5154
5 января 2024
Алмас Қайсар, Назерке Құрманғазинова, Ольга Логинова, Ақбота Узбекбай

«Олар күндердің бір күні ақталады, өйткені шындық солардың жағында»

Қаңтар оқиғасы бойынша қылмыстық істердің жай-күйі

«Олар күндердің бір күні ақталады, өйткені шындық солардың жағында»

2023 жылдың қаңтарында бас прокуратура Қанды Қаңтар бойынша тергеу нәтижесін жария етті. «Мемлекеттік төңкеріске» дайындық туралы айтылып, қару қолданылуын ақтады. Әйтсе де, бас прокурордың сөзінен кейін де сол күндерге қатысты құқық қорғаушылар үздіксіз көтеріп келе жатқан біраз сұрақ жауапсыз қалды.

Былтыр қаңтар оқиғасына қатысушыларға қатысты біршама қылмыстық іс жүрді. Оның кейбірі әлі жалғасып жатыр.

Власть құқық қорғаушылар мен адвокаттармен сот процестері және әділдік іздеу туралы сөйлесті.

Барлығын біріктіру мүмкін емес

Тергеу жүргізуге жауапты мемлекеттік органдар, оның ішінде бас прокуратура да бар, «мемлекеттік төңкеріс» жасау мақсатында бейбіт наразылықты пайдаланып кетті деген тұжырымға келді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы сұхбатында қаңтар оқиғасын күштік құрылымдар мен қылмыс әлеміне ықпалы зор, мемлекет басшысының саяси демократияландыру деп аталатын бағытына көңілі толмайтын «жоғары лауазымды адамдар тобы» ұйымдастырған деп түсіндіреді.

Президент Қаңтарға алып келген себептер қатарында әлеуметтік-экономикалық проблемаларды атағанымен, Маңғыстаудағы бастапқы наразылықты «қаскөйлер» өз мүддесіне пайдаланды деп санайды. Оның айтуынша, қақтығыс басталғанда «құқық қорғау органдары күш қолданбаған». Әйтсе де, оқиға орнында болған журналистер мұны растаған жоқ. Тоқаев қылмыстық топтар мен экстремистерге «сырттан келген лаңкестер» қосылғаны туралы тұжырымын осы жолы да айтты. Оқиғаның бұл нұсқасын өткен екі жылда не тергеу, не сот растаған жоқ.

Тоқаев «бұл халық көтерілісі болды деген пікір қыл­мыс­тық әрекеттерді ақтау үшін айтылып жатыр» деп біледі және болған жағдайды бейбіт әрекет емес, жаппай тәртіпсіздік пен бүлік деп санайды.

Қаңтарды кім ұйымдастырғанына келер болсақ, бас прокурор журналистер сұрағына жауап бергенде оқиға кезінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің аты-жөнін атады. Ол 2023 жылдың сәуір айында 18 жылға бас бостандығынан айырылды, үш орынбасары да қамалды. Әйтсе де, ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасары болған әрі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере бауыры Самат Әбіш ол кезде істі болмады.

Қыркүйек айында қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев («Жабайы Арман») пен басқа 44 адамның ісі бойынша алдын ала тыңдауда ҰҚК бесінші басқармасының бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов қаңтар оқиғасы кезінде Самат Әбіш бұйрық беріп отырғанын айтты. Кейінірек бас прокуратура С.Әбіштің қаңтар оқиғасы кезінде қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін тергеліп жатқанын хабарлады. Кейін сот жабық өтетін болды.

Суретті Алмас Қайсар түсірген

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев «қаңтар оқиғасы кезінде өмір сүру құқығының сақталуы» бойынша брифингте халық наразылығын басу үшін тәртіпсіздікті қылмыстық топтар мен арандатушыларды тартып, арнайы қызмет бастағанын айтты.

