3245
14 июля 2023
Суретті түсірген Алмас Қайсар

Ресурсқа тәуелділіктен емделу

«Жоғарыдан төменге» саясаты Қазақстан қалаларының шынайы даму әлеуетін зерттеуге кедергі келтіреді

Ресурсқа тәуелділіктен емделу

Орталық Азия университетінің мемлекеттік басқару және саясат институтының аға ғалымы Мадина Жүнісова арнайы Власть үшін

Қазақстанға КСРО-дан толығымен кен өндіруші кәсіпорынға тәуелді әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылым, өңірлер мен қалалар мұраға қалды. Өкінішке қарай, Қазақстандағы кен өндірілетін қалалардың мәселесін шешеді деген әмбебап тәсіл әзірге «моноқалалар» деп аталатын қалаларға жеке даму жолын табуға көмектесе қоймады. Сондықтан өнеркәсіптік өңірлер мен қалаларды сақтап қалу әлі де елдегі өңірлік саясаттың басты мақсаты болып тұр.

Шетелдік тәжірибеге сәйкес, қалалардың көп жыл өмір сүргенінің құпиясы «жоғарыдан төменге» әдісін «төменнен жоғарыға» өзгертумен, яғни жергілікті әлеует пен бастамаларды ынталандыру мен соларды дамытумен байланысты. ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстан қалаларын ресурсқа тәуелділіктен арылту үшін ел басшылығы олардың ұқсастығымен қатар, ерекшеліктеріне де мән беруі керегін айтады. Әр қаланың өзіндік тарихы, ерекше табиғи аумағы бар, географиялық орналасуы ерекше — мұның бәрі қаланың экономикалық әлеуетіне тікелей әсер етеді.

Аустралия, Канада мен АҚШ тәжірибесіне сүйенсек, кен игерілетін қаланың аумағы мен оның әлдеқайда үлкен қалаларға алыс не жақын орналасуы өте маңызды. Мысалы, шахталық қалалардың жоғалуына қатысты зерттеу нәтижесінде қаланы жаңғыртудың оңтайлы стратегиясы 150 мыңнан сәл асатын халқы бар (Қазақстандағы кейбір моноқаламен бірдей көрсеткіш, мысалы, Рудный қаласы) Садбери шахтасында қолданылғаны анықталды. Шахта Канададағы ірі қалалардың бірі саналатын Торонтодан 400 шақырым жерде орналасқан.

Қазақстанда да ірі қаламен көршілес жатқанының арқасында аман қалған постиндустриал қалалар бар. Текелінің облыс орталығына жақын орналасқаны қала тұрғындарына ешқайда көшпей-ақ әлдеқайда үлкен Талдықорғаннан жұмыс табу мүмкіндігін сыйлады. Қазір Қазақстанның әр қаласына бөлек назар аудару маңызды. Әрқайсының оларды бәсекелес ететін артықшылықтарына, ештеңеге қарамастан, тұрғындарды сол қаладан көшірмейтін құндылықтары не екеніне мән беру керек.

Халықаралық тәжірибеге сай, орналасу артықшылығын тиімді қолдану - жергілікті биліктің қала дамуын жоспарлағанда осыны назарға алуымен тікелей байланысты. Мысалы, Финляндиядағы қалаларды жоспарлау және бюджет үлестіруге тікелей жауапты жергілікті биліктің іске қызығуы ресурс тәуелділігінен құтқарып отыр. Олар өңірлік кеңес пен ұлттық басқару органдарынан тәуелсіз шешім шығара алады.

фото gov.kz

Жергілікті басқару органдарының рөлін күшейту кен өндірілетін өңірлер мен қалалардағы жергілікті билікті өз бетінше жұмыс істеп, жоғарыдан бөлінетін субсидияға қарап отыра бермей, басқаша болашақ туралы ойлауға қызықтыру үшін өте маңызды. Тек құзіретті емес, ресурстарға рұқсат пен шешім қабылдауды орталықсыздандырса, өңірдің қыр-сырын бәрінен жақсы білуге тиіс жергілікті әкімдіктер мен мәслихаттар да тірілер еді. Жергілікті халық пен бизнеспен диалог орнату оларға әлдеқайда оңай.

Көлденең қарым-қатынастың маңызы

Әрине, әзірге ешкім Қазақстан орталықсыздандыру бойынша бірден кен өндіретін қалаларға пайдалы болатын бір әрекет жасайды деп үміттенбейді. Алайда ұлттық басқарма барынша тез муниципалитеттерге құлақ асып, халықпен диалог жасау және негізгі басымдықтарды анықтау бойынша олардың рөлін арттыруы керек.

