12185
15 апреля 2022
Алмас Қайсар, Паоло Сорбелло, суреттерді Алмас Қайсар түсірген, Жаңаөзен – Алматы, Власть

«Жаңаөзен мұнай шығатын қалаға ұқсамайды»

Маңғыстаудағы мұнайлы қаланың өмірі мен болашақ үшін күресі

«Жаңаөзен мұнай шығатын қалаға ұқсамайды»

Жаңаөзен – Қазақстандағы әділет үшін күрестің символы іспетті. Елдің біраз аймағына тараған биылғы қаңтардағы наразылық дәл осы мұнайлы моноқалада басталды. Жергілікті тұрғындар жылдар бойы әл-ауқатын арттыру және қаланы өркендету үшін күресіп жүр. Ашық наразылық білдіретініне, көп көлемде мұнай өндіретініне қарамастан, қалада жұмыссыздық, тұрғын үй, инфрақұрылым, жалпы қаланың болашағына қатысты көптеген мәселе бар. Жаңаөзендіктер мұнай таусылғанда қаланың жайы не болады деп алаңдайды.

Власть Маңғыстау облысындағы мұнайлы моноқалаға барып, қаланың болашақ үшін күресті қалай жалғастырып жатқанын біліп қайтты.

Кейіпкерлердің қауіпсіздігі үшін кейбірінің есімі өзгертілді.

Жаңа Өзен (қазір Жаңаөзен) 1960 жылдары Маңғышлақ (қазір Маңғыстау) өңірінде Өзен кен орны ашылғаннан кейін ауыл ретінде пайда болды. Ауылда жұмысшылар мен олардың отбасы тұрды. Кен орнында мұнай өндіру 1965 жылы басталып, 1968 жылға қарай жыл сайын 5,5 миллион тоннаға жетіп, республиканың мұнай өнеркәсібіне елеулі үлес қосты. Уақыт өте келе ауыл қала мәртебесіне ие болып, ресми дерекке сәйкес, 2021 жылға қарай қала агломерациясының саны 156 мыңға жетті. Қаланың өзінде 81 мың адам тұрады.

Мұнайлы қалаға алғаш келген адам терезе жақтауы, тротуар мен киімде ізі қалатын шаңмен және желмен бетпе-бет келеді. Ал кейін мұнай өндірісі нәтижесінде қалыптасып жатқан қаланың бейнесі көзге түседі. Автобустарда мұнай өндірумен айналысатын компаниялардың логотипі ілінген. Ал халық күнделікті серуенге шыққанда дәл сондай жапсырмасы бар арнайы киім киеді. Сирек кездесетін билбордтар мен баннерлерде әйгілі мұнайшылардың суреті бейнеленген.

Десе де, қалада мұнайшылар қарасы аз. Олар штаттық режимде жұмыс істейді немесе «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қарасты «Өзенмұнайгаз» мұнай компаниясына қызмет көрсетеді.. Жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі ұлттық компаниядан жұмыс табылса екен деген үмітпен өмір сүреді. Себебі тұрақтылыққа кепіл беретін жалғыз нәрсе – осы.

Тұрғындарды мұнай өндірісінің тоқырауға ұшырап, жыл сайын 5,3–5,5 миллион тонна деңгейінде қалып отырғаны, жалпы қала тағдыры және Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері мұнда өндірілген ресурс қаланың дамуына айтарлықтай серпін бермегені алаңдатады. Қала бюджеті де қарапайым: 2022 жылғы шығын 11,2 миллиард болса, табыс – 12 миллиард.

Мұнайлы моноқаладағы жұмыссыздық

Таң атқалы Жаңаөзен әкімдігі маңында полиция қаптап жүр. Бірнеше полицей сол аумақты торуылдады. Түстен кейін, шаңды әрі суық желге қарамастан, бір топ адам әкімдік сатысына мініп, бейнеүндеу жазды:

«Бүгін, наурыздың 4-і, 2022 жыл. Біз, Жаңаөзеннің жұмыссыз халқы, 34 күннен бері әкімшілік алдына бейбіт шеруге шығып жүрміз. Өкінішке қарай, мәселеміз еш шешілмеді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан мемлекеттік деңгейде комиссия құрып, қаламызға келіп, жұмыссыздардың мәселесін шешіп беруді талап етеміз!» – деп жүздеген адам ішінен қолында қағазы бар ер адам оқып берді. Плакаттарында «Жұмыссыздық жойылсын» деп жазылған.

«Қолдаймыз! Қолдаймыз!» – деген сөздер естілді. Бұдан кейін жиналғандар талабын айтып, тағы бір бейнеүндеу жазды: «Өзенмұнайгазға қарасты кәсіпорындарға тұрақты жұмысқа орналастырыңдар».