«Алматы халқы алаңға жеткен уақытта 80 елді мекенде наразылық жүріп жатты. Наразылықтың тұрақты екені әрі саяси талаптар көтеріліп жатқаны белгілі болды. Арнайы қызмет өкілдері жиналғандарды күштеп таратуға негіз болуы үшін қылмыстық топтарды тартты деп санаймыз. Сондықтан көп іс жабылды, егер оны ашық өткізсе, агентураның қалай пайдаланылғаны белгілі болар еді. Басқа қалаларда, мәселен, әкімдіктен шығып, келіссөз жүргізілді. Алайда озбырлық Алматыдағы жағдайдан кейін басталды. Олар мұнда террористер туралы ақпараттық пропаганданы қолданды, солар шабуыл жасағандай етіп көрсетті және бұйрық бойынша басқа қалаларда да озбыр әрекетке жол берді», – деп санайды Шорманбаев.

Оның ойынша, мемлекет шын мәнінде тәуелсіз тергеу жүргізген жоқ.

«Біртұтас тергеу жоқ, бәрі шашыраңқы жүріп жатыр. Оны қоғамның қадағалап отыруы мүмкін емес. Ешқашан бітпесін, барлығын тұтас етіп біріктіру мүмкін болмасын дегендей бәрі шашыраңқы күйде. Олар арнайы қызмет пен қылмыстық топтардың байланысы жария болғанын қаламайды», — дейді құқық қорғаушы.

Шорманбаев мемлекеттің 20 мың террорист туралы мәлімдемеден жалтарғанына, яғни ҰҚШҰ күштерін шақыруға заңды негіз болмағанына назар аударады. Маусым айында іргелі құқықтарды қолдайтын құқық қорғау альянсы жариялаған «Ескертусіз оқ ату» баяндамасында «Қазақстандағы зорлық-зомбылық деңгейі қарулы қақтығыс жағдайы ретінде немесе “террорға қарсы жаһандық соғыс” анықтамасына сәйкес сараланбайды» дегенді де атап өтті. Сондықтан да қаңтар оқиғасы кезіндегі адамдардың өлімі «жөнсіз әрі заңсыз».

Шорманбаев тәртіпсіздікті «арандатушылар мен арнайы қызмет агенттері» ұйымдастырған болса, ол үшін мемлекет жауапты болуы керек деп қорытындылады. Егер онда барлығын «озбыр әрекетке» айналдыру мақсатында арандатушылар жіберілсе, наразылыққа шыққан адамдардың жиынын бейбіт емес деп айтуға келмейді.

Соттар мен қудалау

2023 жылы Қаңтар бойынша біршама сот процесі соңына жетті. Атышулы істердің бірі Алматы әуежайын басып алуға қатысты болды, бұл іс бойынша журналист Әйгерім Тілеужан 4 жылға, қалғаны 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тергеу нұсқасына сүйенсек, тарих пәнінің мұғалімі Қалас Нұрпейісов пен Әйгерім Тілеужан әуежай аумағында және ғимарат ішінде «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып», одан кейін басқалармен бірге ғимаратқа шабуыл жасап, басып алуға ұмтылған.

Қараша айында қалалық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қазір Тілеужанның адвокаты Айнара Айдарханова Жоғарғы сотқа өтініш дайындап жатыр. Одан бөлек, Айдарханованың тағы бір сот процесі аяқталды. Ол – 54 адамды азаптады, бір адамның өліміне кінәлі деп айып тағылған ұлттық қауіпсіздік комитетінің 11 қызметкеріне қатысты іс.

Желтоқсанның басында сот айыпталушылардың біреуін ақтады, үшеуін шартты жазаға кесті, ал қалған айыпталушылар 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Адвокат мұны «ең жеңіл жаза» деп санайды және олар үкімге шағым түсірмек.

