4706
2 февраля 2023
Дмитрий Мазоренко, суретті Жанара Каримова түсірген

Бір елдегі үш әлем

Қазақстан өз ішінде үш әлем жүйесін қалай қалыптастырып жатыр?

Бір елдегі үш әлем

Қазақстанды “үшінші әлем” елдері қатарында айтқанда, мұның бізге ұнамайтыны рас. Бұл әділетсіз дейміз, сөйте тұра ірі қала тұрғандары ретінде біз де еліміздің, қоғамның жікке бөлінуіне ықпал етіп жүргенімізді байқамаймыз.

Қазақстандағы үш әлем концепциясын өңірлерді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар анық көрсетеді. Олар аймақтарды үш деңгейге бөледі: біріншісі – республикалық маңызы бар қалалар (Алматы, Астана, Шымкент), екіншісі – облыс орталықтары мен бірнеше шағын қала, үшіншісі – моноқалалар мен ауылдық елді мекендер.

Қазақстанға келсек, екінші және үшінші деңгейдегі елді мекендер бірінші деңгейдегі қалалардың игілігі үшін өмір сүреді.

Периферия өңірлер әуел бастан-ақ адамдар дамып, өніп-өсетін, толыққанды өмір сүретін орта қалыптастыру үшін (экономикалық тұрғыда ғана емес) құрылмаған. Олардың басты мақсаты – олигархтар мен үстем тап өкілдерінің жергілікті және оффшор есепшоттарындағы капиталын көбейтуге арналған ойын алаңы болу. Ең сорақысы, экономикалық даму болмағандықтан, олар жойылуы да мүмкін.

Өңірлерді дамыту бағдарламасына қарасақ, экономикалық негіз болғанда ғана әлеуметтік инфрақұрылым, медицина қызметі мен білім сапасы жақсарады. Жас ұрпақты ірі қалалар мен әкімшілік орталықтардың еңбек нарығындағы бәсекеге дайындау үшін де керегі сол.

Аймақтардағы жұмыс орындары жергілікті кәсіпорындар мен жер қойнауынан алынатын байлық есебінен пайда табу үшін қажет. Ал оған ілесе алмайтындар үлкен табысқа жете қоюы неғайбыл кәсіпкер болады. Немесе ақша табудың бейресми жолдарын қарастырады: той өткізеді немесе сол іс-шараларда қызмет көрсететін делдалдар тізбегінің бірі болады.

Өңірлердегі ең негізгі проблеманың бірі – ірі компаниялардан салық ала алмауы. Бұған заң жағынан шектеу жоқ, бар болғаны ол компаниялардың бас кеңсесі Алматы немесе Астанада орналасқан. Демек, олардың салығы да бас қалаларға төленеді.

Сонымен қатар, элита санатындағылар екінші және үшінші деңгейдегі елді мекендерден түскен ақшаға ірі қалалардан үй, пәтер, кеңсе ғимаратын сатып алып, олардың құнының шарықтауына себеп болады.

Жылжымайтын мүлік нарығындағы қулыққа құрылған алыпсатарлық қазақстандықтардың бәрінің әл-ауқатына нұқсан келтіретін дағдарысқа алып келеді. Табысы азайған, жұмыс орнынан айырылған өңір тұрғындары амалы таусылып, ірі қалаларға барады, онда да қала маңынан ғана пана тауып, тиын-тебенге жұмыс істейді. Олардың алдындағы жалғыз жол – осы.

Бұл жүйенің алалаушы сипатына қарамастан, бірінші деңгейдегі аса артықшылығы жоқ қала тұрғындары оған қарсылық білдіргісі келмейді. Өйткені олар да қала бенефициары саналады: арзан жұмыс күші мен қымбаттап жатқан меншігі бар.

Мұның барлығын есепке алсақ, қаңтар оқиғасының негізгі өзегі өңір тұрғындары болғаны таңғалатын нәрсе емес. Бұл – олардың ел ішіндегі әділетсіз бөлініске келіспейтінін көрсететін алғашқы белгі.

2 ақпан күні Власть сараптама, жеке адамдардың оқиғасы, репортаждар мен әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы егжей-тегжейлі ақпарат арқылы еліміздегі өңірлердің дамуы туралы айтатын «Қазақстан аймақтары» жобасын бастады.