2023 жылы Қазақстан үкіметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа экономикалық саясатына сүйене отырып, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық теңсіздік деңгейін төмендету үшін бірқатар шара қабылдады. Дегенмен, бұл шаралар айтарлықтай өзгерістерге әкелген жоқ және болашақта да одан нәтиже болады деу күмәнді.
Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеттің қауымдастырылған профессоры, әлеуметтік саясатты талдаушы Муслим Хасенов дамыту концепциясын қабылдау, ең төменгi жалақы мөлшерiн арттыру және мемлекеттің басқа да шешімдері әлеуметтік жүйені түбегейлі қайта құруға әкеледі дегенге күмәнмен қарайды.
«Бізде қордаланған проблема көп, бірақ оларды жүйелі түрде шешуге ниет жоқ. Одан да кезекті бір тұжырымдаманы қабылдап, әкімшілік басқаруды жақсарту бізге көмектеседі дей салған оңай. Бірақ мемлекеттік басқару жүйесі өзгерген жоқ, онда әлі де ескі тәсілмен жұмыс істейтін бұрынғы адамдар отыр».
Үкімет салықты ұлғайту мен жұмыс орындарын құру қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырады деген дәмемен экономика мен іскерлік белсенділік өсетініне бәс тігуін жалғастырып келеді.
Бұл ретте экономика әлі де ақша тапшылығының зардабын көріп отыр, бұл республикалық бюджет тапшылығы жылдан-жылға өсіп келе жатқанын білдіреді.
Экономист Тимур Сәкеновтың пікірінше, қазіргі ахуалға себеп — импорт тауарлар үшін төлеу немесе Ұлттық банк пен БЖЗҚ шетелдік бағалы қағаздарды сатып алуы секілді түрлі тәсілдер арқылы ақша Қазақстаннан шығып кетіп жатыр. Сонымен қатар бұған Ұлттық банк нотасы арқылы теңге өтімділігін жою практикасын тоқтатпау да себеп.
«Адамдар тіпті Камриін нарықта сата алмай жатыр, өйткені сатып алушыда ақша жоқ. <...> Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) өсуі үшін инфляцияға әсер етпейтін М1 (экономикалық айналымда болатын қолма-қол және қолма-қол емес қаражат мөлшері) ақша массасы жеткілікті болуы керек».
Осыған қарамастан, Ұлттық қордан трансферт аздап төмендейтініне және бюджет кірісінің өсуі бойынша болжамның біраз әлсіз болуына қарамастан, үкімет 2024 жылы ЖІӨ 5% өседі деп күтіп отыр.
Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы (AERC) талдаушыларының берген бағасы бұдан да аз, олар экономиканың өсу әлеуетін 4,2% болады деп бағалайды.
Экономист Қуат Әкежанов келесі жылдың ЖІӨ қандай болса да, бұл азаматтардың әл-ауқатын жақсартпайды деген сенімде.
Оның пікірінше, мәселе жоғары инфляцияда немесе мемлекет жасанды түрде ұстап тұрған бағада емес. Қазақстан экономикасының негізгі проблемасы — азаматтар табысының төмендігіне байланысты сұраныстың әлсіз болуы.
«Азаматтардың жалақысы жалпы ішкі өнімнің тек 20 пайызына тең. Ал экономика игілігін теңдей бөлу тәсілдері қалыптаспайынша, экономикада құрылымдық өзгеріс болмайды», — дейді ол.
Ғажайыпсыз әлеуметтік саясат
Жыл бойы азаматтардың номиналды табысы екі таңбалы өсімді көрсетті. Алайда, AERC талдаушыларының бағалауынша, инфляцияның кесірінен жыл қорытындысы бойынша нақты кірістердің өсімі тек 4,8% болуы мүмкін.
2023 жылғы маусымнан қыркүйекке дейін Қазақстанда тұтынушылық инфляцияның жылдық қарқыны 14,6 пайыздан 11,8 пайызға дейін айтарлықтай төмендеуі байқалды. Бірақ сарапшылар оның орташа жылдық мәні 13,5% болады деп күтеді.
Оның тез төмендеуі жаппай пайдаланылатын мұнай өнімдерінің бағасын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарифтерін көтеруді және Қазақстанға тауарларды ірі экспорттаушы болып келе жатқан Ресейдегі инфляцияны үдетуді қиындатады.
Бұл ретте AERC бағалауы бойынша, үй шаруашылықтарының ақырғы тұтынуға шығындары 2023 жылдың соңында 8,5 пайызға өседі.
Бұған пандемия кезеңінде және Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруі басталғанда бұзылған жеткізу тізбегін қалпына келтірудің арқасында импортқа қолжетімділіктің артуы ішінара ықпал етеді.
