Жылдың соңғы жексенбісі. Алматының орталығындағы кішігірім кофехананың түпкі бөлмесінде таңертеңнен қызу жұмыс жүріп жатыр. Мұнда біраз адам 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында қамқоршысынан айырылған отбасының балаларына жаңа жылға арналған сыйлық дайындауға жиналған. Ресми дерек бойынша, Қазақстан бойынша Қаңтарда 238 адам қаза тапты.
Кешке дейін еріктілер 29 отбасындағы 100-ге жуық балаға сыйлық табыстамақшы. Бұл балалардың кейбірі трагедия кезінде құрсақта болған.
11:00
Түпкі бөлменің ортасында үш-төрт қыз сыйлық қораптарын орап, екі жігіт ашықхатқа тілек жазып жатыр. Онда «Мейірімді жандар әрқашан жаныңда» деп жазылған. Бірнеше адам сыйлықтарды табыстау бойынша маршрут құрып отыр.
Бір күнге бұл кішкентай кофехана Аяз атаның шеберханасына айналғандай.
Шараны ұйымдастырып отырған Erkin adamdar қауымдастығы үш жылдан бері Қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтардың балаларына көмектесуді жалғастырып келеді. Бірінші жылы жылу жинап, жаңа жылда балаларға сыйлық таратса, екінші жылы сурет салудан шеберлік сабағын өтіп, көрмеде суреттерді сатып, түскен табысты отбасына берген.
Ал биыл әр отбасына сыйлықты әркім өзі алып, өзі табыстамақшы. Қауымдастық Instagram парақшасында 28 отбасы (кейін тағы бір отбасы қосылды) жайлы ақпарат жариялаған, атын атамай, тек бала саны мен жасын жазды. Сыйлық берем деушілер кімге көмектескісі келетінін өзі таңдады.
«Қазір әр мейірімді жан сыйлық беретін отбасының мекенжайын алып, мүмкіндік болса, өзі барып сыйлықтарын табыстайды. Мүмкіндік болмаса, өзіміз таратамыз. Мысалы, кейбір сыйлық берушілер Америкадан, біреуі Шымкенттен, Астанадан жіберіп жатыр. Бүгін соны күтіп алып, бүкіл сыйлықты жинап, орап, тілек жазып, балаларға табыстаймыз», – дейді ұйымдастырушылардың бірі Ақерке Ораз.
Олар мұндағы отбасылар тізімін 2022 жылы ашық дереккөзден жинаған. Содан бері қандай шара өтсе де, отбасыларға хабарласып, қатысуға шақырып отырады. Осы жолы ұйымдастырушылар сыйлықтар тосын сый болсын деп бұл туралы ескертпеген. Тек бүгін үйде болатын- болмайтынын білу үшін хабарласып отырды.
Сыйлықтарды жеткізу
Кофеханаға сыйлық арқалап кіріп-шығып жатқан адам қарасы көп болды. Сағат 11:20-ға таман екі жас жігіт мекенжай жазылған қағазға бір қарап, сырт киімдерін апыл-ғұпыл киіп, қолына үш-төрт қорап сыйлықты ұстап, сыртқа шығып кетті.
«Қазір біз баратын отбасында 4 бала бар, үлкені – 15, кенжесі 3 жаста. Негізі бұл отбасы туралы көп нәрсе білмейміз, әйтсе де, үйдің үлкені өскенде актер болғысы келеді екен. Біздің театрға дөп түскендей», – дейді сыйлық апара жатқан екі жігіттің бірі Ислам Аманқос.
Ол Artkoshe тәуелсіз театрының қызметкері. Шығармашылық топ осы отбасына сыйлық беруге ниет білдірген.
«Бала актер болғысы келеді дегенді естіген соң, құттықтап бармасқа болмады, – деп жымиды театр актері Мұхтар Қосыбай. – Негізі қаңтар оқиғасында қандай қиын жағдай болғанын бәріміз естідік қой, бірақ бұл тақырып өз ортамда қатты елене қоймайтын еді. Кейін Artkoshe театрында жүргенде осы жоба жайлы естідім. Олардың бастан өткергені іштегі сезіміңді оятады екен, оның қандай сезім екенін айтып жеткізе алмайтын сияқтымын. Бұл аяушылық та емес. Жай қуанту үшін бара жатырмыз».
Жол бойы жігіттермен сөйлесіп бардық. Ислам сыйлық таңдаудың өзі қуаныш сыйлағанын айтып берді.
«Мен үйдің жалғыз баласымын, артымнан ерген бауырларым жоқ. Сондықтан балаларға сыйлық таңдау басымнан өтпеген. Кеше сыйлық алу қызық болды», – деп есіне алды ол.
Жарты сағатта діттеген жерімізге жеткенде, балалардың үлкені, 15 жастағы ашық-жарқын жасөспірім күтіп алды.
