3974
4 апреля 2023
Зарина Мұқанова, антрополог, арнайы Власть үшін

Мал шаруашылығы және өзара көмек: Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы қандастар қалай өмір сүріп жүр?

Қандастар еңбек нарығында мемлекеттен жәрдем көрмеген соң мал шаруашылығымен айналысады. Басқа жерлестерін де осы салаға тартуға тырысады

Мал шаруашылығы және өзара көмек: Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы қандастар қалай өмір сүріп жүр?

Оралман-қандастардың бейімделу мәселесі ғылыми әдебиет пен тәуелсіз БАҚ-та талайдан бері тұрақты талқыланып келеді. Шетелдегі қазақ диаспорасын елге шақыратын мемлекеттік бағдарламалар 1990 жылдардан бері бар. Олар түрлі формада, соның ішінде мемлекеттік квота бөлу түрінде жүзеге асып келді. Алайда этникалық қазақтардың, әсіресе бұрынғы кеңес одағына кірмейтін елдерден келгендердің әлеуметтік бейімделуі, тарихи отанындағы орыстілді қоғамға қиындықсыз сіңіп кету мүмкіндігінің болмауы әлі де айтарлықтай қиындықтар тудырады.

Қазақстанның оңтүстік-шығысына Қытай мен Моңғолиядан көшіп келген қандастар бейімделудің қандай тәсілін қолданады? Олардың бейімделуі туыстық және рулық принципке негізделе отырып, нарықтағы әлдебір бос саланы иемденуді де қамтиды.

Соңғы кезге дейін Қазақстанда бюрократиялық жүйенің барлық ресми құжаттамасы орыс тілінде жүргізілді, бұл қандастардың тіпті қарапайым процедуралардан өтуіне қиындық тудырды. Бұдан бөлек, кеңестік идеология қалыптастырған теріс көзқарас жергілікті қазақстандықтар мен қандастар арасында тұрмыстық қиындық пен араздықтың күшеюіне алып келіп отыр. Ауыртпалықтармен бетпе-бет жалғыз қалған қандастар өзіне таныс әрі өз тарихи-мәдени қауымдастығына тән қарым-қатынас құру тәсіліне негізделген бейімделу стратегиясын қолдануға мәжбүр болды.

Қазақстандағы ұлт қалыптастыру саясаты ел халқының құрамындағы этникалық қазақтардың санын арттыру мақсатында іске қосылды. 1989 жылғы КСРО құлаған тұстағы соңғы санақ бойынша, қазақтардың үлесі жалпы халықтың 40%-ына тең болды. Этникалық репатриация саясатының негізгі ұстанымдары «Этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуы тұжырымдамасы» аясында іске асты. 1997–2020 жылдар аралығында этникалық қазақтарға қатысты «оралман» термині қолданылып келді.

Фото Дария Зулфухарқызыныкі

2021 жылдың басында бұл терминді алып тастап, оның орнына «бауырлас, туысқан» мағынасын беретін «қандас» ұғымы айналымға енді. Мұндай шешім шығару себебінің бірі – халықтың әлеуметтік сезімтал тобына «оралман» деп ен тағудың (тікелей мағынада бұл сөз ықтиярхатпен жүрген адамдардың Қазақстан азаматтығын алғанға дейінгі уақытша тұру статусын білдіретін) жағымсыз сипатын жою болатын. Осыған қарамастан, қалыптасқан теріс түсінік енді қандастарға қатысты өмір сүруін жалғастырып, олардың интеграциялануындағы негізгі мәселелер шешілмей жатыр.

Нарықтағы бос орын – мал шаруашылығы

Тұрмыс тәлкегіне тап болған этникалық қазақтар тарихи отанында экономикадағы өзіне қолжетімді бос орынды табуға тырысып, горизонталь бастамалар жасайды. Қандастар диаспора ретінде әрекет ете отырып, кімдермен байланысатынын өзі дербес анықтайды. Осындай жолдардың бірі – шежіре негізінде өз қауымдастығын (қайта) құру. Олар Қазақстанға қоныс аударып, тарихи отанына оралу өмірлік тәжірибесі ұқсас адамдар қауымдастығына бірігеді, оның ішінде туыстық және рулық байланыстарды негізге алады.

