2372
15 ноября 2023
сурет Ақорда баспасөз қызметінен

«АрселорМиттал Теміртау» шахтерлерінің қауіпсіздігі: инвестор ауысқаннан бірдеңе өзгере ме?

Экономикада құрылымдық өзгеріс болмайынша, жұмысшылардың өміріне төнген қауіп сейілмейді

«АрселорМиттал Теміртау» шахтерлерінің қауіпсіздігі: инвестор ауысқаннан бірдеңе өзгере ме?

Қуат Әкежанов, экономист, PhD

Қарағанды облысында жиырмадан аса адамның жарақат алуына және 46 шахтердің өліміне алып келген кезекті трагедияға орай аза тұтып жатқанда, стратегиялық салаларда инвесторларды ауыстыру қажеттігі туралы әңгіме қайта өрбіді. 1990 жылдары жасалған инвестициялық келісімдердің қыр-сыры бұқаралық ақпарат құралдарында ашылып жатқан уақытта саяси деңгейде де, сарапшылар ортасында да бұл пікірталас актив кімнің қолына өтеді дегенге келіп тіреледі.

Капиталистік логиканы сөзсіз қабылдап, ортодокс түсінік аясынан шықпайтын мұндай шектеулі пікірталас мені таңғалдырмайды. Ол экономиканы қандай да бір тұрақтылықтан айыратын ел байлығы мен халық табысын экспроприациялаудан тұрады. Бірақ бұл талқылауда шетте қалып қойғаны - қазақстандық шахталар мен кеніштерде отандастарымыз денсаулығынан айырылып, ажал құшпауы үшін, ауыр еңбегіне лайықты ақы алуы үшін қажет экономикадағы құрылымдық өзгерістер мәселесі.

Біздің саясаткерлер мен сарапшылардың капиталистік дүниетанымында жұмысшылардың еңбек құқығын шындап қорғау, экономикалық демократия, табысты теңдей тарату, өндіріс қаражатына иелік етудің және басқарудың жаңа формалары туралы сұрақ туындамай отыр. Егер олар бұл сұрақтарды қойса, ол мақсаттарға жету тәсілдері туралы жаңа сұрақтар туар еді.

Бұл бір қожайынды екіншісіне ауыстыру, мейлі ол «ең стратегиялық» болса да, қазақстандық кәсіпорындардағы еңбек жағдайы жақсаратынына кепілдік бермейтінін түсінуге әкелер еді. Жаңа тұлғаның пайда болуы азаматтарымыздың кредит берешегін азайтпайды, экономиканың жаңа саласына жол ашпайды және моноқалалардың қыруар мәселесін шешпейді.

Бұның бәрі – зерттеуімде «нормативтік неолиберализм» кезеңі деп атап жүрген нәрсенің нәтижесі. Ол 1995 жылы Қазақстанды авторитарлық клептократияға — қатыгез ұры капитал билігіне айналдырған екінші конституцияны қабылдау арқылы орнады. Оның алдында 1989–1994 жылдардағы «алашапқын» кезең болды, сол кезде нарық реформасы және демократиялық ұрандар кейпімен Қазақстанда еңбек етушілердің әлеуметтік құқығы сүріліп тастап, жалпыға бірдей әл-ауқат мемлекеті қиратылды.

Сол кезден бастап қоғамға капитал, соның ішінде шетелдік капитал мүддесі қоғам мүддесінен жоғары тұратын «дұрыс» экономика принциптері терең сіңіп кетті, нәтижесінде халық мардымсыз жалақыға өмір сүріп, қауіпті жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр.

«АрселорМиттал Теміртаудың» басқарушысы айына 31,3 млн теңгеден астам жалақы алатыны қалыпты жағдайға айналды. Ал дәл сол Теміртаудағы қазақстандық металлургтердің отбасы айына 300 мың теңгеге күнелтуде.

2023 жылы біздің металлургтердің бір сағат еңбегінің құны орта есеппен 4 еуродан аспайды. Еуростат мәліметі бойынша, Швецияда он жыл бұрын ең жоғары еңбекақы тіркелді — сағатына 39 еуро. 2023 жылғы қазанның соңына қарай қазақстандықтардың тұтыну кредиттері бойынша мерзімі өтіп кеткен берешегінің көлемі 500 млрд теңгеден асқанына табыстың төмен болуының қатысы бар.

Қазіргі «жазалаушы» неолиберализм кезеңінде халықтың барлық әлеуметтік-экономикалық проблемасына Қазақстан азаматтарының өзі кінәлі деп санау қалыптасқан — «халықтың қаржы сауаты жоқ» және «өздері қауіпсіздік талаптарын сақтамайды». Сондықтан да олардың ахуалын қауіпсіздік техникасының батыстық стандарттарымен жұмыс істеуге мәжбүрлеуге қабілетті жаңа меншік иесі ғана жақсарта алады екен-мыс.