Бұл адамдардың сөзіне қарағанда, олар мұнда күнделікті бейбіт түрде жиналып, таңнан кешке дейін тұрады. Кейін артын тазалап кетеді. Олардың арасында жастар да, ересектер де, тіпті жұмыссыз баласын қолдауға келген егде жастағы әйелдер де бар. Наразылар тез арада тұрақты әрі жақсы жалақысы бар «Өзенмұнайгаз» мұнай компаниясына жұмысқа орналастыруды талап етіп жүр.

«Жоқ затты сұрап тұрған жоқпыз, қолдан келетін дүниені сұраймыз. Білесіз бе, Жаңаөзенде жалақы өссе (мұнайшылар ереуілінен кейін – В), артынша базарда баға да өседі. Жалақыңыз 100 мың болса, ол түкке де жетпейді. Отбасымыз бар, балалардың оқуына төлеуіміз керек. Мұнда тұру үшін ең кемі 500 мың керек», – дейді жұмыссыздардың бірі Асылхан.

2019 жылы Жаңаөзен жұмыссыздарының осындай ереуілдерінен кейін жергілікті билік ұлттық компаниямен бірлесе отырып, «Өзенмұнайгаз» және оған қарасты компанияларға жұмысқа орналастыру тізімін құрды. Жаңаөзен әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағамбетовтің сөзіне қарағанда, бұл тізімді құрғалы 1,5 мыңнан аса адамға жұмыс табылды.

Алайда наразылар бұл істің әділ жүріп жатқанына сенбейді. «Құжаттарды қарасаңыз, жұмысқа үміткерлер арасында полицейлер мен прокурорлардың балалары бар. Тізімде болмаса да, кіріп жатқандар бар. Ал қарапайым халық тентіреп далада жүр», – дейді наразылардың бірі Темірлан. Тағы бір жас жігіттің айтуынша, тізім бойынша одан кейін тұрған адамдар жұмысқа орналасыпты, ал ол әлі жұмыссыз.

«Жұмыс орнын бердік қой, неге тарамай жүрсіңдер деп сұрайды. Бір ғана талабымыз бар. «Өзенмұнайгазға» қарасты жұмыс тауып берсін. Біз бұған лайықпыз. Себебі біз – Жаңаөзен тұрғынымыз, осында туып-өстік. Ал олар бізге жеке шаруа серіктестіктерінде жарты жыл не бір жылдық жұмыс ұсынады. Алдап-сулап таратқысы келеді. Көлік, үй, ақша сұрап тұрған жоқпыз. Бізге екі қолға күрек пен жұмыс берсін», – дейді Арлан.

Мұнда полиция келіп, митиңнің заңсыз екенін айтты. Наразылардың сөзінше, олар таң ата әкімдік алдына жиналған ондаған жігітті таратпақ болған. Жұмыссыздар «мұнда тұруға толық құқымыз бар, өйткені бәрі бейбіт түрде өтіп жатыр» дейді. Олар бұл наразылықта өздерін жалғыз сезінетінін әрі наразылықты саясиландырғысы келмейтінін айтады.

«Мұнда біздің жалақыға күн көру қиын. Оңтүстікте бірдеңе қылуға болатын шығар, ол жақта егін егуге болады. Ал мұнда шөп те өспейді. Экологиясы нашар. Жұрттың ойынша, Жаңаөзен – мұнайшылар қаласы. Алайда 160 мың халықтың 10 мыңы ғана мұнайшы. Мұндағы бағаны қалтамыз көтермейді. Көбінің басында несие бар, адамдар өмір сүру үшін барын салып жүр. Мұнда игерілуі керек қаншама кен орны бар. Ал олар бізді жеке серіктестіктерге жібере береді. Неге бәрі жеке серіктестік қолында? Неліктен «Өзенмұнайгаз» қарамағында емес?» – дейді Арлан.

Наразылар қаласы

Жаңаөзен ондаған жыл бойы әлеуметтік сілкініс пен толассыз наразылық орталығы болып келеді. Олардың басым көпшілігіне жергілікті тұрғындардың мұнай кеніштерін игеруден оларға ешқандай пайда келіп жатқан жоқ деген ойы себеп.

Өңірдегі мұнай өндіруші кәсіпорындар жұмыс істей бастаған сәттен 1980 жылдардың соңына дейін мұнда Кавказдан келген вахта жұмысшылары қызмет еткен. Ал жергілікті халық ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеген. Ішкі миграция ережесі қатал болғандықтан, олар қалада жұмысқа орналаса алмаған. Сондай-ақ мұнда мұнай мен газ өндірілетініне қарамастан, халық жылыту үшін көмір мен отын пайдаланып келген.