«Сот ұзақ әрі жабық режимде өтті. Әлбетте, ашу кернеді. Оның үстіне залал өндіру туралы азаматтық талап арыздың барлығында сот оң шешім шығарған жоқ. Оң шешім шығарған күннің өзінде, 500 мың не миллион теңге деп шешті. Бұл алған жарақаты үшін. Жолпұлға өндіріп алған ақшадан көп жұмсалды ғой. Қорғауымдағы кісілер үкім тым жеңіл деп санайды», — дейді адвокат. Ол ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерін жауапқа тартудың өзін прогресс деп санайтынын да айтып өтті.

Алматыдағы "әуежайды басып алу" бойынша сот. Суретті Ақбота Узбекбай түсірген

Айдарханова таныс емес адамдарды бір қылмыстық істер тобына біріктіру үрдісін байқағанын айтады. Ол «әуежайды басып алу» ісі бойынша сотталған бір-бірімен мүлдем таныс емес адамдарды мысалға келтірді.

«25 қаңтаршының ісі өтті, ол жерде де таныс емес кісілерді бір іске біріктірді. Процестердің ұзақтығына келсек, ол көлеміне байланысты деп ойлаймын. Видеоматериалдар, жауап алу, тергеу өте көп уақыт алады. Әйтсе де, тергеуге қатысты көп сұрақ туындайды, процессуалдық заң бұзу көп болып жатыр», — дейді адвокат.

Таразда қаза болған бес жас жігітке қатысты «Әруақтар ісі» де жоғары сотқа жетті. 2023 жылы ақпан айында сот оларды өлгеннен кейін де жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды, қатысты және шақырды деген айып бойынша кінәлі деп тапты.

Қаза болғандардың туыстары айыппен келіспейді, олар жақындарының қылмысқа қатысы жоғын айтып, сотқа дейінгі тергеу кезінде біршама заң бұзу болғанын алға тартады. Олардың ішінде тергеу кезінде қысым көрсетілгенін мойындаған куәгерлер, қаза болғандардың мәйіті алаңға апарылғанын айтқан фельдшердің сөзі, тағысын тағы бар.

8 тамыз күні апелляциялық сот 18 жастағы Нұрсұлтан Қуатбаевты ғана ақтап шықты. Жоғары сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

«Ешқандай әділет жоқ. Құжаттармен де, видеомен де, барлық тәсілді қолданып, балаларымыздың кінәсі жоқ екенін дәлелдедік. Сот бір сағатта-ақ шешім шығарды. Барлық сот бірдей шешім шығарады», – деді қаза болған Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряева.

Таразда қаза болғандардың ата-анасы. Суретті Бейімбет Молдағали түсірген

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Таразда қаза болғандардың ата-аналары осы уақытқа дейін берілмей, балаларын ақтауды аянбай талап етіп жүрген азшылықтың бірі екенін айтады.

«Уақыт өте әділет орнайды деп ойлаймын, бұлар күндердің бір күні ақталады, өйткені шындық солардың жағында», – дейді ол.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов қаңтар оқиғасы бойынша істерінің барлығы дерлік қылмыс құрамының жоқ болуына байланысты қысқартылғанын айтады. Қазір ол Жәмилә Бурабаеваның моральдық шығын өндіру ісін жүргізіп жатыр. Бурабаева қаңтар оқиғасы кезінде жараланып, қазір арбаға таңылған.

Адвокат өзінің қорғауында болғандардың миллион теңгеден бір жарым миллион теңгеге дейін материалдық өтемақы алғанын айтады. Әйтсе де, моральдық өтемақы барлығына тағайындала бермейді.

«Зардап шеккен адамдарға моральдық өтемақы төлеу – жараланған немесе жақынынан айырылған адамдардың алдында кешірім сұраумен тең», – деп санайды адвокат.

Нұрпейісов өзі жүргізген істердің ұқсас тұстарына тоқталып, соттардың жабықтығын айтты. Соттар қаңтар оқиғасынан кейін онлайн өте бастады дейді адвокат.

«Карантиннен кейін процестер офлайнға өте бастады. Бірақ қайтадан белсенділерді ұстау, соттарда әділетсіздік бола түскен кезде, әділет талап еткен адамдар сот алдына жинала бастады. Кейін процестерді экранның арғы жағынан жүргізе бастады, (судьялар – В.) қажет кезде өшіре салады», – дейді ол.

