4617
15 марта 2023
Дмитрий Мазоренко, фотосуреттерді Данияр Мүсіров түсірген

Тығырықтағы периферия

Мемлекеттің мәжбүрлеуімен Алматы іргесіне қоныс тепкен аймақ тұрғындарының тіршілігі

Тығырықтағы периферия

2010 жылдардың ортасынан бастап мемлекет аймақтық даму бағдарламаларын негізінен урбанизация процесін жеделдетуге бағыттап келеді. Бұл құжаттар өнеркәсіптік аймақтарды қайта құрудың жаңа траекторияларын ұсынбай, оның орнына адамдарды тозығы жеткен облыстардан iрi қалаларға және олардың агломерацияларына көшiруге бағытталған.

Республикалық маңызы бар қалаларға жаппай қоныс аудару азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін ушықтыра түседі. Көпшілігінің табысы аз болған жағдайда бұл тіптен қиын. Мәселені шешу үшін мемлекет әлеуметтік тұрғын үй құрылысын ынталандыратын бірқатар бастаманы қолға алды. 2017 жылы осы бастамалар 2025 жылы аяқталуға тиіс «Нұрлы жер» бағдарламасына біріктірілді.

Мұндай мемлекеттік бастамалар ірі қалалардың іргесіндегі тұрғын үй массивтерін кеңейтіп жатыр. Бұлардың қатарына Алматыдағы «Шұғыла» және «Зерделі» ықшамаудандарын жатқызуға болады.

Қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан «Зерделіге» тұрғындар 10-11 жыл бұрын қоныстана бастады. Ықшамаудан негізінен әлеуметтік тұрғын үйлерден тұрады. Кезекке тұрған бюджет қызметкерлері, әлеуметтік жағынан осал топ өкілдері және мүгедектігі бар адамдар алды. «Зерделінің» негізгі тартылыс нысаны – «Алматы Арена» спорт кешені, бірақ салынып жатқан жаңа мешіт те алдағы уақытта халықты тартатын жерге айналуы мүмкін. Аудан шекарасы игерілмеген бос жермен шектеседі, ал оған жақын маңда ЖЭО-2 орналасқан.

«Зерделі» ықшамауданы

«Шұғыла» ықшамауданы Алматының шығысында, «Зерделіден» айтарлықтай қашықта орналасқан. Алғашқы тұрғындар шамамен үш жыл бұрын келе бастады. Бұл ықшамауданда да пәтерлердің көп бөлігі «Зерделідегі» сияқты кезекте тұрған адамдарға үлестірілді. Пәтерлердің бір бөлігі ашық сатылымға шығарылды – бұларды көбіне субсидия берілген ипотекалық бағдарламамен сатып алды. Ықшамауданға жақын маңда «Алтын Орда» базары және басқа да сауда нысандары орналасқан.

«Шұғыла» ықшамауданы

Бұл аудандарды «Urban Forum Kazakhtan» қоғамдық қорының мамандары жарты жыл бойы зерттеді. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, мұндай ықшамаудандар арзан болуына байланысты жастар мен әлеуметтік осал топ өкілдерінің ғана емес, Қазақстанның басқа өңірінен келген тұрғындардың да шоғырланатын орнына айналған. «Шұғыла» мен «Зерделіге» негізінен Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан келеді. Тек бұл облыстардан ғана емес.

«Өңірлердің келешегі жоқ. Алматыға Шымкенттен 15 жыл бұрын көшіп келдім. Жұмыс бабымен келдім, балаларым осында оқиды. Қазір такси жүргізушісімін. Осы ықшамауданда пәтер жалдап тұрып жатқаныма осымен екі ай, бұған дейін қалада тұрдым. Бірақ бізге оны төлеу қымбатқа шықты әрі өзім де жақын маңнан үй сала бастадым. Сондықтан отбасыммен бірге уақытша осында қалуды ұйғардық», – дейді «Шұғыла» ықшамауданы тұрғындарының бірі Еркін.

