұған Еуропа одағы ресми түрде Самарқандта іске қосатын Team Europe (Еуропа тобы) бағдарламасының аймақтағы екі бастамасы кіреді: бірі – цифрлық байланыс, екіншісі – су, энергетика және климат. Team Europe – Еуропа одағы институттары, оған мүше мемлекеттер мен қаржы институттары бірлесіп жұмыс істейтін жобалар үшін қолданатын бренд.
ЕО өзара байланысқа қатысты инклюзив ұстанымға ие. Басқа серіктестіктерімізді ығыстыруды көздемейміз. Жаңа тәуелділік туғызуға да мүдделі емеспіз.
Біз Еуропа одағында «ашық стратегиялық автономияны» дамытып жатырмыз. Ол стратегиялық таңдау жасау еркіндігімізді сақтауға, шектен тыс тәуелдіктен арылуға және халықаралық құқық, орынды ережелер мен халықаралық стандарттарға негізделген жаһандық жүйеде баламаны қамтамасыз етуге бағытталған. Әрине, серіктестердің автономиясын және таңдау еркіндігін сақтауға ұмтылысын түсінеміз.
Серіктестерімізге ұсынысымыз бар. Еуропа одағы – әлемдегі ең ірі инвестор. Еуропа компаниялары басқа компанияларға қарағанда, Орталық Азияға көбірек тікелей шетелдік инвестиция салады. Еуропалық жеке сектордың инвестициялық әлеуетін пайдалана отырып, Орталық Азияға әлемнің қалған бөлігімен тығыз байланысы бар жаңа жасыл цифрлық экономиканы құруға көмектесе аламыз.
Мәселен, жақында SVEVIND неміс-швед компаниясы мен Қазақстан үкіметі арасындағы мәміле туралы меморандум өтті. Бұл меморандум Еуропада қолдануға болатын Қазақстандағы «жасыл» сутегі өндірісіне 50 миллиард еуроға дейін инвестицияны қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ, жасыл сутегі Қазақстан Республикасы мен Еуропа Одағы арасындағы шикізат, аккумулятор батареялары мен жасыл сутектің тұрақты құн тізбектері жөніндегі стратегиялық әріптестік туралы мәміле меморандумының маңызды бөлігі саналады.
Самарқандтағы мақсатымыз – бизнесті тарту үшін реформалар мен мүмкіндіктерді анықтау, оларды жүзеге асыру арқылы инвестицияға жағдай жасау. Орталық Азия елдерінің экономикасы қарқынды дамып келеді. Олардың әлеуеті зор. Еуропа одағы геосаяси турбуленттілік пен өзгерістер әлемінде сенімді серіктес саналады. Сол себепті осы аймақтың жетістіктерге жетуіне Еуропа айтарлықтай рөл ойнайды деп сенемін.
Жозеп Боррелл, Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы Өкілі/Еуропалық Комиссия Төрағасының орынбасары.
Поддержите журналистику, которой доверяют.