«1989 жылы Жаңаөзендегі өмір қиын еді. Сауда орталықтарында, мұнай және көлік кәсіпорындарында кавказдықтар отыратын. Онда жергілікті халықты жақындатпайтын. Жемқорлық, пара алу өршіп тұрған. Талон беріп, дефицит болған кездері солай еді. Халық соған наразы болды», – дейді Жаңаөзен тұрғыны Қожаберген. Оның әкесі – мұндағы мұнайды алғаш тапқандардың бірі.

1989 жылы маусымның 16-сы күні Жаңаөзенде ұлтаралық жанжал болды. Ол кейін бүкіл өңір бойынша жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оған 30 мыңға тарта адам қатысты. «Мен сол кезде достарыммен болдым. Өзеннен 18 шақырым қашықтағы Қызылсайда едік. Көтеріліс болып жатқанын естіп, автобуспен сонда бардық. Халық көп болды. Жұрт көшеде кавказдықтарды ұстап алып, соққыға жықты. Сосын Ресейдің «қызыл бөрікті» арнайы жасағы келді. Олар кавказдықтарды газ өңдеу зауытына апарып, сол жерде күзетті. Бір күн ішінде оларды әуежайға апарып, еліне қайтарды», – дейді Қожаберген.

Ресми деректерге сәйкес, тәртіпсіздік кезінде 5 адам өліп, 100 астам адам әртүрлі жарақат алды. Осы оқиғадан бірнеше күн өткеннен кейін Геннадий Колбин Қазақ КСР коммунистік партиясының бірінші хатшысы қызметінен алынып, Қазақстан басшысы қызметіне Нұрсұлтан Назарбаев тағайындалды.

«1986 жылы Алматыда жастар мен жас жұмысшылар көтерілгенде, олардың арасында мен де болдым. 1989 жыл әлі тәуелсіздік алмаған уақыт. 1986 мен 1989 жылғы оқиғаларда ұқсастық бар. Осы оқиғалардан кейін қазақтар барлық жерде жұмыс істей алды. 1990 жылдардың басы жақсы еді. Еркіндікті сезініп, кәсіппен айналыса бастадық. Әрине, қиындық та болды, жалақы төленбеді және мемлекетте бүкіл байланыс үзілді. Бірақ артынша бәрі жақсарды. Ал енді он жылдан кейін жағдай қиындай түсті», – дейді Қожаберген.

2000 жылдардың өзінде өнеркәсіп өндірісінің өсуіне қарамастан, қалада еңбек жағдайына, жалақы деңгейіне және «ҚазМұнайГаз» құрылымдық бөлімшелерін жекешелендіруге байланысты еңбек жанжалдары жиі болатын.

2011 жылы Қазақстан тарихындағы ең ірі әрі ұзақ ереуіл болды: ол жеті айға созылып, сол аралықта жаппай жұмыстан шығару, шабуылдар болып, жұмысшылар арасынан шыққан кей белсенділер өлтірілді. «Өзенмұнайгаз» компаниясына қарасты түрлі кәсіпорын жұмысшылары Жаңаөзендегі тәуелсіздік алаңына ереуілге шықты.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні жергілікті билік Жаңаөзендегі тәуелсіздік алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуді жоспарлаған. Алайда мереке басталмай-ақ алаңда жаппай тәртіпсіздік басталды. Оған не түрткі болғанына қатысты таласты пікір көп. Қала әкімшілігі, «Өзенмұнайгаз» ғимараты мен қала орталығындағы қонақүй өртелді. Наразыларға оқ атылып, қалаға әскерилер мен арнайы жасақ кіргізілді.

«Мен сол кезде алаңда болдым. Полиция келіп, оқ жаудырды. Біз резеңке оқ шығар деп тұра бердік. Кейін әскери оқпен ата бастады. Адамдар құлап жатты. Қорқып кеттік. Алайда соның өзінде адамдар бас сауғалап қашпады. Жігіттер жеті ай бойы сонда тұрған ғой, олардың есі ауыса бастады», – дейді жергілікті белсенді Ғабиден Дауылбайұлы.

Тұрғындардың басым көпшілігі арандатушылықты сол күні сырттан келгендер жасағанына сенімді. «2011 жылы алаңның қақ ортасында жүрдім. Онда жастар мен жетімдерді қолына керосин ұстатып алаңға жіберген. Сендерді кім жіберді деп сұрағанмын. “Бізді жертөледе дайындаған, өртеуге бұйрық берді” деп жауап қайтарды», – дейді жергілікті тұрғын Гүлжазира.

