Парламент сайлауы алдындағы науқан аяқталуға жақын. Алматыдағы №3 сайлау округінде күрес қызу жүріп жатыр: депутат болудан 37 адам үмітті. Солардың бірі – журналист, құқық қорғаушы және тіркелмеген Демократиялық партияның белсендісі Инга Иманбай.
Инганың сайлауалды штабының кеңсесі өзі жұмыс істейтін Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы орналасқан қабатта. Ғимарат алдындағы тұрақта бірнеше көлік тұр, бірнешеуінің терезесіне Иманбаеваны қолдайтын плакаттар ілінген.
Онда «Жанболат Мамайды қолда, Инга Иманбаеваға дауыс бер!» деп жазылған.
Инга – үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалып, соның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылып, үйқамақта отырған оппозиция саясаткері Жанболат Мамайдың әйелі.
Төртінші қабатта қарбалас болып жатыр. Инга бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасын айыптайтын кезекті сайлауалды видеосын дайындап жатса, жанындағы жабық тұрған есіктердің ар жағында оның бірнеше жақтасы агитацияны қайда жүргізуге болатынын қызу талқылап жатыр. Жиналғандардың арасында Алматы қаласынан №4 округ бойынша мәжіліс депутаттығынан үміткер Абзал Достияров та бар.
«Қазір радиодан менің үгіт-насихатымды бергенін күтіп отырмыз, келісіп қойғанбыз. Сосын үгіт-насихат жүргізуге барамыз. Көшеде жүріп, үйлерді аралаймыз. Қазіргі билікке адал үміткерлер секілді мектептерде ресми кездесу ұйымдастырып, ол жерге тұрғындарды айдап апармаймыз. Көшеде жүргенді жөн көреміз», – деді де, кеңсесіне беттеді.
Үміткердің штабы видео түсіруге арналған студия секілді жабдықталған: мұнда жасыл фон мен жарық бар. Инганың жақтастары үндеулер мен жылжымалы баннерді алып, сырт киімін үстіне асығыс іле сала, көшеге беттеді. Инга Абзалмен сөйлесіп, кейін ол жөніне кетті.
«Оның ауданы басқа ғой. Ол да үгіт-насихат жүргізуге кетті. Кеңседе бір ғана адам қалады. Қазір Есенғазы Қуандықтың ісі басталады. Ол №5 округ бойынша үміткер еді, алайда оны салық декларациясындағы сәйкессіздік үшін шеттетті», – дейді ол.
Инганың штаб мүшелері көшеде бір-бірімен әзілдесіп тұр. Кейін кімнің қай көлікке отыратынын ақылдасты. Қайтар кезде көлік иелеріне жақын тұратындарға ыңғайлы болса дегені.
Біз Инга мен екі жақтасы отырған көлікке міндік.
«Бұл кісілер – Мақсат аға мен оның әйелі Жанка, – дейді ол. – Демократиялық партияның бастамашылар тобын құрған кезімізде, мың қолдың үш жүзін осы кісілер жинады. Содан бері Жанболаттың сотында да, осы сайлау кезінде де әрдайым жанымызда. Мақсат аға түнгі ауысымда жұмыс істейді де, ұйықтамай, бізге үгіт-насихатқа көмектесуге келеді. Жанка тәте де барлық ісін тастап, бізбен бірге жүгіріп жүр. “Шаңырақ” ықшамауданында тұрады. №3 округ бойынша сайлауға түсуге бел буғанымда қатты қуандым. Өйткені көп жақтасымыз сол маңда тұрады, партия құру кезінде де көп дауысты сол жақтан жинадық. Олардың мені қолдайтынын білдім. Айтқанынан қайтпайтын осындай жақтастарымның арқасында үгіт-насихат жүргізе аламыз».
«Билік саясатпен айналысуға мәжбүрледі»
Almaty Arena маңындағы “Нұркент” ықшамауданына бара жатқан жолда Инга бұрын тек саяси және азаматтық бостандықты қорғаумен айналысқанын айтып берді.
