2883
7 марта 2024
Дмитрий Мазоренко, фото Данияр Мүсіровтікі

«30 жыл тақта отырып, 30 секундта биліктен айырылып қалуға болады»

Суретші Ербосын Мелдібеков биліктің проблемасы мен оның Орталық Азия тарихына әсерін пайымдайды

«30 жыл тақта отырып, 30 секундта биліктен айырылып қалуға болады»

Ақпан айының басында Алматыда қазақстандық суретші Ербосын Мелдібековтің «Боран – Байқоңыр, Жібек жолы мен Құс жолы арасында» деген көрмесі ашылды. Көрмедегі негізгі туынды — «Автордың құлауының бес нұсқасы» деп аталатын мүсіндер сериясы. Суретші оны Талдықорғандағы Назарбаев ескерткішінің құлауының 30 секундтық сюжеті ретінде ұсынды.

Бұрынғы президенттің ықпалынан айырылған сәтін бейнелеуден бөлек, суретші шығармаларында билік, зорлық-зомбылық және Орталық Азиядағы модернизация жобаларының сәтсіздігі туралы бейнелейді. Власть Ербосын Мелдібековпен оның саясат туралы көркем ойлау тәсілі жайында, жаңа адам құру жөніндегі кеңес заманының сәтсіз жобасы мен Орталық Азияның үнемі авторитаризмге қайта оралуы туралы сөйлесті.

Сұхбаттарының бірінде Ербосын Мелдібеков ешқашан заманауи суретші болуға ұмтылмағанын айтады. Кеңес одағында жалақысы жақсы саналған мүсіншілікпен айналысамын деген үмітпен 1992 жылы Мемлекеттік театр және өнер институтын тәмамдаған. Алайда ол оқу бітірген уақытта КСРО ыдырап, мақсат-мұраттарын өзгертуіне тура келген.

Ербосын Мелдібеков студент күнінде қандай суретші болғысы келетінін ойлап бас қатырғанымен, оның жауабын кешірек тапқан.

Оқытушыларының арасында түрлі суретші болды: қалыптасуы Сталиннің тұсында болған мансапқор-бюрократтар мен Хрущевтің жылымығы кезіндегі шеберлер, Брежневтің тоқырау кезеңіндегі эксцентрик суретшілер. Ол көркемсурет мектебі мен институтында оқыған тоғыз жылында монументал пластикалық өнерді үйреніп, Владимир Лениннің портреттерін модельдеудің шеберіне айналды.

Бірақ коммунистік құндылықтардың құнсыздануын байқаған Ербосын Мелдібеков кеңестік өнер жүйесінде жетістікке жетемін дегені бос үміт екенін түсінді.

Бірте-бірте контр-мәдени ортадан достар тауып, солардың ішінен суретші Қанат Ибрагимов және философ Нұрлан Оспанұлымен бірге «Көксерек» тобын құрды.

Оларға дадаизм – ХХ ғасырдың басындағы еуропалық өнердегі авангардтық қозғалыс бағдар болды. Бұл қозғалыс өкілдері соғысқа, фашизмге, буржуазиялық жүйеге және көркем өндірістің қолданыстағы түрлеріне қарсы радикал саяси мәлімдемелер жасады.

Ал «Көксеректің» басты міндеті – топ үшін әлемдік заманауи өнердің тағы бір маңызды құбылысы – Вена акционизмінің өзегі болған эстетиканың барлық принципін жою болды. Осылайша, веналық белсенділер көбінесе арандату негізінде, тіпті заңсыз формада соғыстан кейінгі буржуазиялық қоғамдағы моральға қарсы шықты.

«Көксерек» осы қағидаларды тарихи, геосаяси және мәдени контексте бейнелеуге ұмтылды. Нақтырақ айтсақ, Ербосын Мелдібеков тікелей әрекет өнерін жасаудың жолын іздеді. Дәл сол кезде ол алғаш рет көркемдік тәжірибесін айқындайтын тақырыптың біріне айналған билік пен зорлық-зомбылық тақырыбына бет бұрды.