Этникалық қазақ диаспорасына тән ең күшті кімдік (identity) модельдерінің бірі – рулық модель, сондай-ақ олардың әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге айтарлықтай жақындығы. Әрине, бұл екеуі де қарапайым дәстүрді жетік біле бермейтін жергілікті қазақтарға оларды қарсы қойды. Сонымен қатар, жергілікті қазақтардың қазақ тілінде әңгімелесуге үнемі мүмкіндігі бола бермейтін. Жергілікті қазақтардың ауылда тұрып, мал өсіруге құлықсыздығын пайдаланып, Қытай мен Моңғолияда туған этникалық қазақтар нарықтағы осы бос орынды иемденіп, өз шаруашылығы мен ел экономикасының мүддесін теңестіруге тырысты.

Мирасбек – Қытайда дүниеге келген қазақ. Ол жеке әңгімесінде Алматы мен Жетісу облыстарындағы жергілікті еңбек нарығында жұмыс табудағы кедергілер жайлы айтып берді. Ол түрлі кәсіпті сынап көріп, соңында отбасымен бірге дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысуға шешім қабылдаған: «Бұл біз үшін жалғыз таңдау еді, сонымен қатар жетістікке де жеттік». Жайлауда бақташы болып еңбек жолын бастаған Қытай мен Моңғолиядан келген басқа да қазақтар сияқты, ол да аз жылдан соң өз малын жинайтынын анық білген. Қазір оның жайлауда үнемі жайылып жүретін шағын ғана үйір жылқысы мен отар қойы, ауыл маңында ұстайтын сиыр-ешкілері бар. Олар ет-сүт өнімдерінен бөлек, жақын маңдағы мейрамханаларға қымыз жеткізіп береді.

Қытайда туған шопанның айтуынша, қандастар малын жайып жүрген Алматы мен Жетісу облысының солтүстік бөлігіндегі жайлау олардың өзіне тиесілі емес. Бұл жерлер жергілікті қазақтарға тиесілі, оны мал бағу үшін қандастарға жалға береді. Қойшылар ақы ретінде ай сайын жүз қойдан біреуін беріп отырады. Ал жазғы маусымда жер иесіне төрт тоқты береді. Сол шопанның айтуынша, жер қандастарға тиесілі емес, оны сатып та, жалға да ала алмайды, бірақ олар бұл мүмкіндік туар сәтті күтіп жүр. 2021 жылы қабылданған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға жалға беруге және сатуға тыйым салу туралы заңға сәйкес, қандастардың жерді жалға алуға мүмкіндігі жоқ.

Фото Зарина Мұқанованың архивінен

Оразбек – Моңғолиядан келген қазақ, Қазақстанда тұрып жатқанына отыз жылдан асты. Ол шағын кәсіппен айналысады, үйінің ауласында шағын дүкені бар. Одан бөлек отар қойы бар. Ол бір кездері Қазақстанға бағдарлама аясында колхоз шопаны болып келген. Оразбек сол сәттерді сағынышпен еске алады. Қазір Оразбек Алматы облысының солтүстігіндегі шағын ауылда кез келген мәселе бойынша көмек сұрауға болатын сыйлы адам. Ол қолында бар мүмкіндіктер және орыс тілін білуі арқылы оралман-қандастар мен жергілікті халық арасына дәнекер болып отыр. Ол мал дәрігерінен бастап, ауыл әкіміне дейін бәрімен таныс. Жергілікті әдет-ғұрыпты жақсы біліп, келушілердің бейімделуіне көмектеседі.

Нетуоркиң арқылы бейімделу

Тарихи отанына көшіп, күтпеген жерден мүлде басқа әлемге тап болған Қытай мен Моңғолияның этникалық қазақтары бұл қиындықтарды руға бірігу арқылы адамдар арасында жаңа байланыстар құру мүмкіндігі ретінде пайдалана бастады. Бұл құбылыс өте маңызды және ерекше. Ол өткен шақтың дәстүрі идеализацияланып, оған қайтып оралуға ұмтылып жатқан қазіргі қазақ қоғамындағы қайта дәстүрлену үрдісін толықтыра алады.