Мысалы, Канаданың мемлекетаралық диалогқа арналған көлденең алаң тәжірибесін бейімдеп алуға болады. Канадада шет аймақтардағы билікке бағынатын муниципалитеттер еркіндік жетіспеудің орнын толтыру үшін Канада муниципалитеттері Федерациясына (Federation of Canadian Municipalities) бірлесу арқылы шешім шығарады.

Қазақстан жағдайында ел билігі кен өндіретін қалалардың ұлттық кеңесін және экономиканы әртараптандыруға бағытталған үздік өңірлік бастамаларға конкурстық негізде грант бөліп отыратын арнайы қор құруға көмектесе алады. Еуропалық Одақта дәл осылай болған.

Мемлекеттік инвестицияларды конкурс арқылы бөлу жаппай субсидиялауға жақсы балама бола алады. Бұл мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырып, қала билігін әлдеқайда креатив етіп, халық пен кәсіп алдында жауапкершілігі мол болуына жол ашады.

Жергілікті бизнесті қолдау

Экономиканы әртараптандыру үшін іскерлік климатты жақсарту бойынша жедел шара қолдану керек. Жергілікті кәсіпті дамыту үшін мұның маңызы зор. Қазақстандағы қалаларда лайықты жұмыс орындары болмағандықтан, тұрғындар көшіп жатыр. Сондықтан шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау келешекті құрудың кілті деуге болады. Әзірге ШОБ-тың жұмыс істеп тұрған кен өндіретін кәсіпорындардан қандай да бір пайда көруі қиын болып тұр. Себебі әдетте жеткізушілер конкурсына қатысуға олардың білімі, қаражаты мен тәжірибесі жеткіліксіз болады. Сонымен қатар жергілікті ШОБ өкілдері кен өндіретін компаниялардың өнім мен қызметке қатысты қандай талаптары бар екенін білмейді.

Кен өндірілетін қалалардағы ШОБ-ты қолдау үшін оларды бәсекеге қабілетті ірі компаниялар тобына біріктіруге болады. Бұл тәжірибе Канаданың Британ Колумбия өңірінде қолданылып, сәтті нәтиже көрсеткен. Солтүстіктегі бастамаларды дамыту қоры (Northern Development Initiative Trust) шағын кәсіп өкілдеріне серіктес тауып, ынтымақтастық орнатып, конкурсқа бірге қатысуға көмектесетін арнайы платформа әзірлеген. Арнайы құрылған оқу орталығы (Contractor/Supplier Boot Camp) ШОБ-қа кен өндіретін компанияның сапаға қатысты талаптарын түсінуді үйретеді. Бұған қоса сол компаниялармен байланыс орнатуға көмектеседі.

Кен өндіру аяқталған қалалардың өзінде инновациялық жобаларға конкурс жариялау арқылы ШОБ-ты қолдауға болады. Американың Детройт қаласында дәл осы амал қолданылған. Олар креатив бизнес идеяларды қолдау үшін Startup Nation жобасын іске қосты. Қызығы, жобаның арқасында бизнеспен қатар, Детройт тұрғындарының да жергілікті билікке сенімі арта түсіп, бизнес, халық пен билік арасында жағымды диалог қалыптастыру мүмкіндігі артты.

Диагностика мен алдын алу шарасына бүгіннен кірісу керек

Үкімет қазір Арқалықтағыдай минералды ресурс өндіру аяқталғанын, кәсіпорындардың жабылғанын күтіп отыруға мүлдем болмайтынын түсінуі керек. Бір қадам алда жүріп, Аустралия мен Канададағыдай балама болашақты жоспарлай бастау керек.

Мысалы, Канаданың Манитоба провинциясындағы Томпсон билігі өндірілетін шикізат біраз жылдан кейін бітетінін біле салысымен, кен өндіретін компания өкілдерімен және жергілікті кәсіпкерлермен қала экономикасын әртараптандыру жоспарын (Thompson Economic Diversification Plan) талқылай бастады.