«Журналист, құқық қорғаушы және заңгер кезім қатты ұнайтын. Бір үйден бір саясаткер деген ұстанымым бар еді. Иә, мен де оппозициялық көзқарасты ұстанамын. Журналистика факультетіне түскен сәттен бастап, түрлі оппозициялық басылымда жұмыс істедім. Алайда дәл Жанболат секілді саясатқа тікелей араласқан жоқпын. Митинг, шерулерге шықпадым, үміткер ретінде тіркелуге ұмтылмадым. Алайда былтыр билік саясатпен айналысуға мәжбүрледі. Назарбаев режимінің тұсында 34 жастағы Жанболат үш рет қылмыстық іспен қамалды. Жаңаөзен оқиғасы, жер митингтері мен Қаңтардан кейін», – дейді ол.
Ол Ж.Мамайды қамау биліктегілердің кезектен тыс президент және парламент сайлауы жоспарына байланысты деп санайды. Өйткені «Жанболат әсіресе қазақша сөйлейтіндердің арасында өте танымал»
«Ол билікке тойтарыс бере алар еді. Жанболат үйқамақта отырғаннан кейін, оның күресін өзім жалғастыруды жөн көрдім. Оның бүкіл еңбегі мен жақтастарымыздың сенімін ысырып қоя алмадым. Сол үшін сайлауға барамын», – дейді Инга.
Ол былтыр президенттікке де үміткер болған. Алайда, айтуына қарағанда, елдегі заңның шеттетуші сипатын көрсететін перформанс көрсеткісі келген. Ол сол кезде жасы 40-қа толмауына байланысты және мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі 6 жылға жетпейтіні үшін сайлаудан шеттетілген.
«Қазір бізді тіркеуден өткізді, парламентте 30 пайыздық мажоритарлық жүйе енгізді. Мұны саяси режимді өзгерткісі келмеу, алайда халықаралық қоғамдастықтың көзқарасын өзгертуге талпыныс деп түсіндім. Шынымды айтсам, бізді тіркейтініне сенбедім. 21 жаста болғанымда, мәслихат депутаты болуға ұмтылдым. Студенттік картамдағы 3 теңгені декларацияға кіргізбедің деп, сайлаудан шеттетті», – дейді ол.
Тіркеуден өтсе де, Инга әділ сайлау дегенге сенбейтінін айтады: «Тоқаев уәде еткен реформаның бірде-бірі орындалған жоқ, былтырғы президент сайлауына берілген баға өте нашар. Мені сайлаудан кез келген сәтте шеттетуі мүмкін деген қорқынышым бар. Өйткені олар бізді халық қолдап жатқанын көріп отыр. Біз ұтып кетеді деп қорқады. Дауысты жаппай бұрмалау болады немесе бюллетеньге атымды енгізбей қояды».
Әйтсе де, Иманбаева дауыстарды қорғауға қазірден кірісіп кеткен: ол тәуелсіз бақылаушылардың қолдауынан бөлек, барлық 193 учаскені сенімді өкілмен қамтуды жоспарлап отыр.
«Дауыс бұрмаланған жағдайда күресеміз, соңына дейін барамыз. Билік бізді қалайда жібермеуге тырысады. Өйткені парламентке барсам, Назарбаев отбасын қамауды, Қаңтарды қайта тергеуді талап етемін. Митинг, халықаралық кездесуде сөйлеу бөлек те, парламент мінберінен сөйлеген мүлдем бөлек», – дейді Инга.
Дауысты қызғыштай қорыған жағдайда, бұл – белсенділер мен саясаткерлер үшін парламенттен бір-екі орын «суырып алуға» керемет мүмкіндік. Бұл халықтың жұмылуына жол ашып, саясатқа деген сенімін қайтаруға көмектесер еді.
«Мен парламенттегі халықтың үні боламын. Қазір парламент биліктің нотариусы сияқты. 2012 жылы елбасы мәртебесі туралы заң қабылдап, 2022 жылы Тоқаевтың билігін сақтап қалу үшін ол заңның күшін жойған осы депутаттар», – дейді үміткер.
Ол әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтеретінін айтады. Оның ойынша, несие амнистиясын парламент деңгейінде қарау қажет. Инга олигархтарға тиесілі банктердің кесірінен миллионнан аса азаматтың өзін банкрот деп жариялауға дайын екеніне сілтейді. Одан бөлек, зейнетақы мен балаларға төленетін жәрдемақыны да көтеру керегіне тоқталды.