2023 жылы мемлекеттің әлеуметтік саясатын не анықтағанына келсек, Хасенов мемлекет қабылдаған жеті дамыту тұжырымдамасын атап берді. Олар қауіпсіздіктен бастап ақпараттық технологияларға дейінгі көптеген мәселені қамтыды.
Бірақ негізгісі – Ауылдық аумақтарды дамытудың 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы. Ол тәуелсіздік алған жылдан бері байқалып келе жатқан ауылдан қалаға жаппай көшудің алдын алу үшін базалық қызметтерге (сумен қамту, медициналық қызмет көрсету, интернет енгізу, т.б.) және әлеуметтік инфрақұрылымға (жол, аурухана, мектеп, т.б.) қол жеткізу көлемін арттыруға тиіс.
Тағы бір маңызды шешім – Әлеуметтік кодексті қабылдау. Алайда, бұл құжат, негізінен, бұрыннан бар процестерді басқаруды жақсартады және әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды арттыруды қарастырады.
Үшінші шешім жалақының ең төменгi мөлшерiн 2024 жылдан бастап 70 мыңнан 85 мың теңгеге көтеру болды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Власть сұрағына жауап берген кезінде, осы шараның нәтижесінде халықтың кірісі қаншалықты өсетінін нақты айта алған жоқ. Бірақ ол азаматтардың кірісін арттырудың тағы бірнеше тәсілін атады.
«Ең алдымен бұл инфляциямен күрес. Негізінен ол үкімет пен әкімдіктердің табысты арттыру бойынша әрекеттерін жоққа шығарады. Сонымен қатар квазимемлекеттік сектордағы жалақы 10 пайыздан 50 пайызға дейін артты. Жыл сайын дәрігерлердің еңбекақысы 30 пайызға, педагогтердікі 25 пайызға, медицина қызметкерлерінікі 20 пайызға артып отыр».
Алайда, Хасеновтың айтуынша, мемлекет қабылдаған шаралардың барлығын президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте халыққа жолдауында жариялаған әлеуметтік жүйені түбегейлі қайта құрудың белгісі дей алмаймыз.
«Бізде қордаланған мәселе көп: орман өрті, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, коммуналдық коллапс, т.б. Құжаттар бұның бәрін шешпейді. Адам өміріне арналған негізгі жағдайларды дамытуға күрделі түрде кіріскеннен гөрі тұжырымдама қабылдай салу оңайырақ», – дейді сарапшы.
Хасеновтың айтуынша, құрылымдық мәселеден бөлек, инфрақұрылымды модернизациялауды немесе салуды қажет ететін тұжырымдаманың барлық жобасын қаржыландыруға қатысты мәселе туады. Ол бюджеттегі үлкен дефицит пен Ұлттық қордан өзге қаржыландыру көзі болмауы жағдайында маңызды бола түседі.
Қуантыров қаржыландыру мәселесінің басты шешімі бюджет кірісін ұлғайту және шығындардың тиімділігін арттыру болып қалатынын айтты. Бірақ бұған экономика дайын ба?
Осал экономика
Осы аптада Тоқаев жыл қорытындысы бойынша Қазақстанда ЖІӨ 4,9% болады деп мәлімдеді. Бұл дағдарыс болған 2014 жылдан бергі рекорд көрсеткіш.
AERC талдаушыларының жазуынша, биылғы 9 айда экономика өсімінің негізгі драйверлері құрылыс (2022 жылдың сол кезеңінің нәтижесінен +12,6%), сауда (+10,0%) мен көлік (+7,0%) болды.
Ең төменгі өсім ауыл шаруашылығында (+3,4%), өңдеу өнеркәсібінде (+4,4%) және тау-кен өнеркәсібінде (+5,4%) байқалды.
Осы кезеңдегі негізгі капиталға салынған инвестиция 11,6 трлн теңге болды (+12,1%). Үкімет биыл $27 млрд шетелдік инвестиция тартылады деп күтіп отыр.
Экономика мен инвестицияның өсуі мемлекеттік бюджет дефициті жағдайында жалғасып жатыр, дефицит жыл қорытындысы бойынша үш еседен артық өсіп, жалпы ішкі өнімнің 4,1 пайызындай немесе 4,4 трлн теңге болады.
Дефициттің негізгі бөлігі — 3 трлн теңгеден астамы Ұлттық қор қаражаты есебінен жабылып келеді.
Ал бюджеттің жалпы шығындары 2023 жылы 21,6 трлн теңге шамасында болады.
Экономикаға қосымша қаражат енгізгеніне қарамастан, биылғы шілдеден бастап Ұлттық банк іскерлік белсенділік индексін негатив аймақта деп тіркеді.
