2490
19 апреля 2023
Дмитрий Мазоренко, Паоло Сорбелло, суретті Жанара Каримова түсірген.

Власть түсіндірмесі: мұнайшылар неліктен наразы және ол неліктен әлі жалғасуда?

Мұнай сервис қызметіндегі аутсорсинг, жұмысшылардың әлеуметтік жағынан қорғалмауы, кәсіподақтарды басып-жаншу және нарықтың шектеулері бұған қалай септігін тигізіп жатыр?

Власть түсіндірмесі: мұнайшылар неліктен наразы және ол неліктен әлі жалғасуда?

Өткен апта Астанада «БерӘлі Маңғыстау Company» мұнай сервистік компаниясының Жаңаөзендегі жұмысшылары наразылық шарасын бастады. Бір тәуліктен астам уақыт бойы 150-ге жуық қызметкер энергетика министрлігі ғимаратының алдында тұрып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының ең ірі еншілес құрылымы – «Өзенмұнайгазға» жұмысқа тұрғызуды талап етті. 11 сәуір күні кешкісін мұнайшыларды ұстап әкетті, олардың кейбірі ұстау кезінде жарақат алған.

Наразыларды түні бойы полиция учаскесінде ұстады, кейін оларды арнайы пойызбен Маңғыстау облысына қайтарып, Астанада белсенді оншақтысын ғана алдағы келіссөзге алып қалды. «ҚазМұнайГаз» жұмысшыларға қаржылай және әлеуметтік қорғаныс бола алатын «ӨзенМұнайГаз» компаниясынан тұрақты жұмыс беру талабын қабылдамады.

Мұнайшылар ұлттық компанияның мұнай қызметін көрсету келісімшартының мерзімін 1 жылдан 5 жылға дейін созу туралы ұсынысынан бас тартты. Өйткені бұл олардың жағдайын айтарлықтай жақсарта қоймайды. 13 сәуір күні жұмысшылар үкімет комиссиясымен өтіп жатқан келіссөздің еш нәтиже бермей жатқанын, сол себепті наразылық жалғасын табуы мүмкін екенін айтты.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері мұнай және мұнай сервис саласындағы қызмет көрсету кәсіпорындарының жұмысшылары ара-тұра бұқаралық акция өткізіп келеді. Наразылықтың ең ірісі Жаңаөзендегі 2011 жылғы 8 айға созылған, кейін билік басып-жаншыған «ҚазМұнайГазға» қарасты еншілес компания жұмысшыларының ереуілі еді. Мұнайшылар зорлық пен қысымға қарамастан, митингке шығып, ереуіл өткізуді сиреткен жоқ. Кейінгі бес жылда тіптен жиілеп кетті: жұмысшылар осы уақытта жүздеген акция өткізіп үлгерді.

Мемлекет және корпоратив пропагандасы мұнайшылардың мақсатын белгілі бір саяси күштердің жетегінде кетуі немесе олардың пайдакүнем пиғылынан деп түсіндіреді. Оларды көбіне айына 700 мың теңге, яғни орташа қазақстандық азаматтан бірнеше есе көп жалақы алатын айрықша артықшылығы бар топ ретінде сипаттайды (соңғы жағдайда көрсеткендей). Әйтсе де, оларды осал әрі халықтың ең саяси белсенді тобына айналдыратын бірқатар құрылымдық проблема бар. Ал билік оның шешімін таппайынша, наразылық жалғаса береді.

Мердігерлерден қызмет сатып алу

Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сынды Қазақстандағы ең ірі үш мұнай кен орны елдегі мұнай өндірісінің шамамен үштен екісін береді. Бұл кен орындарында шетелдік компаниялардың да үлесі бар: америкалық Chevron корпорациясы, британдық Shell және италиялық Eni компаниялары 1990-жылдардың ортасынан бастап айтарлықтай рөл ойнайды.

Олар ел бойынша орташа жалақыдан жоғары төлеп, жұмыста қатаң қауіпсіздік ережелерін енгізді, мұнысымен халықаралық стандартты алып келді. Бірақ вертикаль біріктірілген кәсіпорындарды кішігірім кәсіпорындарға бөлуді қалыпты жағдайға айналдырып, Қазақстанда қосалқы мердігерлікті алға тартқан да солар еді.