«Қазір кедейлік шегінде тұрмыз. Парламентте комиссия құрып, мұнай мен басқа да пайдалы қазбалардан түсетін кірісті әділ түрде бөлу мәселесін көтеру қажет. Назарбаевтар ұрлаған ақшаны қайтару керек. Бұл бүгінгі күннің талабы», – деп қорытындылады Иманбаева.
Пәтер аралап үгіт-насихат жасау
“Нұркент” ықшамауданына келдік. Инганың тобы үндеухат пен міндеттерді өзара бөлісіп алды. Олардың кейбірі пәтерлерді аралауға, бір тобы үндеухат жапсыруға, тағы бірсыпырасы көшеде баннер жанында тұрып, адамдарды үгіттеуге кетті.
Инга жақтасы Аружан Дүйсебаевамен бірге тұрғын үйдегі пәтерлерді аралауға көшті. Олар подъезге кіру үшін кездейсоқ пәтерлерге қоңырау шалады.
«Кандидаттың өзі үй-үйді аралап жүргенін көрген жұрт таңдана қарайды. Бұған дейін партия тізімі бойынша 98 адамды дайындап қоятын, олар ешқандай үгіт-насихат жүргізбейтін. Оларға мұның қажеті де жоқ, өйткені халық қалаулысы емес қой», – дейді ол домофон жауабын күтіп тұрғанда.
Үгітшілер бірінші кезекте пошта жәшігіне бірнеше үндеу парақшасын қалдырады: «Үйде болмай қалғандар байқасын дейміз». Аружан мен Инга барлық есікті қағып, есік ашқандарға үгіт-насихатын айтады. Үгіт-насихат барысында бір тұрғын ғана сөйлесуден дөрекі түрде бас тартты.
«Жұрттың бұлай жауап қайтаруы біздің кінәміз емес», – дейді Инга.
Қалған тұрғындар сыпайы түрде тыңдап, бірге күліп, үндеу парақшасын алды. Бірінші қабатты аралап болғасын, олар лифтімен ең жоғары қабатқа шығып, кезегімен төмен түсе берді.
«Сәлеметсіз бе! Мен сіздің аудан бойынша мәжіліс депутаттығына үміткермін. Аты-жөнім – Инга Иманбай, өзін-өзі ұсынушымын. 19 наурыз күні сайлауға барып, маған дауыс беріңіз. Мына жерден менің сайлауалды бағдарламаммен таныса аласыз, – деп есік ашқан әйелге үндеу парақшасын ұсынды. – Менің кім екенімді толығырақ білгіңіз келсе, мында әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға сілтеме бар. Телефон нөміріміз де көрсетілген. Сұрағыңыз туындаса, кез келген сәтте хабарласа аласыз».
Кей тұрғындар Инганы таниды екен.
– Бұл кім? Әй, жаным, сенбісің? Әрине, саған беремін дауысымды, – дейді егде жастағы әйел кісі Инганы көріп.
– Рақмет! – деп күлімдеді Инга.
– Үндеу парағыңды алғанмын. Сені видеодан, барлық жерден көрдім ғой.
– Тағы да рақмет! Көршілеріңізді де үгіттеңіз, сізге бірнеше парақша тастап кетейін, олар да біздің видеоларды қарасын.
– Әрине, олар онсыз да көреді ғой.
– Жүйе өзгеруі керек, біз оны өзгертеміз.
Инга мәз болған күйі төменге беттеді: «Осылай танып жатса, қатты қуанып қаламын, дауыс беремін десе, одан бетер қуанамын».
Ол сол мезетте үгіт-насихат жөніндегі басқа мәселелерді талқылау үшін штабымен хабарласып, Freedom House ұйымының Жанболат Мамайдың ісі төңірегіндегі мәлімдемесін журналистерге таратып үлгерді.
«Сайлау сайлауымен ғой, алайда Жанболаттың ісін де назардан тыс қалдыра алмаймыз, бізге оның бостандығы маңызды», – деп қосты Иманбаева.