«Біздің үйді табамыз деп көп жүріп қалмадыңыздар ма?» – деп алаңдап жатыр.
Бауырлары мен анасы үйде екен. Үйге кіруге шақырғанымен екі ерікті ыңғайсызданып, сыпайы түрде асығыс екенін жеткізді.
«Сіздерге ән айтатын адам керек емес пе? – деп сұрап, жымиып күлді. – Әйтпесе мектепте ән айтқанға құлшыныс жоқ, айта алмайтын әндерді айтқызып қояды. “Желтоқсан желі” деген сияқты».
Оның сөзіне актер Мұхтар Қосыбай күліп, нөмірін беріп, театрға келіп тұруға шақырды.
Баламен қош айтысып, кофеханаға қайттық.
«Қиындау бола ма деп ойлап едім, бірақ жеңіл өтті», – деді қайтар жолда Ислам.
Қайтадан кофеханаға
Түске таман кофеханаға қайтып келгенімізде бұл жақта жұмыс реттеліп қалғандай көрінді. Сыйлықтың бәрі қапталған, сыйлық арқалап кіріп жатқан адамдар саябырсыған. Тек ноутбук алдында отырған еріктілер әлі бірдеңені ақылдасып жатыр.
«Думан» ықшамауданы деген Талғар жақ емес пе? Сіздер аласыздар ма? Тұздыбастау да бар», – деп жатты.
«Біз бір-біріне жақын мекенжайларды бөлдік. Нұркент, Саялы, Қалқаман сияқты ықшамаудандар бір жақта орналасқан. Сол жақтағы бес отбасына сыйлықтарды бір көлікпен жеткіземіз. Талғар жақтағы мекенжайларға екінші топ жеткізеді», – деп бізге жағдайды ерікті Ақдидар түсіндіріп берді.
Ол бүгін сыйлықтарды жеткізуге көлігі бар адамдар керек деген соң, ерікті болып, көмектесуге ниет білдірген.
Сыртта басқа бағыттағы мекенжайға сыйлықтарды жеткізуге дайындалып, тағы бір ерікті Базарлы күтіп тұр.
«Мұндай жағдайда қалай қол қусырып қарап отырамыз?! Кішкене көмегіміз тисін деп келдік. Осы күнді көп күттім. Барлық шаруамды ысырып қойдым», – дейді ол.
Базарлы жеті-сегіз отбасына сыйлық апарады. Өзі де бір отбасына сыйлық алған.
Кофеханадан Қаңтар трагедиясынан кейін күйеуінің өлімін әділ тергеуді талап етіп күрескен әйелді көріп қалдық. Қала сыртында тұратындықтан, балаларына берілген сыйлықты алып кетуге өзі келіпті.
«Ол кісі сыйлықты өзі алып кетті, кішкене отырып әңгімелестік, – дейді Бибізада. Ол Qazaq Toastmasters қауымдастығы атынан сыйлықтарды табыстауға келген. – Балаларымыз шамамен жасты екен. Мен де анамын ғой, балаларды жалғыз өсіру оңай емес. Достарыммен қосылып, қомақты нәрсе алып бергіміз келді».
Іштегі сыйлықтың бәрін көліктерге тасып болғанда, ұйымдастырушы Бэлла Орынбетова еріктілердің бірінен барлық мекенжай қамтылғанын пысықтап, екі мекенжайға сыйлықты апара алатын адамдарды сұрастырды.
Осы сәтте таңертең сыйлықты жеткізген Ислам Аманқос жүзі бал-бұл жанып, телефоннан бір хабарламаны көрсетті: таңертең сыйлық апарған отбасының балалары жаңа киім киіп, қуанып жатқан фотосурет екен.
Кофеханадан шығып бара жатып ұйымдастырушы Ақерке Ораз: «Бәрін табыстап болған соң, кешке қайта жиналамыз ба?» – деп Бэлла Орынбетовадан сұрады.
«Бәрін кешкі 8-9-ға дейін жеткізіп үлгерейік, сосын хабарласып отырайық», – деп Бэлла қысқа қайырып, сыртқа бет алды.
Кофеханада бірен-саран ғана адам қалды. Қалғаны кешке дейін тапсырыстарды жеткізуге асықты.
Әр отбасының өмірін өзгерткен оқиға
Ақдидар мен Жәнібек Әміре кешке дейін Алматының батыс жағында тұратын төрт отбасына сыйлықтарды жеткізуге жауапты болды. Жәнібектің бір қолында мекенжай жазылған қағаз, екінші қолында телефон. Ара-тұра баратын үйлерге хабарласып, келе жатқанын ескертіп отырды. Күні бойы ноутбук алдында отырып, тізімді реттеген Жәнібек енді сыйлықтарды тасуға шықты.
