16017
10 мая 2021
Дмитрий Мазоренко, фото Азаттық радиосынікі

Қазақстанда жұмысшылар ереуілі жиіледі. Мемлекет олардың мәселесін шеше алып жатыр ма?

Еңбек дауын реттейтін механизмдер болса да, жұмысшылардың қарсылығы неге артып келеді?

Қазақстанда жұмысшылар ереуілі жиіледі. Мемлекет олардың мәселесін шеше алып жатыр ма?

Кейінгі кезде Қазақстанда жұмысшылардың ереуілге шығуы жиіледі. Оған жалақының аздығы, теңге бағамының әлсіреуі және жоғары тұтыну инфляциясы әсер етіп отыр. Ереуілшілер жұмысынан айырылып қалу қаупіне қарамастан, наразылық шарасына қатысуда. Мемлекет еңбек дауын қолданыстағы жұмысшылар мүддесін көздейтін заңнамаға сәйкес және шарттары барлық кәсіпорынға ортақ етіп сәйкестендірілмеген ұжымдық келісімшарттар механизмін дамыту арқылы шешуге тырысады. Қолданыстағы кәсіподақтар туралы заң мен Еңбек кодексі еңбек қатынасына қатысты шиеленістерді шеше алмайды, заңнама бойынша ереуілге шыққандарға қылмыстық жаза тағайындалуы мүмкін. Мемлекет жұмысшылардың лайықты еңбекақы талап ету құқығын қорғап, олардың өз бетінше ұйымдасу әрекетіне кедергі келтіруін тоқтатпайынша, жұмысшылардың наразылық көрсетуі арта бермек.

2020 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстанда жұмысшылар тұрақты түрде ереуілге шығып жүр. Алдымен «КМҚ-Мұнай», «АМК-Мұнай», «Си Бу», Bonatti сынды шикізат өндіруші кәсіпорындардың жұмысшылары ереуілге шықты. Кейінірек краншы-машинистер, мектеп бухгалтерлері, қоғамдық көлік пен жедел жәрдем жүргізушілері, сондай-ақ жекеменшік зауыттар мен коммуниалды кәсіпорын жұмысшылары ереуілдетті. Барлығында дерлік жұмысшылар еңбекақысын бірнеше есе өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. Бірақ олардың нәтижесі әртүрлі: кейде нарызылық білдірушілердің талабы толықтай немесе ішінара орындалса, кейде олар қысым көріп, жұмысынан айырылады.

Ереуілдердің мұндай жиілігіне қарамастан, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылы және биылғы жылдың бір жарым айында стоп-акциямен өткен 7 еңбек дауын тіркеді. Мекеменің Vласть редакциясына берген жауабына сүйенсек, бұл аралықта наразылық әдеттегідей Қазақстанның батысында орналасқан мұнай-газ және мұнай сервисі саласындағы кәсіпорындарда болған. Жұмысшылардың талабы Ақтөбе облысындағы «М-Техсервис» пен Қарағанды облысындағы «Транко Жезқазған» кәсіпорындарында ғана орындалды. Қалғанында жұмысшылар басшылықтың «өзара тиімді шешіміне» келісуге мәжбүр болды. Бұған қоса Еңбек министрлігі еңбек саласында 24 «дүмпу тудырған жағдайды» тіркеген. Бұлардың жартысынан көбі жалақыны өсіруге қатысты болса, 6 жағдай – жалақының кешіктірілуімен, 3 жағдай – жұмысшылардың жалақы төлеу жүйесі мен еңбек жағдайына келіспеуімен және 1 рет жұмыс орындарының қысқаруымен байланысты болған.