Шығаберісте жақтастары өткен-кеткенге үгіт-насихат жүргізіп жатыр.
– Қара, мына жерде жастар, мында зейнеткерлер мен көпбалалы аналар туралы, мынаны оқы, – дейді Инганың жақтастарының бірі жас балаға үгіт парақшасын көрсетіп.
– Иә, жақсы. Барып, дауыс беремін. Көршілеріміз де сіз туралы біледі.
– Жарайсың! Осындай жастарды қолдау қажет.
Штаб мүшелерінің бір тобы “Шаңырақ” ықшамауданына баратынын хабарлады.
«Ондағы адамдардың барлығына дерлік парақтарды тараттық, үйіне кірдік, үйде жоқтардың қақпасына іліп кеттік. Балаларға дейін тараттық. Кейбірі артымыздан қалмай қойды, – деп күлді Мақсат аға. – Тағы беріңдер деп сұрап жүрді».
Тағы бір топ адам мешіт маңына барып, келіп-кеткендерге парақша таратуды жоспарлап отыр. Жасы үлкендеу белсенділердің бірі аулада тұрғанның аса пайдасы жоғын айтып, аялдамалар жаққа кететінін айтты.
Инга мен Аружан басқа үйдегі пәтерлерді аралауға бармақ. Олар бұған дейін ілінген кей парақшаларды біреулер жыртып тастағанын байқады.
«Мында “Нұркент” пен Алғабасты аралау қалды. Менің ауданымның 50-60 пайызын аралап шықтық. Осы аптада толық бітірсек деп отырмыз. Видеомызды қарайтындар саны көп, алайда осылай жүріп, сайлаушыларымыздың кім екенін көріп, өзіміздің кім екенімізді көрсету маңызды», – дейді Инга.
Ол үйлерді аралай жүріп, өзінің күн тәртібі туралы айтып берді: «Таңғы 6-да тұрамын. 7-де үйден шығамын, өйткені сағат 8-ге қарай ұлымның балабақшасы, қызымның мектебі бар. Әдетте таңертеңнен бірнеше өзекті видео түсіретінбіз, қазір бұған үгіт-насихат жұмыстары қосылды. Кейін жақтастарымызбен кім не бітіргенін, енді қайда баруымыз керектігін талқылаймыз. Сосын үгіт-насихат жүргізуге шығамыз. Мен бұған күніне 3-4 сағат уақытымды арнаймын. Одан кейін ісім әрқалай болуы мүмкін. Мәселен, бүгін радиодағы үгіт-насихат бойынша бірнеше келісімшартқа қол қоюым керек. Кейін кеңсеге барып, сұрақтарға жазбаша жауап беремін. Кейде сұхбатқа шақырса, оған барамын. Сайлау немесе Жанболаттың ісі бойынша құқық қорғаушылар, дипломатиялық миссия өкілдері мен журналистермен кездесуге баратын күндер де болады. Кешкі 5-ке қарай қызым мен ұлымды алып қайтамын. Бұрын бұдан кейін үйге барып, демалатынмын. Қазір штабқа қайта келемін. Өйткені үлгермеген шаруаларды істейміз. Оған қоса, кешкі 6-дан кейін еріктілерге арналған бақылау бойынша тренинг өткізуді бастадық».
Оның сөзіне қарағанда, командасына көп ерікті қосылған.
«Адамдар мүмкіндігінше келеді. Кейбірі түстен кейін қосылады. Штабымыз қазір таңертеңнен түнгі 10-ға дейін жұмыс істейді», – дейді ол.
Тұрғындардың бірі музыкант екен, ол Ингадан: «Шығармашылығымды қолдай аласыз ба?» – деп сұрады. Инга бағдарламамен танысуын және әлеуметтік мәселелерге мән беруін сұрады.
«Ақша, үй сұрайтындар да бар…» – дейді Аружан.
«Назарбаевтардың ең үлкен қылмысының бірі – тек халықты тонағаны емес, халықтың өміріндегі жемқорлықты қалыпты нәрсеге айналдырғаны. Пара беруді, сол арқылы шенеунік не депутат болуды, өз туыстарының жағдайын жасауды қалыпты санайтын ұрпақ өсті. Бірақ болашақта мұның бәрін өзгертуге болатынына сенемін», – дейді Инга.