Ресми деректерге сәйкес, сол күні 16 адам қаза болып, жүздеген адам жараланған. Жергілікті халық зардап шеккендер саны әлдеқайда көп деп санайды.

2011 жылдың қарашасында жұмысшылар наразылығы өршіп тұрған тұста үкімет Жаңаөзен қаласының 2012–2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын қабылдады. Кешенді жоспардың құны – 46 миллиард теңге. «Асфальт төседі, қалада әйтеуір әлеуметтік даму болды. Мұны істеуге сонша адамның қаны төгілуі керек пе еді? Кейін бәрі бұрынғы қалпына келді. Еш даму, ешқандай инфрақұрылым болмады», – дейді Дауылбайұлы.

Мереке күндері Жаңаөзен орталығындағы алаңды полиция торуылдайды. Қала ауасы тарылады. «Бір кездері, 2012-2013 жылдары Жаңаөзен атауын Бекет Ата деп өзгертпек болған. Бұл біздің қасиетті жеріміз. Шал (бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты меңзеп тұр – В.) бұл қаланы ұмытқысы келді. Атын құртқысы келді», – дейді Зәуреш.

2022 жылы қаңтардың 2-сі күні Жаңаөзенде наразылықтың жаңа легі басталды. Оған өңірдегі көліктердің басым көпшілігі қолданатын сұйылтылған газ бағасының өсуі себеп болды. Ізінше наразылық Қазақстанның көптеген өңіріне жайылды. Жаңаөзендегі наразылық (8 қаңтарға дейін созылған митиңдер) бейбіт сипатта өтті.

«Баға ай сайын өсіп, газ бағасы 120 теңге болды. 30 жыл ішінде түк бітірген жоқ, жаңадан салынған фабрикалардан жабылып жатқаны көп еді. Мыңдаған жұмыссыз адам. Бәрі көзбояушылыққа және ұрлыққа толы. Қаңтарда шыдамымыз шегіне жетті. Алаңға шықтық», – дейді қаңтар оқиғасына қатысушылардың бірі Жоламан Сейілов.

Дауылбайұлының айтуынша, наразылармен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен газ өңдеу зауытының директоры (ол кейін тұтқындалды – В.) кездесіп, тұрғындарды газ бағасына әсер ете алмайтынына сендірмек болған. Халық тарамаймыз дегесін, газ бағасын 85 теңгеге түсіреміз деген. «Халық айтқанынан қайтпады. 50 теңгеге түсіруді талап етті. Өйткені жергілікті халық ішінде баға белгілеуге делдалдар қатысты деген сыбыс тараған. Қазір олар жоқ. Баға 38–40 теңгеге төмендеді», – дейді ол.

Баға қаңтардың 4-і күні төмендегеніне қарамастан, наразылық қаңтардың 8-іне дейін жалғасты. «Газ бағасын түсірсе де, халық тарамады. Өйткені олар Назарбаев жүйесін көргісі келмеді. «Шал, кет!» деп айғайлады. Бүкіл Қазақстан басылғаннан кейін ғана тарай бастады», – дейді Дауылбайұлы. Ол қалада полиция қызметкерлерінің аз болғанын әрі әскерилердің мүлде болмағанын сөзге тиек етті. Митиңге жиналғандар тәртіпті өзі бақылаған.

«Митиңге шыққанда жақын маңдағы дүкендерге арақ сатуға тыйым салды. Бақылау болуы үшін. Алпыс жігітті аудан-ауданға бөлді. Жалпы бұған дейін дүкен сатушыларымен сөйлестім, оларға әкімдік наразыларды әжетханаға да кіргізбеңдер деп бұйрық берген екен. Бірақ бұған бәрі бағынбады, кейбір дүкендер халықты қолдап, кіруге рұқсат берді», – дейді Зәуреш.

Жоламан 2011 мен 2022 жылғы наразылықтың арасы жер мен көктей дейді. Жаңаөзендіктер 2011 жылы сезінбеген қолдауды осы жолы сезіп, жеңісті осымен байланыстырады.

«2011 жылы Қазақстан Жаңаөзенге еш көмек көрсете алмады. Сондықтан көптеген қала өзін кінәлі сезінген. Ал енді қаңтарда бізді барлық өңір қолдады. Мәселен, Алматы халқы да алаңға шықпағанда, Жаңаөзенді әскерилер жауып тастар еді. Қудалау басталар еді», – деп ойлайды Дауылбайұлы.

Мұнайдың қақ ортасындағы өмір

Таңертең көрген қала тұрғындарының жартысы – қызыл-қызғылт түсті киім киген коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері. Олар қоқыс жинап, көшелерді тазалайды. Алайда сынық тротуарлар мен шаңның кесірінен қала еш тазармайтындай көрінеді.

