3502
15 ноября 2022
Бейімбет Молдағали

Мәзірден тыс

Мемлекеттік тілге қатысты заң талабы неге орындалмай отыр?

Мәзірден тыс

2022 жылдың басынан бастап елімізде көрнекі ақпаратқа жататын маңдайша, мәзір, хабарландыру қазақ тілінде болуы міндетті, ал басқа тілдерге қажет болған жағдайда аударуға болады. Қазіргі заң қағаз жүзінде мемлекеттік тілге басымдық беріп, тарихи және саяси жағдайға байланысты Қазақстанда тараған басқа тілдерде сөйлейтіндердің мүддесін ескереді. Ал іс жүзінде керісінше: көрнекі ақпаратқа көз жүгіртсек, орыс тіліне басымдық беріліп, мемлекеттік тіл бонус ретінде жүреді. Заңның күшіне енгеніне бір жылдай болса да, мемлекет оны орындатуға асықпайтын сияқты. Власть «Көрнекі» жобасы аясында астананың көшелерін аралап, өзгерістің пайда болуына не кедергі екенін түсінуге тырысты.

Көрнекі – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының бірлескен жобасы. Жоба өкілдерімен Бейжің сарайында кездесеміз деп келіскенбіз. Ғимараттың есігінде тек орыс тілінде жазылған хабарландыруды пышақпен қырып тұрған жұмыскерді көргеннен-ақ «Көрнекі» жобасының өкілдері келіп, заңды түсіндіргенін аңғардық. Басқарма өкілі көшелерді қала әкімдігі бөліп беретінін айтты. Біз Сығанақ көшесін тексердік.

Қате көп күттірген жоқ – алдымыздағы тұрғын үйде орналасқан балабақша, дүкен мен кофехананың көрнекі ақпаратында заң талабы бұзылған екен. Кейбірінде қазақ тіліндегі ақпарат мүлдем болмаса, кейбіреуі қатемен жазылыпты. Мысалы, заң бойынша мемлекеттік тілдегі ақпарат жоғары және/немесе сол жағында орналасуы қажет. Сонымен қатар көбінесе маңдайша сияқты сыртта тұратын ақпарат екі тілде берілсе, іштегі мәзір, прейскурант, хабарландырулар тек орыс тілінде жазылған екен.

Жоба өкілдері қателіктерді фотоға түсіріп, сатушылар мен қызмет көрсетушілерге заңның қай талабы бұзылғанын сыпайы түрде түсіндіреді. Қажет болған жағдайда кәсіпкерлер жадынама астындағы нөмірге хабарласып, тегін аударма көмегіне жүгіне алады. Бұл жоба Астана және Қостанай қалаларында жұмыс істейді. Бұған дейін Астанада 2160 нысанға консультация беріп, 120 нысанға аударма жасаса, Қостанай қаласында 300 нысанға кеңес беріп, 35 нысанға аударма бойынша көмек көрсетілді. Кәсіпкерлердің көбі заңға енгізілген өзгерістер туралы білмегенін, қателік жібергенін байқамай қалғанын айтады.

Жоба мүшелерінің айтуынша, кей адамдар қарсыласады, кейбірі түсіністікпен қарайды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өкілі Болат Жұмағали бір кәсіпкердің: «Мемлекеттік тілден басқа тілде жазуға міндетті болмасам, не үшін жазып қойдым?!» – деп жауап бергенін айтады. «Расында да, «дүкен» сөзінің қасына «магазин» деп жазудың не қажеті бар? Осындай атауларды мемлекеттік тілде жазуды үйренсек, бейімделу тезірек жүреді. Тіл үйренгісі келетіндерге де көмек. Бұрынғы психология, менталитет әлі де қалып қойған. Бізде бизнес тілі орыс тілі екені жасырын емес. Қазір ол жағынан үстем болып тұр. Кәсіпкерлердің кейбірі қазақ тілінде жарнама беруге мүмкіндік бар екенін білмегендерін айтады. «Қазақ тілі жарнама тілі емес қой!» дейтіндер де бар. Дұрыс пайдалана білсе, неге жарнама тілі болмасын?! Бізде көбінесе қатып қалған жарнамалар тұр. Орыс тілінде жақсы оқылады да, қазақ тіліндегісі әйтеуір қазақша болуы керек болғаны үшін ғана тұрады. Қалай болса солай аудара салады. Тілдің мүмкіндігін пайдаланып отырған жоқпыз», – дейді ол.