Әлеуметтік-экономикалық даму парадигмасын өзгертпейінше, еліміз бір орында тұралап қалу өз алдына, кері кететін болады. Алайда экономикалық дамудың жаңа тарихы оң мысалдарға толы.

2006 жылы Боливияда ел тарихында алғаш рет (Латын Америкасы елдері тарихында екінші рет) байырғы халық өкілі Эво Моралес демократиялық жолмен билікке келді. Президент болған кезінде нарық реформаларына, әсіресе жекешелендіруге, қаржы секторын қайта реттеуге және сауданы либералдауға қарсы шықты, сондай-ақ бюджет шығындарын қысқарту саясатын тоқтатты. Мұндай басқару моделі Боливия халқына тек жоқшылық, үлкен мүлік теңсіздігін және әлеуметтік-экономикалық құлдырау әкелді.

Жағдайын жақсарту үшін Боливия елдің басты экспорт саласы — газ өндіру өнеркәсібін, сонымен қатар теміржол, электр мен су сияқты стратегиялық қызметтерді мемлекет меншігіне қайтарды. Бұған қоса тау-кен өндіру компаниялары бюджетке қосымша қаржы аудара бастады, нәтижесінде әлеуметтік қажетке жұмсалатын қаржы артты.

Экономистер Латын Америкасының осы кедей елі күйреу мен экономикалық апат күтіп тұр, инвесторлар жек көріп кетеді, капитал жылыстап кетеді деп болжады. Осындай пікірге қарамастан, елдің экономикалық өсімі артты (1980–2005 жылдар кезеңіндегі орташа 0,5 пайыздан Моралес басқарған жылдары 3 пайызға дейін). Әлеуметтік шығындардың артуының арқасында боливиялықтарда кедейшілік пен табыстағы теңсіздік деңгейі біраз азайды.

Біздің саяси таптың және зиялы қауымның неолиберал ойлау салтын ұстануы оларға елдің ең бай адамдарының мүддесін заңдастыруға көмектеседі. Балама идеяларды, мысалы, социалистік және социал-демократиялық идеяларды жүйелі түрде қаралау, сондай-ақ саяси басқарудың халықаралық тәжірибесін қолдануға тек өзіне ыңғайлы тұстан қарау да осыдан.

2010 жылы елді қайта индустрияландыру мақсатында бүкіл қаржы жүйесін өзгертудің орнына, ‘too-big-to-fail’ («тым үлкен болғандықтан күйреуіне жол бермеу») халықаралық практикасын желеу етіп, банк иелерін құтқару және қосымша байыту үшін триллиондар құйылды.

Мысалы, Швециядағы 1992 жылғы қаржы дағдарысынан кейін және Оңтүстік Кореядағы банкирлер жылжымайтын мүлікке қаржы спекуляциясын жасау нәтижесінде болған 1998 жылғы дағдарыстан кейін, мемлекет қаржы жүйесін өзгертуді қолға алды. Олардың үкіметі банктерді мемлекет меншігіне алып, бақылау орнатты және жұмысшылардың мүддесін ескере отырып, өндірістік секторға инвестиция тартумен айналысты.

Ал бізде 30 жыл бойы жұмысшыларға және олардың кәсіподаққа бірігу талпынысына қатысты ашық түрде репрессиялық саясат жүргізіліп келді. Кәсіподақтар — қоғам байлығын теңдей бөлуді және оны туралауды қамтамасыз ететін, еңбек пен капитал арасындағы балансты демократиялық жолмен орнататын механизм, сондай-ақ ол азаматтардың саясатқа қатысуына септігін тигізеді.

Сондықтан қоғамның барлық саласына неолиберал идеологиясының догматтары еніп кеткен елдерде бизнес тәуелсіз кәсіподаққа ата жауындай қарайды. Сол себепті қазақстандық шахталардағы кезекті трагедиядан кейін қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық режимді сынға алудың орнына, әңгіме «жаңа қожайын» тақырыбымен шектеледі.

Ерте ме, кеш пе, бәрібір жүйелі өзгеріс қажет болады. Ондай өзгеріс болмаса, ірі кәсіпорындардың пайдасын қалай бөлеміз, шахта жабылуы керек пе, акционерлер мен еңбек етушілердің құқықтары арасындағы балансты қалай табу керек, кәсіподақтар мен билік арасында қолайлы ымыраны қалай жасау керек? – деген жаңа да ескі сұрақтарға жауап бере алмаймыз.

Қазақстанда дамудың жаңа жолы туралы талқылайтын уақыт келді. Біз жаңа білім іздеу және тоталитарлық Совет мемлекеті кеткенмен, шахтерлеріміздің өмірі есебінен өз пайдасын арттыруға ғана мүдделі капиталистік олигархия билігі орнағанын ашық мойындау орнына, әлі де симптомдарды емдеумен айналысып келеміз.

Читайте этот материал на русском.

Cet article est disponible en français (Novastan.org)