Уақыт өте келе көше мұнайшылардың арнайы киіміне ұқсас неше түрлі киім киген адамдарға толды. Кейбірі аялдамада автобус күтіп тұр. Бір топ адам «Тазалық-С» коммуналдық кәсіпорын жұмысшыларымен сөйлесуді ұсынды: «Біз өзіміз туралы жеткілікті айтып жүрміз. «Тазалық-С» әйелдерімен сөйлесіңізші. Олардың қиын өмірі туралы сұраңыз».

Орталық алаңда қоқыс жинап жүрген сол компания жұмысшысын кезіктірдік. Айман Жаңаөзенге 2000 жылдардың басында Өзбекстаннан көшіп келген.

«Көшіп келгелі бері үй жалдаймын, өз үйім жоқ. Қазір «Тазалық-С» мекемесінде жұмыс істеймін. Жұмысқа алғанына разымын. Мен жазылған мешіт те көмектесіп тұрады. Апта сайын тамақ әкеліп береді. Жалақым 84 мың теңге, бұған да шүкір. Алайда ақшамды жеткізе алмаймын. Пәтерге 50 мың теңге төлеймін. 20 мыңға дәрі сатып аламын, дәрісіз өмір сүре алмаймын. Онсыз жерге құлай беремін. Кей жаңаөзендіктер мына маскүнем тағы тойып алыпты ғой деп мені аттап өтеді», – дейді ол даусы дірілдеп.

Айман ұлын оқыта алмағанына қатты өкінетінін айтады. Қазір ол уақытша жұмыстарға алданып, «шабашкада» жұмыс істейді екен. Ол жігіт те мұнай саласына жұмысқа тұруға тізімге жазылып, өзге жұмыссыздармен бірге наразылыққа шығып жүр.

«Аурумын, алайда жұмыс істей аламын, қоқыс жинай аламын. Күйеуім жоқ, үйім де жоқ, жұмыс істеуім керек. Мереке күндеріне арнайы төлем жоқ, 8 наурызда да. Бірақ бұған да шүкір, жұмысым бар. Жылына бір рет мемлекет 50 мың теңге көмек береді, бітті. Қазір өмір сүру қиындады. Өзенде бәрі қымбаттап жатыр, тіпті нан да. Өзіме жөнді тамақ та сатып ала алмаймын. Сұрарымыз тек балама жұмыс пен үй. Осы үшін баламмен жиі ұрсысып қаламыз. “Қанша жыл болды, не үйіміз, не жұмысымыз жоқ!” – дейді. Маған үй берсе ғой. Кезекте тұрмын, бірақ ала алмаймын», – дейді жұмысшы әйел.

Ол шағын сары-сұр ғимараттарға көз тастап, бұл қаланы жақсы көретінін айтты. «Халқы сабырлы. Мұнда қаншама адамның қаны төгілген түрлі оқиға болды ғой. Жастар өлмесе екен деймін. Өзенде, барлық әлемде тыныштық болса екен деймін. Украина мен Ресей соғысып жатыр ғой, оларға да бейбітшілік тілеймін».

Қалада жүріп-тұруға Indriver қосымшасын қолданады. Таксистер жергілікті сауда, ойын-сауық орталығының алдында тұрады не көшеде жүреді. Таксистердің бірі Жолбарыс 1990 жылдары мұнда көптеген адамның көшіп келіп отбасы құрғанын айтады. Қазір олардың баласы жұмыссыз. Дегенмен ол наразылардың тез арада мұнай өнеркәсібіне жұмысқа орналасу талабын шектен шыққандық деп санайды.

«Таксистпін, шамамен 150 мың табамын, күнкөріске жетеді. Әрекет етсең, өзіңді асырай аласың. Әкімдік алдына наразылыққа шығып жүргендерді түсінбеймін. Мәселен, мен кезекте тұрмын, жақында кезегім келеді. Бір кездері кезекте 700-ші болып тұрғанмын. Ал олар кезексіз алғысы келеді. Сонда қала тұрғындары арасында жанжал болады. Не үшін? Білмеймін. Барлығы тәртіп пен заң аясында болуы керек», – дейд Жолбарыс.

Күндіз көшеде жастарды көрмейсің. Жаңаөзенде жергілікті фасфудтан басқа көңіл көтеретін жер жоқ десек те болады.