Адвокаттың сөзінше, осы уақытқа дейін мемлекет қаңтар оқиғасына қатысты ешқандай қорытынды жасаған жоқ, баға да бермеді, ал қоғам тағы да алданып қалды:

«Нүктесі түгілі, үтірі де қойылмады».

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың туыстары Алматы прокуратура маңында. Суретті Алмас Қайсар түсірген

Қазір Алматыдағы әкімдік пен президент резиденциясына шабуыл бойынша процесс жалғасып жатыр. Бұл іс бойынша айып тағылғандар ішінде азаптауға ұшыраған белсенділер Қосай Маханбаев пен Нұртас Қаранеев бар. Оларды азаптау бойынша іс жабылған, белсенділерге бұл айыптар әділ тергеуді талап еткені үшін «ілінген».

«Әділетке жетеміз, Жаңа Қазақстан болады деп сендік. Бұл оларға жақпай қалды. Нәтижесінде, желтоқсан айында маған 269-баптың 3-бөлімін ілді. Іспен танысып шықтым, ол жерде ешқандай айғақ жоқ», — деді сот кезінде Маханбаев.

Азаптауға ұшыраған тағы бір белсенді Ақылжан Қисымбаевтың үстінен де қылмыстық іс қозғалды. Ол 2022 жылдың 17 қарашасында ұсталды. Оған президент сайлауы күні «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айып тағылып отыр. Кейін Қисымбаев пен тағы алты адамға «билікті басып алуға үндеді» және «экстремизм» баптарын қосып, сот өте бастады.

Оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов бұл іс Тоқаевтың «20 мың террорист» туралы мәлімдемесін растау үшін қозғалды деп санайды.

«Ақылжанға алған жарақаты бойынша көмек қажет еді, ол қажетті ем-домды ала алмай жатыр, — дейді адвокат. — Бұл адамдардың мұндай төңкеріс жасауға не қаражаты, не ешқандай мүмкіндігі жоқ. Өзін, отбасын асырау үшін жұмыс іздеп жүрген қарапайым жұмысшылар».

Азаптауға ұшырағандар және сотталғандардың туыстары Алматыдағы кездесуден кейін. Суретті Алмас Қайсар түсірген

Бұдан бөлек, Арман Жұмагелдиев («Жабайы Арман»), ҰҚК бесінші басқармасының бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов пен тағы 44 адамға қатысты іс жалғасып жатыр. Ысқақовқа қызмет бабын асыра пайдаланды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айып тағылып отыр. Айыптау тарапының нұсқасына сәйкес, ол Жұмагелдиевті және басқаларды басқарған. Сот жабық режимде өтіп жатыр.

«Мемлекет өмір сүру құқығын бұзды»

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жетекшілік ететін «Ар.Рух.Хақ» қоры Қаңтар оқиғасынан кейін бірден қайтыс болғандардың тізімін жинады, қордың дерегінше, оның арасында кездейсоқ құрбан болғандар көп. 2023 жылы құқық қорғаушылардың жұмысы қаза тапқандарды ақтауға, сондай-ақ олардың отбасына, азаптау құрбандары мен жаралыларға өтемақы төлеуге қол жеткізуге бағытталды. Бұл жұмысты әзірге заңнаманың толық жетілмегені қиындатқан.

Төреғожинаның айтуынша, сот арқылы құқық қорғаушылар жүргізген 53 істің 20-сы бойынша өтемақы өндіре алған. Бұл – ұсталып, ауыр азаптауға ұшыраған азаматтар. Кейін олар босатылған. Олардың үстінен қозғалған қылмыстық іс заңсыз деп табылды, олардан кешірім сұрады. Моральдық залалдың өтемақысы ретінде 300 мыңнан 6 млн теңгеге дейін сұралған, ал материалдық шығын (дәлелдей алған жағдайларда) – 4-5 млн теңге.