Негізінен бұл тау-кен өнеркәсібіндегі белсенділіктің нашарлауымен байланысты, мұнда өндіріс көлемінен бастап жұмыспен қамту деңгейіне дейінгі барлық параметрдің нашарлағаны байқалады. Сондай-ақ қызметтер секторында жаңа тапсырыстар көлемі мен жұмыспен қамту деңгейінің төмендеуі байқалды.
Мемлекет салықтың жиналуын 10 трлн теңгеден 14,8 трлн теңгеге дейін күрт арттырған былтырғы жоғары база әсерін ескере отырып, AERC 2023 жылы барлық жиналған салық көлемі 14,1 трлн теңгеге дейін төмендейді деп күтеді.
Экономист Тимур Сәкеновтың пікірінше, Қазақстан экономикасы ақшаның көп мөлшеріне қол жеткізе алмағандықтан ең үздік динамиканы көрсете алмай отыр.
Ақша импорт өнімдерін төлеу, Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтерін шетелдік бағалы қағаздарға салу нәтижесінде елден шығып кетіп жатыр, сондай-ақ теңге өтімділігі Ұлттық банк ноталарында орнығып қалып жатыр.
«М1 ақша агрегаты 9 трлн теңге немесе $20 млрд көлемінде. Бұл ұлттық экономиканы монетизациялау аса төмен деңгейде екенін көрсетеді», — дейді ол.
Әкежанов, сонымен қатар, экономиканың басты проблемасы экономикада ақшаның болмауы емес, жалақы төмен болғандықтан төлемге қабілетті сұраныстың болмауы дейді.
«Ал оны көтеру үшін қадам жасалмай отыр, бұған жиілеп кеткен ереуілдер айғақ бола алады», — дейді ол.
2024 жылы не күтуге болады?
Үкімет Қазақстанда ЖІӨ 2024 жылы 5 пайызға өседі деп күткенімен, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық экономикадағы жалпы тенденциялардың кесірінен іскерлік белсенділік бәсеңдеуі мүмкін дейді.
AERC талдаушылары экономиканың нақты өсімінің қарқыны 2024 жылы 4,2 пайызға дейін төмендеуі мүмкін, кіріс 650 млрд теңгеге өсіп, 17,8 трлн теңге болған жағдайда бюджет шығыны 1,6 трлн теңгеге өсіп, 23,1 трлн теңге болады деген болжам жасап отыр.
Мемлекет бюджетінің дефициті 1,6 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнімнің 5,7 пайызына жетуі мүмкін (6,56 трлн теңге).
Бірақ келесі жылға үкімет Ұлттық қордан трансферттің жалпы көлемін 10 пайызға, 3,6 трлн теңгеге дейін азайтуды жоспарлап отыр. Қуантыров үкімет трансферттерді іскерлік белсенділікті және салық салынатын базаны арттыру арқылы біртіндеп азайтуды көздейтінін атап өтті.
Министрлер кабинетін бұндайға Ұлттық қордың активтерін 2030 жылға қарай $100 миллиардқа дейін көбейту мақсаты итермелеп отыр.
«Біздің есебіміз бойынша, $100 млрд мақсатына 2029 жылға таман жетеміз. Заңсыз шығарылған активтерді қайтару бұл жерде ешқандай рөл атқармайды, бұл қаражат Ұлттық қорға түспейді», — деп түсіндірді министр.
Әйтсе де, Әкежанов экономика игілігін теңдей бөлудің дұрыс тәсілдерін әзірлегеннен кейінгі құрылымдық өзгерістер ғана экономикаға көмектесе алады деп есептейді:
«Қазіргі жағдайда ЖІӨ қалай өссе де, бұдан тек ең бай адамдар тобы ғана пайда көреді. Қазақстандықтардың қалған бөлігі табысының 70-80 пайызын тамаққа жұмсауын жалғастыра бермек».
AERC талдаушылары халық табысының нақты өсімі инфляция айтарлықтай бәсеңдегендіктен 7,5% деңгейінде болады деп болжап отыр.
Ал жарияланған заңнама шектеулерінен кейін жеке тұлғаларға кредит беру көлемі азаятындықтан тұтыну шығындары 6,8 пайызға артады.
Хасенов 2023 жылы қабылданған әлеуметтік шаралар келесі жылғы табыс пен теңсіздік ахуалын жақсартады дегенге күмәнмен қарайды. Керісінше, онсыз да жоғары инфляция жағдайында бизнес тарапынан бағаны қайта реттеу туралы талабымен қосылып, ахуал нашарлап кетуі мүмкін.
«Халық, жалданбалы қызметкерлер кедейленіп барады. Жалпы ішкі өнімдегі жалақы үлесі төмендей береді, ал бизнестің кірісі арта береді», — деп қорытты ол.
Поддержите журналистику, которой доверяют.