3758
6 декабря 2023
Паоло Сорбелло, суретті Назерке Құрманғазинова түсірген

Қазақстан мұнай өнеркәсібі тарихының Назарбаев айтқан нұсқасы

Бұрынғы президент жаңа автобиографиясында кейбір оқиғаны ойдан шығарып, ал кейбіреуін ұмыт қалдырған

Қазақстан мұнай өнеркәсібі тарихының Назарбаев айтқан нұсқасы

1899 жылы Ресей патшалығы тұсында Каспий өңіріндегі Қарашүңгіл кен орнынан мұнайдың атқылап шығуы — Қазақстан мұнай өнеркәсібінің бастауы болды. Келесі бірер жылда Ресей мен батыстың инженерлері Ембі өңірінде мұнай компаниялары мен кәсіпорындарын құрып, бұл большевиктер төңкерісінен кейін мұнай кен орындары мемлекет меншігіне өткенге дейін жалғасты.

Қысқаша айтқанда, Қазақстан мұнай тарихының бірінші тарауы осындай. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бірегейлігін жеке тұлғасының төңірегінде қалыптастыру талпынысын жалғастырып, 700 беттік автобиографиясында елдің мұнай өнеркәсібіне қатысты бірқатар қате мен олқылыққа жол береді.

Назарбаев «Ағайынды Нобельдер» деген атпен танымал мұнай саласындағы бизнесмендер отбасынан шыққан Альфред Нобель Қазақстанға табан тіреген алғашқы мұнайшылардың бірі болғанын айтады.

«Иә, таңғалмаңыз: сыйлығымен аты тарихта қалған Нобель кәсіпкерлік қызметін біздің даладан бастаған», — дейді бұрынғы президент.

Ол шамамен 25 жылға және бірнеше жүз шақырымға жаңылысты.

Шын мәнінде, ағайынды Нобельдер Әзербайжандағы дамып келе жатқан мұнай кәсібін пайдаланып, 1870 жылдары Апшерон түбегінен мұнай өндірді және Оңтүстік Кавказ арқылы Грузияға құбыр тартты — мұның бәрі Қарашүңгілде мұнай бұрқағы атқылағанға дейін-ақ болған.

1911 жылы алғаш рет өнеркәсіптік мұнай өндіру басталған Доссор аймағы. Фото kmg.kz сайтынан

Сондай-ақ, Назарбаев жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жиырма жылында шетелдік компаниялар қазақ мұнайын өндіріп, сата бастаған кездегі Қазақстан мұнай өнеркәсібінің «талан-таражға» ұшырауы деп атауға болатын оқиғаны да назардан тыс қалдырады. 1912 жылы Қазақстанда Ембі мұнай кәсіпорнының негізі қаланып, өндіріс көлемін арттыру мақсатында оның акциялары Лондон қор биржасына шығарылды.

Назарбаев Ембідегі мұнай кеніштерін Еділ бойымен байланыстыратын құбырды салу кезінде жүздеген жұмысшы мерт болған немесе жарақат алған кезеңге тоқталудың орнына, Қазақстан халқына тиесілі мүлікті тартып алды деп Кеңес өкіметін айыптайды.

«Алайда, Қазақстан жер қойнауында осындай қымбат қазынасы бола тұра, оған иелік ете алмады. Мұнай кәсіпшіліктерінің барлығын одақтық министрліктер басқарды. КСРО-ның жоғарғы партия басшылығы біздің көмірсутегі шикізатын өз күшімізбен игеріп, өндіруімізге жол бермеді, барлық бастамамызға қызғанышпен қарады», — дейді Назарбаев.

1914 жылғы Ембі акциялары. Фото veissid.com сайтынан

Горбачевке қарсы

Ғалым Мазен Лаббан 2008 жылғы «Кеңістік, мұнай және капитал» (Space, Oil and Capital) кітабында Одақтың сол кездегі лидері Михаил Горбачев Одақтың мұнай-газ секторына шетелдік капитал салымдарының жасалуына жол ашып бергенін атап өтеді.