«17 жастамын, колледжде дәнекерлеуші ​​мамандығында оқимын. Қаламыз дамымаған, мұнда жастарға ештеңе жоқ. Демалғымыз келсе, Ақтауға барамыз. Әрине, бәрі де мұнай саласында жұмыс істегісі келеді. Шынымды айтсам, әрі қарай не болатынын білмеймін. Кетіп қалғым келеді. Мәселен, Алматыға», – дейді жергілікті жігіттердің бірі Ақарыс.

Кешке қарай ескі үйлердегі шаңды сары түсті ымырт қараңғылық басып, қала реңі кіре бастайды. Көшеде адам қарасы азаяды. Тұрғындар орталықтан бір қабатты жеке үйлер орналасқан шеткері аймақтарға беттейді, онда ойлы-қырлы қоршаулар мен құмды жолдан басқа дәнеңе де жоқ.

«Жаңаөзенде жағдай жоқ. Мұнайлы қаламыз ғой. Жазда аптап ыстық, мұнайдың буы деген масқара! Түнімен жел, топырақ. Өзгеріс болып жатқан жоқ. Мұнда қалай өмір сүруге болады өзі? Халыққа үй салынбайды. Органда қызмет ететіндерге ықшамаудан салып берді, бітті. Өзіміз саламыз үйді. Мына үйлерге қырық жыл болған, сыртын бояп қойған, басқа ештеңесі жоқ», – дейді жергілікті тұрғын Айгүл күлгін-қызғылт түсті үйлерді нұсқап. Ол ұлы екеуі өзге жұмыссыздармен бірге наразылыққа шығып жүргенін тілге тиек етті.

Оның жанындағы әйел: «Басқа қалада тұратындар бізді миллиондап табады деп ойлайды. Ондайлар бар ма өзі? 400–500 мың алатындар ше? Мұнайшылардың өзі жаман жағдайда жұмыс істейді. Техника ескі, көліктер ескі. Сол үшін ереуілге шығып жүр. Жеке меншікте жұмыс істейтіндіктен солай»

«Біздің қаламыз мұнайлы. Украина 10 желтоқсанда Араб Әмірліктеріндегідей мұнайдан дотация жасады. Өйткені кен орындары ол Алланың сыйы. Әрбір азаматқа дивидендтер беріледі. Неге Қазақстанда жасамасқа? Бұл ондаған жылдың сұрағы болды», - дейді Зәуреш.

Ол газ бағасына қатысты наразылық кезінде алаңда жиналғандарға шай беріп жүріпті.

«Өйткені олар ержүрек адамдар, олар еркіндікті қалады. 2011 жылғы оқиғалар қайталана ма деп қорықтым. 2014-2015 жылдары Өскеменде болдым. Жергілікті кеншілер мені тұрып қарсы алды: «Сіз жаңаөзендіксіз, сізді танимыз. Жаңаөзен мен «Ембімұнайгаз» ғана мемлекет меншігінде қалды. Сөздеріңізде тұрып, Ембіні [Атырау облысындағы мемлекет меншігіндегі кен орны – В.] сақтап қалдыңыздар. Біз сияқты кедей болып қалуларыңыз мүмкін еді», – деп, сондағы әңгімені айтты.

Оның жанында Жанар Өсербаева отыр. Ол 2011 жылы Түркіменстаннан келген. Жергілікті мектепте қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болған, қазір кәсіппен айналысады. «Маңғыстау облысында қазақы дәстүр жақсы сақталған. Нағыз қазақылық осы жерден бастау алған», – дейді ол.

Жанар Өсербаева

Өсербаева қалада мәселе жетерлік дейді. Мектептер салынып жатқанымен, мұғалімдер, соның ішінде орыс тілі және математика мұғалімдері жетіспейді екен. Оған қоса, қалада үйлер де ескірген. «Жұрттың сұрары көп. Мәселен, белсенділер тобы талаптарын тізіп шықты: қала белсенділерімен бірлесе отырып қалаға арналған бизнес жоспар жазу; мұнай өндеу зауыты мен жылыжай салу; қаланың өркендеуіне қаржы бөлу; жыл сайын ең кемі екі-үш үйдің сыртын кірпішпен қаптап, «Өркен» ықшамауданындағы үйлерді заманға сай жаңарту. Мұнай өндірсек те, қаламыз дамымаған, өңсіз. Дубай секілді бола алар едік».

«Тарихты білу үшін қалада мұражай ашу керек. Мұнайды кім ашты? Мұнай қайдан пайда болды? Балалардың баратын жері жоқ. Бұрын Кендірлі курорт қалашығын саламыз деген. Қайда? Салмады. Мұнай бітсе, халық қалай күн көреді? Бұрын Түркіменстанда Красноводск [қазір Түркіменбашы – В.] қаласы болған. Қандай керемет қала еді. Қала бомба түскен секілді қазір, халқы кедей. Ол да мұнайлы қала болған. Суды Еділден, Ресейден аламыз. Соғыс салдарынан онда бөгет қойса, сусыз қаламыз. Неге осы жерден құдық қазбасқа? Кем дегенде гүл суғарар едік. Жазда бөшкемен бесінші қабатқа дейін су тасимыз. Жұрт шомыла алмайды. Қалада ыстық су болмайды. Мұнайшылар қаласы дейді. Ұят», – деп ызаланды Зәуреш.

