3140
18 мая 2023
Бейімбет Молдағали, Власть, Астана, суреттер автордыкі

«Көлді сақтап қалу жолында емес, қалпына келтіру үшін күресіп жүрміз»

Коньки тебу, бердуотчинг, мем – Талдыкөл үшін қалалықтардың белсенді күресінің көрінісі

«Көлді сақтап қалу жолында емес, қалпына келтіру үшін күресіп жүрміз»

SOS Taldykol бастамашыл тобы 2020 жылдың жазында, көлді көму басталғанда құрылды. Қазір көлдің 70 пайызы жоқ, оның орнында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бірақ әлі күнге су қорғау аймақтары жоқ. Кіші Талдыкөл көлдерін сақтап қалу бойынша соттың соңғы шешімі де әлі шыққан жоқ. 2023 жылдың басында Aqiqat корпоративтік заңгерлер коалициясы Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсірді.Көл үшін күрес қала тұрғындарын біріктіріп, көбі SOS Taldykol ұйымдастырған жиындарға қатыса бастаған. Власть тілшісі Бейімбет Молдағали сондай кездесулердің бірнешеуіне қатысып қайтты.

Астанада қаңтардың соңғы сенбісінде күн салқын әрі желді болды. Дәл осы күні бастамашыл топ сырғанақ тебуге дайындау үшін Aq-Didar тұрғын үй кешені жанында кездесу ұйымдастырды. Осы тұстан ауданда жүріп жатқан құрылыстың бәрі көрінеді.

Олардың таңданысына орай, көлде адамдар бар екен. Әкесі күрекпен айналасын тазалап, ұлы қар мен қамыс басқан, құрылыс белгісі білінетін жерді зерттеп жүр екен. Әкесі баласына алысқа кетпеуін, мұның қауіпті екенін ескертеді.

Sos.Taldykol мүшелері олармен танысып, көлді тазалауға қосыла кетті. Бұл кісі топтың бүгінгі бастамасы туралы білмеген, бірақ 2022 жылғы жазда өткен кездесулерге қатысқан. Атын айтудан бас тартты. «Мемлекеттік қызметте істеймін, сондықтан кейін басым бәлеге қалуы мүмкін», – деп қысқа қайырды ол. Айналада ғимарат жоқтығынан жел қатты сезілгеніне қарамастан, әлгі кісі қосып қойған музыканың арқасында жиналғандардың да көңілі көтеріңкі болды.

Маңайда құрылыс жүріп жатыр, техника шуы естіледі. Кәріз құбырын орнатқалы жатыр екен. Жұмысшылар қазылған топырақты қамысқа апарып төгіп жатыр. Топ мүшелері күректі кезек-кезек алып, үзіліп жасап, «Жағалау» ықшамауданындағы жаңа құрылыс пен жұмысшыларға жақтырмай қарап, көлдің қазіргі ахуалын талқылады. Аймақта жағдай әртүрлі: бір жерлерде құрылыс компаниялары жұмысты бастап кеткен, кей жерде су тартылып жатыр, тағы бір тұста жер енді игеріліп жатыр.

Көлдегі көп адамды көрген соң, тазалап біткенін күтпестен, көлге доп қуалаған балалар жүгіріп келді. Олар мұз үстінде гол соққан футболшыдай қуанып, бір отырып, бір тұрып сырғанай жөнелді. Кейін балалар қардан қақпа жасап, мұз үстінде футбол ойнады. Қайта-қайта құласа да, өздеріне қатты ұнап жатқан сияқты. Оларға ересектер де қосылды.

Әкесі мен баласы тазалық жұмысын аяқтап, конькилерін киді. Шайбы мен сырғытпа таяқтарын алды. Олар көлді жақсы біледі екен. Екеуі мұнда үнемі келіп тұратын болып шықты.

«Жақын маңдағы тұрғын үй кешеніне көшкелі бері келіп тұрамын. Қыстыгүні ұлым үйде көп отыра бермесін деп бірге ала шығамын. Жазда да келеміз. Былтыр балық ауладық, дәу мөңке ұстадық, құстарды бақыладық. Жаздыгүні мұнда керемет болады. Құтқарып қалғың келеді, бірақ адамдардың ашкөздігі бәрін құртып жатыр. Бүкіл әлем мұндай жерлерді сақтап қалуға, адам мен табиғат арасында байланыс құруға тырысады, ал бізде бәрі керісінше. Біз дамыған елдердің қатесінен сабақ алғанның орнына, бәрін қайталаймыз», – дейді ол.