«Зерделі» тұрғындарының бірі Сейдахмет те мұнда басқа өңірден келгендер көп екенін айтады. «Мұнда адамдар жұмысқа байланысты келеді: біреулер базарда сауда жасаса, біреулер зауытта жұмыс істейді. Біздің ықшамаудан арзан болғандықтан, осында қалып қояды. Дегенмен мүлдем арзан деп айтпас едім. Өзім жақын маңдағы зауытта жұмыс істеймін, осы жерден пәтер сатып алуға мүмкіндігім жоқ. Қымбат. Бюджет қызметкері ретінде әпкеме мемлекет берген пәтерді жалға алып жатырмын».

«Шұғыла» ықшамауданының бірнеше тұрғыны Urban Forum Kazakhstan ұйымына және Власть басылымына берген сұхбатта ауданға Қытайдан келген этникалық қазақтар көбірек қоныс аудара бастағанын айтты. Әдетте олар бұл жерде түрлі кәсіп иесі болады, соның ішінде, медициналық орталықтар қызметкері немесе қожайыны болатындар да бар.

Алайда Қазақстанның басқа аймағынан Алматының іргесіне көшу адамдардың өмір сүру жағдайын әрдайым жақсарта бермейді. Қоныс аударушылар көптеген инфрақұрылымдық проблемаға ұшырасып, жаңа тұрғылықты жердің маңайында жұмыс болмау мәселесіне кезігіп отыр. Ал табыстың аздап артуы, егер шынымен артса, көбіне күнкөріс қиындығымен және күнделікті жұмысқа көп уақыт бөлумен өтеледі.

Перифериядан – периферияға

Қалаға ресми қатысы болғанына қарамастан, Urban Forum Kazakhstan зерттеушілерімен фокус-топ арасындағы пікірталаста «Шұғыла» мен «Зерделі» тұрғындары өздерін толыққанды қала тұрғыны деп санамайтынын айтты. Олар ықшамаудан туралы сөз қозғағанда, өздерін әдетте Алматыдан бөліп алып, «шет», «гетто», тіпті «жеке мемлекет» деп атаған. Серік есімді «Шұғыла» тұрғындарының бірі әңгімелесу басталмас бұрын өзін толықтай ауыл тұрғыны ретінде таныстырды.

Екі ықшамауданның тұрғындары негізінен базалық инфрақұрылымның жоқтығынан немесе оның дамымауынан өзін периферия санайды. Бос уақыт өткізуге арналған орындардың жетіспеуі және қаланың басқа аудандарымен көлік қатынасының қолайсыз болуы – негізгі мәселелер қатарында.

Тұрғындардың субъективті пайымынша, олардың ықшамауданы қаладан соншалықты алыс емес, бірақ олар бірқатар қажет қызметтің болмауына (мысалы, азық-түлік жеткізу) немесе олардың қымбаттауына тап болады (мысалы, такси қызметінің бағасы Алматы орталығына дейін көбіне 3000-4000 теңге тұрады).

Оған қоса «Шұғыла» мен «Зерделіде» кәсіпкерлікті дербес дамыту мүмкіндіктері айтарлықтай шектелген. Ең әуелі, бұл коммерциялық кеңістіктің болмауынан туындап отыр: салынып біткен тұрғын үй кешендерінің жобасында коммерциялық кеңістік қарастырылмаған, сол себепті жертөлелер мен бірінші қабаттағы пәтерлер осы мақсатта пайдаланылады. Сонымен қатар, ауданның қолайсыз орналасуы, халық санының аздығы және олардың сатып алу қабілетінің төмендігіне байланысты, ірі бөлшек сауда желілері мен сауда орталықтары бұл аймақтарда бірдеңе ашуды қажет деп санамайды.

Осыған байланысты «Зерделі» мен «Шұғыла» тұрғындарының көпшілігінің күнделікті өмірі қаламен тығыз байланысты. Urban Forum Kazakhstan зерттеушілері сауалнама жүргізген ықшамаудан тұрғындарының жартысына жуығы – күн сайын, ал үштен бірі аптасына бірнеше рет қаланың басқа аудандарына барады. Олар көбіне жұмысқа немесе оқуға, сондай-ақ дүкен, сауда үйлері және ойын-сауық орындарына барады.