Мұның Қазақстан жағдайында да солай болғанын растай аламыз, өйткені Горбачев пен оның министрлері америкалық Chevron компаниясымен бірлесе отырып, 1979 жылы ашылған алып Теңіз мұнай кен орнын игеруге кеңестік кәсіпорындарға жәрдемдесу жоспарын жасады. Журналист Олег Червинский 2017 жылы жарыққа шығарған «Қазақстанның қара қаны» (Черная кровь Казахстана) деген кітаптағы ақпаратқа сәйкес, 1980 жылдары Chevron Қазақ КСР билігінің қатысуын жоққа шығаратын процесте басқа бәсекелес шетелдік компаниялардың барлығын жеңіп шықты.

Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Дінмұхамед Қонаевтың, Орталық Комитеттің өнеркәсіп хатшысы болған өзінің Теңіз бойынша кеңес-американ келіссөздерінен хабарсыз болғанын алға тартады. Ал Теңіз мұнайының барланған қоры туралы ақпарат «жеті мөрдің артына жасырылған үлкен мемлекеттік құпия» болыпты.

Бұдан кейін бұрынғы президент Кеңес одағы ыдырамай тұрып-ақ, мұнай өнеркәсібін «қайта ұлттықтандыру» деп аталатын жобаның сәулетшісі болғанын айтады.

«Горбачевтің атына 1991 жылдың шілдесінде жолдаған хатымда төбеден түскендей етіп, бұдан былай Қазақстан бұл кен орнына өзі бақылау орнататын болады деп жаздым», — деп жазады Назарбаев.

Сол кезде Назарбаев Chevron компаниясымен келіссөз жүргізе бастаған еді.

Дегенмен, Червинскийдің айтуынша, келіссөз процесіне 1990 жылдың маусымында-ақ жергілікті мамандар тартылған, ал Қазақ КСР-інің ресми тұлғалары 1990 жылдың қыркүйегінде тартылған.

Тәуелсіздік алғаннан соң шетел инвесторларын бірінші кезекте Қазақстанның мұнай өнеркәсібі қызықтырды. Червинский 1992 жылдың алғашқы айларын сипаттай отырып, былай деп жазады: «Алматы мен Атырау әуежайларына бортында санаулы ғана жолаушысы бар ұшақтар қайта-қайта жоспардан тыс қонып жатыр. Оларға бума-бума доллар тиелген».

Бұларды халықаралық мұнай-газ компаниялары осы елде жаңа штаб-пәтерін ашу үшін жіберген еді.

Жаппай сату

Көп сынға ұшыраған совет кезіндегі «құпия келіссөздер» Назарбаевтың тұсында да ашық бола қоймады. Шынтуайтында, тәуелсіз Қазақстан үкіметі мен Chevron компаниясы арасындағы 1993 жылдың сәуіріндегі тарихи маңызды келісім жұртшылық назарына ешқашан ұсынылған емес.

«Менің өмірім» кітабында Назарбаев Горбачевтің Chevron компаниясымен жасасқан келісімшартындағы шарттарды жақсартқанын айтады.

«Біз мұнай игеру үшін пайдалануға бөлінетін аумақты 23 мың шаршы шақырымнан 2 мың шаршы шақырымға түсіруді, келісімшарт мерзімін 50 жылдан 40 жылға шегеруді, Америка жағы бөлінетін табыстың өздері талап еткендей 29 пайызын емес, 19 пайызын алғанын қалайтынымызды айттық», — деп жазды Назарбаев.

Назарбаевтың айтуынша, осы шарттар аясында (кейіннен жер телімінің ауданы 4 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайған) үкімет бірлескен кәсіпорын құру туралы мәмілеге қол қоюға келісіп, соның нәтижесі ретінде «Теңізшевройл» кәсіпорны құрылған, ол әлі күнге елдің ең ірі салық төлеушісі болып келеді.