Ең ірі өндіруші компаниялар жалақы стандарты және қауіпсіздік шарасы секілді ережелерді сақтамайтын мердігерлердің қызметін сатып алу арқылы жұмысшылар алдындағы жауапкершіліктен құтылды. Ірі ойыншылар тендер көмегімен қосалқы мердігерлерді шектеулі жұмыс орындарына бәсекелесуге мәжбүр етті, сондай-ақ оларды технология мен еңбекақы шығынын төмендетуге итермеледі. Жасалған келісімшарттардың мерзімі үнемі қысқарып отырды, мұның кесірінен мұнайшылар тұрақты жұмысқа тұра алмады.

Жаңаөзен мен Ақсай секілді мұнай мен газ өндірісіне негізделген қалаларда тендерден ұтылу қосалқы мердігер компаниялар үшін өлім мен өмір мәселесі. Тендерде жеңіске жетпеген компания жұмысшыларын қысқартып, ірі кен өндіруші компаниялар тендер жариялағанға дейін жұмысын тоқтата тұруға тура келеді. Жұмыстан қысқартылған қызметкерлердің тендерден ұтқан компанияға жұмысқа тұрудан басқа амалы қалмайды. Олар көбінесе салыстырмалы түрдегі төмен жалақы мен еңбек қауіпсіздігі жағдайына келісуге мәжбүр. Себебі бұған келіспесе, қызмет көрсету кәсіпорындары жұмыссыз тұрған басқа фирманың жұмысшыларын жұмысқа алады.

Аутсорстағы жұмыс күші

Мұнай-газ кәсіпорындары кен орындарын игеру және инфрақұрылымды күрделі жөндеу кезінде мыңдаған қосымша жұмысшы тарта алады. Олардың еңбекақысына кететін шығынды азайту үшін ірі компаниялар 2000-жылдары Қазақстанда аутсорс еңбегі стандартын енгізді. Мұнай және газ алпауыттары жұмысшыларды агенттіктер көмегімен жалдау арқылы штатта адам көбеюіне жол бермейді, сондай-ақ жалдау және жұмыстан шығару жауапкершілігін үшінші тұлғаға жүктей алады.

Сол себепті мұнайшылар жұмыс процесіндегі осындай мәселелерге тікелей тәуелді. Жұмысшылар қажет болған апта, айларда оларда жұмыс болады, кейде бұл жұмысына жақсы еңбекақы төленеді. Алайда жұмыс алаңы немесе нысанды қайта жөндеу жұмыстары аяқталған соң немесе компания тендерден жеңілгенде, олар жұмыссыз қалады. Бұдан кейін мұнайшылар «жақсы ақша төлейтін жұмыстан» тұрақсыз жұмысқа өтеді.

Одан бөлек, олардың жұмысын тұрақты жалақы алатын кеңсе қызметкерлерінің еңбегімен салыстыруға келмейді. Компаниялар мұнайсервисіне қызмет көрсететін жұмысшыларды «ашкөздігі» және елдегі орташа жалақы деңгейінен (ресми дерек бойынша, айына 250-300 мың теңге) көбірек ақша алғысы келетіні үшін жиі сынға алады. Алайда мұнай кәсібінде жұмыс істейтіндер еңбекақысын ай сайын емес, ауысымға алады. Олар кеңсе не медицина қызметкерлері секілді жұмыс істемейтін уақытына ақы алмайды. Кей ірі компаниялар ғана мұнайшылардың «жақсы өмір сүруіне» мүмкіндік беретін бір жылға толық еңбекақы төлей алады. Алайда аутсорсингтің белең алуынан кейін мұндай жұмыс орындары қысқарып жатыр.