Зардап шеккен бес адам бойынша келтірілген залалдың өтелуіне әлі қол жеткен жоқ.

«Өкінішке қарай, олардың арасында мүгедек болып тіркелгендер де бар, оларға қылмыстық іс қозғалмағандықтан, моральдық зиян үшін өтемақы төленбеді», – деп түсіндірді Төреғожина. Оның айтуынша, қазір Жоғары сотта осындай істер бойынша жұмыс тобы құрылған.

Ербол Әбдірешов Республика алаңында жараланып, көзі көрмей қалған, фотоны Алмас Қайсар түсірген

Құқық қорғаушылар қаза тапқан 30 адамның ісі бойынша да туғандарына өтемақы алып беруге тырысып жүр, бірақ әзірге нәтиже жоқ. Қазіргі заңнама бойынша мұндай мүмкіндік қарастырылмаған, себебі олардың өліміне кінәлілер анықталмаған.

«Қазір біз апелляциялық шағым түсірдік, сонымен қатар заңға өзгертулер енгізу бойынша Жоғарғы сотпен жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені мұндай жағдайда қаза тапқандардың туыстарының өтемақы алуға құқығы болуы керек», – дейді Төреғожина.

Сондай-ақ, қор мемлекеттік органдардан Қаңтарда қаза тапқандардың қайтыс болу мән-жайы көрсетілген толық тізімді бірнеше рет сұраған. Төреғожинаның айтуынша, оларға сот ісі әлі жүріп жатқанын алға тартып, тізімді беруден бас тартқан, оның орнына құқық қорғаушылар қате тапқан, бас прокуратура жариялаған тізімді жіберген. Төреғожина туған халқы мен адам құқығына құрмет көрсететін мемлекет толық тізімді өлім саны туралы айтқан қаңтардың аяғында жариялауы керек еді дейді.

Суретті Алмас Қайсар түсірген

«Халықаралық құқықтық бастама» қорының жетекшісі Амангелді Шорманбаев Власть басылымына берген сұхбатында Қазақстан соттарынан әділ шешім таппай, енді құқық қорғаушылар БҰҰ комитетіне жүгінейін деп жатқанын мәлімдеді. Олардың қорында Қаңтарда қаза тапқан 50 адамның ісі бар, олардың көбі тергеу кезінде қысқартылған.

«Көбіне қаза болғандар ісі сотқа дейін жетпейді, тергеу барысында тоқтатылып, кейін жабылады. Қылмыс құрамы жоқ дейді. “Қылмыс құрамы” жоқ дегені – атылуы заңға сай дегенді білдіреді, яғни мемлекет қару қолданғанын заңды деп есептейді. Сотқа дейін жеткендерінің өзі қаза тапқан 4 жастағы Айкөркем Мелдеханның ісі сияқты аяқталды, ол істе сот атқан адамды кінәсі жоқ, заңды әрекет жасаған деп тапты», – дейді Шорманбаев.

Сонымен қатар, қор азаптаудан қаза тапқан Жасұлан Анафияевтың ісі бойынша Жоғары сотта шағымданбақ, бірақ әлі қолына апелляция шешімі тимепті. Апелляция бірінші соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған. Оның өліміне 7 полиция қызметкері кінәлі деп табылды, оларға күш қолдану арқылы билікті асыра пайдаланып, оның салдары адам өлімі сияқты ауыр зардапқа әкелді деген айып тағылған.

«Бірақ бұл жерде ешқандай азаптау емес, бірден ұрып-соғып өлтірген. Олар 99-баппен, яғни Адам өлтіру бойынша сотталуы керек еді. Кісі өлтіру бойынша 20 жылға дейін сотталатын еді, ал 146-бап бойынша 6 жылдан 10 жылға дейін сотталған. Көрдіңіздер ме, жеңілдетілген жазамен сотталып жатыр», – дейді құқық қорғаушы. Ол Жоғары сотта да әділдікке жетуге үміт аз екенін айтады.