Кірістің үлесі ақыр аяғында Қазақстан үкіметінің пайдасына 80:20 болып белгіленген. Бірақ Қазақстан қоғамы «ғасыр келісімі» деп аталатын мәмілеге қол қойылғаннан кейін жабық есіктің арғы жағында не болғаны жайлы аз біледі.

Қазақстан үкіметі Теңізшевройлдағы 50% акциясының бір бөлігін Mobil (қазіргі ExxonMobil, ол үкіметтен 25% акцияны 1 млрд долларға сатып алды) және ресейлік Лукойл компанияларына (акциялардың 5%-ын сатып алып, Қазақстанның үлесінде 20%-ы қалды) сатып жіберді.

2002 жылы сол кездегі премьер-министр Иманғали Тасмағамбетов акцияларды Mobil компаниясына сату туралы мәміле Швейцария банктерінде құпия есепшоттардың ашылуына әкеп соқтырғанын, оған Назарбаев, бұрынғы мұнай және газ өнеркәсібі министрі Нұрлан Балғымбаев және бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин ғана қол жеткізе алғанын ашық мойындады. Бір қызығы, тағдырдың тәлкегі болар, бұл Қажыгелдин Назарбаевтың қарғыс атқан жауына айналып, Қазақстан үкіметі оның шетелдегі активтерін тексеруді талап еткеннен кейін АҚШ пен Бельгияның прокурорлары тауып алған банк есепшоттарының бірі ғана еді.

Джеймс Гиффен. Фото The Harriman Institute сайтынан.

Менің өмірім, менің елім

Теңіз келісіміне атышулы калифорниялық делдал Джеймс Гиффен араағайындық етті. Ол келісімнің әр барреліне сыйақы алумен болды (осыған байланысты «Жеті жарым цент мырза» деген атпен танылды), сөйтіп отыз жылдың ішінде жүздеген миллион доллар тапты. Гиффен Назарбаевтың Швейцариядағы банк есепшотын ашуға көмектесуде де маңызды рөл атқарды, бұл есепшот газет беттерінде «АҚШ тарихындағы ең ірі шетелдік жемқорлық іс» деп көрсетілген схемадағы бұлыңғыр қаражатты аудару үшін пайдаланылған.

«Қазақгейт» деген атпен белгілі бұл істі 2006 жылы New York Times газеті «халықаралық қаржы аударымдарының лабиринтше із жасырып, ақшаны жымқыруға күдікті отандық және шетелдік жалған корпорациялардың көптігімен таңғалдырды» деп сипаттады. Ол кезде Гиффен Назарбаев пен Мұнай және газ министрі Нұрлан Балғымбаевқа 78 миллион доллардан астам пара бергені үшін соттың алдында жауапқа тартылып жатқан еді. АҚШ прокуроры Назарбаевты «астыртын келісімнің айып тағылмаған серіктесі» деп атады.

Алайда 2010 жылы Гиффен бар болғаны 20 доллар айыппұл төлеп, АҚШ сот ғимаратынан босап шықты. Ол 1990 жылдары Қазақстанда саяси және дипломатиялық ықпалға қол жеткізуді қалаған АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (CIA) атынан әрекет еткенін мәлімдеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты нақты деректерді жасырып қана қоймай, сонымен қатар мемуарының «мұнай» тарауында Назарбаев сала қызметкерлерінің тұрмыс жағдайының нашарлауы, өндіріс пен қоршаған ортаның аянышты халі, оның режимі бірінші болып қолданып, артынша ресми түрде айыптаған оффшорлық тәжірибеге де тоқталмастан өте шыққан.

Назарбаев кеңестік басшылық Қазақстанның мұнай ресурстарын халықтан тартып алды деп талай мәрте айыптады. Алайда бұрынғы президент өзі де билікке келгеннен соң мұнай байлығын халықтан ауқымды, құпия және бұлыңғыр жолмен тартып алған негізгі ойыншы болғанын түбегейлі мойындай алмай отыр.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.