2024 жылдың қаңтар айында кемі 238 адамның өліміне алып келген Қазақстандағы үкіметке қарсы ауқымды наразылыққа екі жыл толды. «Қанды Қаңтар» аталып кеткен оқиғадан кейінгі уақытта билік адам құқықтарын бұзуға жол берді: оның ішінде негізсіз тұтқындау, тұтқындарды азаптау және оларға зәбір көрсету бар. Кем дегенде, алты адам қамауда қаза болды.
Үкіметтің дерегіне сүйенсек, батысқазақстандық 33 жастағы Нұрсұлтан Исаев наразылыққа қатысқаны үшін қылмыстық қудалауға түскен 1400-ге жуық адамның бірі.
2023 жылдың ақпан айында Ақтөбе қаласының соты Исаевты билік мәлімдегендей наразылық барысында жасаған қылмысы үшін 15 жылға бас бостандығынан айырды. Сот әлі күнге дейін Исаевтың әділ сот төрелігіне жетуіне мұрсат бермей келеді, билік оның азаптауға ұшырадым дегенін құлаққа ілмеді. Апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырды, ал Қазақстанның жоғары сотында оның ісі бойынша алдын ала тыңдау 5 ақпан күні өтеді.
Исаевқа «құқық қорғау қызметкерінің өміріне қол сұғу» және «жаппай тәртіпсіздік» баптары бойынша айып тағылды. Биліктің нұсқасы бойынша, ол көлігімен әдейі полиция қызметкерлерін басып өтпек болған. Исаев қандай да бір зиян тигізетін ниеті болмағанын айтқан. Ол сотқа наразылық акциясы өтіп жатқан алаңға не болып жатқанын білмек ниетте барғанын, жаппай тәртіпсіздікке қатыспағанын, кейін көзден жас ағызатын газ бен қала орталығындағы атыстан көлігін әрі апармақ болғанын мәлімдеген.
Исаев алдыңғы әйнегіне оқ тиген соң көзі ештеңе көрмей қалғанын, содан абайсызда полиция қоршауына соғылғанын айтып, түсініктеме берген. Дәлелдер Исаевтың жағында: сот белгілеген экспертиза мен түсініктеме ол қақты делінетін екі офицердің ешқайсы жараланбағанын көрсетті. Тергеу кезінде Исаев пен оның адвокаты жазаны жеңілдетуді сұрағанымен, нәтиже болмады.
Ұсталғаннан кейін полиция кінәсін мойындату үшін оны ұрып-соққан, қабырғасы мен тісін сындырған, бетінен ұрған, содан миы шайқалған, ал бұл адам құқығы туралы халықаралық заңнамаға сәйкес азаптауға жатады.
Бұл мәлімдемесін растайтын медицина сараптамасы болғанына қарамастан, оның арызы бойынша алдын ала тергеу аяқталған, ал прокуратура полиция қызметкерлерінің іс-әрекетінде «қылмыс құрамы жоқ» деген қорытындыға келген.
2022 жылдың қаңтарында наразылыққа байланысты ұсталған Исаев секілді ең кемі жүз адам полицияның азаптап, зәбір көрсеткенін мәлімдеген. Арыз санының көп болғанына қарамастан, бүгінгі күні жиырма шақты ғана полиция қызметкері жауапқа тартылған.
Құқық қорғау топтары Қазақстан билігінің ұсталғандарды ұрып-соғып, басына пакет кигізіп, күйдіргенін, үтік басқанын; электрошок қолданғанын; ұсталған ерлерге де, әйелдерге де жыныстық зорлық көрсеткенін құжаттармен көрсеткен. Билік қозғалған істердің басым көпшілігін жауып, «қылмыстың дәлелі жоқ» деген ресми қорытындыға келген.
Исаев екі полицейді қағып кетті деген айыппен 15 жылға сотталғанымен, Тараз, Қызылорда және Шымкент қаласының билігі наразылық кезінде қаза тапқан ондаған адамның өліміне қатысты тергеуді офицерлердің іс-әрекеті құрамында қылмыс жоқ деп тоқтатты.
Қазақстан билігі оған қоса дүниеден өткен кемі 15 адамды жауапқа тартты, бұл олардың әділ сот төрелігі құқығын бұзды.
15 қаңтар күні қаза болған бірнеше адамның туысы шағымын айту үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап етіп, Астанадағы ақорда маңына жиналды. Билік жауап ретінде оларды қамап, «рұқсат етілмеген митинг» өткізгені үшін айыппұл салды.
Кейінгі екі жылда Қазақстан үкіметі наразылық барысында және одан кейін болған адам құқықтарының бұзылуына қатысты тәуелсіз тергеу жүргізуге үндеуден бірнеше рет бас тартты. Ал Исаев ісі мен соған ұқсас істер қанша уақыт өтсе де, бұл жағдайлар мен оның салдарын тәуелсіз әрі бейтарап тергеу қажет екенін еске салады.
Президент жыл басында берген сұхбатында 2022 жылдың қаңтарындағы наразылық кезіндегі озбырлықтың артында «қаруланған радикалдар мен террористер» тұр деген ойын тағы бір мәрте алға тартты. Мұндай күмәнді мәлімдемелер қаза болған 238 адамның, сондай-ақ арыздары негізсіз деп танылған, жәбір көріп, азаптауға ұшырадық деген Исаев секілді көптеген адамның сот төрелігіне қол жеткізуін тағы да тежейді.
Қазақстан үкіметі Қанды Қаңтар деген бетті жауып, оның орнына президенттің реформалар туралы уәдесіне назар аударғанымызды қалайды. Бірақ бұл әлі күнге дейін құқығы бұзылғаны үшін жауапкершілікті талап етіп жүрген, бүгінге дейін сол күндердің салдарын тартып жүрген адамдардың қасіретінен теріс айналуды білдірер еді.
Исаевтың әлі бір соты бар. Оның адвокаттары процеске дайындалып жатыр. Оптимистер әділдік орнайды деп сенеді.
2022 жылы Қанды Қаңтар кезінде және одан кейінгі адам құқығының бұзылуына қатысты тәуелсіз және байтарап тергеу күтіп жүргендерге әділдік екі жыл бұрын қалай қажет болса, қазір де дәл солай қажет.
Мира Риттманн — Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша бас зерттеушісі.
Поддержите журналистику, которой доверяют.