Cодан кейін Иманбаева жақтастарымен бірге Almaty Arena жанындағы халыққа қызмет көрсету орталығына қарай беттеді. 2022 жылдың қаңтарында Алматыдағы митинг осы жерде басталған.
«Иә, бұл тарих. Ауыр тарих, – дейді Инга жан-жағына қарап. – Бір жылдан аса уақыт өтті. Жанболаттың соты әлі жалғасып жатыр, ешқандай дәлелдері жоқ. Олар журналистерді де шақырып, “Не үшін олар туралы жазасыңдар, Демпартия жақтасысыңдар ма?” – деп сұраған. Еш дәлелдің болмауы – Жанболаттың қандай екенінің көрсеткіші. Оған қарсы куәлік бергендердің бәрі не полиция, не прокуратура қызметкері. Олар қарапайым адамдарды қарсы куәлік беруге [мәжбүрлеуге] тырысты, мәселен, Қалай Нұрпейісті көндіруге тырысқан. Ол жала жаппады. Қаңтар оқиғасы бойынша қамалған адамдардың көбіне осындай ұсыныс жасаған. Олардың ешбірі Жанболатқа қарсы куәлік бермеуі оның халық арасындағы сый-құрметі мен беделін көрсетеді.
Ол Жанболат Мамай секілді белсенді саясаткерді үйқамақта ұстау «азаптаумен» бірдей екенін айтып, бір күліп алды.
«Әрине, түрмеде болғанынан жақсы, балалары мен ата-анасының жанында. Үш баламыз бар. Қызымыз 8 жаста, 2-сыныпта оқиды. Ортаншы ұлымыз 4 жаста, ал кенжеміз екі жарым жаста. Жанболаттың ата-анасымен бірге тұрамыз, олар балаларға қарайласады. Қазір бәрі қабаттасып кетті ғой. Сот бар, сайлау бар. Кенжемізді балабақшаға бергіміз келеді, бірақ оған онда үйренісіп кетуге уақыт керек. Бәрі бітсін, содан кейін барармыз деп жоспарлап отырмыз», – дейді Инга.
Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты маңында адам көп. Әсіресе, арба сүйреген, баласын жетектеген аналар көп. Наурыздың мамыражай күнінде серуендеп жүрген болса керек. Ал Инганың штабы олардың арасында үгіт-насихат жүргізуді жалғастырды.
«Біздің міндетіміз – Инганың дауысын қорғау»
Кешкі алтыға қарай Инганың штабында адамдар жинала бастады. Сәлден кейін бақылаушыларға арналған тренинг өтеді. Жұмыстан шыққан адамдарға ыңғайлы болсын деп кешкі уақытты таңдаған. Кеңсеге адамдар келіп, Ингамен танысып жатыр. Олардың арасында сайлау күні мобильді топтың қатарында болғысы келетін бірнеше желтоқсаншы бар.
Бақылаушыларға арналған тренингті белсенді, журналист, саясаткер әрі Иманбаеваның сенімді өкілі Бэлла Орынбетова жүргізеді. Жиналған жұрт кабинетті жағалай отырған, олар әуелі саяси көзқарасы мен билікке сынын айтып өтті. Кабинетте 17 адам жиналды.
Орынбетова тренингті ең негізгі кеңестерден бастайды: сайлауға бір күн қалғанда жақсырақ ұйқыны қандырып, демалып алу керегін айтады, себебі олар таңғы 6-дан түннің бір уағына дейін жұмыс істейді. Телефонды алдын ала дайындап қоюды сұрайды: жадысын тазарту, қуаттау, пауэр-банк алу, штабпен байланысу үшін ақша салып қою, барлық әлеуметтік желіде екі факторлы аутентификация орнату, 10-20 парақ қағаз бен бір-екі қалам, дәрі алу және құжаттарын ұмытып кетпеуді еске салады.