Үйіне коньки әкелуге жүгіріп барып келген бала мен Sos.Taldykol белсендісі Майя Сағым да сырғанақ теуіп үлгерді.

«Көл жағасында уақыт өткізген ұнайды, біз мұз айдынын бірге тазалап, ол туралы көп адам білуі үшін, қыста да, жазда да бұл жерде уақытты керемет өткізуге болатынын көрсету үшін, мұның кезекті түрғын үй кешенін салғаннан әлдеқайда жақсы екенін көрсету үшін жиналдық. Мұны барынша көп адам көрсе деймін», – дейді Майя.

«Қазақстанда қоқиқаз бар екен, ендеше оны көзбен көру керек»

Келесі кездесу бүкіләлемдік су-батпақ алқабы күніне орай өтті. Іс-шараға Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының эксперті Руслан Оразалиев қатысып, көл және оны мекендеушілер туралы бақылауын айтып берді. Руслан Оразалиев бұл күннің 1971 жылдан бастап 2 ақпанда аталатынын айтады. «Жыл сайын түрлі тақырып таңдалады. Биыл restoration, яғни су-батпақ алқабын қалпына келтіру аясында өтті. Біз үшін мұның символдық мәні зор», – деді Руслан.

Руслан Уразалиев көптен бері құстарды зерттеумен айналысады, соған орай көлдегі құстар тақырыбында дәріс оқыды. Эксперт құстардың фотоальбомын көрсете отырып, сыбырлақ аққудан бастап қоқиқазға дейінгі қанатты достарымыздың тіршілігі жайлы қызықты деректер айтып берді. Сонымен қатар құстардың атауының мәнін түсіндірді.

«Италақаз атауы ала қаз дегеннен шыққан. Қазақта әдемі бір аңыз бар: жүз жылда ма, мың жылда ма бір рет осы құстың жұмыртқасынан желден жүйрік мақтаулы тазы шығатын көрінеді. Аңыз да болса, бекер әңгіме емес. Біздің түсінігімізде қаз – қамыс пен көлде ұя салатын құс. Италақаздың ерекшелігі – інге ұя салады. Өзі ін қазбайды, суыр немесе түлкінің ескі ініне орнығады. Кейде түлкілер ескі інінен шығып, жаңасын жақын маңнан қазады. Түлкі мен италақаздар бір жерде бір-біріне тиіспей-ақ өмір сүрген кездер болған. Ата-бабамыз да италақаздың балапаны мен түлкінің жәудірі бір-біріне тиіспестен ойнағанына куә болған шығар. Мұның бәрін олардың бәрі бір құстың жұмыртқасынан шыққаннан деп түсіндіретін. Аңыз да содан қалған болса керек», – деп түсіндірді Руслан Уразалиев.

Көлдегі кейбір құс Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Мысалы, көлдегі ірі құстардың бірі – бұйра бірқазан. Ол ғаламдық қауіп төнген құс түрі ретінде халықаралық табиғатты қорғау кеңесінің Қызыл кітабына енген. Көлде бұл құсты жаз бойы көруге болады. Қызыл кітапқа енген тағы бір құс – Талдыкөлдің басты символы, яғни қоқиқаз.

«Қоқиқаз осылай тұрысының арқасында (бір аяғына таянып тұр – В.) қорек тауып жейді. Тұмсығы да басқаша, оның көмегімен бәрін сүзгіден өткізеді. Қоқиқаз омыртқасыздарды қорек етеді. Кейбір бентос деп аталатын омыртқасыздар лай түбіндегі шөгінділерде жатады. Қоқиқаздың салмақты екі аяққа кезек-кезек түсіріп, суды лайлап, сол тұста тұмсығымен суды сүзгілейтінін байқаған боларсыздар. Кейде олардың артқа қарай жүргенін де көруге болады. Бізде сирек кездесетін түрі осылай жасайды. Қазақстан аумағында құстар балапан шығаратын солтүстіктегі ең үлкен орын бар. Ол – Астанадан 130 шақырым жердегі Қорғалжын қорығы. Астанада қоқиқаздың болуы да бекер емес, себебі көбеюге қатыспайтын құстар ары-бері ұшып жүреді», – дейді ол.