Еңбек министрлігі 2019 жылдың мамырында Үкімет бекіткен кешенді жоспардың көмегімен екібек дауының алдын алып, киілжіңдерді сол құжат шеңберінде шешуге талпынып жатыр. Жоспар әртүрлі мемлекеттік органдар, жергілікті билік, Қазақстан кәсіподақтары федерациясы және «Атамекен» ҰКП-ның бірлесе әрекет етуін қарастырады. Ал оның негізгі құралы – ұйымдар мен олардың жұмысшыларының арасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін ұжымдық келісімшарттар. Мекеменің берген мәліметі бойынша, қазір мұндай келісімшартты ірі және орта кәсіпорындардың 96%-ы жасаған. Одан бөлек 22 салалық және 200 аймақтық еңбек келісімі жұмыс істейді. Туындауы мүмкін шиеленістердің бәрін бақылау үшін ведомство ай сайын еңбек қауіптерінің картасын дайындайды. Карта қазір автоматтандырыла бастады. «Қолға алған шаралардың арқасында соңғы жылдары еңбек ұжымдарындағы наразылық айтарлықтай азайғаны байқалады», – деп есептейді министрліктегілер.

Қазақстан кәсіподақтары федерациясының деректеріне (ҚРКФ) қарасақ, шиеленістердің азайғанына сену қиын. 2020 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары шамамен 4500-ге жуық тексеріс жүргізіп, жұмысшылардың құқығы бұзылған 7260 жағдайды тіркеген. Бірақ жұмыс берушілерге 2614 ұйғарым ғана берілген және 182 млн теңгеге 1090 айыппұл салынған. 2021 жылдың басында ҚРКФ 27 еңбек дауын тіркеді, олардың басым көпшілігі жекеменшік және шетелдік кәсіпорындарда болған. Кикілжің кезінде үнемі ұжымдық түрде жұмысты тоқтату тіркелген. Бірақ ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінекеев мұндай шешімдер «стихиялы» түрде қабылданған деп санайды, яғни олар кәсіподақтардың бастамасы болмаған. Ереуіл өтетін кәсіпорындарда кәсіподақтар жоқ.

Тінекеев кәсіподақтардың барлық жерде болмауы жұмыс берушілердің еңбек дауын бастапқы кезеңде шешуге ынталы болмауына әкеледі деп есептейді: «Көп жағдайда жұмыс берушілер біле тұра жағдайды ушықтырады. <...> Басқарудың авторитар әдісін ұстанған және жұмысшылар тарапынан қарсылық көрсету механизмінің жоқтығына арқа сүйеген жұмыс берушілер кәсіпорындағы қарым-қатынасты өзіне ыңғайлы түрде қалыптастырады. Жұмыс берушілердің шектен шығуы, қаржыны өз пайдасына ғана жұмсайтын өзімшілдігі еліміздің бірқатар аймағындағы әлеуметтік жарылысқа себеп болды». Ал кәсіподақтар бұл мәселелердің көбін шешуге мүмкіндік береді. Бірақ Тінекеев жұмысшылардың тәуелсіз кәсіподақтар құру ықтималдығын және мемлекетке жақын ҚРКФ жүйесі аясында кәсіподақ құруға неге мүдделі емес екенін айтқан жоқ.

Кәсіподақтармен жұмыс істейтін кәсіпорындарда ҚРКФ еңбек дауының ықтималдығын бағалау бойынша жүйелі түрде мониторинг жүргізеді. Оған қоса ұйым өкілдері жұмыс берушілермен және мемлекеттік органдардың өкілдерімен жиі кездесулер өткізіп, еңбек дауының алдын алу шараларын талқылайды. Тінекеевтің жауабына қарағанда, ҚРКФ «татуластыру рәсімін» қолдайтын ұйым сияқты. Ол үшін федерация Жоғарғы сотпен даулы мәселелерді сотқа дейін реттеуге мүмкіндік беретін өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойған. Одан бөлек ұйым әр аймақта бір-бірден орналасқан 17 татуластыру орталығының жұмысын жүргізеді. Татуластыру шаралары әдетте ұжымдық келісімшартқа қол қоюмен аяқталады. Қазіргі таңда бұлар, ҚРКФ деректері бойынша, елдегі кәсіпорындардың 47,1%-да енгізілген.

Ұжымдық келісімшарттардың бір кем тұсы – ондағы шарттар бәріне ортақ заңнамалық стандарттарға негізделмейді, әр кәсіпорынға байланысты өзгеріп отырады.