«Өзенмұнайгаз» компаниясынан тыс мұнайшы болу

«Күзет бекетінде ешқандай жағдай жасалмаған. Жаңбыр жауса, шатырдан су өтеді. Тамақты өзіміз әкелеміз. Бізді таситын маршрут біресе келеді, біресе келмейді. Мәселен, көзі ілініп кетіп, ішке бөтен көлік кіріп кетсе, алты ай бойы жалақымыздан 25% ұстап қалады. Бұл заңсыз ғой! Кәсіподақ мұны бақыламайды. Мұнайдың қасында жүреміз, оның зияны үшін бізге төлемейді. Бізге су мен сүт берілуі керек. Мұнайшыларға тамақ таситындай бізге де сол тамақты беруі керек. Жаңаөзенде мұнай өндіріліп жатыр. Ал біздің айлығымыз төмен. Жаңаөзен мұнай шығатын қалаға ұқсамайды. Халықтың халі нашар», – дейді KMG Security жеке күзет компаниясында жұмыс істейтін Ардақ. Олар екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады. Бірінші ауысым 10 сағатқа созылса, екінші түні 14 сағат тұрады.

Қаңтар оқиғасынан кейін KMG Security қызметкерлері жалақыны 200 мың теңгеге көтеріп, компанияның «Өзенмұнайгаз» қарамағына өтуін талап етіп, жұмысын тоқтатты. «KMG деген – ҚазМұнайГаз. Еңбек жағдайы қамтамасыз етілмегесін, «Өзенмұнайгаз» қарамағына өтуді сұрадық. 2011 жылдан кейін бәрі жеке меншікке өтті. Неге? Жұмысшылар жеке меншікте жұмыс істесе, бірдеңе талап ететіндей күші болмайды. Ал мемлекеттік компанияда болғанымызда, біртұтас әрі күштірек болар едік», – дейді Ардақ.

Көптеген кәсіпорын жұмысшылары еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көбейтумен қатар, «Өзенмұнайгазға» қосылуды да талап етті.

«Жақында ғана «Жанарыс» тігіншілері ереуілдетті. Олар мұнайшыларға арнайы киім тігеді, сол үшін «Өзенмұнайгаз» қарамағына өткісі келеді. Бізде де солай. Неге? Мұнайшылардың техникасы мен заттарын күзететін біз, сол үшін «Өзенмұнайгазға» өткіміз келеді. «Бұрғылау», «КЕЗБИ» және өзге кәсіпорындарда да солай», – дейді Ардақ.

Жаңаөзендегі ереуілдерді көбіне «Өзенмұнайгазға» қызмет көрсететін жеке мұнай компаниялардың қызметкерлері бастайды. Мәселен, былтыр қалада ереуілдер өтті, оған негізінен мердігер және аутсорс компания жұмысшылары қатысты. Олар ол кезде фирмалар мен басқа мұнай компаниялары арасындағы әлеуметтік қамсыздандыру мен жалақы бойынша теңдікті талап етті.

Дегенмен, бұл ереуілдердің басшысы жоқ, бәрі стихиялы түрде өтеді. «Біз, KMG-S жұмысшылары өзара талап қоямыз. Өзге кәсіпорындармен келіспейміз. Шу көтереміз, басқа жұмысшылар бізге қолұшын созады: ыстық күндері су әкеліп беріп, ақшалай да көмек көрсетеді. Біз шықсақ, 24 сағат тұрамыз. Қалада бір-бірімізді қолдаймыз. Ал Жаңаөзенді барлық өңір қолдаған қаңтар оқиғасынан кейін ерекше күш пен бірлікті сезіндік».

Жаңаөзенде компанияларды мемлекет меншігіне өткізу талабы 2009 жылдан бері айтылып келеді, әйтсе де, түк өзгермеді. Кей-кейде жалақы мәселесі мен еңбек жағдайына қатысты талаптар шешілуі мүмкін, алайда компанияларды мемлекет меншігіне өткізу қарастырылмайды.

