3437
30 сентября 2023
Ақбота Узбекбай, суреттерді Алмас Қайсар түсірген

Жабық сот

Қаңтар соттарына шолу

Жабық сот

Қаңтар оқиғасы бойынша сот процестері жалғасып жатыр. Әрқайсының сарыны әртүрлі: Алматыдағы әуежайды басып алмақ болды деп айыпталған бесеудің апелляциясы, қаңтар оқиғасынан кейін көзі көрмей қалған Ермек Әбдірешовтің өтемақы ісі, президент резиденциясын басып алды деп айыпталып жатқан қаңтаршылар ісі, билігін асыра пайдаланды деп күдікке ілінген Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің ісі.

Власть кейінгі күндері өтіп жатқан қаңтар соттарын шолып өтті.

“Біз әуежайды басып ала алмаймыз”

Алматыда әуежайды басып алу ісі бойынша апелляциялық сот өтіп жатыр. 26 қыркүйекте өткен кезекті сот отырысында сотталушылар мен адвокаттар сот әділдігіне күмән келтіріп, сот құрамы мен прокурорға қарсылығын білдірді. Олар сотты офлайн өткізуді де сұрады. Әйтсе де, сот алқасы өтінішті қанағаттандырған жоқ.

Сотталушылардың кейбірі бұған дейін аштық жариялағанын хабарлаған еді. Солардың бірі азаматтық белсенді және журналист Әйгерім Тілеужанова алты күнге жалғасқан аштықты тоқтатқанын, бұл аралықта прокуратурадан бірде-бір адамның келмегенін айтты. Ол сот отырысының офлайн өтуін талап етіп үш рет өтініш жазғанын, сондай-ақ іс материалдарымен таныс емес екенін алға тартқан. “Мен бұл сотқа сенбеймін”, – деп аяқтады ол сөзін.

Сотталушылар сот барысында экранда “Құқығымызға нұқсан келтірді”, “Әділет жоқ” деген жазуы бар қағазды көрсеткен. Сотталушы Жан-Айдар Кәрменов те іс материалдарынан хабарсыз екенін айтты, Нұрлан Дәлібаев аштық жариялайтынын хабарлады. Ермұхамет Шілібаев аштық жариялағаны туралы бас прокуратураға жазғанымен, еш жауап болмағанын айтқан. Тарих пәнінің мұғалімі Қалас Нұрпейісов Қазақстанда адам құқығы сақталмайтынын айтады: “Кінәміз жоқ. Мен – қарапайым мұғаліммін, жанымдағылар – такси жүргізушісі, ауыл шаруашылығы маманы, экскурсия жетекшісі, журналист. Біз әуежайды басып ала алмаймыз”, – деп қорытындылады ол.

Суретті Алмас Қайсар түсірген

Адвокат Айнара Айдарханова Алматы қалалық сотының құрамына қарсылығын білдірді. Сотталушы Жан-Айдар Кәрменов істің саяси сипаты бар екенін және қоғам назарын аударып отырғанын айтып, алқабилер сотын шақыруды ұсынды. Қорғаушы тарап Сейтембеков деген прокурорды істен шеттетуді талап етті. Сот барлық өтінішті кері қайтарды. Бұған дейінгі соттарда дыбыс жағынан мәселе болса да, келесі сот отырысы қазанның үші күні онлайн өтетін болады.

Сотқа қатысамыз деп келген белсенділер сот ғимаратының алдында жүрді. Кейбірі алдында “сотқа келдім”, артында “митингіге келген жоқпын” деген жазуы бар футболка киіп келген. Мұндай қадамға баруға 19 қыркүйектегі апелляциялық сот отырысынан кейін кей белсенділердің ұсталуы мәжбүрлеген. Ол күні де сот жабық өткен, залға журналистер, адвокаттар мен белсенділерді кіргізбеген. Адвокаттар онлайн қатысудан бас тартқан еді.

Сотқа қатысқаны үшін 22 қыркүйек күні белсенділер Марат Тұрымбетов, Майра Ғабдуллина (әрқайсына 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды) мен Абзал Достияров (15 күнге қамалды) бейбіт шеру өткізу және ұйымдастыру заңнамасын бұзғаны үшін ұсталған.

Биыл 11 шілде күні Алматыдағы Наурызбай ауданының соты әуежайды басып алу ісі бойынша айыпталушыларды 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Журналист Әйгерім Тілеужан 4 жылға бас бостандығынан айырылса, қалған төртеу – Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шілібаев және Жан-Айдар Кәрменов әрқайсы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Айта кететіні – олардың ешқайсы кінәні мойындамады.

