5528
20 апреля 2023
Дмитрий Мазоренко, фото akorda.kz

Барша халыққа емес, таңдаулыларға арналған мемлекет

Мемлекет ірі бизнеске қолдау көрсете отырып, халықтың материалдық жағдайын жақсартамыз дейді, бірақ бұл шындығында жағдайды ушықтыра түседі

Барша халыққа емес, таңдаулыларға арналған мемлекет

Үкімет отырысында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев әдеттегіше Қазақстан «шынайы нарықтық экономикаға» көшуі қажет екенін айтты. Соның көмегімен ғана халықтың негізгі қажетін қанағаттандыруға болатынын атап өтті. Дегенмен, әлеуметтік әл-ауқатты арттыру риторикасының астарында ірі кәсіпкерлерді қолдау жоспары жатыр, ал бұл азаматтардың қаржылық жағдайын нашарлата түседі.

Қаңтар оқиғасынан кейін тығырыққа тірелген билік кәсіпкерлерге де, қарапайым халыққа да көңіліне жағатын өзгеріс жасауға уәде берді. Азаматтарға – еңбекақыны өсіріп, әлеуметтік саясатты жақсартуға, ал бизнес-элитаға – қоғам алдындағы міндеттемелерін азайтып, мемлекет реттеуін шектеуге сөз берді.

Алайда азаматтардың талабы ірі кәсіпкерлердің қалауына әу бастан қарама-қайшы келеді. Әлеуметтік реформалар мемлекеттің төменгі жалақы мөлшерін ұлғайтып, бизнеске салынатын салық жүктемесін арттыруын талап етеді. Ал кәсіпкерлер жалақыны көтермей, салықты төмендетуге мүдделі.

Азаматтар материалдық жағдайдың нашарлауына жиі қарсылық білдіргенмен, мемлекет оны күшпен басып тастай алады. Алайда кәсіпкерлердің талабын ескерусіз қалдыра алмайды, өйткені бұл капиталдың елден кетуін ұлғайтып, мұның соңы қаржы жүйесіне ауыр соққы болып тиеді.

Сол себепті мемлекет ірі кәсіпкерлер жағына шығуды жөн көреді.

Билік 2022 жылдың соңына қарай бір топ кәсіпкердің өтініше құлақ асып, коммуналдық қызмет тарифтерін көтерді. Кәсіпкерлер инфрақұрылымның тозуын тоқтатуға көбірек инвестиция керек екенін алға тартып, бұл қадамды ақтап шықты. Төмен тарифтер бұған мүмкіндік бермейтін.

2023 жылғы парламент сайлауынан кейін билік келесі бір топ кәсіпкердің өтінішін ескеріп, жанармай бағасын да көтеруге келісті. Бұған мынадай түсіндірме жасады: көрші мемлекеттерде жанармай бағасы жоғары болғандықтан, кәсіпкерлер оны жергілікті нарықта сатудан бас тартты, бұл Қазақстан жанармай құю бекеттерінде тапшылық туындауына себеп болып жатыр.

Алайда неліктен қоғамға зиян тигізе отырып, ықпалды бизнесмендерді құтқару керек екенін ешкім түсіндірмеді. Оның үстіне, олар өз өнімінің сатылымдағы және нарықтағы бағасы арасындағы айырманы жабу үшін жылдар бойы мемлекеттен субсидия алып келді.

Журналистер мен сарапшылар арасынан шыққан лоббистердің көмегімен ірі кәсіпкерлер мемлекеттің әлеуметтік саясаты, атап айтқанда, бағаны төмендетуге субсидия беруі экономикалық дағдарыс жағдайын тудырады деген пікірді қоғамға бұрыннан бері сіңіріп келеді. Ал одан шығудың бірден-бір жолы – мемлекеттің бизнесті реттеуін жою, оның емін-еркін табыс табуына және инвестиция тартуына мүмкіндік беру-міс.

Бірақ, шындығында реттеуден бас тартудың өзі дағдарыс жағдайын тудырады. Коммуналдық қызметтер мен жанармай бағасының өсуі онсыз да өсіп келе жатқан тұтыну себетінің қымбаттауын бұрынғыдан да жылдамдата түседі. Оның үстіне, кіріс көлемінің артуы баға өсімінің орнын жаба алмайды, өйткені кәсіпкерлердің еңбекақыны ұлғайтуға еш ынтасы жоқ. Сонымен қатар, аса бай кәсіпкерлердің дәулеті артқан үстіне арта бермек, өйткені халық коммуналдық қызмет сияқты ең негізгі қажеттіктен бас тарта алмайды.

Сөзсіз, қалың бұқара әлеуметтік қорғауды күшейтуді талап етеді, ал ірі кәсіпкерлер оған қарсы бола бермек. Бұлардың арасындағы текетірес күшейген сайын, бизнестің мүддесіне жағатын шешім қабылдауды тоқтатпай келе жатқан мемлекет билігінің легитимді екеніне қатысты сұрақ та көбейе бермек.