Аустралиядағы Бельяндо графтығының кеңесі Рио Тинто (Rio Tinto Coal) өндіруші компаниясымен, Клермон қаласының қауымдастығымен бірлесіп, көмір қоры бітпей тұрып «Клермон қалайтын болашақ» (Clermont Preferred Future) жобасын жасады. 2000 жылы жоба аясында 2020 жылға дейінгі даму жоспары әзірленді. Жоспар бойынша басты мақсат – қаланың көмір өндірісінің мүмкіндігін қолдану және көмір өндіру саласына тәуелділікті төмендету арқылы «тұрақты» болашаққа өту. Клермонда халықты қызықтыру үшін жергілікті өмір жағдайына бейімделген тиімді әдіс қолданылды. Оны Аустралиядағы Квисленд университетіндегі тау-кен қазу өнеркәсібіне қарасты әлеуметтік жауапкершілік орталығы (The Centre for Social Responsibility in Mining) жасаған. Бастапқы қаржыландыру ақысын Rio Tintо төлеген.

АҚШ, Аустралия мен Канаданың ресурсқа тәуелділіктен арылу тәжірибесі Қазақстанға да жарайды. Алайда емдеудің тиімділігі диагноздың дұрыс қойылуына байланысты. Сондықтан алдымен Қазақстанда кеңінен қолданылатын ауысудың диагностикалық құралын (Town Transition Tool) қолданған дұрыс болар еді. Бұл құрал жергілікті қауымдастықтар қаладағы сол сәттегі ахуалды және қаланың болашағы қандай болуы мүмкін екенін жақсы түсінуі үшін жасалған. Осындай ауысу құралының арқасында қаланы өзгертудің жоспарын жасауға болады. Бұған қоса, бұл қызығушылық танытқан тараптардың басын біріктіріп, оларға қала жайлы түсінігін, кен өндіретін өнеркәсіпке тәуелділік деңгейі мен оны төмендету туралы ойын ортаға салып, талқылауға мүмкіндік береді.

Барлық тарапты біріктірудің маңызы

Халықты бұған тау-кен қазу компаниясы немесе жергілікті басқару органы қызықтыра алады. Сонымен қатар екі тарап бірлесе жұмыс істеуіне болады. Әлеуметтік жұмысқа тең қатысу үшін мұндай талқының алғашқы кезеңінде компания қызметкерлері мен жергілікті билік органдары қатысуы керек. Екінші кезеңге жергілікті қоғамдастықтың барлық өкілін шақыру керек.

Мәселеге тұрғындар да кіріспес үшін Қазақстан шенеуніктері халықтың жүйелі диалог жүргізуге дайын емес екенін айтуы мүмкін. Негізі қала тұрғындары болашағын құру процесіне қатысуға әрдайым дайын. Бастысы – дұрыс амалын тауып, халықты іске тарту қабілетін меңгеру. Қатысуды қолдайтын халықаралық ассоциация (International Association for Public Participation) ең әуелі қаланың дамуына үлес қосқысы келетін және үлес қоса алатын, яғни пікірін ашық айтып, тыңдай алатын және болашақ әртүрлі болуы мүмкін екеніне құрметпен қарайтын адамды шақыруды ұсынады.

Бірақ жоспарлауға қатысуға тек батыл әрі дені сау белсенділер емес, қаланың болашағына алаңдайтын барша азамат шақырылуы керек. Оған қарттар, әйелдер, ерекше қажеттілігі бар адамдар мен табысы төмен азаматтар қатысуы керек. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар бұл іске өз еркімен атсалысқысы келуі үшін не істеуге болатынын алдын ала шешу керек.

Халықты талқылауға шақырмас бұрын қалаларда жергілікті әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, бірнеше маңызды сұрақтың жауабын табуға болады: қаланы дамыту тақырыбы бойынша кім шынайы ақпаратты біледі, талқыланатын тақырыптар бойынша кімнің білімі, тәжірибесі бар? Кім қатысуға уақыт таба алады және ақша инвестициялай алады? Жергілікті қауымдастық кімді сыйлайды, жергілікті халыққа кімнің сөзі өтеді? Ондай адамдар жоқ болса, халыққа белсенді азаматтық көзқарас, азаматтардың қатысуының маңызы және қаланы дамытудың кез келген нұсқасы олардың өміріне оң немесе теріс әсер ететінін түсіндіруге болады.

Адамның дамуы бірінші орында тұруы керек

ЭЫДҰ-ның кен өндіретін қалалар мен өңірлерді зерттеп жүрген эксперттері мұндай аймақтардағы тұрғындардың білімін арттыруға мемлекет инвестиция бөлгені маңызды екенін айтады. Бұған қоса тұрғындарға пайдалы қазбалар өндіруге қатысы жоқ жаңа дағдыларды үйретудің маңызы зор.