Үлкен рудың негізгі ерекшеліктерінің бірі – сол руға жататындар бір-бірімен некелесе алады, өйткені ондай рулар өсіп-өнген. Басқаша айтқанда, есімі рудың атауына айналған ата ұрпақтарының бір-бірімен байланысы тым алыс – жеті атадан асып барып байланысады. Айта кету керек, Жеті ата ережесі бойынша рулардың бөлінуі және жаңа рудың пайда болуы болашақта жаңадан шаңырақ көтергелі жатқан ұрпақтар санына, сондай-ақ әрбір мүшенің ұрпақтар торындағы жағдайына әрқашан байланысты болды. Жеті ұрпақтан кейін сегізінші ұрпаққа жататын біреу жаңа ата немесе ру қалыптастырып, оған өз атын береді немесе үлкенірек руға қосыла алатын еді.

«Рулық» басқосулардың бір мысалы – Қазақстандағы Ителі руының атақты өкілдерінің барлығы шақырылған үлкен той болды. Олардың көпшілігі Моңғолия мен Қытайдан келген қандастар болатын. Десек те, өз шежіресін 4-5 ғасыр бұрын өмір сүрген аты аңызға айналған Ителіден бастайтын Түркия, Германия, АҚШ-тан келген этникалық қазақтар да тойдың көрігін қыздырды. Аңыз бойынша, Ителінің өзі Шығыс Қазақстаннан шыққан екен. Той ұйымдастырушыларының басты мақсаты – ру өкілдерінің бір-бірімен танысуына, соның ішінде іскерлік байланыс орнатуына мүмкіндік беру болды.

Іс-шараның өзі таңнан кешке дейін – сегіз сағаттан астам уақытқа жалғасып, 500-ге жуық адам келді. Іс-шара форматының өзі мерекеге ұқсады: қонақтар Қытайдан келген этникалық қазақтың кең әрі әдемі мейрамханасындағы түрлі үстелге жайғасты. Той қуанышты күйде өтті, Қытайдан келген этникалық қазақтардың дәстүрлі тағамдары дастарқанның сәнін келтірді. Алдымен ақсақалдар мен мәртебелі қонақтарға сөз берілді, содан соң асаба Ителі руы әр тармағының өкілін зал ортасына шақырды. Қонақтар сөйлеген тост арасын танымал әндерге жасалған билер бөліп отырды.

Фото Зарина Мұқанованың архивінен

Шара қонақтарының қатарында журналистер, жазушылар, тарихшылар мен мәдениет қайраткерлері де болды. Шараны ұйымдастырушылардың бірі мұнда саяси себеппен емес, тек туыстарды табу, танысу үшін жиналып отырғанын нақтылап өтті. Расында да, ұзақ уақыт бойы жер шарының түкпір-түкпіріндегі шағын диаспораларға шашырап кеткен бұл үлкен рудың өкілдеріне рудың әрбір мүшесін білу мүмкін емес еді.

Мұндай іс-шара соншалықты ерекше емес, бұдан бөлек ауқымы шағын іс-шаралар да болып тұрады. Сондай шаралардың бірі ретінде Найман рулық бірлестігіндегі Қоңысбай әулетінің жиынын да айтуға болады.

Қоңысбай әлі де жас әулет болғандықтан және бұл рулы елдің өкілдері туыстық жағынан бір-біріне өте жақын болғандықтан, осы жиынның ұйымдастырушысы үшін олардың өзара танысып-білісуі маңызды болды. Қоңысбайдың өзі ХІХ ғасырдың соңында Шыңжаңда дүниеге келген, жиынға қатысқан біреудің атасы, біреудің арғы атасы. Оның балалары мен немерелері айтарлықтай көп. ХХ ғасырдың соңына қарай ұрпақтарының көп бөлігі елге оралып, осыған байланысты арадағы қарым-қатынас үзіліп қалған. Сол себепті осы әулеттің Қазақстандағы өкілдерінің бірі туыстарын жинап, біріктіруді ұйғарды. Әулет мүшелерінің көпшілігі Алматы қаласының маңына, Алматы мен Жетісу облыстарына қоныстанған. Іс-шара шын мәнінде халықтық бастама болғанымен, WhatsApp желісінде топ құрылып, танысу шарасына 90-ға жуық адам келді.

Мұндай «рулық» оқиғалар «өзіміз» әлеуметтік кеңістігін кеңейтуге көмектеседі. Бұл қандастардың өзі бөтен деп санамайтын, керісінше, мәдени және тарихи жағынан жақын адамдарды мал шаруашылығына тартуына мүмкіндік береді.