«Әркез штабпен байланыста болу керек. Сіздерді ең жаман сценарийге дайындаймын. Сайлау учаскесінде болғанда, комиссия сіздерді шай ішуге не тамақ ішуге шақырады. Солардың жанында болсаңыз, бюллетеньдер жәшігінің қалай толып кеткенін байқамай қаласыз. Ешқайда кетпеуіңіз керек. Суды аздап ішіңіздер, кешіріңіздер, дәретханаға аз бару керек, – дейді Орынбетова.
«Бәлкім, жөргек киіп аламыз», – деп әзілдеді бір әйел.
«Жоқ, – деп күлді Орынбетова, – дәретханаға аз барсаңыз болғаны. Телефоныңызды штативке қойып, видео қосып қойсаңыз болады, өте қызық нәрселер табасыз».
«Жауып тастаса ше?» – деп сұрады бір ер адам.
«Жауып тастағанының өзі бір кадр болады. Бастысы, объективті жәшікке қаратып қойыңыз», – дейді Инга.
Содан кейін Орынбетова техникалық мәселелер және бақылау мен сайлаудағы дауыс беруге қатысты заңдарды түсіндіруге кірісті. Әйелдердің бірі Есенғазы Қуандық сайлаудан шеттетілгеннен кейін оған дауыс бере алмайтынын, оған қоса, Ингаға дауыс беру үшін учаскесін ауыстыра алмайтынын айтып налыды.
«Барлық бақылаушыға айтарым – бірдеңені құрбан етуіңіз керек. Кешіріңіз, алайда сіздің бір даусыңыз ештеңені шешпейді. Әйтсе де, учаскені бақылауға барып, жүздеген адамның дауысын қорғап қала аласыз», – дейді Орынбетова.
Ол штабта үйлестірушілер болатынын, олармен үнемі байланыста болу керегін айтты. Ал учаскеде өзін салмақты ұстап, басқа бақылаушылармен танысуға кеңес берді. Әсіресе «Жастар ақпарат коммуникация қызметі» және «Еркіндік қанаты» секілді тәуелсіз ұйым бақылаушыларын тапсаңыз, жақсы болады деді.
«Біздің міндетіміз – Инганың дауысын қорғау. Сол үшін жанжал бастамаймыз, сыпайы боламыз, арандатуға ермейміз. Сыйлық берсе, алмаңыз, олармен шай ішпеңіз. Басты міндетіңіз – учаске жабылғанға дейін, кешкі 8-ге дейін учаскеде қалу. Ең соңында хаттама алу. Түрлі әдіс қолданыңыздар. Ақылға салыңыздар», – деп қосты ол.
«Әрқайсыңызды әртүрлі учаскеге бөлеміз. Әртүрлі жағдай болуы мүмкін, сол үшін штаб ішінде үйлестірушісі бар, бақылаушылар бар мобильді топ ұйымдастырамыз. Жағдайыңыз нашарласа, үйлестірушіге хабарлайсыз, біз сізді мобильді топтағы басқа адаммен ауыстырамыз. Әркімнің проблемасы мен әлсіз тұсы әртүрлі болуы мүмкін. Алайда сол күні бәріне төзуіміз керек», – дейді Инга.
Ол мобильді топтың құрамында сенімді адвокаттар, заңгерлер мен журналистер болатынын қоса кетті. Сондай-ақ сол күні халықаралық бақылаушылармен де байланыста болады.
«Өйткені түрлі жағдай болады. Ең соңында хаттама талап еткен кезде, қолыңызға хаттаманы бермеу үшін түрлі нәрсе істеуі мүмкін. Мұндай жағдайда үйлестірушімен байланысыңыз, комиссияның хаттаманы алып кетуіне жол бермеңіз, өзіңіз де кетіп қалмаңыз. Біз жедел түрде мобильді топты жібереміз», – дейді ол.
Тренинг кеш бітті. Ал Инга Иманбаева мен оның штабында ертеңгі үгіт-насихат жұмысына дейін тынығуға аз ғана уақыт қалды.
Власть басылымы саяси жарнамамен айналыспайды, бұл материал басылым жариялайтын түрлі сайлаудағы кандидаттардың басқа да портреттері сияқты, кандидат немесе оның штабы жарияланым үшін ақы төлемеген. Власть бұл материалды тек ақпараттық мақсатта жариялап отыр.
Поддержите журналистику, которой доверяют.