«Қазір өзгеріс болмаса, ертең қала өледі»

«Назарбаев диктатурасының бассыздығына шыдамай, 2019 жылдан бері белсендіміз, халық үшін күресеміз. 2019 жылы Қытай зауыттарының құрылысы жайлы жаңалық тарай бере, наразылыққа шықтық. Сол жерде белсенділермен танысып, бірігіп, әрі қарай да байланыста болдық. 40-50-дей адамбыз. Патриоттардың бейресми ұйымымыз десек те болады. Талай қиындығын да, жеңісін де көріп келеміз. Белсенділердің тұрақты жұмысы мен қолдауы жоқ. Алайда біз, патриоттар елімізді жақсы көреміз, сол үшін күресеміз», – дейді жергілікті белсенді Жоламан Сейілов.

Ол Түркіменстанда туып, 2010 жылы Жаңаөзенге көшкен. Құрылыс саласында жұмыс істеген, 2011 жылғы оқиғалардың басы-қасында жүрген, сондай-ақ қаңтар оқиғасына да қатысқан. Оның қасындағы – Ғабиден Дауылбайұлы. Ал қабырғада Жаңаөзен мен Маңғыстаудағы ереуілдер туралы жазатын El bilsin медиа арнасының постері ілінген.

«Бізді көп шеттетеді. Мұнайшысың ба, сенде бәрі жақсы. Мұнайшы болмасаң, ешқандай жағдай жоқ. Жаңаөзенде өмір сүру қиын, жағдай жоқ, тұйық қала. Өнімдер сырттан әкелінеді, мұнайдан қаланың әлеуметтік дамуына ақша түспейді. Міне, мәселе осындай. Негізі өзім құрылысшымын. Мұнай компаниясында жұмыс істегенмін. Жергілікті билік жұмысын дұрыс атқармайды. Өйткені олар ештеңе шешпейді. Оларға бәрін астанадан бұйырады. Олардың міндеті – солардың мүддесін қорғау. Бізге ақша бөлінсе, қала дамитын еді», – деп түсіндірді Дауылбайұлы.

Ол Жаңаөзеннің алып кен орны екенін әрі жоғарыдан қарағанда қаланың көлемі кен орнынан әлдеқайда кіші екенін айтады. Оған қоса, ол Жаңаөзенді Қазақстандағы ең демократияшыл қала деп санайды. «Халық қудалауға ұшырайтынын білсе де, ашық әрі тіке сөйлеуден таймайды. Сондықтан Өзенде өзгерістер болатынына сенемін. Біз де үнсіз қалмай, сол үшін күресеміз».

«Биліктегілер белсенділерге ермеңдер, олар саясатқа араластырады, кейін қамаласыңдар дейді. Полициямен жұмыс істейтіндер де бар. 1993 жылғы Конституцияны қайтарып, президенттік мерзімді 4 жылға түсіргіміз келеді. 2011 жылы оқ атуға бұйрық бергендер әлі жазаланған жоқ. Мәселен, 2011 жылы Қалмұханбет Қасымов (бұрынғы ішкі істер министрі – В.), 2022 жылы бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев (...) Біздің бар қалайтынымыз – Маңғыстаудың көркеюі. Былай қарағанда мемлекетке түк зиянымыз жоқ», – дейді Сейілов.

Дауылбайұлының сөзінше, олардың қатарында көзқарасы әртүрлі, мамандығы да әртүрлі 20–30 белсенді бар. Біреуі Жанболат Мамай не Мұхтар Әблязов секілді оппозиция жетекшілерін қолдаса, біреуі Сейілов секілді өзімен өзі. «Әрине, үлкен қауымдастық құрғымыз келген. Алайда Қазақстанда мұның мүмкін емес екенін түсіндік. Сол себепті халықпен біргеміз. Шыны керек, халықтан озғымыз да келмейді. Жаңаөзен партиясын құрып, парламентке барсаңдаршы деген ұсыныс көп болған. Алайда заңгерлеріміз бен экономистеріміз жоқ. Біз жай ғана жергілікті патриоттармыз».

Ол Жаңаөзенде жыл сайын 5,5 миллион тонна мұнай өндірілетінін айта кетті. Оның пікірінше, мұнайдан түскен қаражаттың бір бөлігіне ауыл шаруашылығын, балық аулау, туризм мен спорт саласын дамытуға болар еді:

«Жаңаөзен мұнайдан туды, мұнайдан өледі. Иә, осылай айтады. Қазір өзгеріс болмаса, ертең қала өледі. Бізде мал шаруашылығы дамымаған, шөп өспейді, кеме жасау, машина жасау, ештеңе жоқ. Тек мұнай бар. Мұнайшылар жалақысын алады, базарға барады, біз сауда жасаймыз. Осылай өмір сүреміз. Бірақ Жаңаөзеннің мүмкіндігі бар».