Қазақстан халық партиясы да елдегі әлеуметтік-саяси жағдайға мониторинг жасап отыратынын мәлімдеді. Алайда, партия жұмысшылар ұжымы әрекетін саясиландырғысы келмейді, саяси күштермен байланыста болғысы жоқ, сондықтан да еңбек дауын шешуге аса кіріспейміз дейді. Ал парламентте ҚХП халықтың табысының аздығы, «жұмысшы кедейлік», ұлттық табыстың әділ бөлінуі, дамуға қатысты мемлекеттік бағдарламалардың тиімсіздігі, сыбайлас жемқорлық деңгейінің жоғары болуы сынды мәселелермен «жүйелі түрде» жұмыс істеуге тырысады. Осы мақсатта ҚХП үнемі депуттатық сауал жолдайды. Партия қазақстандықтардың әл-ауқатының төмендеуіне қатысты сондай сауалдың бірін үкіметке 17 ақпанда жолдады. Бірақ онда тек әлеуметтік теңсіздік пен кедейлікті дұрыс бағалауға және оларды азайту шараларын дұрыс ойластыруға жалпылама түрде ғана шақырған.

Шешім ретінде ҚХП «Халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік бірлігі» бағдарламасын дайындауды ұсынады. Онда экологиялық жағдайды жақсарту, медицинаға, білімге, әртүрлі әлеуметтік қызметтерге және инфрақұрылымға баршаның қол жеткізуін арттыру басты ұстаным болмақ. Бірақ партияның биліктің өкілдік органдарындағы статусын ескерсек, бағдарламаны әзірлеп, оны жүзеге асыру мүмкіндігі де төмен.

«Партиямыздың мәжілістегі өкілдері барлық мәселені бірдей шеше алмайды, себебі парламентте ҚХП фракциясы азшылық қатарында», – дейді партия төрағасы Айқын Қоңыров. Сондықтан ҚХП қандай да бір заңнама әзірлеп, азаматтардың «мүддесін қорғау үшін» әзірге үкіметпен, жергілікті билікпен және құқық қорғау органдарымен бірге жұмыс істеумен ғана шектеліп отыр.

Еңбек және кәсіподақ заңнамасын мақсатты түрде жетілдіруге Еңбек министрлігі, үкімет және ҚХП-мен бірге ҚРКФ те атсалысып жүр. Федерация талап қою мен ұжымдық дауларды шешу процедурасын жеңілдету; ереуіл кезінде жұмысшыларға қысым көрсететін жұмыс берушілерге жауапкершілікті қатаңдату; жалақыны кешіктіргені немесе төлемегені үшін қолданылатын шараны қатаңдату бойынша үндеу жасайды. Ұйым сонымен қатар кәсіподақтардың өкілеттігін кеңейтуге және жұмысшыларды кәсіпорындарды басқару процесіне араластыруға шақырады. Әзірге бұл жұмыс айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Жалақыны индекстеу мен ең төменгі еңбекақы деңгейін көтеру бойынша негізгі шаралар әлі күнге дейін толық іске аса қоймаған. Еңбек министрлігінің Vласть редакциясына берген түсініктемесіне сүйенсек, жұмысшылар бұл жөнінде жұмыс берушілерімен жеке келісе алады, ал заңнамада бұл міндетті деп танылмаған. Дегенмен де, жұмысынан айырылу қаупіне қарамастан наразылық білдіріп, ереуілге шығудың жиілеуі үкіметтің, ресми кәсіподақтардың және саяси партиялардың ұжымдық әрекеті жұмысшылардың талаптарына сай келмейтінін көрсетеді.

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Риттманның ойынша, мемлекеттік және ресми құрылымдардың жұмысын 2014 жылғы кәсіподақтар туралы заң, Еңбек кодексі мен Қылмыстық кодекстегі 2015 жылғы өзгерістер-ақ жоққа шығарады. «[Бұл құжаттар мен түзетулер] жұмысшылардың халықаралық құқықпен кепілдік берілген ұйымдасу, ұжымдық келіссөз жүргізу және ереуілдер өткізу құқығын шектейді. Жұмысшылар мен жұмыс берушілер даулы мәселені шешу үшін жүгінетін заңда жазылған және іс жүзінде жүзеге асқан нақты әрі қарапайым процедуралар болмайынша және жұмысшылардың құқығы толықтай қорғалмайынша, “еңбек дауын болдырмауға” бағытталған кез келген мемлекеттік саясат ұзақ мерзімді аралықта тиімсіз болады», – дейді ол.