«Жоғары соттың жұмысына қатты наразымын, себебі дұрыс қарамайды, әйтеуір қабылдады деген аты бар. Таразда әруақтар ісі бойынша Жоғары сот шешімді күшінде қалдырды. Шымкентте 9 адам атылды, ол да бүкіл сот инстанциясынан өтті. Тек біздің қорда 50 шақты іс бар, ал бүкіл Қазақстан бойынша адвокаттар қолында қанша іс бар, қаншасы тергелмей қалды, қанша істе туған-туыстары қорқып, полицияға арызданбады?» – дейді Шорманбаев.

Оның пікірінше, бірде-бір іс дұрыс жолмен тергелмеген, қылмыс жасаған қызметкерлер тиісті жазаға тартылмаған, көбіне жеңілдетілген жаза берілген.

Rukh2k19D суреті

«Халықаралық стандарттар бойынша, бұл мемлекет тарапынан өмір сүру құқығын бұзғанын көрсетеді. Сол себепті бұл істердің бәрін БҰҰ-ға міндетті түрде жіберу керек деп ойлаймын. 238 адам қайтыс болды деген ресми ақпаратқа сенбеймін. Себебі біздің зерттеуіміз бойынша, көп адам қаза болған адамдардың денесін мәйітханадан алып кетуге мәжбүр болған және ол кісілердің мәйіті экспертизадан өтпей берілген. Одан бөлек, қаза болғандардың туыстарын қорқытып тастаған».

Шорманбаевтың сауалына берген жауабында қорғаныс министрлігі ҰҚШҰ әскері елдің гильзотекасына оқ үлгілерін тапсырмағанын айтқан, өйткені бұл ұйымның ұстанымына сәйкес келмейді.

«Бұл топтың бәрі Қазақстан гильзотекасына оқ үлгісін тапсырмай кірген, егер олар біреуді өлтірген болса, оны анықтай алмайды. Оларға «өлтіруге рұқсат берілді». Бұл конституцияға қайшы және «өмір сүру құқығына» қайшы келеді», — деп есептейді құқық қорғаушы.

Сонымен қатар, Шорманбаев Қаңтар оқиғасы бойынша сот процестері биліктің Қантардың қалай болғаны туралы нұсқасын растау үшін және кінәні біреуге ілу үшін ғана жүргізіледі деп есептейді.

«Билік өз нұсқасын растайтын істерді жинайды да, соны растайтындай қылып көрсетеді: “Міне, бұзақылар болды, әуежайды басып алды” дегендей. Әуежай ісі бойынша кінәлі деп танылған Әйгерім Тілеужан әуежай ішінде 19 минут болған. Сонда 19 минут ішінде басып алды ма? Бұл күлкілі ғой. Мүмкін де емес. Осындай күлкілі істерді жинайды, бір-бірімен ұштаспайтын істерді біріктіреді, сосын сотта дәлелдей алмай қалмайды», – деп түйіндеді құқық қорғаушы.

Шорманбаевтың ойынша, Қаңтар соттарына қоғамның назары төмендеп келеді. Қазір құқық қорғау органдары мен соттағы заң бұзушылықтарды құжаттау маңызды.

«Біз қоғам болып осының бәрін тарих үшін құжаттап қалдыруымыз керек. Бір күні билік өзгереді. Нақты кім атқанын, қай судья, қай прокурор істі қарамағанын қағазда жазып қалдыруымыз керек. Ертең бәрі бұл іске жауап береді. Біздің қылмыстық кодекс бойынша, адамдарды жаппай ату – террористік қылмыс. Мұндай істер бойынша ескіру мерзімі деген жоқ. Кез келген уақытта бұл істі қайтадан қозғауға болады. Сол себепті біз қайтыс болғандардың туыстарының атынан арыз беріп жатырмыз, бүгін тергемесе, ертең тергейді. Себебі істі қарамау заңсыз», – деп қорытындылады Шорманбаев.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.