«Мен бұл ауданда көптен бері тұрамын, уақыт өте келе тұрғындар көбейді. Мұнда тұратындардың барлығы негізінен қалада жұмыс істейді. «Зерделіде» жұмыс табу қиын. Мен өзім Чернобыль ардагерімін, қазір жұмыс істемеймін. Ал қосымша табыс керек болса, қалада таксист боламын, кейде бір қаладан екінші қалаға адам тасымалдаймын. Бірақ мұнда инфрақұрылым нашар, тіпті Kaspi Bank бөлімшесі жоқ. Сондықтан, бәріміз үнемі қалаға барып тұрамыз», – дейді «Зерделі» тұрғыны Тілек.

Осыған ұқсас жағдайды «Шұғыла» тұрғыны Әлия да айтып берді: «Мен баламен үйде отырмын, ал күйеуім қалада жұмыс істейді. Мұнда тұратындардың барлығы негізінен қалаға жұмысқа барады. Ықшамауданның өзінде жұмыс көп емес. Бизнес ашқаныңызбен, көпшілігінде оған төлейтін ақша да жоқ. Сондықтан көшеде көлік көп, үнемі қозғалыста». Дегенмен, ол мұнда базалық инфрақұрылым – әкімдік, халыққа қызмет көрсету орталығы, мектеп, емхана және басқа нысандар болуын «Шұғыланың» негізгі артықшылығы деп санайды. Әлияның айтуынша, осының арқасында оның отбасы Алматының басқа жерлеріне азырақ шығады.

«Зерделідегі» фокус-топқа қатысқандардың айтуынша, күнделікті жұмысқа баруға әдетте 1-1,5 сағат уақыт кетеді. Бірақ үйде мектеп жасындағы балалар болса, оларды автобус аялдамасына жеткізу үшін ертерек шығу керек, өйткені әдетте аялдама үйден 10-15 минуттық жерде болады.

«Жеке көлігіңіз болмаса, Алматының басқа аудандарына автобуспен баруға екі сағаттай уақыт кетеді. Автобуспен кептеліс уақытында шықтыңыз ба, әлде басқа уақытта ма, маңызды емес. Ал көлікпен кейде орталыққа 30 минутта жетуге болады», – дейді «Зерделі» тұрғыны Гаухар.

«Шұғыла» Алматының орталығына қарай әлдеқайда ыңғайлы орналасқан, дегенмен бұл жақта да жолға жұмсайтын уақытыңыздың құны кем дегенде бір сағаттан басталады. «Бауыржан Момышұлы» метро бекетінің ашылуы көлік қозғалысына қатты әсер еткен.

«Шұғылада» тұратын Салтанат: «Метро бекеті ашылған соң кейбір тұрғын көлігін оның маңайына қалдырып, метроны пайдалана бастады. Өйткені кейде кептелісте бірнеше сағат өткізуіңіз мүмкін, бұл бар күшіңізді сорып алады», – дейді.

Қарбалас уақытта қоғамдық көліктерде ине шаншар орынның болмай қалуы екі ықшамаудан үшін де проблема болып отыр. «Зерделіде» автобус бағыттарының аздығы мен дұрыс ойластырылмауынан осы мәселе туындаса, «Шұғылада» қозғалыс кестесіндегі баланстың сақталмауынан туындайды. Бұған қоса, екі ауданның тұрғындары қажет жерге жету үшін кем дегенде бір рет басқа автобусқа ауысып мінуге мәжбүр.

Ретке келмеген өмір сүру кеңістігі

Қаланың орталық аудандарынан шалғайда орналасқанына қарамастан, «Зерделі» мен «Шұғыла» тұрғындары да орталық аудандағы тұрғындардың мәселесіне ұқсас мәселеге тап болып, оған айтарлықтай көңіл бөледі. Тұрғындар кешенді және жақсы ойластырылған даму жоспарының болмауын өмір сүру ортасының осал тұсы деп санайды.