Мұнайсервисіндегі келісімшарттар мен жұмыс күшінің аутсорсингі әсерінен түрлі компанияның логотипі көрсетілген әртүрлі комбинезон киген адамдар бір кен орнында бірдей жұмыс істейді. Алайда олардың ең басты айырмашылығы – еңбек жағдайы, қауіпсіздік стандарты мен еңбекақы деңгейі. Бұл мұнайшылар арасында теңсіздік тудырады, ал олар бұны ереуілдер мен наразылық шарасын өткізіп, тәуелсіз кәсіподаққа бірігу арқылы ғана еңсеріп келді.

Кәсіподақ пен жұмысшылар бірлестігін басып-жаншу

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін кәсіподақтар дағдарысы мен жұмысшылар қозғалысы күшейе түсті. Мемлекет 30 жыл бойы жұмысшылардың жаппай наразылық акциясына қатысу және ұжымдық талап қою құқығын шеттейтін заңдар қабылдап келді. Заңдар көбіне басқа елдерден көшірілді, ал өндіруші трансұлттық компаниялар бұл заңдардың қабылдануына қол жеткізді.

Билік үнемі кәсіподақ белсенділерін қудалаумен болды: оларды өлтірді, ұрып-соқты, түрлі тәсілмен қорқытып, қылмыстық іс қозғады. Бұл барлық тәуелсіз кәсіподақтың жабылуына себеп қана емес, сондай-ақ жаңа кәсіподақтардың ашылуына кедергі болып отыр.

Кейінірек кәсіподақтар қызметінің беделі жұмысшылар құқығын қорғаймыз дейтін мемлекеттің көзбояушы институттары арқылы жүйелі түрде жойыла берді. Олар сондай-ақ тәуелсіз еңбек ұйымдарының түбіне жетуді көздеді.

Мемлекет жұмысшылардың әрекетін заңдастыруға ұмтылғанымен, олардың әрекеті әлі күнге дейін дұшпандық ретінде қабылданады. Өйткені жұмысшыларда басқа байланыс құралы болмағандықтан, ереуілге шығу – проблемасын жеткізудің жалғыз жолы болып қалады.

Мұнай кәсібі нарығындағы шектеулер

Маңғыстау облысындағы мұнай кәсіпорындарының жұмысшылары «ҚазМұнайГазға» қарасты «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» еншілес компанияларына тәуелді. Олар жергілікті халыққа жұмыс беретін ең ірі компаниялар мен қазақстандық мұнай саласына қызмет көрсететін фирмалардың негізгі тапсырыс берушісі. Ұлттық компанияларға балама ретінде санаулы орта және шағын кен орны бар. Бірақ олардың бірте-бірте құруы қазақстандық мердігерлердің қызметін сатып алудың төмендеуіне алып келеді.

2030 жылға қарай «Алып үштік» саналатын Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындары мұнай көлемінің 73 пайызын шығаратын болады. Көмірсутекті өндіру құрылымында шағын және орта кен орындарының үлесі төмендей береді. Сондықтан мұнайсервис қызметтерінің негізгі бөлігін қазірдің өзінде сұраныстың 87%-ға жуығын құрайтын ірі компанияларға тапсырыс беретін болады.

Заңнама жергілікті қамтудың үлесі жоғары болуы керек деп міндеттесе де, ірі кен орындарының операторлары жергілікті емес, өз фирмасын ашқан немесе қазақстандық заңды тұлғаларға қатысушы шетелдік мердігерлерге басымдық береді. Сондықтан олар мұнай саласына қызмет көрсету құрылымында басымдыққа (кәсіпорындардың жалпы санының 56 пайызына) ие. Сыбайлас жемқорлық қаупі мен олардың қызметіне әкімшіліктің араласу ықтималдығына байланысты жергілікті кәсіпкерлерге деген сенім төмен күйінде қалып отыр.

Билік тығырықтан шығудың жолын таппаса, ҚМГ қазақстандық мұнай-сервистік компанияларға қызмет көрсететін жалғыз тұтынушы болады. Олардың бір бөлігі жабылуға мәжбүр болады, өйткені өндіріс мөлшері төмендеп жатқан ӨМГ, ММГ және ЕМГ осынша ұсынысты қанағаттандыра алмайды. Өзге жұмыс орындары болмаса, жұмыс талап етуші мұнайшылардың саны арта береді.