Бұл тақырып Кеңес Одағы жағдайында ғана емес, тәуелсіз Қазақстанда да өзекті болып шықты. 1990 жылдардың басындағы Орталық Азия елдерінің «Егемендіктер шеруі» авторитаризмді құлату кезеңі болады деп уәде берді. Бірақ он жылдан кейін ол шығыс деспотизмінің шеруіне айналды.

Ербосын Мелдібеков тәуелсіз суретші ретінде алғашқы туындыларын Қазақстанның және бүкіл Орталық Азияның өткені, бүгіні мен болашағы туралы ашық диалогқа түсу үмітімен жасады. Бірақ оның ойы тез өзгерді.

Бұл өзгеріс 2001 жылы «Пастан» деп аталатын бейне қойылымда көрсетіледі, онда 7 минут бойы авторды шапалақпен ұрып, оған түрлі балағат сөз жаудырған.

«Мен үшін бұл — диалог идеясымен ақырғы қоштасу жайлы туынды және ол саяси, әлеуметтік және тұлғааралық қатынастардың жаңа түрін көрнекі түрде көрсетеді», — деп жазады суретші 2018 жылғы «Мәңгілік оралу» көрмесіне арналған эсседе.

"Пастан I" (2001 жыл) видеоперформансынан үзінді

Мелдібеков тәуелсіз Қазақстанның ресми өнер әлеміне барғысы келмеді. Оның ойынша, бұл сала тек өткен туралы мифтік әңгімелер шығару арқылы дәстүрлі ұлттық құндылықтарды қалпына келтірумен айналысты. Өнердің сыни міндеттері билеуші ​​топтың мүддесіне қызмет ету арқылы ығыстырылды.

«Мәдени ортамыз – сабантой. Белгілі бір жазушылар Назарбаевты мақтап, сол үшін одан қайтарымын алды. Бұл үшін тіпті оларға қор ашып берді. Бірақ енді олар Назарбаевқа ұрса бастады. Бұлай істеуге болмайды, сондықтан мен мұндай тәсілмен өмір сүре алмаймын».

Бірақ өнердің контрмәдени бөлігімен суретші екі себепке байланысты айналысқысы келмеген.

Біріншісі, көптеген заманауи суретші жергілікті саяси контекспен жұмыс істеуден қашып, ішкі әлемінде оқшауланып қала берді. Бұл ретте олар өз өнерін автобиографиялық етіп, оған орыс әдебиетінен тақырып алған мәскеулік концептуалистерге еліктеді. Дегенмен, суретшілердің екінші және үшінші буынымен бірге бұл көркемдік өрнек әдісі екінші планда қалды.

Екінші себеп – қазіргі суретшілердің Қазақстанның өткенін тым тура мағынада түсінуі. «1990 жылдан кейін өнерде біз, қазақтар, көшпеліміз, скифпіз және тағы басқа деген дискурс қалыптасты. Ал мен Орталық Азияны басқаша елестетемін. Мұнда оқиғалар қайталанып, бәрі үнемі бастапқы нүктеге оралады».

Ербосын Мелдібековтің кейінгі 20 жылда айналысып келе жатқан көркем тілі ирония мен юморға негізделген, ол мұны Орталық Азиядағы ислам жобасының ажырамас бөлігі деп санайды. Бұл тіл қоғамдық өмірдің көптеген көрінісін, атап айтқанда, саяси билікті басқаша қабылдауға мүмкіндік береді.

Мелдібековтің бұрынғы «Бауырым менің - жауым менің» шығармасының логикасын жалғастыратын «Қош бол, бауырым!» мүсіні

«Билік – күш. Билікті сақтау керек болған соң, ол әрқашан зорлық-зомбылықпен қатар жүреді. Біріккенде олар – қарабайыр механизм, бұл планетада қандай да бір жолмен өмір сүрудің жолы. Билік мәселесі әрқашан болады. Бірақ ирония әрқашан билікті басып алып отырды. Ал өнер – олардың бір-бірімен соқтығысуы үшін ең жақсы алаң».