Мысалы, бұрын қаланың бас жоспарынан «Шұғыла» аумағындағы балалар алаңдары, автотұрақтар мен қосымша мектеп алынып тасталды. Оның орнына көптеген тұрғын үй кешені салынды.

«Құрылысшылар бізге көп деңгейлі автотұрақ болатынын айтты. Бірақ олар бәрін алдап соғып, соңында үй салды. Әрине, оларға үй сату тиімдірек. Олар бізді алдап, жаңылыстырып жіберді», – деп бөлісті фокус-топқа қатысушылардың бірі.

«Зерделі» ықшамауданының тұрғындары ауданды дамыту бағдарламасының жалпы ескіргенін атап өтеді. Олар жаңа бағдарлама әзірлеу қажет деп санайды, бірақ бұл жергілікті қауымдастықтардың қатысуымен жүзеге асуға тиіс.

Екі ықшамауданның тұрғындарын қатыстыру, ең алдымен, базалық инфрақұрылымды дамыту үшін қажет. Мектеп жасындағы баласы бар тұрғындар оқушылардың үш ауысымда оқуына, бір лекте әрбірінде 30-40 оқушы бар оннан астам сыныптың болуына қатты алаңдайды.

Бұған қоса, «Зерделі» тұрғындарын жергілікті емханадағы жүктеменің жоғарылығы алаңдатады. Мұнда жергілікті халықтан бөлек, Боралдай, Ақкент, басқа да жақтың тұрғындары келіп емделеді.

Екі ықшамаудандағы тұрғындардың да жақын жерде саябақ пен мәдениет ошақтарының болмауына, сапасы төмен көгалдандыруға, сонымен қатар аула мен ойын алаңдарының абаттандырылуына көңілі толмайды. Айтуынша, кейде балалар ен далада ойнайды немесе көрші ауладағы ойын алаңына кіру үшін де кезекке тұруға мәжбүр. Оның үстіне, ойын алаңдары сапасыз материалдан салынғандықтан жиі бұзылады.

Үйлердің жағдайы да проблемадан кенде емес. «Шұғыла» ықшамауданында сумен қамтамасыз ету және құбырдың сапасына қатысты мәселелер бар. Бұл жаққа 2022 жылдың шілдесінде көшіп келген ер адам ыстық су екі ай бойы тоқтап қалғанын айтып берді, оған басқа тұрғындар мұндай нәрсе бұл жақта жиі кездесетінін айтқан. Ол судың тазалығына да күмән келтіреді: «Ыстық су өте лас. Краннан техникалық су ағады. Тіпті стақанға құйып жіберсең, бұлыңғыр тартып, лас екені көзге ұрады».

«Зерделі» ықшамауданында үйлердің кейбірі апатты жағдайда болғандықтан жағдай ушығып тұр. 2019 жылдың соңында үйлердің бірі іргетасының шөгуі салдарынан қисайып кетті. Бұл басқа үйлерге қауіп төндіргендіктен, билік ол үйдің іргетасын бекітуге кірісті. «Қазір пәтерлердің барлығында қисық есіктер, дәретханалар, ванналар бар. Үйлердің өзі қисайған, бұны подъезден көре аласыз. Мынаның бәрі қалай болса солай салынды. Подъезд кіреберісіндегі есіктерді бірнеше рет ауыстыруымызға тура келді, бірінші қойған есігіміз қисайып, құлап қалды», − деді тұрғындардың бірі зерттеушілерге.

Бұлыңғыр болашақ

Қазіргі қиындықтарға қарамастан, «Шұғыланың» көптеген тұрғыны ауданның болашағына сенеді. «Осында тұрып жатқан үш жылдың ішінде үлкен өзгерістер болды. Көптеген тұрғын үй кешені салынып жатыр, дүкендер, түрлі қызметтер көбейе түсті. Қажет нәрсенің бәрі бар немесе енді алдағы уақытта пайда болады. Меніңше, ауданның болашағы зор», – дейді аудан тұрғыны Ақерке.