Құстар жайлы бір сағаттық әңгімеден соң қатысушылар көлдің қазіргі ахуалын талқылай бастады. Руслан Уразалиевтің сөзіне қарағанда, олар қаңтарда Aq Didar тұрғын үй кешенінде кәріз құбырларын тартуға байланысты сусыздандыру жұмыстарының белсенді жүріп жатқанын байқаған. Руслан Уразалиев дауыл кәрізінде құйылған көл суын қайта көлге құйғанын түртіп алған. Мұның соңы ластануға әкеледі.

«Бізде тек Aq Didar тұрғын үй кешенінің жанындағы жер ғана қалды ма?» – дейді қатысушылардың бірі Күләнда Сағымбайқызы.

«Іс жүзінде солай. Бұған қоса жартылай көмілген ең оңтүстік жағы бар. Қоқиқаздар болған Жасыл кварталға қарама-қарсы жатқан үшінші жерде құрылыс жүріп жатыр», – дейді Руслан Уразалиев.

Кездесуде белсенді болғандардың бірі - Күләнда Сағымбайқызы. Ол қоршаған табиғатты фотоға түсіргенді жақсы көреді.

«Жеті-сегіз жыл бұрын екіқабатты автобусқа мініп, қазіргі Ақмол, сол кездегі Малиновка жаққа Алжир мұражайына бардым. Құрылыс, ғимараттан алыстағанда мынадай көрініс ашылды: сол жағым қалың қамыс, қамыс артында көп құс болды. Көл бетінде көп аққу жүзіп жүрді, қаз бен құтан да баршылық болды. Өзім фотосуретке қызығамын, сондықтан көктем келісімен жолға шығып, суретке түсіре бастаймын. Есіл, Арқалық жаққа шығамын. Екі рет ЮНЕСКО құрамына кірген Наурызым қорығына бардым. Қорғалжын қорығына қоқиқазды іздеп барғанмын. Өйткені, меніңше, Қазақстанда қоқиқаз бар болған соң, оны көзбен көру керек. Оларды суретке түсіру бәріне бұйыра бермейді, бірақ мұндай мүмкіндік қала тұрғындарында бар», – дейді Күләнда апа.

Оның айтуынша, Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы берген мәліметке сәйкес, көлде құстардың 173 түрі бар. Ол бір жарым жыл ішінде соның 50 түрін фотоға түсіріп үлгерген. Күләнда апа бұл үшін құстарды арнайы іздемегенін айтады.

«№40 автобусқа отырып, аялдамадан түсе қалсаң, барлық құс көз алдыңда ұшып жүреді. Қайта барлық фотоны әкелген жоқпын. Жазда Русланмен (Уразалиев – В.) көрме өткіздік. Тағы төрт ауданда зейнеткерлерге арналған демалыс орталықтары бар, сол жерде Талдыкөл туралы әңгімелестім. Бұл келушілерге ұнады», – дейді ол.

Наурызда бастамашыл топ су-батпақ алқабындағы топырақ қабаты туралы дәріс ұйымдастырды. Іс-шарада топырақтану ғылымының магистрі, Канададағы Альберта университетінің PhD студенті Дәурен Қалиасқар су-батпақ алқабындағы топырақ қабатының экожүйедегі маңызы туралы айтып берді.

Әзілді былай қойғанда…

1 сәуірде халықаралық құстар күні мен күлкі күніне орай бастамашыл топ мем-кездесу ұйымдастырды.

«Ұзақ посттарға қарағанда, әзілдер “өтімдірек”. Astanovka98-дің жақында шыққан видеосын көрдіңіздер ме? Бәрі күлген смайл мен түрлі реакция жібере бастады. Бұл, әрине, кішкене көңілге тиеді, бірақ бәрі түсінікті-ақ. Сондықтан адамдар таратуы үшін мем жасауды ойладық. Әлия мұны жап-жақсы істеп жүрді, Инстаграмда жеке жобамыз болды», – дейді Sos.Taldykol белсендісі Лауриза.

Әлия Жолдасова – урбанистика мен Атыраудағы ахуал туралы Инстаграм парақшаның авторы. Оның айтуынша, парақшаны танымал етудің басты құралы – мемдер. «Мем арқылы салмақты мәселелерді көтере аламын», – дейді Әлия.

Ұйымдастырушылар танымал мемдер сақталған түрлі сайтты пайдаланады. Онда әркім өз нұсқасын жүктей алады. Олар қатысушыларды үш топқа бөлген: екі топ онлайн мем жасаса, үшінші топ басып шығарылған фотоларды қолданады. Кейбір фотолардың мәнін ашып түсіндіруге тура келді.