«Қаңтар жаныма тиетін тақырып. Қаңтар оқиғасы кезінде студент болдым, процестің ішінде болғам жоқ, тек журналистердің жазғанын оқыдым. Трагедия ұмытылған жоқ. Адамдар бір-біріне қолдау білдіріп жатқаны қуантады. Түсіндіріп жеткізе алмай тұрмын, бірақ осында жүру күшті сезім сыйлайды», – дейді ол.
Алдымен құрылыс заттарын сататын дүкенге сыйлық жеткізді, мұнда екі баланың анасы жұмыс істейді екен.
Көлікте бізбен бірге тағы бір ерікті болды. Есімі – Кәмшат. Бес балалы отбасына өзінің және достарының атынан сыйлық табыстауға бара жатыр. Үйдің үлкен балалары сурет салуға қызығатынын білгені сыйлық таңдауда үлкен көмек болыпты.
Қайтар жолда Кәмшат Қаңтар оқиғасының өткеніне жақында үш жыл болатынын еске алып, бұл қайырымдылық шарасына қатысу ол үшін өте маңызды болғанын жеткізді.
«Қаңтар тақырыбы үйреншікті жаңалыққа айналып кеткендей. Бірақ бұл әрбір отбасының өмірін өзгерткен оқиға. Әр отбасының трагедиясын ұмытпай, байланыста болу, мүмкіндігінше көмек көрсету – оларды ұмытпаудың бір белгісі», – дейді ол.
«Уақытты ешқайсымыз кері қайтара алмаймыз, бірақ әділдікке қол жеткізе алмай жүрген адамдардың көңілін көтеріп, балаларының жүзіне күлкі ұялатып, еңсесін көтеруге сәл болса да көмектесе аламыз. Әр отбасы үшін оның маңызы үлкен болуы мүмкін», – деді Кәмшат.
Ол сыйлық апарғанда кішкентай ұл баланың қалай қарсы алғанын күліп еске алды.
«Төрт қыздан кейін көп күткен ұлы болып тұр ғой», – деп күрсінді ол.
Осы кезде Жәнібек бағана сыйлық таратпас бұрын сөзбен жеткізе алмаған сезімін енді түсінгенін айтып қуанды.
«Рахмет есту тіптен күшті сезім екен. Жаңағы балалардың анасы рахметін айтып жазып жіберіпті», – деді ол жымиып.
Кешке
Сағат жетілерге таман Бэлла Орынбетова қаланың сыртындағы мекенжайларға сыйлықтарды табыстап, қайтып келе жатқанын жазды. Кей еріктілер кофеханада қайта кездесетін болды. Онда келгенімізде Ақерке Ораз, Бэлла Орынбетова, Базарлы және бір ерікті отыр екен. Олар кешкі ас ішіп, күн қалай өткенін талқылап отыр.
«Балалардың эмоциясын көргім келді. Көбіне көре алмадық, тек соңғы барған отбасында кішкентай балалар болды, соларды көріп қуанып қалдық. Кішкентай болсын қоғамға пайдам тиді деген сезім бар», – дейді Базарлы.
Ақерке Ораздың айтуынша, бүгін сыйлық табысталуы керек 29 отбасының екеуіне ғана бара алмапты.
«Тосын сый деп ешкімге алдын ала айтпағанбыз. Бүгін барған кезде екі отбасы қаланың сыртында жүр екен. Сол екеуі ғана қалды», – дейді Бэлла Орынбетова.
Ақерке күнді қорытындылап, былтырғы жылдарға қарағанда адамдар Қаңтар оқиғасында қамқоршысынан айырылған отбасыларға көмектесуге көбірек ниет білдіргенін айтты. Олар басында 13 отбасына көмектесеміз деп ойлаған, бірақ көмектесемін деушілер көп болған соң тағы 15 отбасын қосқан.
«Таңертең кофеханада бәрін жинаған себебіміз, адамдар бір-бірімен танысып, көрісіп, өзі сияқты сыйлық жасағысы келетін, көмектесетін басқа да адамдар бар екенін көрсе дедік. Мейірімді адамдардың басын қосу да Erkin adamdar тобының бір мақсаты шығар. Әрі сыйлық жасап, қатарымызды кеңейткен сияқтымыз», – дейді Ақерке Ораз.
Бэлланың айтуынша, алда қандай жоспар бар екенін айту қиын. Әр кез ұйымдастыру қалай қиын болатынын ойлаймыз да, кейін күш жинап алғаннан кейін оны ұмытып кетеміз дейді.
«Енді аналарға арнап бір шара ұйымдастырсақ па деп отырмыз. Терапияның көбі аналарға керек сияқты. Бүкіл ауыртпашылық, жауапкершілік солардың мойнында. Ол аналар қатарға қосылып келе жатыр. Енді сол кісілерге көңіл бөлу жоспарымызда бар», – деп қорытындылады Орынбетова.
Поддержите журналистику, которой доверяют.