Ербосын Мелдібеков билікті оның абстрактілі көрінісінде түсінбейтінін баса айтады. Ол Орталық Азияны салдары көбіне қайғылы болатын саяси мәжбүрлеу арқылы модернизациялау әрекеттерін қарастырады.

Суретші «Боран – Байқоңыр» көрмесіне куратор Дастан Қожахметовпен бірге жаңа адамды жасаудағы эксперименттерге байланысты бірнеше жұмысты таңдап, дайындаған.

«КСРО-да бұл идея адамды автомат ретінде қарастырды. Ол жылдам болып, бәрін басқаруы керек еді. Бірақ Орталық Азиядағы жылдамдық Ескендір Зұлқарнайын заманынан бері өзгерген жоқ, бұның ақыры үлкен мәселелерге ұласты».

Ол кеңестік өнердегі мұндай көзқарастың негізгі жақтаушылары Эль Лисицкий мен Владимир Татлин болды деп санайды. Олар бояумен тәжірибе жасаудан бас тартып, өнерге жаңа көзқарас жасау үшін геометриялық фигуралармен жұмыс істеуге кірісті.

Орталық Азиядағы суретшілер де осыған ұқсас нәрсе жасауға тырысты. Бірақ олар абстракцияларға бейнелі кескіндеме қосты. Мұны Ербосын Мелдібеков «Сәуір төңкерісі немесе Түркістан авангарды композицияларының фрагменттері» деген шығармалар сериясында ирониялайды.

Суретшінің пікірінше, бұл жұмыстар жаңа адам идеясының орталықазиялық баяулықпен қақтығысын айқын бейнелейтін 1978 жылғы Ауғанстандағы Сәуір төңкерісіне сілтейді.

«Мен бұл жаңа әлемнің басталғанын біздің аймаққа геометрияның басып кіруі ретінде көрсеттім. Ол кеңестік интернационализм мен қоғамдық дамуды бейнелейді. Бұл жоба кейбір жағынан керемет болды, бірақ ол сәтсіздікке ұшырап, үлкен апаттарға әкелді. Оның ең үлкені — Қазақстандағы ашаршылық».

Ербосын Мелдібеков Ауғанстаннан кейін КСРО-да жаңа тұлға құру мақсатын империялық риторика алмастырады дейді. Бұл кеңестік модернизация жобасының Ауғанстанда «қалып қойғанын» көрсетеді. Суретші бұл сәтті Саланг асуы мүсінінде бейнелейді».

Жаңа адамды құру жобасының тағы бір экстремал көрінісі сталинизм болды. Сталин бейнесі билікті дербестендірудің ерекше түрін жаратты, Кеңес Одағы ыдыраған соң бұл тағы қайталанды. Дәлірек айтқанда, мұны Нұрсұлтан Назарбаев қолға алды, бұл оған билікті отыз жылдан астам уақыт бойы ұстап тұруға мүмкіндік берді.

«Назарбаевты жаңа адам идеясын жүзеге асыруға көмектескен адам ретінде түсінемін, ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы да болды. Сонымен қатар ол өз-өзінен осы жаңа адамды жасап шықты».

Бұл, Ербосын Мелдібековтің айтуынша, Назарбаев туралы өмірбаяндық фильмдерді көруге мүмкіндік береді. Әрбір фильм оның заңдылығын нығайтуға арналған, өйткені экономикалық және саяси жағынан басқа әдістерге қолы жетпеді.

Назарбаевтың өмірін аңызға айналдыру үшін тәңіршілдік әпсанадан бастап мексикалық сериалдарға дейін түрленген көптеген үйлесімсіз сюжет қолданылды. Назарбаев, суретші атап өткендей, өзі туралы фильмдерде не қалалар мен экономиканы дамытатын тәңіршіл кейіпкер ретінде, не дағдарыс кезінде елді бейберекеттіктен алып шығатын мессия ретінде көрінеді.

«Бұл фильмдердің әрқайсын бөлек көруге болады, бірақ оларды біріктіргенде бәрі абсурдқа айналады. Жарылған түрлі-түсті петарданың әсеріндей. Назарбаев үйлесімсіз бейнелердің үйіндісі болып шығады».