Халықтық бастамалар арқылы аман қалу

Қандастардың Қазақстанда топ ретінде пайда болғанына 30 жылдан астам уақыт өтсе де, олардың бейімделуі мен әлеуметтенуі назардан тыс қалды. Әсіресе, Қытайдың Шыңжаң провинциясының солтүстік-батысында тұратын азшылық мұсылмандарға қарсы жүргізіп отырған агрессив саясаты салдарынан өзін одан бетер шеттетілгендей сезінген Қытайдан келген қазақтардың бір тобы мәселе тудырды. Осы орайда 2000 жылдардың басында 70-ке жуық этникалық қазақ отбасының Қазақстанға көшіп келуіне және жергілікті жағдайға бейімделуіне көмектескен Серікжан Біләш пен оның серіктерінің қарапайым бастама тәжірибесін атап өткен жөн.

Кейін Қытайдан келген қандастардың туыстары мен жақындары осы байланысты пайдаланып, Шыңжаңда жоғалған туыстары мен отбасы мүшелерін табуға көмек сұрап, Серікжан мен оның серіктеріне жүгінген. Ол кезде Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерьлері туралы нақты деректер болмаған еді, тек келіссөз жүргізілді, дегенмен ресми деректер болмады. Әйтсе де, Шыңжаңдағы туыстар мен отбасы мүшелерінің айғақтарын, арыз-шағымдарын жариялап қана қоймай, әлемдік тілдерге аударып, халықаралық қауымдастыққа жеткізген және түрлі халықаралық құқық қорғау ұйымына шағым түсірген «Атажұрт» ұйымының құрушысы Серікжан Біләш пен оның серіктеріне құрмет көрсетуіміз керек.

Дүниені дүр сілкіндірген қайта тәрбиелеу лагерьлері мен мұсылмандарға жасалған геноцидтің алғашқы көзі тірі куәгері, Шыңжаңнан бас сауғалап келген Сайрагүл Сауытбай «Атажұрт» ұйымына келіп көмек сұраған соң, ҚХР-дың солтүстік-батыс провинциясындағы ұлттық азшылықтарға қарсы қылмыстық әрекеттердің болып жатқанына шетел жұртының еш күмәні қалмады. Осылайша «Атажұрт» Қытайдан келген оралман-қандастардың қолдауына ие болып, жақындарының құқығын қорғауға бастама көтерді.

Рулық және эмигранттық ерекшелікке негізделген мұндай қарапайым қауымдастықтар адамдар арасында түрлі байланыс құруға ғана емес, іскерлік байланыстар құруға да көмектеседі. Олар репатрианттар үшін дербес еңбек нарығына айналады. Осындай қауымдастықтар эмиграцияға қатысты ұқсас жағдайда бастан кешкен адамдармен жұмыс істейді, сонымен қатар рулық және туыстық принциптерімен бірігеді. Мұндай қарапайым бастамаларда жұмыс таныстар, туыстар мен достар арқылы, әдетте «өзіміз» деп саналатын қандастар арасынан ізделеді.

Танысу шаралары мен бірлескен саяси әрекеттер кезінде қалыптасатын көлденең байланыстар маргиналданған кандастардың экономикадағы белгілі бір орынды иеленуіне, бей-жай қарайтын билік пен қоғамның қалған бөлігінің алдында өз құқықтарын қорғайтын күшті әлеуметтік топқа айналуға көмектеседі. Соған қарамастан олар Қазақстанда туған адамдарға еш жанаспастан, өзінің параллель әлемін құрып жатқандай көрінеді. Қандастардың қолында жеткілікті билік ресурсы болмағандықтан, олар өздері білетін көлденең байланыс түрлеріне негізделген институттарды қалыптастыру және қайта қалыптастыру арқылы өзіне қолжетімді барлық құралмен өмір сүруге тырысады. Мұндай байланыстар ынтымақтың белгілі бір түріне негізделген жаңа қауымдастықтар – эмигранттар мен рулық қауымдастықтарды құрайды.

Бұл материал Власть порталының «Қазақстан аймақтары» атты ауқымды жобасы аясында жазылған. Бұл жобада біз Қазақстан аймақтары мен ірі қалалары арасындағы теңсіздік көрінісі туралы баяндаймыз, аймақтық дамудың қазіргі парадигмасын сыни тұрғыдан талдап, бәрін жақсы жаққа өзгертуге ұмтылып жүрген тұрғындар жайлы баяндаймыз.