«Зерделі» тұрғындарының болашақтан не күтетіні ұрпақтар буынына қарай әртүрлі. Ықшамауданның көп жылдан бергі тұрғындарының бірі зерттеушілерге былай дейді: «Бізге дәл гетто ауданын жасады. Бұл – әлеуметтік гетто. [Қосатын] жалғыз нәрсе, Франциядағыдай үлкен қабырғамен бөліп тастау керек еді. Адамдар қолынан келгенше өз күнін өзі көрсін».

Бір жылдай бұрын «Зерделі» ықшамауданынан пәтер алған Бақытжан үмітсіз емес: «Алматының желдетілмейтін басқа аудандарымен салыстырғанда, бұл ауданның үлкен артықшылығы – ауасы таза. Қалғанының бәрі дамиды: жақында Сайын көшесін жүргізуді аяқтайды, үлкен мешіт ашылуы керек. Сауда үйлері мен саябақ қатты жетіспейді. Бірақ оған да жетерміз деп ойлаймын. Ал біздің үйлерді тек жақсырақ қадағалап, дер кезінде іргетаспен айналысу керек».

Екі ауданның да тұрғындары қазіргі жағдай алғашқы жылдағымен салыстырғанда басқаша екенін жоққа шығармайды. Бірақ өзгерістердің барлығы жергілікті билік әрекетіне қатысты емес. Олардың ықшамауданды абаттандыруға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және жаңа ойын алаңдарын жасауға деген талпынысы айтарлықтай өзгеріс деп саналмайды.

Жергілікті және қалалық әкімдіктер көңіл бөлмегендіктен, «Зерделі» мен «Шұғылада» тұрғындардың өзін-өзі ұйымдастыруы жалғасып келеді. «Зерделіде» қауымдастық ертерек қалыптасып, бірден үйлер маңындағы аумақтарды дербес абаттандырумен айналысып, меншік иелерінің бірлестігін (МИБ) құрып, үйлерге жөндеу жұмыстарын ұйымдастыра бастады. Осы процестер бірте-бірте «Шұғылада» басталып келеді. Дегенмен әлі де тұрғындар жергілікті биліктің жұмысын жолға қоюы керек, өйткені олардың аумақты өз бетінше басқаруға ресурстары жеткіліксіз.

Urban Forum Kazakhstan жетекшісі Әділ Нұрмақов зерттеудің тұсаукесері барысында: «Қаланың бұл бөліктері қалай дамитынын болжау өте қиын. Негізгі шектеу – бұл аудандардың бастапқыда қалай жоспарланғаны. Аумақ та өз бетімен таңдап алынды, оның үстіне тұрақсыз топырақ факторы бар. Бұл аудандардың орналасуымен қатар, біз оларды дамыту үшін не ұсына алатынымызды айтарлықтай қиындатады», – деп атап өтті.

Қордың талдау нәтижесі көрсеткендей, биліктің құрылысты үнемдеуге деген ұмтылысы – түзетуі өте қиын күрделі шығындарға айналған. Ал мұны тек қалалық ортаны дамытудың жоғары стандарттарын әзірлеу арқылы ғана жасауға болады.

Бұлар аула мен кіреберісті таза ұстауды, ПИК (пәтер иелерінің кооперативі) қызметтерін жақсырақ бақылауды, әлеуметтік инфрақұрылымды (дәріханадан бастап қоғамдық тамақтану орындарына дейін) және қоғамдық көлік желілерін кеңейтуді, сонымен бірге мәдени алаңдар, жасыл аймақтар мен автотұрақтар ұйымдастыруды қамтуы керек. Urban Forum Kazakhstan тек осылай ғана түрлі өңірден келген және әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындар саны көп аудандарды кемсітететін жағдайдың алдын алатынымызға сенімді.

Бұл материал Власть порталының «Қазақстан аймақтары» атты ауқымды жобасы аясында жазылған. Бұл жобада біз Қазақстан аймақтары мен ірі қалалары арасындағы теңсіздік көрінісі туралы баяндаймыз, аймақтық дамудың қазіргі парадигмасын сыни тұрғыдан талдап, бәрін жақсы жаққа өзгертуге ұмтылып жүрген тұрғындар жайлы баяндаймыз.