Ербосын Мелдібеков Назарбаевтың оқиғасы ұшуға ұқсайды дейді. «Автордың құлауының бес нұсқасы» атты сенсациялық мүсінінде ол дәл осы күйді көрсетуге тырысты, оның прототипі — Талдықорғандағы құлаған ескерткіш.

«Бұл тақта 30 жыл отырып, 30 секундта биліктен айырылып қалуға болатынын көрсеткен сәт болды. Ескерткіш құлағаннан кейін бірден оның күші кетті. Мен сол отыз секундтық сюжетті бейнеледім. Назарбаев өмірінің әртүрлі жағдайын енгіздім».

Дегенмен Ербосын Мелдібеков Назарбаевтың басқаша болғысы келу ықтималдығын да жоққа шығармайды. Бірақ оның авторитарлық режимнен шығу тетігі болған жоқ. Шығар жолдың болмауы – Орталық Азиядағы барлық автократтың қасіреті.

«Мұндай механизмдер авторитарлық көшбасшылар өмір сүретін парадигма шеңберіндегі мәселе емес. Бұл олардың әрқайсы тиран болғысы келгендіктен болған жоқ. Бұл – жүйе. Олар өз ойын өзгерте алмайды, сондықтан Қаңтардағы сияқты әртүрлі әлеуметтік катаклизм туындайды. Кейде оларды бұл жағдайдан тек өлім құтқарады.

Мелдібеков Орталық Азия тарихын сол бір тұйыққа қайта оралу деп түсінетіні осыдан дейді. Назарбаевтың орнында авторитаризм желілеріне еріп кететін кез келген басқа көшбасшы болуы мүмкін. Мұның болмай қоймайтынын 1970 жылдардың аяғында бірден бірнеше модернизациялау жобасымен танылған Ауғанстаннан да анық көруге болады».

«Пәкістанның Ауғанстанға қатысты өз жоспары болды, Иранның, КСРО мен Батыстың өзінше жоспарлары бар еді. Ел үшін автономды өмір сүру мүмкіндігі толығымен жойылды. Оның тарихы тек ірі державалардың қақтығыстарымен айқындалды. Мұндай жағдайда авторитаризмге балама елестету қиын».

Бұл қақтығыстар, Ербосын Мелдібековтің айтуынша, Ауғанстанды небәрі 20–30 жылдың ішінде тығырыққа тіреді. Қазақстан мен Орталық Азияда бұл процестер уақыт жағынан ұзап тұр. Суретші нәтижелер осыған ұқсас бола ма деп алаңдайды, бірақ болашақты болжамау керек дейді.

«Әрі қарай не болатынын білмеймін. Қасым-Жомарт Тоқаев мен үшін әлі түсініксіздеу. Бірақ ол болмаса да, келесі президент авторитарлық парадигманы қалпына келтіре алады. Мұның бәрі ғалымдарға қызық болуы керек. Ал мен суретшімін, уақытты тоқтатып, оған жақсырақ қарау үшін сюжеттік тақта жасаймын».

Ербосын Мелдібеков өнеріндегі түсініксіздік оптимизмге негіз болмауы керегін ескертті. Қалыпты қоғамда суретші әлеуметтік проблемаларды көрнекі ету үшін әрқашан пессимист болып қалуы керек дейді. Ол оптимист суретшілердің болуы қоғамда бір нәрсе дұрыс емес екенін көрсетеді деп санайды.

Сонымен қатар Ербосын Мелдібеков Қазақстан ашық қоғам құруға тырысады деп үміттенеді. Себебі тек сол қоғамда өзі сияқты өнер адамдарына орын бар.

«Біз бұрыннан осындай едік. Қазақ хандығы пайда болған кезде әртүрлі халықты, тіпті этникалық жағынан бір-бірімен үйлеспейтін халықты ішіне тартты. Олар еркін қоғам құруды көздеді. Аман қалуға мүмкіндік берген соң бірге тұрған тиімді болды. Қазір де бірге өмір сүруіміз керек. Себебі бұл — [авторитаризм жағдайында] бостандықты сақтап қалудың жалғыз жолы».