«Ал бұл көлді көміп жүрген, топырақ таситын КамАз. Көлікте Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорының логотипі бар. Бұл фотошоп емес», – дейді белсенді Майя Сағым.

Бір сағат бойы мемдерді асқан байыппен сұрыптап, фотошоппен жұмыс істеген соң қатысушылар қырықтан аса мем жасап шығарды. Кейін олар жартылай дөңгелене сап түзеп, барлық мемді көріп, талқылауға кірісті. Дауыс беру арқылы Sos.Taldykol инстаграм парақшасында жарияланатын 10 үздік мемді анықтады.

«Мұның керемет екенін кеш біліп қалмайық»

Бір апта өткен соң Руслан Уразалиев құстар туралы дәрісін көшеде өткізді, бұл кезде көл жағасында 30-ға тарта адам жиналды. Руслан Уразалиев құстарды бақылап көру үшін және бердуотчинг («birdwatching») өткізуге телескоп пен дүрбі ала келген. Сонымен қатар ол сол күні көруге болатын жергілікті қанатты құстар жайлы айтып берді. Бұл күні қатысушылар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ақбас үйректі де көрді. Бұл құсқа ең жоғары қорғау мәртебесі берілген.

Көлдің айналасында құрылыс жүріп жатыр. 50 шақырым жерде рұқсатсыз салынған қоқыс полигоны бар. Руслан Уразалиевтің айтуынша, бұл полигон былтыр болмаған. Бұған қоса эксперт көлді жоюдың соңы неге әкелетіні туралы айтты.

Көлді көму мен құрылыс жүргізу түгел экожүйені жоюмен қатар, ауаның ластануы, халық денсаулығының нашарлауы сияқты экологиялық проблемаларға себеп болады.

Руслан Уразалиев Астанадағы жел негізінен оңтүстік-батыс пен солтүстік-шығыстан соғады дейді. Көл бірінші бағыт бойында жатыр. Руслан Уразалиев үйлер салынса, қала су қоймаларынан соғатын бәсең желден айырылып қала ма деп қауіптенеді.

«Осы көлдердің арқасында сол жағалау түтіннен қиналмайды. Көл шаңды басатын. Кез келген су қоймасы климатты жұмсартып, ауаны ылғалдандырады. 2020 жылы бастағанда осы көлдерді сақтап қалудың маңызы туралы айттық. Биыл көлдерді қалпына келтіру жайлы айтуға мәжбүрміз. Көлдің 70 пайызынан айырылып қалдық. Міне, қараңыз, мына тұста көл болған еді, мында үш метр көл болды. Есіл өзенінен әлдеқайда таза, бірақ ұдайы көмгеннің кесірінен қоқыс пен улағыш заттар түседі. Маңайда жауын-шашын суларын тазартатын қондырғы (VOC) бар. Сондықтан әкімдік көлдер ластану көзі дегенде қателеседі. Оны өзіміз ластап отырмыз», – дейді Руслан Уразалиев көмілген аймақты нұсқап.

Сонымен қатар Руслан Уразалиев Есіл өзенінің ластануы туралы да айтты. Оның сөзіне қарағанда, өзеннің ластану деңгейі бесінші кластан жоғары. Сондықтан ол демалыс аймақтарын ұйымдастыруға жарамсыз болып қалған.

Сарапшы құс бағуды демалыс түрі ретінде кеңінен насихаттау керек деп есептейді. Ол бұл көп адамға ұнаса, кейін олар да көл үшін күрессе, әкімдік олардың сөзіне құлақ асуы мүмкін дейді. «Мұның керемет екенін кеш біліп қалмайық», – дейді ол.

Телескоптан құстарды бақылап тұрып, бір құстың белсене қимылдағанын байқадық.

«Неге олай қозғалып жатыр? Бұл бір жоралғы ма, әлде неке биі ме?» – дейді қатысушылардың бірі.

Руслан Уразғалиев телекоппен мұқият қарап алды.

«Құс торға түсіп қалған, шыға алмай жатыр. Қамыс құрағынан бастап мына жерге дейін жүз метрлік тор бар. Таңертең балықшы-браконьерлер келген. Бұл – қызылбас үйрек. Құтқармасақ, өледі. Фактіні тіркеу керек. Жағымсыз көрініс», – деді Руслан көл жаққа қарай мұңая көз тастап.

«Біз оны құтқарамыз ба?» – деп сұрады балалардың біреуі.

«Қайық керек. Қайық болғанда құтқарушы едік», – деді Руслан.