Еңбек министрлігі мен ҚРКФ үшін негізгі құрал болып отырған ұжымдық келісімшарттар шын мәнінде жұмысшылардың құқығын қорғауға көмектесуі мүмкін. Бірақ, Риттманның ойынша, басты мәселе – Қазақстанның еңбек заңнамасы жұмысшылар мен тәуелсіз кәсіподақтарға халықаралық құқықта қарастырылғандай еркін әрі ерікті ұжымдық келіссөзге қатысуға тиісті жағдай жасамауында.

Заңсыз наразылық акцияларына қатысқаны үшін тағайындалатын қылмыстық санкциялардан бөлек, Қазақстан 6 жыл бұрын ереуілді жалғастыруға шақырғаны үшін тағайындалатын қылмыстық санкциялар енгізді (3 жылға дейін бас бостандығынан айыру). Ал бұл шараны жергілікті сот заңсыз деп тапқан еді.

Стихиялы наразылықтарға кедергі келтіруден бөлек, елдегі билік тәуелсіз кәсіподақтар қозғалысын да басып тастады: «Заң жүзінде тіркеу процесін жеңілдететін 2020 жылдың мамырында кәсіподақтар туралы заңға енгізілген өзгерістерге қарамастан, іс жүзінде тәуелсіз кәсіподақтар әлі күнге дейін ұйымдасып, құқықтарын қорғау барысында айтарлықтай кедергіге тап болады. Тәуелсіз кәсіподақтар мен кәсіподақ басшыларына қатысты ұзақ жылдан бері жүргізіліп келе жатқан қуғын-сүргін 2017 жылы Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясының еркінен тыс жабылуына және Нұрбек Құшақбаев, Әмина Елеусінова және Ерлан Балтабай сияқты бірнеше кәсіподақ басшысының түрмеге қамалуына алып келді. Ал 2021 жылдың ақпанында Шымкенттегі сот салалық кәсіподақтың жұмысын қолданыстағы заңнаманың тіркеу туралы ережесін бұзды деген желеумен үш айға тоқтатты. Бұл ұйымдардың еркіндігі мен жұмысшылардың өз ісін мемлекеттің араласуынсыз жасау құқығына тағы бір соққы болып тиді».

Риттманның ойынша, мемлекет шынымен де еңбек дауының санын азайтқысы келсе, екі нәрсе істеуі керек. Біріншіден, жұмыс берушілердің қызметкерлеріне әділетті қарым-қатынас көрсетуіне қол жеткізу керек және барлық саладағы жұмысшыларға лайықты деңгейде еңбекақы төленетініне кепілдік беруі керек. Бұл тұста жұмыс берушінің тарапынан қандай да бір заңбұзушылық байқалса, оларға тиісті санкциялар тағайындалуы керек. Екіншіден, жұмысшылардың құқығы толықтай заң жүзінде қорғалуын қамтамасыз ету қажет. Олар тәуелсіз кәсіподақтар құрып, оның үлкен сенімге ие болатын және өздерінің мүддесін қорғайтын көшбасшысын сайлай алуы қажет. Сондай-ақ Қазақстан дау туған сәтте жұмысшылар да, жұмыс берушілер де бір үстелдің басында тең отырып, келіссөз жүргізе алу үшін ұжымдық келіссөздерді өткізу талаптарын жеңілдетуі керек.

«[Мұның бәрі] – Қазақстан үкіметінің мүддесіне сай келетін істер. Әсіресе қазіргі коронавирус пандемиясының тұсында. Қазақстанмен бірге әлем елдерінің көбі пандемияға байланысты экономикалық құлдырауды басынан өткізді. Қысқара бастаған экономика әлеуметтік шиеленісті де ушықтыруы мүмкін. Оған қоса Халықаралық еңбек ұйымы елде еңбек құқығы жиі бұзылатыны үшін көп жыл бойы үздіксіз бөліп-жарып атай беруі [елдің өзіне де] ыңғайсыз екенін айтпай-ақ қойса болады», – деп қорытындылады Риттман.