Көше бойында орналасқан кофехананың иесі көрнекі ақпаратының неге қазақ тілінде жазылмағанын түсіндіре алмады: «Негізі бүгінгідей ескерту айтып келгені дұрыс. Өзім де кронштейн мен басқа да құралдарды әкеліп, маңдайшадағы жазуды қазақ тілінде жазып қоюды жоспарлаған едім. Алайда неге тек орыс тілінде болып қалғанын білмеймін. Орысша ойлаймын дейтіндей де емес. Түсіндіре де алмай отырмын. Қызық», – дейді кәсіпкер.

Кей кәсіпкерлер бизнесті жақында сатып алғанын, ал көрнекі ақпарат бұрыннан қалғанын айтады. Жоба өкілдерінің айтуынша, бизнестің орын ауыстыруы ыңғайсыздық тудырады. Бұған қоса, бақылау және заңның орындалуын қадағалау жағынан әкімдіктер де қателік жібереді.

«Кәсіпкерлер көрнекі ақпаратты ілу үшін рұқсат алуы керек. Бұлар рұқсат алмайды, сондықтан ойына келгенді істей береді. Сәулет және қала құрылысы басқармасы тексеруі керек. Бірақ олардың да, тілдер басқармасының да уәжі бар. “Біз жеті-ақ адамбыз, ал Астанада миллионнан артық адам бар, мыңдаған нысан бар” дегенді алға тартады. Мысалы, мен Астанаға көшіп келгелі бері осылай көмектесіп, арасында шығып жүрдік. Өзім Сейфуллин көшесінде тұрдым. Оның аяғына жетіп, қайтадан басына барсаң, үш-төрт айдан кейін бизнес өкілі ауысып жатады. Бітпейтін жұмыс. Бұрын құқық қорғау органында істейтінмін. Бір тәулік істеп, үш күн демалатынмын. Сол үш тәуліктің бір күнін қалаға арнап, әкімдікті қалаға шығуға шақырдым. Ол кезде жазда Еуразия ұлттық университетінің студенттері шығатын. Бір жаманы – екі-үш жылдан кейін баяғы қалпына келіп жатыр. “Бірінші рет естіп тұрмыз” дегенді қайта-қайта естисің. “А какая разница?” дейтіндер бар. Бұл енді санаға байланысты нәрсе, ал санаға әсер ету қиын», – дейді Тілдерді дамыту басқармасының өкілі Айдын Құмарбекұлы.

Кәсіпкерлердің кейбірі ескертуді дұрыс қабылдағанмен, қазақ тілінде көрнекі ақпарат жасауға біраз қаражат қажет екенін айтты. Айтуларынша, кей маңдайшаларға 400 мың теңге қажет. Мұндайды негізінен шағын және орта бизнес өкілдері айтып отыр. Бірақ біз ірі бизнес өкілінің кеңсесіне де бас сұқтық.

Сығанақ көшесінде орналасқан BI Group құрылыс компаниясының сату бөлімінде де ақпараттың көбі тек орыс тілінде берілген. Кеңсеге жауапты әкімші бұған дейін кеңсеге осындай мәселемен адамдар келгенін, жадынама қалдырып, ескерту жасағанын айтты. Маркетинг бөліміне де бұл мәселе бойынша хабарласыпты, алайда біраз уақыт өтсе де, өзгеріс болмаған.

«Бұл жағдайда ірі кәсіпкерге екінші рет ескерту жасалды, сондықтан наразылық хат толтырамыз. Наразылық хатты өздеріне беріп, түсіріп алып, осы бойынша тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне де жібереміз. Ондағылар да әбжіл қимылдай қоймайды. Прокуратураға да жібереміз. Біздің қолымыздан келетіні осы. Бас кеңседегі жұмыскер ескерту болған жоқ дейді, бірақ мына жердегі әкімші фотомен дәлел келтіріп тұр. Өкінішке қарай, қимылдағысы келмейді. Бізде де амал жоқ», – дейді Айдын Құмарбекұлы.

ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпаратына қарағанда, 2022 жылдың алғашқы он айында тіл туралы заңнама 5 мәрте бұзылып, әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Заң бұзушылардың үшеуіне ескерту жасалса, біреуіне 38 288 теңге айыппұл салынды. Жоба мүшелері бұл өте аз екенін атап өтеді. Белсенділер заңның орындалуы үшін жүйені өзгерту қажет дейді. Олардың қолынан келетіні – түсіндіру және жеке азамат ретінде шағымдану. Белсенділер прокуратура өкілеттік берсе дейді. “Көшеде көлікпен жүріп заң бұзсам, маған бірден-ақ айыппұл салынады. Ал Тіл туралы заңның бұзылуына байланысты айыппұл салынған жағдай Қазақстанда болды ма екен?! Қазір біз тек жеке азамат ретінде құқығым бұзылды деп сотқа арыз бере аламыз, бірақ ондай мәдениет біздің қоғамда әлі қалыптасқан жоқ. Жеке азаматтар сотқа берсе, ол құжаттар қаралуы керек. Анда-мында жіберіледі. Одан кейін прокуратура сараптама жүргізеді. Бұған жеке адамның қанша уақыты кетуі мүмкін. Тіл комитетіне, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамына өкілеттік берілетін болса, онда үгіт-насихат жүргізумен қатар, тәртіпке де шақыратын едік. Айыппұлды қазір тек заңның орындалуын қадағалайтын орган ғана сала алады. Ал прокуратура оңайлықпен қозғала қоймайды. Бірақ бұл олардың міндеті ғой. Сен апармасаң, өздері тіл мәселесі бойынша қозғалғысы келмейді. Біз бұл туралы прокуратурамен талай сөйлескенбіз. Ескеретінін айтқанмен, іске нақты кіріспейді”, – дейді Болат Жұмағали.

Белсенділер прокуратура сияқты мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілді қорғамауының басты себебін саяси еріктің жоқтығынан көреді. Мемлекет бұл мәселеге араласуға қорқады. “Бізде әлі де солқылдақ саясат қой. Тілге байланысты шу шығардық деп шыға келеді. Кейбір жекелеген тіл жанашырлары, белсенділер заңның бұзылуы туралы айтса, қоғам сәл басқаша қарайды. Басқа елдерде мемлекеттік тілдің мүддесін қорғайтын адам патриот болса, бізде “ұлт арасына жік салушы” деп қарайды. Біз басқа тілдерге тиіспейміз. Басқа тілде шаруам жоқ. Ал мемлекеттік тілге қатысты заң бар ғой. Оның орындалуын талап ету – біздің құқығымыз”, – дейді Б. Жұмағали.

Мемлекеттік тілді қолдануға қатысты салғырттық латын қарпінің қолданысынан да байқалады. Кей кәсіп өкілдері, тіпті, мемлекеттік органдар да әлі қабылданбаған латын қарпін әртүрлі нұсқада қолданған. Жоба мүшелері мұны да мемлекеттің мойнына артып отыр. “2019 жылы президент латын графикасына көшуді айтқан уақытта мемлекеттік мекемелерге маңдайшадағы жазудың барлығын латынға ауыстыруға нұсқаулық келген. Емле де, ереже де жоқ. Одан кейін Тоқаев қоя тұрайық дегенге көшті. Бір кездері қазақ жазуын латын графикасына көшіруге байланысты үкіметтің бірнеше қаулысы қабылданып, соның ішінде президент қол қойған жобалар қабылданды. Бірақ мынандай жазулар үшін ең алдымен әліпби емес, емле ережесі қабылдануы қажет. Емле ереже қабылдағаннан кейін ғана, соған сүйеніп жазылады. Тап қазіргі кезде бізде латын графикасы туралы ештеңе шешілген жоқ. Жобалардың ешқайсы заман талабына сай болмай шықты, яғни жұмыс әлі жүріп жатыр. Сондықтан ертең өзгерсе, бұл жазулар бизнес өкілдері мен мемлекеттік мекемелер үшін артық шығын болады. Былайша айтқанда, бастап кетуге негіз жоқ”, – дейді жоба өкілі.

Тіл саясатымен дұрыс айналыспау күтпеген жағдайға алып келуі мүмкін. “Тіл қоғамдық консенсус үшін қажет. Бұның барлығы – идеологияға, тәуелсіздікке, ұлт болып қалыптасуға, елдегі тыныштыққа, бейбітшілікке тікелей байланысты нәрсе. Тіл – біріктіруші фактор. Ереже, бірізділік болмаса, түсінбеушілік туады. Кейбіреулер үшін тек орысша болған қалыпты шығар, бірақ мен және мен сияқты миллиондаған адам үшін қазақ тілі қолайлы. Олармен санаспау мүмкін емес, – дейді жобаның тағы бір мүшесі Мақсат Арзаман. – Қанша адам қиналып, шағымданып жүр. Ол түбінде Мухоряповтың жағдайына әкеледі. Осындай жағдай қайталанса, халықтың шыдамы таусылады. Қоғам өзгеріп жатқанын түсіну керек. Өткенде Жалғас [Жалғас Ертай – В.] Тіл туралы заң қажет деп туитінде жазды. 1997 жылы шыққан заң қазіргі жағдайды сипаттай алмайды, реттей де алмайды.”