Орталық Азия Университетінің Текелі қалашығындағы жобасы, фото ОАУ ресми сайтынан

Білім берудің рөлін түсіндіру үшін Текелі қаласын мысалға келтіруге болады. Өңірдегі кен өндіретін кәсіпорын жабылып қалғанына қарамастан, қала дамып келеді. Мұның негізгі себебі — халықаралық Орталық Азия университетінің (ОАУ) бір кампусын салатын аймақ ретінде Текелі қаласы таңдалуы. Бұл тұрғындар мен бизнестің қалада қалып, осында жұмыс істеуге ынтасын оятты. ОАУ кәсіби және үздіксіз білім беру мектебі жергілікті жастар мен ересек буынның білімін арттыруға үлес қосып үлгерді. Соның арқасында тұрғындар жергілікті кәсіпорындарға жұмысқа тұрды, кейбірі жеке кәсібін ашты.

Қазір Текелі университет және ғылым қаласына айналып, сәтті әртараптандырудың отандық мысалы болуы үшін барлық мүмкіндік жасалған. Бірақ президенттің өңірлік университеттерді қолдау мен дамыту қажеттігі туралы мәлімдемесіне қарамастан, Қазақстандағы кампус құрылысы үнемі кейінге қалып келеді. Себебі үкімет қолдамай отыр. Ал Нарын (Қырғызстан) мен Хорогта (Тәжікстан) ашылған ОАУ кампустары кен өндіретін қаланы ақырындап университеттік қалаға айналдырып жатыр.

Ресурсқа тәуелділік емделеді

Қорытындылай келе, бастысы, кен өндіретін қалалардың ресурсқа тәуелділіктен емделуге деген ниетінің болуы десе болады. Жетістікке жету үшін жасайтын алғашқы қадам ретінде қалалық әкімшіліктерді, жергілікті бизнес пен халықты оқыту керек. АҚШ-тағы бұрынғы кен өндіретін қалалардың тәжірибесі олардың дамуы қалалық әкімшіліктің кәсіби дағдыларына да байланысты екенін көрсетті. Жергілікті орган өкілдерінің аналитикалық және экспертік әлеуетін дамыту оларға өңірдің артықшылықтарын тиімді қолдануға көмектеседі.

Шетелдік тәжірибе бұрынғы кен өндіретін қалаларды әртараптандырудың сәтті шыққаны үкіметтің, жергілікті әкімдіктің, тұрғындар мен кен өндіретін кәсіпорындардың бірлесе жұмыс істей алуымен байланысты екенін дәлелдеді. Әкімдіктерге халықпен және бизнеспен диалог құруды үйретуді бүгіннен бастау керек. Халықтың белсенділігін, жоспарлау процесіне қызығуын арттыру үшін оларға жауапкершілікті сезінуді үйрету керек. Бұл жоспарланған барлық шараның іске асуын қоғамдық бақылауға алу үшін де маңызды.

Қазақстандағы кен өндіретін қалалардың бюджеті қауқарсыз дегенге келсек, әр қалада тұрақты даму қорларын ашуға болады. Сонымен қатар, халық сол қордың негізін қалаушы және қызметкері болуы үшін және кейін жергілікті даму бойынша инновациялық әдіс-тәсілдерді іздей алуы үшін олардың қаржы саласындағы сауатын көтеру қажет.

Қалалық инфрақұрылымды, тазалық пен қалдықты жою сияқты қалалық қызметті құру үшін жергілікті бизнесті те оқыту керек. Бұл ретте тек шетел мысалына сүйене оқу міндет емес. Қазақстандағы қалалар бір-бірінен де үйрене алады, сонымен қатар көрші елдердің сәтті мысалдарын да бейімдеп алуға болады. Бастысы – бастау, себебі Қазақстанның кен өндіретін қалаларының тұрақты дамуына табиғи және адам әлеуеті жоғары.

Бұл мақала Власть порталының «Қазақстан аймақтары» жобасы аясында жазылды. Бұл жобада біз Қазақстанның облыстары мен ірі қалалары арасындағы теңсіздік туралы айтып, өңірлердің қазіргі даму парадигмасын талдап, сонда тұратын және бәрін жақсы жаққа қарай өзгерткісі келетін адамдардың хикаясын баяндаймыз.