Өтемақы алу, Самат Әбіш ісі

27 қыркүйек күні қаңтар оқиғасынан кейін көзі көрмей қалған Ермек Әбдірешовтің материалдық өтемақы жөніндегі соты өтті. Қаңтаршының қорғаушысы Маржан Аспандиярованың сөзіне қарағанда, сот 9 миллион теңге көлемінде өтемақы беруді шешкен. Бұған дейін Әбдірешовтің моральдық өтемақы жөнінде соты өтті. Сот екі миллион теңге беруді ұйғарған, ал апелляциялық сотта үкім өзгеріссіз қалған.

26 қыркүйекте Талдықорған қаласының соты қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық кодекстің 291 (қару ұрлау) және 287-баптары (қаруды сақтау, тасымалдау және алып жүру) бойынша алты адамды кінәлі деп танып, әрқайсын үш жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза кесті. Сотталушылардың аты-жөнінің тек бас әрпін көрсеткен.

Сот материалына сәйкес, оларды Алматы облысы полиция бөлімшесінің ғимаратынан қару мен оқ-дәрілерді ұрлап, қорада сақтап, сатпақ болған деп айыптады. Айыпталушылардың “кінәсін толық мойындауы”, барлығының кәмелетке толмаған баласы бар екені ескеріліп, амнистияны қоса есептегенде, сот үш жыл жаза тағайындаған.

Сонымен қатар, қаңтар бойынша Арман Жұмагелдиев пен ҰҚК бесінші бөлімінің экс-жетекшісі Руслан Ысқақовтың ісі басталды, бірақ оның жабық өтетіні хабарланды. Бұған дейін жәбірленушілер өміріне қауіптеніп, сотты жабық өткізуді талап еткен еді.

15 қыркүйек күні “адам ұрлау”, “билігін асыра пайдалану” және “жаппай тәртіпсіздікке қатысу” баптары бойынша 45 адамның ісі қарала бастады. Ысқақов “билігін асыра пайдаланды”, “қылмыстық топ құрды” және “жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды” деп айыпталып жатыр. Айыптаушы тараптың сөзіне қарағанда, Ысқақов Жұмагелдиев пен басқаларын басқарып отырған.

18 қыркүйек күнгі сот отырысында Ысқақов қаңтар оқиғасы кезінде өзіне ҰҚК басшысының бірінші орынбасары болған, Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің бұйрық беріп отырғанын айтты. Ол “Әбіштің бұйрығын орындағанын айтуға әлдебіреулер тыйым салғысы келіп жатқанын” айтқан. Ертесі күні, 19 қыркүйекте бас прокуратура Самат Әбіштің қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Суретті Алмас Қайсар түсірген

19 қыркүйек күні Алматыда қаңтар оқиғасы бойынша жаппай тәртіпсіздік және ғимаратқа шабуыл жасау бойынша айыпталып жатқан 11 адамның ісі бойынша алдын ала тыңдау басталды. Бұл істе “Алматы әкімдігі мен президент резиденциясына шабуылдады” деген айып тағылған адамдар бар. Адвокаттар істі қайта тергеуге жіберуді сұрады, олардың сөзінше, айыпталушылар ғимаратқа шабуыл жасамаған әрі өзара келісімде болмаған.

Адвокат Жалғас Сапарханова айыптауда 11 адамның бірлесе отырып, ғимаратқа шабуыл жасағаны жазылғанын, әйтсе де, видеода олардың әрқайсы әр жерде болғанын алға тартады.

“Ол кезде Алматыда интернет болмады. Төтенше жағдай туралы естімедік. 5 қаңтар күні жұмыстарыммен шыққанмын, жаяу жүрдім. Такси де, автобус та болмады. Айыптауда менің қылмыс жасау пиғылымен шыққаным жазылған. Телепат па олар? Айыптауларға мүлдем келіспеймін”, – деді қаңтар оқиғасы кезінде азапталған Қосай Маханбаев.

Тағы бір айыпталушы Нұртас Қаранеев дәлелдер жеткілікті болмаса да, істің сотқа жеткеніне таңғалады. Ол тағылған айыпты мойындамайтынын айтты. Қосай Маханбаев та, Нұртас Қаранеев те 5 қаңтар күні алаңда болған. Екеуі де сол маңда жараланған. Кейін тергеу изоляторында азапталған.

29 қыркүйек күні 11 айыпталушының жетеуі кінәсін ішінара мойындады. Төрт айыпталушы, Қосай Маханбаев, Нұртас Қаранеев, Рысбек Мамыров пен Серікбол Орынғазы айыпқа мүлдем келіспейді.

Келесі сот отырысы 10 қазан күні өтеді.